Жылы орыннан жылжиық

Бөлісу

Бала күннен судан қорқатын мен шуақты күннің астында қызымды жүзуге үйретіп жүрмін. Екеуіміздің де үстімізде акваланг, көзде арнайы су көзілдірігі, аяғымызда ласты, белімізде арнайы құтқару балоны. Несін айтайын, қауіпсіздіктің бар шараларын ұстанып, суы тізеге жетер-жетпес жағада жатырмыз. Қызыма:Аружан, жүзу үшін ішпен жатып, тек жағаны жағалай қолыңды бұлғап, орныңнан қозғаласың, – деймін. Айтқанымды біраз істеген соң, судан бойын көтеріп, сонау алысқа көз тіккен ол:

Мама, дұрыс үйретіп жатқаныңа сенімдімісің? Біраз су ішіне кірсек, жүзуіміз жеңілдер… – дегендей күдігін айтады.
Мұны естіген менің зәрем қашып:

Қызым, ондайды тіпті ойлама. Осы жағада жүзгенің де жетеді. Есіңде болсын – мұxит өте қауіпті. Әсіресе мен қасыңда жоқта өзіңе абай болуың керек. Кез келген тұста қатер бар. Сәл шалыс бассаң су жұтып әкетеді, – деп сендіремін.

Мейлі, – деп біраз дегенімді қылған қызым әлде нені сылтау етіп, судан шықты да, өз шаруаларына кетті.
Мен жағада қалдым. Әдеттегідей жатып ап әрлі-берлі жүзгеннің ырымын жасаймын. Кенет қызымның ластысының бірі суға ағып бара жатқанын байқадым. Ойланғам жоқ бірден орнымнан тұрып, суға кірдім де аттап-аттап жетіп әлгіні көтеріп алдым. Осыдан кейін бірден айналама қарап аң-таңмын. Бұрындары бір де бір рет барып көрмеген жерге кеп қаппын. Суы тізеден жоғары. Мойын бұрып келген бағытқа қараймын. Ол жақтың суы тобықтан да аспаған тәрізді. Біраз сол маңда тұрған соң, тағы да су ішіне кірдім. Сөйттім де, өзім мұxит атаған дәрияны толық кешіп шықтым. Ең терең тұсы белімнен аспады. Қорқынышы да жоқ екен. Мен күткен қауіп те жолықпады…
Ұялдым. Қызымның алдында ұялдым. Күллі әлемді жау көріп, білместігімнің, су жүректігімнің кесірінен қасық суды қанағат етіп, жылы орнымнан өзім жылжығым келмегенді былай қойғанда, оның да бойына дәл осы қасиеттерді сіңдіргім келген екен. Жоқ. Әдейі, жаман ниетпен емес. Керісінше, жақсылығым деп біліп. Ол үшін осы дұрыс деген оймен. Одан артықты білмеген соң…
Мен анамын. Өмір – дәрия. Бала – айна. Менің айнам. Сол себепті, оның болашақта қандай болғанын қаласам, оны қандай етіп көргім келсе, бүгін өзім сондай болуға ұмтылуым керек. Әлемді емес, алдымен өз ішкі әлемімді өзгертуім керек. Ояу болуым керек, көре білуім керек, ести білуім керек, үйрене білуім керек, сене білуім керек, сүйе де…
Білмегеннен білген, қараңғыдан жарық, зұлымдықтан мейірім күшті екенін, әлменен қорқуды емес, сенуді үйрете алуым керек. Ол үшін ең бастысы мұны бірінші өзім білуім керек.
Жылы орыннан жылжиық. Бас көтерейік, жаңалыққа ашық болайық. Уақыты келгенде ұят болмас үшін. Баламыздың алдында ғана емес, өз алдымызда да. Біз шексіз, мейірімді әлемге ылайықтымыз!

  Торғын Жолдасбекқызы

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*