Фрустрация

Бөлісу

Фрустрация.
Өткенде қызық болды. Пойызбен Түркістан шәріне кетіп барамыз. Мақсат –студенттерге логотерапия кітабын таныстыру. Купеде Сұлтан, Сейілбек және Шәнжархан пақыр отыр. Төртінші жолаушы 55-тер шамасындағы әйел кісі. Жайғасып алған соң шайға отырдық. Тәтеміз «мен шай ішпеймін. Өздерің асықпай іше беріңдер» деп шетке ысырылды. Бабы келіскен ыстық шай терлете бастағанда:

  • Сұлтан, саған сұрақ! – дедім.
  • Сұраңыз, аға, – деді.
  • Ертең лекция. Соған дейін уақытты зая кетірмей ақылды шыңдап, ойды ширатып баруымыз керек. Сұрақ қоямын, жауап бересің. Келістік пе?
  • Жақсы, сұраңыз.
  • Адамға еркіндік феномені не үшін берілген?
  • Жауапкершілік арқалау үшін, – тақ ете қалды қыпшағым.
  • Жауaпкершілік не үшін берілген?
  • Жауапкершілік өмірден МӘН тауып, кетігіңді дәл тауып, кірпіш болып тіршіліктегі орныңа қалану үшін берілген, – деп тағы да сақ ете қалды. Осылайша экзистенциялық коммуникация қыза бастады. Сейілбек те қарап отырмай, неше түрлі пікір айтып, кітаптан құнарлы ойларды келтіріп ойқастап отыр. Ал, апайымыз аузы ашылып, бізге таңғала қарап қапты. Оның шыдамы екі сағаттан арыға бармады. Бір кезде сабыры сарқылды білем:
  • Әй, балалар, сендер қай жақтың адамысыңдар?
  • Осы жақтың.
  • Шымкент пе?
  • Сейілбек екеуміз Шымкенттенбіз. Ал мына сары жігіт Арқалықтың тумасы. Бәріміз де Алматыда оқыдық.
  • Оралман емессіңдер ме?
  • Жоқ. Неге олай сұрадыңыз?
  • Бағанадан бері сөздеріңді тыңдап отырмын. Сөз саптастарың бір қызық ше. Бұ жақтың қазағына ұқсамайcыңдар. Өмірімде естімеген сөздерді айтасыңдар. Сұхбаттарың да бір қызық. Түсініксіз, бірақ өте тартымды. Сонда сендер немен айналысасыңдар? Бұл не мамандық өзі? – деді.
    Сол кезде кімге лекция оқырын білмей құтырып отырған екі серігім екі білегін сыбанды да: «Апай, бұл логотерапия деген мынадай ілім ғой» деп бастап кеп жіберсін. Апайымыз аузының суы құрып тыңдап отыр. Мен тыңдап, сырттан ғана бақылап отырмын. Бір кезде апайым бүй деді:
  • Әй, балалар, менің үлкен ұлым бар. Жасы 24-те. Дипломы бар. Алматыда үш бөлмелі пәтері бар. Машинасын былтыр салоннан алып мінді. Шымкент жақтың қызын айттырып алып бердім. Жап-жақсы, оқыған сауатты азамат. Бір ұлы бар. Бірақ сол қазір жұмыс істегісі келмейді. Қырық сылтау айтып, жалқауланып үйінде жатады. Соның өмірі тоқтап қалған сияқты көрінеді маған. Сол ұлыма көмектесе аласыңдар ма? Не нәрсе істесе ол бала тіршілігін қолға алып, жалындап, жігерленіп сілкіне алады? – деді. Сол кезде әңгімеге мен араластым.
  • Апай, сізге бір сұрақ.
  • Иә.
  • Балаңыз мектепте жүргенде оған «Балам, ең бастысы оқуды бітіріп, диплом алып ал. Мына заман қағаздың заманы. Дипломың болса жерде қалмайсың. Алматыда үйің, жұмысың, машинаң, жақсы келіншегің болса одан артық не керек?» деп ақыл айттыңыз ба?
  • Иә, да. Әрине айттым. Ана болған соң балаңа жаның ашып солай айтасың ғой енді. Барлық ана сөйтеді.
  • Енді болды ғой. Осымен бәрі бітіпті ғой.
  • Не бітті? Не болды? Ол тіршіліктен жалығып, жатып қалды деп жатырмын.
  • Мен де соны айтып отырмын. Ұлыңызға бұл өмірде бағындыратын межесін белгілеп бердіңіз. Ол оқуын оқыды. Дипломын алды. Үйді шештіңіздер. Су жаңа көлік мінді. Шымкенттің қызына үйленді. Ол сіз қалаған белесті осылайша 24 жасында толық бағындырды. Енді одан не ерлік, не батырлық, не тіршілік сұрап отырсыз? – дедім. Сол кезде барып апайым басына сойыл тигендей батырдай бірнеше секунд есеңгіреп отырып қалды.
  • Өл-ә-ә-ә-ә-ә, рас ау, а? Қарап тұрсам шынымен де солай я?! Қалай осыны ойламағам?
  • Солай боп тұр ғой енді. Сіз қалаған арман мен мақсатты ол орындады. Сіз жүктеген миссиясын толық атқарды. Ұлыңыздан енді не талап етіп отырсыз? Ол не үшін тағы да жанталасуы керек? Бұдан ары балаңыз аза ма, тоза ма, азғындап кете бере ме, сізге бәрі бір емес пе? Ең бастысы мойнына жүктелген міндетін адал атқарып, тіпті мерзімінен бұрын орындап шыққан жоқ па? Ондай баладан керісінше айналып кетсе болмай ма? – дедім. Апайымыз сол кезде ғана әңгіменің төркінін түсінді. Салы суға кеткен адамдай басы салбырап отырып қалды. Өкініштен қайта-қайта басын шайқай берді. «Айтқаныңның бәрі рас. Папасы да, мен де баламызға одан артық міндет жүктеген емеспіз. Сонда не айтуым керек еді?» деп сұрады.
  • Тәте, ғалымдар айтады. Адамның арманы мен мұраты бұ дүниедегі ит тіршіліктің шеңберіне сыймасын. Арманы арғы әлемде, тіршілігі бұл әлемде дөңгелесін дейді. Сіз балаңыздың арманы мен мұратын диплом, көлік, пәтер деген үш ұсақ-түйек нығметтерге әкеп қамадыңыз. Міне, балаңыз «тұтқынға» түсті. Фрустрация деген осы!
  • Ол не?
  • Тағдырдың тықырыққа тіреліп, тіршіліктің ашыған сүт сияқты іри бастауы. Арман аласарған сайын – адамның өмірі іртік-іртік болып, басы бірікпей шашыла бастайды.
  • Оны жөндей аламын ба енді?
  • Иә. Қазақстанда құдайға шүкір, проблема деген жетеді. Балаңыздың көкірегінде әділетті қоғам құруға деген арман бүр жарса, бәрі де қалпына келеді. «Әділетті қоғам құрылып қалса ше? Содан соң не қыламыз?» деп қайғырмай-ақ қойыңыз. Ондай қоғам жуық арада құрылмайды. Есесіне адамға өлгенше стимул беріп тұрады,- дедім.
    Бұдан соң Сұлтан мен Сейілбек теманы ары қарай қыздыра түсті. Сұхбаттан шабыт алған апайымыз түнгі сағат үшке дейін сансыз сұрақтар қойып, екі батырды әбден шаршатты. Апайым таң ата Шымқаладан түсіп қалды. Ертесіне Сұлтанның уатсапына «Балалар, рақмет сендерге! Алпысқа тақаған шағымда тіршіліктің құпиясы енді ашылғандай күй кештім. Түндегі әңгімелерің құлағымда әлі сол күйі сайрап тұр. Көп жасаңдар. Құдай қаласа бір немеремді сендерге жолдас қыламын!» деген СМС келді. Авторы: Санжар Керімбай

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*