Амандаспай кеткеннің азабы неге ауыр?

Бөлісу

Экзистенциалистер (Роло Мэй) мынадай тамаша құбылысты талдаған. Мұндай оқиға өмірде жиі кездеседі. Әдетте жақсы танысың яки талай рет жақсылығың өткен бір туысың көшеде кездесіп қалады. Ол сені тани тұра амандаспай өте шығады. Сол кезде жүрегің солқ ете қалады. Көңіл күйің нілдей бұзылады. Үйге келген соң тамағыңнан ас-су өтпейді. Дөңбекшіп ұйықтай алмайсың. Ғалымдар мынадай сұрақ тастайды. Өмірде басқа да қорқынышты оқиғалар кездеседі. Оларды тез ұмытамыз. Жанға жара салмайды. Бірақ неге осы сәлем бермей өте шығудың азабы ауыр? Неліктен оның кесірі жүректің ішіне терең кіріп кетеді? Былай қарағанда оның сәлем бергені яки бермегені елеусіз оқиға емес пе? Сөйте тұра көңілге өлгенше өшпестей дық қалдырады. Оның себебі дейді ғалымдар…

Себебін енді сіз тарқатыңыз. Неліктен амандаспай кеткеннің азабы мұншалықты ауыр?

Әдетте тіс дәрігеріне кірер алдында бойды қорқыныш билейді. Бор машинасымен тісіңді солқылдатып немесе тісіңді жұлғанда жағың қоса сынып кете жаздайтындай жаның қалмай тұрады. Бірақ емдеу ісі біткен соң қорқыныш демде жоқ болады. Көңілің тыныш, ұйқың тәтті боп шыға келеді. Ал, танысың қасақана амандаспай өте шыққанда бітім-болмысың қобалжып, көңіл-күйің жермен-жексен боп кете барады. Себебі сәлем бермеу көңілде АЛАҢ деген нәрсені туғызады!!! Адамның өзін құрметтейтін, өзін биік жаратылыс санайтын тәңірлік абыройына қанжар қадағанда АЛАҢ ортаға атып шығады. Себебі кісі баласы бейсаналы түрде болсын өзінің ең ҰЛЫҚ жаратылыс иесі екенін және мәңгілік барлық екенін сезеді. Мұндай ұлық жаратылысты екінші бір пенде қасақана көзге ілмей өте шыққанда жүрек қобалжып қоя береді. Алаңды Қорқынышпен салыстыруға әсте болмайды. Қорқыныш объективті болады. Ол адамға тыстан төнеді. Біз Қорқынышқа тыстан қарап, анализ жасай аламыз. Өзіңді дайындап дәрігердің алдында қорықпай да тұруға болады. Ал, көңілді АЛАҢ басқанда олай емес. Алаң керісінше іштен тысқа ұрады. Яғни уайымдап тұрған БОЛМЫСТЫҢ өзі. Танысың сәлем бермей өте шыққан сәтте Алаң адамның БАР БОЛУ сезімін жаншып өтеді. Қала берді УАҚЫТ факторын жойып, естелікті езіп, келешекке қатысты түйсікті қиратады. Ол қасақана елемей өте шыққанда бейне бір бұл әлемде жоқ сияқты жағымсыз сезімге шырмаласың. Мұндай әдепсіздік кісінің АДАМИ өзегіне бірден өтіп кетеді. Сондықтан да көбіне адамдар тыстан қарағанда өте азапты көрінетін тәни жазаларды тартуға төтеп береді. Бірақ БОЛМЫСҚА жоқтық сезімін тудыратын оқиғаларға төтеп бере алмайды. АЛАҢНЫҢ табиғаты онтологиялық болады. Яғни БОЛМЫСТЫҢ бойында жоқ болудан қорқатын сезім әуелден бар. Ал Қорқыныштың табиғаты келе келе қалыптасқан табиғи сипатта болады. Қорқынышты реакция ретінде зерттуге болады. Ал Алаңды Болмысқа төнген қатер түрінде ғана қарастыра аласың.
Сонда бұдан көп нәрсе анық болды. Біз біреумен амандаспай өте шыққанда оның жүрегіне өшпес жара саламыз. Оны ЖОҚҚА санаймыз. Ал, ол мәңгілік бар БОЛМЫС ретінде мұны өте ауыр қабылдайды. Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді деген тәмсілдің де мағынасы енді ашылды. Тойға барғанда да сөзге бола ұрыс шығатыны содан. Тойда біреуді елемеу, менсінбеу, соңынан сөз берудің соңы серьезный ұрысқа ұласып жататыны содан. Ондай АЛАҢ басқанда кез келген адам аянып қалмайды. Бет көріспей кетуге дейін барады. Мұның қарапайым тұрмыстағы жиі көрінісі мынау: «Мен не сонда, саған никтомын ба?» деп безілдеп жатады. Пенде шіркін любой мазағыңа төзуі мүмкін, бірақ оны ЖОҚҚА санайтын азабыңа төзе алмайды дейді ғалымдар.

Логотерапияның онлайн-сабағынан…

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*