Сүйкімсіз

Бөлісу

Жаз кезі. Ыстық. Үйдің жанындағы кішігірім дүкенге келдім. Қолымда кенжем бар. Жасы бірге әлі келмеген. Екі жас шамасындағы ортаншы қызымды үлкен қызым жетектеп алған. Не керек, адам айналардай жері жоқ, тар да қапырық дүкен ішіне шұрқырап кірдік. Алдымызда бір кісі сауда жасап тұр екен. Қолымдағы кішкенем ыстықтан ба, жоқ әлде зерікті ме құртша жыбырлап, бір ирелеңдеп мазасы кетті. Әлгі аяғы шыққан қызым да бір орында тұра алмай, біресе емірене сөрені жаласа, біресе сыртқа шығамын деп ыыз-ыыз етеді. Үлкеніме қарап: 
– Аружан, ұсташы ананы. Жалатпашы андағы жерді, шаң ғой. Түүй, тұрғызшы жерден. Үсті бұлғанды. Кішкене тыныш тұра тұрыңдаршы,- деймін менің де мазам кетіп.
Зорға дегенде біздің кезек те жетті. Бір қызығы «сатушымын» деп мені орыстың кішкене сары баласы қарсы алды. Жасы 12 ден аспаған ау шамасы. Ұнамағаны – үсті-басы лас, қолы жарылған, шашы өскен. Бірақ, өзі одан ұялмайтын сияқты. Менімен барынша сыпайы жымиып, қазақша амандасты. Мен оған қарсы құрмет білдіріп, иіліп жатпадым. Салқын ғана сәлемін алып:
– Сүт берші,- дедім.
Шапшаң қозғалған ұл қуанып кеткен адамдай сүтті алып қасыма жетті. 
– Міне, алыңыз. 
– Аружан, ұсташы ана қызды. Таста, алма деймін қолыңа. Аружан алып алшы қолындағысын. 
Екі көзім тыным таппай жыбырлаған балаларда. Алдымда әлі де ыржиып, сүтті ұсынып тұрған орыстың баласына қарап:
– Жақсы. Қанша тұрады,- деп сұрадым.
Сәл ойланып алған ол:
– Десять, пятнадцать,- деді әлі де жымиып.
Мына ыстықта үш баламен әбден мезі болып, өзгемен қалжыңдасып тұрар шамам жоқ мен:
– Не деп тұрсың? -деп өкпелей сөйледім. 
Ол болса еш ренжімеді. Қайта солай деді. Шыдамым жетпеген мен:
– әкелші бері, өзім көрейін,- дедім қолындағы қорапты алып жатып. 
Қарасам қорап сыртында 115 теңге деп тұр екен. Мән-жайды сұрап жатар шамам болмады. Әлі де алуым керек заттар бар еді. Ортаншы қызым ақыры шыдамаған соң:
– Аружан, сыртқа шығарып ұстай тұршы. Алысқа кетпеңдер, – дедім үлкеніме. Олар сыртқа шығысымен қайта әлгі балаға қарап:
– Маған жылдамдатып, қант, бір нан, сары май, бес килограмм күріш берші,- дедім бұйырғандай. Дүкен ішінде зыр жүгірген ұл айтқанымның бірін ұмытпай жинап әкеліп берді. Қолымдағы арқасын тер басып кеткен кенжемді біресе ана қолыма, біресе мына колыма ауыстырып, (қолым талып, шыдамай бара жатқан соң) аяғымның ұшында теңселіңкіреп тұрып:
– Санашы қанша болды,- дедім. 
Әр затты қасына ысырып жатып:
– дватсать, сооорок. Десяяять пятьдесяяять,- деп ежектей бастады әлгі.
Өзім зорға шыдап тұрғанда мынаның қорлығы да өтіп кеткендей:
– Өзі мына дүкенде сенен өзге дені дұрыс жан жоқ па? – дедім ренжи.
– Аға тауар қабылдап алуға шығып кетті,- деді менің жарылғалы тұрғанымды ұқпаған ұл жымия. Есіктен сыртқа қарап қоям, әлгі екі қыз көрінбейді. Есім шықты. 
– Мейлі не де болса, санап қойшы. Кәзір келемін,-деп жүгіріп сыртқа шықтым. Екі кыз көрші аулаға кіріп кетіпті. 
– Аружаааан, саған алысқа кетпеңдер дедім емес пе? 
– Мама, енді бір орында тұрмаса қайтемін мен? Сырғанаймын дейді. 
– Құлап қалмасын. Қолынан жіберме.
-Мамаааа, мен оның қолынан жібермесем, ол қалай сырғанайды?
-Жіберме деймін. Міне болдым мен де, кәзір шығамын.
Қолымдағы ыңырси бастаған кенжемді ұстаған қалпы дүкенге жүгіріп кірдім. Әлгі ұл сол баяғы ыржиған қалпы тұр екен. Заттарымды әдемілеп пакеттерге салып қойыпты. Кірген бойда әмиянымды ашып жатып:
-Қанша?- дедім асығыс.
– шестьдесят, семьдесят пять!- деп сенімді жауап берді бала да.
– Сен өзі не деп тұрсың? Менің алғаным біраз нәрсе. Қалайша 675 ақ теңге санадың?! Қожайыныңды шақыршы. Менің уақытым жоқ. 
– Қазір!!! – деген ұл дүкеннің артқы есігінен асығыс шығып, ішке мен қатарлас қазақ жігітін ерте кірді. Сыпайы амандасқан жігіттің сәлемін қабыл алған мен:
– Тездетіп есептеп, мені босатасыз ба? – дедім бірден. 
– Иә, кешіріңіз!
– Мына сауаты жоқ баланы дүкенге қалдырғаныңыз қалай? Елдің бәріне тауарды жарты бағасына бере берсе, неңіз қалады? (бар уақытымды алғанына ренжіген адамша күңкілдеп тұрмын)
– Бұл бала әдетте сатушы емес. Көмекші ғана. Ренжімеңіз. Сауатсыз болуы – кішкене күнінен көше кезіп өскен, жетім. Жақын күнде көп жылдан бері бала сүйе алмаған көршім асырап алмақшы. Бірақ, тұрмыстары өте нашар. Бұл бала сол болашақ отбасына көмек корсеткісі келіп, менен жұмыс сұрай келген екен. Бетін қайтара алмадым, – деді жігіт менің алған заттарымның нақты құнын есептеп жатып. 
Сол сәтте ақ қолымдағы кішкенем тып-тыныш болды да қалды. Баяу бұрылып, әлгі балаға қарадым. Алдымда жылы жымиған, беті секпіл, сап-сары сүйкімді ұл тұр еді. Әмиянымды шетке қойып, қолымдағы баламды сол қолыма алдым да, оң қолымды созып:
– Жаным әшейін, әкелші қолыңды алайын, – дедім. 
Сары бала қысылып жатпады, қуана қолын ұсынды. Қолын сәл қаттырақ қысқан мен:
– Ақылдым, бастысы жасық емес екенсің. Қанша зекісем де, жасымадың. Жарадың,- дедім. Аузыма басқа сөз түспеді. Қаншаға сауда жасағаным есімде жоқ. Шыққалы жатқанда дорбама жабысқан әлгі ұл:
– Апай, үйіңіз алыс па? Мен жеткізіп берейін,- деді әдеттегідей жайдары. 
Осы сәтте мен сүйкімсіз қатты ұялдым… 

  Торғын Жолдасбекқызы

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*