Батыр қалай дана болды?

Бөлісу

Ертегілер елінде Батыр атты бала болыпты. Өзі ержүрек, өжет, ойын ашық айта алатын бала екен. Бір кемшілігі үлкендердің тиымына құлақ аспай қойыпты. Тұрған ауылы жасыл желектің асты. Жапырақтар төбеден төгіле түсіп, күн сәулесі арасында жылт-жылт етіп ойнап тұрады екен. Айнала ағаш. Түрлі жеміс. Хош иіс. Мамыражай тіршілік. Моншақты тамшыдан дөңгеленген көлі бар. Көлінде алуан балықтың түрі бар. Бір құс ұшса, оған ұқсамайтын келесі бір құс қонып жатады. Батыр осы көлдегі бақа-балыққа, құстарға, жан-жануарларға маза бермепті. Үлкендер қанша «жақсы бала болу керек», «ақылды болу керек», «мейірімді болу керек» десе «не үшін олай болуым керек?» деп қарсы сұрақ қояды екен. «Адам болған соң солай болу керек» деген жауап Батырды еш қанағататтандырмапты.
Бұл кезде аймақтағы аң-құс жиналып жиналыс ашыпты. Батырға жақсы сабақ үйретпекке уағдаласыпты. Бар ниеттері- Батырды өзгертпек, өздерінің жай жаратылыс емес екендерін түсіндірмек.
Ержүректігін даңғойлыққа айырбастап жүрген Батыр бір күні ауылдан ұзап шықты. Сондағы ойы сонадайдан көрінген тауға барып, қызыл бүркіттің ұясына жетпек. Балапанын ауылға әкеліп балаларға көрсетпек. «Ештеңе бүлдірмей тыныш жүр» деген ағасының ақылын тыңдамады. Ауылдан ұзай бергені сол, бір бүркіт мұны жауырынан бүре аспанға ұшты. Батырдың зәресі зәр түбіне жетті. «Қайдан ғана ауылдан ұзап едім?» деп жылай бастады. «Жібер» деп бүркітке жалынды. Таудың құзар шыңына барып қонған бүркіт Батырды баппен жерге қойды. Сонан соң адамша тіл қатып:

Ұям осы жерде, тамашалайсың ба, Батыр?- деді. Батыр бала болса да батыл еді, дереу бойын жинап алып:

Қарасам, қарайын,- деді.
Ұя жанына барды, ішінде бір балапан бар екен. Батыр қызықтап біраз тұрды. Баалапанның басынан сипап көрді. Сол кезде бойына бір ерекше жылу тарай бастағандай болды. Бұл бойға түскен мейірім сәулесі еді.
-Балапанды сәлден соң келетін анасы қарайды. Тау-тасты аралап көруге қалай қарайсың,- деді бүркіт. Батыр қуана келісті. Бүркіттің арқасы кең екен. Жайғасып отырып алды. Бұлар құзар шыңнан құлдилап төмен түсе бастады. Екі құлағынан жел зуылдайды. Бүркін қанатын кең жайғанда өзін ұшатын кілемде келе жатқандай сезініп кетті. Бүркіт бір көтеріліп, бір түсіп бар өнерімен ұшып келеді. Алып тау, қойнауы сай-сала, жақпар тастар. Ұшы қар, қойнауы жасыл желек. Бір керемет көрініс. Арқарлар жайылып, барысы байқап жүр. Сырттай мүлгіген тау болғанымен іші қайнаған тіршілік, тұнған әсем табиғат екен. Бұлар ұзақ ұшты.
-Су ішкім келеді,- деп бүркіттің құлағына айқайлады. Бүркіт айдын көлге бұрылды. Көлдің бетіне көлбей ұшып, шалт бұрылғаны сол Батыр көлге түсті де кетті. Айнала бұлыңғыр. Батыр тереңге батып барады. Шықпақ болып, тырбаңдаған. Қолына ұстар зат ілікпеді. Қанша тереңге кеткені белгісіз көгілдір әлемге топ ете түсті. Көкпеңбек қабырғалар ұлу қауашақтарымен безендіріліпті. Едені балық қабыршағына ұқсас. Балдырлар болса қабырғаның бедерін келтіріп тұр. Сондай бір әдемі сарай болып шықты. Бөлмеден бөлмеге аралап, қызықтап жүре берді. Алдынан еңселі есік көрінді. Айқара ашқаны сол балықтар мен су асты жәндіктерінің ортасына түсті. Төрде үлкен бір балық тұр екен. Бәрі жапырлай Батырға қарасты. Төрдегі балық ишарамен Батырды өзіне шақырды.
-Су асты еліне қош келдің! Құрметті қонағымыз ретінде күтіп отырған едік.
Батырдың іші үрейге толды. «Бұларды ұстап алып талай ойнап едім. Мені жеп қоймас па екен?» деген ой келді. Не болса да көрейін енді, қашып құтылатын жол да жоқ деп үлкен балық жанына жақындай берді. Балықтар Батырды қонақ етті. Төріне отырғызып қонақ етті. Ән салды, биледі. Батыр аң-таң. Іштей бұрынғы істеген ісіне ұялып барады. Соңында бүркіт секілді үлкен балық та Батырды арқасына отырғызып су асты елін аралауға шықты. Мұнда да тұнған табиғат. Түрлі-түсті шөптер, түрлі-түсті балықтар. Жыбырлаған жәндіктер. Қызу тіршілік. Біреулері көл тазалығына жауап берсе, біреулері тастарды безендіруде. Бір жерден екінші жерге көшіп, топырағын құнарландыруда. Біреулері, тіпті, асыл тастар өндіріп жатыр. Тілмен айтып жеткізгісіз сұлулық. Бұлар ұзақ аралап, Батыр су асты елінің тіршілігіне қаныққан соң:
-қайтар уақытың жетті, қош сау боп тұрарсың- деді үлкен балық. Екпіндей жүзіп, бір қара қуыс жанына келді.
-Осы жерден түсіп, әрі қарай сапарыңды жаяу жалғастыр,- деді де үлкен балық еліне қайтты.
Батыр жалғыз қалды. Үңірейген апан жанына келді. Күзетте ұзындығы сала құлаш сары жылан тұр екен.
-Қош келдің, Батыр,- деді ол да бұрыннан таныс жанша. Батырдың тілі байланды.
-Соңымнан ер. Жер асты патшалығын аралаймыз,- деді де сары жылан ысылдап жол бастады. Жер асты да қызу тіршілік болып шықты. Жырым-жырым етіп қызыққа қазып, қопарып тастайтын жерінен аю да, қасқыр да, түлкі де, тышқан да, қоңыздар да, құмырсқа да пана тауыпты. Боранда ық, ыстықта қорғаны. Осында жатып өніп-өсіп, жермен бірге өмірін жалғастырады екен. Өзі талай ойыншық еткен құрттар қызу істе. Топырақ құнарландырып жатыр. Талай қоқыс, өлген жануар, қуараған жапырақ пен гүл де осында. Жер асты елі бәрін тазарту үстінде. Сары жыланмен бірге жер асты елін де ұзақ аралады. Көп ой түйді. Істеген істері есіне түсті. «Үйге қайтар болсам мен өзгеремін, бақа, балықтарға тиіспеймін, жәндікке жазықсық жапа бермеймін, қызық үшін болмас іспен айналыспаймын» деп өзіне іштей серт берді. Сары жылан осыны біліп қойғандай:
-Жер асты сапарың аяқталды. Үйіңе қайта ғой,- деді жұмсақ үнмен.- Мына қуыспен жағалай жүрсең еліңе шығасың.
Жылан қоштасып жер астында қала берді. Қуыс жағалап Батыр кетті. Қуыспен аз жүрген соң алдынан жарық көрінді. Жарықты бетке алып, жер бетіне шықты. Содан бері Батыр жақсы бала болып өзгеріпті. Есейіпті, ержетіпті. Орта жастан өтіп қария болыпты. Ақылына сүйеніп, адамгершілік қағидаларымен өмір сүріпті. Бірақ ол қағидаларды құрғақ сөз етіп ешкімге таңбапты да. Ісімен көрсетіпті. Сотқарлық жасап жатқан бала көрсе, «өйтпе, бүйтпе» деп ақыл айтып айқайламай, «ерте, ерте, ертеде» деп өз басынан кешкендерін ертегі етіп баяндайды екен. Сосын әлгі тентектік жасап қойған балаға мейірлене қарап былай деп сөзін түйіндепті. «Балам, адам мен адам, табиғат пен адам біртұтас. Ешбір тіршілік иесі, ешбір зат тектен текке жаралмаған. Бәрінің өз қызметі, өз пайдасы бар. Әрнәрсенің сыртқы түріне емес, ішкі мәніне, өмірдегі мақсатына қарағанда барлық сыр ашылады. Тауға тау деп қарама, тау жерге қазық, өз бауырындағыларға азық. Гүлге гүл деп қарама, адамға қуаныш, көңілге шаттық сыйлайды. Аққуға аққу деп қарама, сұлулық үшін жаралған. Жан-жануарға жай қарама, адамға қызмет үшін жаралған. Жыбырлаған құрттың да өз мақсаты бар. Адамға құр адам деп қарама, ішінде үлкен әлем бар. О бастағы жаралған сырына үңіл. Сонда ғана ақылдың өнімі адамгершілік қағидаларын өзің тұтынып, әлемнің сырын тереңнен тарта аласың. О бастағы бейнесін біліп, өзгелерге жеткізе аласың».

Ертегінің авторы Венера

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*