Логотерапия сабақтарының қызықтарынан…

Бөлісу
  • Саламатсыз ба? Бұл – «OtukenEnglish» орталығы ма?
  • Ия, айта беріңіз.
  • Тоғызыншы сыныпта оқитын қызымыз бар еді. Сіздерге оқуға жіберсек.
  • Әрине.
  • Бірақ, ағылшын тілінен бөлек логотерапия оқытады деп естідік. Ертең мына қыз «бір бәлеге ұрынып қала ма?» деп уайымдап отырмыз.
  • Ол қызға не болды?
  • Бір қиын шаруаға тап болдық. Жақында қызымыз 1-2 күн жоқ боп кетті. Сөйтсек, ешкімге айтпай үн-түнсіз Қарағандыға әжесіне кетіп қапты. Одан кейін де бірнеше рет ешкімге айтпай кетіп қалып жүрді. Үйінің жанында колледж бар. Сол колледждің қыздарымен араласады екен. Сабақта үлгерімі нашарлап жүріс-тұрысы өзгерген соң әке-шешесі Алматыға алып келген. Ортасын ауыстырсақ, қызымыз өзгерер деп ойлаған. Өзгерген түгі жоқ. Сол баяғы әдетін тастамады. Сыланып киінеді, боянып жүреді. «Жүріс-тұрысы бұзылды ма?» деп алаңдап отырмыз. Папасы ұрсып та көрді, сабап та алды. Еш нәтиже шықпады. Бұлай жалғаса берсе ертең бір бәлеге ұрынып қала ма деп қорқасың. Қазіргі жастарды өзің де жақсы білесің. Бірдеңе болса болды, жылап қорқытады.
  • Кешіріңіз, сіз сонда кім боласыз?
  • Сынып жетекшісі.
  • Ата-анасы қайда?
  • «Неге мына мұғалім біреудің баласына күйіп-пісіп жүр» деп таң қалып тұрған шығарсыз. Оқушыға бірдеңе болса, бірінші мектебі жауап береді. Қазір, жауапкершілік біздің мойнымызда. Әсіресе, оқушылар арасында «жоғалу факторы» ең өзекті мәселе боп тұр. Құзырлы органдар шаңымызды қағып алады. Одан бөлек, әр оқушым өзімнің балам сияқты боп кеткен. Тіпті олардың өміріне өз баламнан да артық алаңдаймын. Айтсам күлесіз, мектепке мүлде қатысы жоқ күйеуім де бүкіл оқушымның аты-жөнін жатқа біледі. Кешкі аста әуелі солардың жағдайын сұрап, бір түгендеп алады.
  • Түсінікті болды, апай. Қай уақытқа жазайын?
  • Қыстың демалысына.
  • Онда, келістік. Қыздарыңызды осы демалысқа жазып қоямын.

Түске дейін балалардың бәрі келіп болды. Бір ғана бала қалды. Сағатыма қайта-қайта қараймын. Кешігіп жатыр. Сабақты бастамай күтіп отырмыз. «Әй, енді келмейтін шығар» дедім. Бір кезде бір дәу джип үйдің алдына кеп тоқтады. Ішке кірді, балаларды көрді, оқу жүйесімен танысты. Байқаймын, қызына ұнамаған сияқты. Сөмкелерін қайта сүйрелеп үйден алып шықты. Әкесі қызының оқығысы келмейтінін айтып кешірім сұрады. Мен: «Дұрыс, қаламаса қажеті жоқ. «Құсты қанаты ұшырады, адамды талабы ұшырады» деген. Талапсыз баланы оқыта алмаймын, қайтсын үйіне» деп қатқыл жауап қайырдым. Әкесі намысқа тырысып: «Жоқ, менің қызым оқып тілді үйренеді. Қызым, осында қаласың! Болды» деп бір сөзбен қайырды. Сонымен, бәрі түгел жиналды. Ұрыс та тұрыс жоқ, жұмысты бастау керек.

Түскі тамақты ішіп алып, қырға барып сырғанап қайттық. Күшті көңіл күймен кешке дейін сабақ оқып тастадық. Кешкі асты ішіп болдық. Осы кезде әлгі қыз:

  • Ағай, ертең қайтатын болдым. Түстен кейін мамам келіп алып кетеді, – деді. Бүгіндікке дұрыстап тамақ ішпеген еді. Көңілсіз жүрді. Жұртпен бірге сырғанаққа да бармай үйде жалғыз қалған. Қысқасы, осылай боларын іштей сездім. Жақсы, қаласа оқысын, қаламаса қайтсын. Дегенмен, әлі бір күн уақытымыз бар. Бәлкім ойын өзгертер. Бар өнерімді іске салуым керек. Бірақ, құрғақ мораль оқып, ағыл-тегіл ақыл айтуға болмайды. Тек – онтология тұрғысынан келу керек. Логотерапияның шарты солай. Ендігі кезек – қисса оқу, жыр жаттау. Ұйықтар алдында жарты сағат логотерапия, жарты сағат миғражнама оқуға арналды.

Екінші күн. Әдепкі жағдай. Сабақ оқып отырмыз. Мен де сұраған жоқпын, ол да үндеген жоқ. Екеуміз қайту туралы ләм-мим деп ауыз ашпадық. Мына қызықты қараңыз. Түс кезінде үйге сынып жетекшісі кеп тұр. Қасына жанашыр жолдасын ертіп алыпты. «Тұңғыш қызымызға» алаңдап, үйде көңіліміз жай таппай келіп қалдық» – деп қалжыңдап қояды. Бәріміз ду күлдік. Мамасының келмейтінін, осында қалатынын білген әлгі қыз екі көзіне ерік берді. Еңіреп қоя берді. Түсінгенім, бәрін жылап қорқытады екен. Ішімнен: «Адамның соңғы секундта шешім қабылдай алатын қасиеті бар екені рас болса, онда соңына дейін күресу керек» деп, қонақтарды шығарып салған соң, оқушыларымның бәрін жинап алдым да, Жазираға:

  • Болды енді. Көз жасыңды тый. Бір қызық айтайын. Өз басым адамды азат, еркін жаралыс деп танимын. Сондықтан, ерік қалауыңды ескеріп, сені үйіңе жеткізіп саламын, – дедім. Ол сенер-сенбесін білмей үндемей қалды. Сосын:
  • Сендерге бір қызық айтайын. Адамда еркіндік болмайды деп келіспейтіндер де бар. Олар «пенде тіршілікке тәуелді, кісінің еркіндігі тұрмыстық себептерге байланған, ол қоршаған ортаға, тұқым қуалаушылыққа, құмарлыққа тәуелді» дейді. Міне, осының бәрін курс біткенше шетінен тарқатып айтып беремін. Бірақ, бір өкініштісі Жазира осы қызықтан құр қалайын деп жатыр, – деп оны қызықтырып қойдым.
  • Сендерге бір сұрақ, шындарыңды айтыңдар. Өздеріңде ерік-қалау бар деп санайсыңдар ма? – деп оларға қарап едім, жартысы бірден «әрине» десе, қалғаны «білмеймін» дегендей екі иығын қиқаң еткізді.
  • Жақсы. Бар болса, онда адамға ерік-қалау не үшін берілген? – дедім. Үндемей қалды. Сосын сөзімді жалғап:
  • Адамға еркіндік ойға не келсе соны істеп, жаупкершіліктен қашу үшін емес, жауапкершілікті арқалап бір мақсатқа жету үшін берілген. Логотерапияда жауапкершілік арқаламай жүз бұратын адамды – ерік қалауын дұрыс пайдалана алмайтын әлсіз адам дейді. Бұдан шығатын қорытынды, адам еркіндік феноменін түсінген сайын, оны қалай пайдалану керегін де біле бастайды, – деп балаларды бір сәтке ойландырып қойдым.
    Әңгіме қонымды болған соң сөзімді одан әрі жалғап: «Еркіндік – шешім қабылдайтын машина. Пенде азат екенін түсінгенде тағдырын қолына алады. Өмірін өзгенің ықпалына түсірмеу үшін жанталасады. Осы орайда Франклдың бір пациенті айтқан қызық әзілі есіме түсіп кетті. Бірақ оны кейін айтып берем. Қазір оған уақыт жоқ. Жазираны үйіне апаруым керек. Сендер мен келгенше бір-біріңмен еркін пікір алмасып отырыңдар. Ойталқы болсын, – дедім. Сол кезде Жазира:
  • Ағай, мен бір нәрсе айтсам бола ма?
  • Ия, айта ғой.
  • Шынымды айтсам, ағылшын тілін оқысам қиналып кетем. Әрі оған зауқым да жоқ. Сол үшін кеткім келіп жүрген. Бірақ, маған дастархан басында қисса айту мен Логотерапияны талқылап пікір алмасқан да ұнайды. Қалсам солардан көбірек тапсырма беріп сұрап отырасыз ба? – деді. Міне әңгіме енді ашылды.
  • Жарайды. Бірақ, мына заманда тіл білу керек. Біліміңе білім, өнеріңе өнер қос деген. Барған жеріңде абыройлы боласың. Қайын сіңілерің «ағылшын тілін білетін жеңеше» деп соңыңнан шулап жүреді. Енең де елдің алдында «бұл менің келінім» деп мақтанып отырады. Ең бастысы абысындарың «Қой, құрысын. Ертең баламызды оқытпай қояр» деп сенімен бақталасып, ұрысудан аяқтарын тартады. Қалай? Күшті емес пе? – деп қойдым, не дер екен деп.
  • Ағай, сізде қатырады екенсіз. Кеше өзіңіз «Тіл білу құндылыққа жатпайды. Бұл адамның мүмкіндігін молайтатын құрал ғана» дедіңіз ғой. Сосын, өмірдің мәні – абыройлы, бақытты болу емес. Адам бір мақсатына жеткенде ырықсыз түрде оның тұла бойы бақыт пен шаттыққа бөленеді. Оны ана бір көгершінмен мысал келтірдіңіз. Түсінікті болу үшін «Ынтымақ» жайлы қисса да айтып бердіңіз, – деп кешегі айтқандардың бәрін есіне түсіріп отыр. «Охти, міне қызық» дедім ішімнен. Сонымен, бұл қыз қалатын болды. Нағыз қызық енді басталды.

Курс біткенше бесік жырынан бастап, сұрақ-жауапқа дейін берілген барлық тақпақты жаттап алды. Ең көп қиссаны осы қыз айтып отырды. Сары кітаптың бірінші, екінші томдарын дерлік толық оқып шықты-ау. Интернетте отырам деп көтеріп алып келген ноутбугын маған беріп еді, өзіне қайтарып бердім. «Ерік қалауың өзіңде, қалай пайдаланасың өзің шеш. Сонымен қатар, сол еркіндігіңе жауаптысың. Өзіңе жауапкершілікті алмасаң, бетімен кеткен еркіндік сені құзға құлатуы мүмкін» – дедім. Қырда сырғанау, ойнау сияқты сергіту жұмыстарына белсенді түрде араласты. «Суреттерін ата-анасына уатсаппен жібересіз» деп әр баланы суретке түсіріп жүрді. Үй жинасты, ыдыс-аяқ жуысты. Бибімнің ең жанашыр көмекшісінің біріне айналды. Қасындағы қыздармен қатар өскен құрбылардай тез араласып кетті.

Осы тұста бір жайтты ескеру керек. «Осындан кейін бала міндетті түрде бақытты өмір сүреді» деу қате. Адам толық қалыптанып, жасалып біткен болмыс емес. Соңғы демі үзілгенше тіршілігі түрлене береді. Неше балаңыз болса, сонша экзистенция көресіз. Бір-біріне ұқсамайды. Біреуіне берген тәрбиені сол күйінде екіншісіне бере алмайсыз. Әр бала әр тарапта ізденеді. Кімнің қай күні, қай жерге барып тоқтарын ешкім ілкіден айта алмайды.

Авторы: Сейілбек МЫРЗАБАЙ

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*