Көзқарас

Бөлісу

Сен мені ешқашан түсінген емессің! Түсінгің келген де жоқ! – деп есікті тарс жапқан қыз бала бөлмесіне кіріп кете барды.
Шеше де қарап отыра бермей, орнынан атып тұрды да, есіктің қасына жетті. Алайда есік іштен ілулі болған соң, кіре алмай сол жерде бөгелді. Сөйтті де есіктің тұтқасын жұлқып тұрып:

«Түсінбейсің?!» деймісің. Иттің баласы, осының бәрін сенің қамыңды ойлаған соң айтып отырмын. Өсейін деген екенсің! Дастарқаннан асыңды ішіп бітпей неге тұрып кетесің?! Есікті неге ілесің? Аш есікті. Шық бері. Қанша ашулы болсаң да, астан үлкен емессің! Отыр да тамағыңды же! – деп әлде ашулы, әлде алаңдаулы күймен қатты-қатты сөйлеп жатты. Бұған:

Шықпаймын! Ішкім келмейді. Тойдыыым!!! – деп іштен зорығып жылағандай дауыс естілді.
Есік аузында шеше біраз тұрды да, қайта дастарқанға отырды. Бірақ алдындағы асты шанышқымен әрлі-берлі біраз сапырғаны болмаса, асты ол да жапырып жеп жібермеді. Кенет, дастарқан үстінде жатқан телефонның бірі шыр ете түсті. Соны қолына алып, шарылдағанына біраз қарап отырған соң, құлағына апарып:

Иә?! Тыңдап тұрмын! – деді, салқын үнмен.
Сәл кідірістен кейін, қайта:

Мөлдір жауап бере алмайды. Екеуіңнің кездесулеріңе қарсымын. Ақылымды тыңдасаң енді оны іздеме. Жайына қалдыр. Егер тілімді алмасаңдар басқаша әрекет етемін. Мына жүрістеріңді әкесі естісе… – дей беріп еді, әлгінде ғана «енді өмірі шықпаймын» деп сес көрсеткендей болған қыз бөлмесінен атып шығып:

Мааамаааа, неге өйтесің?! Менің телефоныма неге жауап бересің? Ол саған сонша не істеді? Оған неге бұлай ауыр сөйлейсің?! – деп безек қағып жылады.
Қызының мына кейпінен шошып кеткендей, тұтқаны дастарқан үстіне тарс еткізіп қоя салған шеше:

Мына қыз қайтеді ей?! Андағы түрің не? Бесіктен белің шықпай жатып, шешеңе неге дауыс көтересің?! Мектепті де бітірген жоқсың, қайдағы маxаббат?! Осы жігіттің кесірінен соңғы кездері сені танымай жүрмін. Мінезің өзгеріп шыға келді. Ақылыңнан алжасайын дегенбісің?! Жаныңның барында, қысқарт! Естимісің? Мен сенен сұрап тұрмын… – деп біресе, дауысы діріл қағып, біресе қарлыға өтімді-өтімді сөйлеп жатты. Алайда онысынан аса имене қоймаған қыз:

Менің айтқанымды естімей, тек өз дегеніңді тықпалай берсең, қалай қарап отыра беремін. Сонда сен қарсы екенсің деп, маxаббатымнан бас тарта салуым керек пе?! Ол сен ойлағандай жаман жігіт емес. Ол да мені жақсы көреді, – деп бұл жолы көзінің жасын сүртіп тастап, ашулана сөйледі.

Сені расында танымай тұрмын. Сен шынымен менің ақылды Мөлдірімсің бе? – деді шеше кенет алақанымен аузын басып. Жанарынан тамшы жас атқып та шықты. Сөйтті де, қайта ойын жинақтап алғандай кейіппен:

Әлгі жігітпен жүруіңе жол бермеймін. Ол кәмелеттік жасқа толып қойған, жоғарғы оқу бітірген ересек адам. Ойында не бары бір Құдайға аян. Егер сабаңа түсіп, ақыл тоқтатпасаң, әкеңе айтып, ананы темір торға жаптырамын. Оған әкеңнің де, заңның да күші жетеді, – деп сендіре сөйледі. Сонда мына сөзді ести сап, дәл бетіне әлдебіреу ыстық су шашып жібергендей қызара бөртіп, жанары қайта жасқа толып шыға келген қыз:

Сен мені түсінбейсің! Мені ойламайсың! Мені жақсы көрсең, бұлай етпес ең! Сол себепті, мен де сені тыңдамаймын. Егер бұлай қыса беретін болсаң, мен үйден қашып кетемін. Бұлай өмір сүргенше далада күн көргенім мың есе артық! – деді де, қайта бөлмесіне кіріп, есігін тарс жапты.
Шеше қайта орнынан атқып тұрып, соңынан ілесті. Бұл жолы да, есіктің жабық боларын ойлаған мен терезеге үңіле беріп ем, ту сыртымнан әлде біреудің:

Сен кімсің, ееей??? – деген зілді дауысын естіп жалт бұрылдым.
Қарсы алдымда полиция киімін киген жасы 40-45 шамасындағы ер адам тұр еді. Мұндайлардың мендей адамды аямасын бала күннен жақсы білемін. Жүрегім зырқ ете түсті. Қашып та кете алатын емеспін. Не де болса мән-жайды түсіндіріп көрмек боп, жылуы жоқ күртешенің қалтасынан қос қолымды шығарып, бұлғап жатып:

Ұрлық жасағалы келгем жоқ. Рас айтамын, – деп ақталдым.
Сонда күздің суығынан жарылып кеткен қолдарыма, тілінген ернім мен жалбыраған шашыма. Артынша, аяғымдағы екі түрлі сыңар аяқ киімге кезек қарап шыққан ол:

Ұрлық жасауға келмесең, өзгенің терезесіне неге сығалап қарайсың? – деді сенбегендей.
Сонда мана ғана осы терезеде ілулі тұрған жерінен шешіп алған бір дорба қатқан нанды қойнымнан шығарып, тіл қатпай төмен қарадым. Сөзсіз ұқты ау деймін.

Бар! Бір жолға жіберейін. Бірақ, келесі жолы үйімнің маңынан көрсем, аямаймын. Ұқтың ба?! – деп сұрады.
Өз құлағыма өзім сенбегендей, бас шұлғыдым да, жүгіріп кете бардым. Соңымнан біраз қарап тұрған әлгі бұрылып, үйіне кірді, білемін. Ал басымның бәлеге қалмай, аман шыққаныма қуанған мен асығыс басып кете бердім. Бірақ, біраз жерге дейін ұзап кеткенше шешенің баласына деген қамқорлығын, мейрімі мен жылулығын есімнен шығара алмадым. Тоңып, қарның ашып не болмаса өзгеден соққы жеп, жаныңа батқан үшін емес, жәй ғана біреуді жақсы көріп, алаңдағаның үшін жылауға болатынын ойладым. «Тамақ же» деген адамға өкпелеп, бұлқан-талқан болуға болатынына таңдандым. Тап-таза еркеліктің барын да сездім. Бәрі ұнады. Көргенім сондай жып-жылы болатын. Осы ойдың құрсауында қойнымдағы нанды қыса түсіп, алыстап кете бердім, кете бердім…

  Торғын Жолдасбекқызы

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*