ҚОҚЫС

Бөлісу

Жатақxана іспеттес салынған ғимараттың дәлізімен жүріп келемін. Сөйтем де, екі жағымдағы айқара ашық жатқан бөлмелердің ішіне қараймын. Бірінің іші мұнтаздай таза болса, енді бірінің іші лас. Ал енді бірінің жанынан өте берсең борсыған иісі қолқа жарады. Далаға шығуға асықтым… Көктем сияқты. Ауа тұп-тұнық. Айналамда өз тірліктерімен айналған жандар. Әркімнің ісі бөлек. Ал мен аспанға қараймын. Қараймын да, жанарымды қытықтаған күн көзін көлегейлемек боп, қолымды жоғары көтеремін. Сол сәтте аяқ астыма әлде не «сылқ» ете түсті. Төмен қарап жерде трубочкасы бар кішкене шырынның қорабы жатқанын көрдім. Көтердім. Бос екен. «Мен ішкен болуым керек» деп ойладым. Яғни менің қоқысым. Тастауым керек. Айналама қараймын. Қоқыс жәшігі көзіме түспеді. Маңымдағы адамдардан сұраймын. Жол сілтейтін адам таппадым. Кенет жолдың жиегіндегі ловочканың бірінде егделеу әйел отыр екен. Қасында қара пакет тұр. Іші қоқысқа толы екенін. «Қолымдағыны соған салсам ба екен?!» деп ойладым. Айналама қарап, басқа жердің жоғын сылтау етіп, қорапты соған иіліп сала беріп ем, қолымды қағып жіберген әлгі әйел: – Есің дұрыс па? Біреудің затында нең бар?! – деп зекіді. Сөйтті де, пакетті бауырына басты. Аң таңмын. – Кешіріңіз! Ішіндегі қоқысты көрген соң, сөйтпек ем… – деп міңгірлей беріп ем: – Қайдағы қоқыс. Бұл қоқыс емес. Өзіме керек! – деді әйел одан бетер ашуланып. Қайта кешірім сұрап, кері бұрылдым. Пакет ішінен мүжілген сүйек. Борсыған алма, көгерген нан көргенім анық. Айналама қайта мұқият қарап, маңымнан өтіп жатқандардың денінің қолында сондай қара дорбаның барын байқадым. Бірінікі кішігірім, бірінікі тіпті үлкен. Бірі бауырына басып ұстаса, бірі төбесіне көтерген, енді бірі ауыр болмаса да зорығып жерге қойып сүйреп келеді. Ұқпадым. Біраз жер жүрген соң, алдымнан әдемі киінген, күлімдеген келіншек көрінді. Қолдары бос. Қорабымды тастайтын жер таппай жүргенімді соған айттым. Жақын маңда қоқыс тастайтын бөшкелердің барын айтып, жол сілтеді… Айтуы бойынша қатар-қатар тізілген үлкееен қара бөшкелер тұрған алаңға келдім. Таң қалдырғаны, мұнда кісі тіпті қалың. Бірақ манағы көргендерімнен ерекшелігі бұлар қолдарына ұстаған қоқыстың қоқыс екенін білетін сияқты. Бөшкелерді айналшықтап алған. Бірі алыстау жерден бөшкелерге жасқана қараса, бірі маңына кеп қалған. Бәрінің қолында қоқыс. Енді бірі тастаған қоқысын әлі де қимайтындай бөшкенің ішіне мөлейіп қарайды. Кете алмайды. Соларды итеріп өтуге батпаған мен: – Кешіріңіздер, өтіп кетуіме бола ма? – деймін. Бәрі бірдей жалт қарады. Сөйтті де, «қайтер екен» дегендей шетке ығысты. Бардым да, ойымда түк жоқ, қолымдағы қорапты тастай салдым. Олар аң-таң. Мұны көрген бір жігіт те қолындағысын бөшкеге алыстан лақтыра салды да, алды-артына қарамай, безе жөнелді. Сонда қасыма келген жастау сары келіншек қолындағы дорбасын қойнына салып жатып: – Сенімдімісің! Ертең өкініп жүрмейсің бе?! Жүрші, мына жерге отырайықшы. Менің қасымда тұра тұршы, – дейді, мені қолтықтап жатып, алаңдаулы кейіппен. Сонда оның уысынан сытылып шығып жатқан мен: – Ренжімеңізші, бірақ менің емізулі балам бар. Үйге қайтуым керек, – деп шыбыны ғұжынаған, шыжып-быжыған бөшкелер тұрған алаңнан кете бардым. Өкінгем жоқ. Бір затымды жоғалтқандай да болмадым. Керісінше, бойым жеңілдеді. Құшағым кеңіді. Әлемді құшақтауға қолдарым босады. Әндетіп, айналама тамсанып баса бердім.

Оянысымен қоқыстан (өкпе-реніш, өкініш пен қорқыныш) бас тартып, азат өмір сүруді таңдағаным үшін тағы бір қуандым. Менің де қоқыстың «қоқыс» екенін білмей, ажырата алмай, мойындамай, қимай өмір сүрген кездерім БОЛҒАН… ШҮКІРЛІК БІР АЛЛАҒА!!!

Торғын Жолдасбекқызы

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*