Уәде онтологиясы

Бөлісу

Ницше «Адам – уәде бере алатын ерекше мақұлық» деген. Берген уәдесін саналы түрде есіне түсіре алады. Біреумен келісіп, шарттасып, қол алысып, бір іске уағда етеді, соны жадында ұстайды. Адамды жануардан айырып тұратын қасиеттің бірі – осы. Мезгілі жеткенде кісіні уәдесінен ұстайсың. Қазақта «Атты шылбырынан, ер жігітті сөзінен ұстайсың» деген мақал бар. Сертіне берік кісі құны мен бәсін арттырады. Жұрт ондай тұлғаны құрметтеп төбесіне тұтады. Оны ешкім сырттан қамшыламайды. Өзін өзі қамшылайды. Уәдесін бір сәтке ұмытпайды. Яғни сау БОЛМЫС «қоғамдық тәртіп» талабымен емес, жауапкершілік эпитетімен іс қылады. Сол кезде тобырдан бөлініп, тұлғаланады.
Мұсылманда «Әлімсақ уәдесі» деген ұғым бар. Құранда былайша баяндалады. Тәңірі Адам атаның белінен күллі рухты шығарып: «Сендерді жаратып, тәрбиелеуші Ұлық Алла Мен емес пе? (Әләсту бираббикум?)» дейді. Рухтар «Әлбетте, СЕНСІҢ! (Қаалуу Бәләә!)» деп шуласады. «Ертең бәрің Жерде өмір сүресіңдер. Тіршілік сынағы сонда болады. Пәнидің базары қайнағанда МЕНІ және Маған берген уәдені ұмытып, ғапыл болмайсыңдар ма?» дейді. Рухтар: «Жоқ! Ұмытпаймыз. Уәдемізге берікпіз!» деп жамырайды.
Әлімсақ уәдесіне сену-сенбеу, ол – иман мәселесі. Әркім өзі шешеді. Бұдан БОЛМЫСТЫҢ уәде беріп, ұмытпауға қабілетті екенін түсінеміз.Момындар үшін Әлімсақ УӘДЕГЕ БЕРІК БОЛУ деген абыройдың прототипі сияқты. Экзистенция ғылымы мұсылманның Әлімсақ уәдесіне таңғалмайды. БОЛМЫСТЫҢ болуға тиісті бір эпитеті деп қабылдайды. Әлімсақ уәдесінің хикметте насихатталуы адамның биік дәрежесін ұлықтайтын әдіс сияқты.
Хикметпенен ол жоқтан бар жаратты,
Ғажабына бар ғалам қайран қалар,
«Қалу» деген құл сыйын олжалапты,
Үнсіз қалған міскіндер ойран болар.

Хақ тағала раушан нұрды берді бізге,
Хақ Расулы Мұстафа келді бізге.
Салауатпен нәпсіні жеңдіңіз бе?
Онсыз иман қуаты қайдан болар?

«Әләсту бираббикум» деп бұйырып,
«Қалу бәлә» деп құлдар шөкті иіліп,
Ұлықәмір баршасын кетті үйіріп,
Жүз мың аси кешірсең, жайраң қағар.
Экзистенциалистер мына фактіге назар аударады. Латын тілінде адамға тән іс-әрекетті анықтағанда RE приставкасын қолданады. «Қайта, қайтадан, кері қарай» деген мағына береді. RE-SPONSIBLE – жауапты болу. RE-COLLECT – есін қайта жинау, есіне қайта түсіру. RE-PLY – жауап беру, қайта тіл қату сияқты жалғаса береді. Осының бәрі адам санасының өткен шаққа шегіне алатынын көрсетеді. «Он жыл бұрын уәде беріп едім» баяғы оқиғасын есіне түсіре алады. «Осы уәдені ертең орындауым керек» деп келер шақты елестетеді. Өткен шақты келер шаққа байлау– осы.Бұдан жауапкершілік феномені шығады. RESPONSIBLE сөзі RE –приставкасы мен SPONDERE – «уәде беру» сөзінен құралып, «ЖАУАПКЕРШІЛІК арқалау» деген жаңа мағынаға ие болды. Жауапкершілік уәде беруден басталады.
Тіршілікте жұрт бір-біріне уәде беріп, сенім артып өмір сүреді. Жануарға жауапкершілік жүктей алмайсың. Әдетте жұрт «Ол маған уәде берді. Уәдесі есінде болса, орындауы керек» деп жатады. Уәдесін көпе-көрнеу жұтса, адам санатынан шығарады. «Адам емес екен. Уәдесін ұмытты» деп оған қайыра сенім артпайды. Болашақта істес болмауға барын салады. Сондықтан уәдесін жұтатын арсыздар ұдайы ұжымын ауыстырып күн кешеді.Бірақ соның өзі ұзаққа апармайды. БОЛМЫС ретінде жоқтыққа сіңе береді. Біреу жолдасына берген уәдесін ұмытып, есіне кеш түсірсе, көңілі нілдей бұзылады. Сол сәтте дегбірі қашып, мазасызданады. Адам БОЛМЫСЫ деген – сол. Оған қайшы кез келген қисық іс адамның қалыпты тіршілігін қиратады.
Яссауи хикметінде УӘДЕ беру феномені онтологиялық тұрғыда ӘЛІМСАҚ уәдесінен көрінетінін айттық. Пенде уәдеден тайса, адам санатынан шығарылады. Осыны макро өлшемде алсақ,былай болады: мұсылмандар Әлімсақ уәдесін ұмытса,Тәңірі алдында АДАМИ БОЛМЫС санатынан шығады. Адам айуанға теңеледі.
УӘДЕГЕ БЕРІКТІКТІ онтологиядан тарқатсаң, түбі Тәңірге тіреледі. Құранда «Алла берген уәдесін ұмытпайды, екі қылмайды» дейтін аят көп.Сондықтан Уәдеге берік болу – ТӘҢІРГЕ ҰҚСАУ деген сөз. «Құдай адамды өзіне ұқсатып жаратқан» деген философия осыдан шығады. УӘДЕНІҢ сакральды сипатқа ие болғаны сонша: «Уәде – Құдай сөзі», «Уәде – Құдай аты» деген ұғым қазақ санасына берік орнықты.Енді мынадай сұраққа жауап табылады. Уәде феноменін зерттеудің не қажеті бар? Неге онтологиялық әдіспен негіздейміз? Оны трансцендетті БОЛМЫСҚА байлау міндеттіме? Өйтпей-ақ мораль түрінде қолдансақ болмай ма? Біріншіден, адамзат уәденің бұзылуынан қасірет тартады. Тұтас өркениет әлсірейді.
Адамның Құрандағы бір атауы – Инсан. Мағынасы: ұмытшақ деген сөз. Адам рух сипатында уәде береді. Ет пен сүйектен жаралған бәшар сипатында ұмытады. Яссауи сияқты тұлғалар СЕРТТЕСУДІҢ онтологиясын Тәңірге байламаса, уәдесін жұтатын арсыздар қоғамда қаптайды. Ер азаматты сөзінен ұстау мүмкін болмайды. «Сертіңнен неге тайдың?» деген сұраққа арсыздар «Онда тұрған не бар? Уәдені орындаймын ба, орындамаймын ба, өзім білем» деп міз бақпай отыра береді. Бұл дерт жаппай тарағанда алдау-арбау мәдениетке айналады. Ұлттың мінезіне сіңеді. Ауыз-екі тілде оны «лақтырып кету» деп атайды. Осы нәрсе жаппай белең алмас үшін, рухани тұлғалар Әлімсақ уәдесін еске салып отырады. Сертті ұмыттырмау үшін Яссауи зікір практикасын көп қолданған. Зікір Алланы еске алу дегенді білдіреді. Тәңірді ұзақ еске алумен бәшар сипатты пенде рух сипатты АДАМИ БОЛМЫСЫНА жақындайды. Сондықтан «Диуани Хикметті» халықтың экзистенциалық мұқтаждығын өтеуші өлмейтін ілім деп танимыз. Құран тілін ұқпайтын түркі тайпалары зікір, хикмет арқылы Әлімсақ уәдесін есіне түсіреді. Егер БОЛМЫСТАН шығатын (фытрат) әлімсақ уәдесі әдебиетке айналып, хатқа түспесе, ұлт пен ұлыс мәнді мәдениет тудыра алмайды. Сапалы ұлыс осылай қалыптасады. Қазақ этносының экзистенциялық таным-түйсігі бекиді. Яссауиден басталған Әлімсақ уәдесін насихаттау жыраулар арасында тың дәстүр туғызды. Уәде феноменін еске салып отыру олардың көп миссиясының біріне айналды. Мысалы, Яссауидің:
Құл Қожа Ахмет, рухың еді «Қалуу Бәләә»,
Уәде қылдың – еш қылмадың хамду сана,
Азаптаса, не қылғайсың қадір құда,
Жалған пенде сертінен танады екен! – деген хикметін Нұралы Нысанбайұлы:
«Әләсту би-раббикум?» – деді Кәрәм,
Депті ғой «қалу бала!» әзірет Адам.
Рухының «қалу бала», – десе бәрі,
Иманды мұсылман деп айтады оған.

Болады жеті тамұқ соның жайы,
Демесе «қалу бала» рухтары.
Иман сол – «қалу бала» деген жауап,
Иманды сол себептен дейді озалы*, – деп жырлайды. Балмағамбет Балқыбайұлы:
Алхамдул-илла мен болдым,
Мисақтан бері мұсылман,
Куәм менің – ашһадат.
Шәк келтірсе, кейбір жан.
«Раббың кім?» деп сұрады,
Аруақтарға жиылған.
Үмбетпіз деп бәрі айтты,
Басқа сөзден тыйылған.
Бір періште аузына
Бұл сөздер кеп құйылған.
Періштені тас етіп
Дидарына Мекке қойылған, – деп үлгі шашады. Біз жоғарыда УӘДЕНІҢ онтологиясын Бір Тәңірге байлау туралы айттық. Оны Исламда мынадай аңызбен берген. Алла Әлімсақ уәдесін алғанда бір періште уәдені хаттап, құжаттап, мөр соғады. Періште Қағбаның ішінде қияметке дейін құжатты күзетіп тұрады екен. Мақшарда сол құжатпен адамзатты куәлікке тартады.
Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Уәденің онтологиясы Исламда мықты болса, неліктен мұсылмандар сертке берік емес? Уәдесін жұтатын, сертке тұрмайтын мұсылмандар неліктен көбейіп кетті? Себебі, әлімсақ жауапкершілігінен қашу үшін көбі «Иншалла» сөзін қорғаныс механизмі ретінде қолданады. Мағынасы: «Құдай қаласа». Серттен тайған момын «Құдай қаламады, сондықтан уәдем орындалмады. Құдай қалағанда, қатырушы едім» деп жауапкершілікті Құдайға ысырып, өзі жазадан құтылады. Құдайдың қалауын теріс мақсатта, жеке мүддесіне пайдаланады. Осылайша ар-ұяты кем мұсылмандар көбейеді. Сондықтан Қазақ қоғамында уәде феноменін күшейту үшін молдалардың аузына қарап отыру шарт емес. Кез келген көзі ашық, зиялы қазақ Яссауи хикметінің өрнегі ретінде Әлімсақ уәдесін мәдениеттің кез келген форматында насихаттай беруіне болады. Мысалы модерн бір ақын осы оқиғаны қазір былайша жырлапты.

Сөйледі үркердей топ Хаққа сонда:
-Рухымыз Дидарыңа зар болған соң,
Тозағың қорқыта алмас, кеудемізде
Жұмаққа арбалмайтын хәл болған соң,
Үміт қып Жамалыңнан қайтып келдік,
Дәмеміз о бастағы нән болған соң.
Көлбеңдеп, көбелектей келіп тұрмыз,
Дидарың нұрлы жарық шам болған соң.
Раббысы разы болды мына топқа,
Сөзінің өзегінде дән болған соң.
Тағы да сертке байлап, сөзін алды,
Аманат – жүректерге нәр болған соң.
«Әләсту бираббикум?»-деді Рақман,
«Қаалу бала» – деді Рух, ар болған соң,
Уағда – серт байласты Иесімен,
Бұл жүкті көтеретін нар болған соң.
Сол сәтте бір періште осы сертті,
Мөр басып, құжаттады, заң болған соң.
Қара Тас Меккедегі – бұл құжатты
Сайланып, сақтайтұғын там болған соң,
Ақырғы күнге дейін тұрады екен,
Міз бақпау – тасқа ғана тән болған соң.
Ашылар мөрлі құжат ақиретте
Күллі Рух қайта оянып, жам болған соң.
Періште Қара Тастан шыға келіп,
Бұл құжат жарияға жар болған соң,
Сұрауы серттің қалай болар екен,
Уағда сөз – «Алла» деген нәм болған соң?
Зор басым, серттен тайған, сен қайтерсің,
Алдың – жар, артың – соқпақ тар болған соң?
Қызыл тіл, уәде бергіш, қалармысың
Күрмеліп, Хақтан келген кәр болған соң.
Жан-тәнім, сыртың сұлу болғаныңмен,
Сыр берер ішкі әлемің зәр толған соң.
Жүрегім, кеудемдегі,сені қайтем,
Тазармай, шалау басып, шаң болған соң.
Уәдеден тайқып кеткен кімге дәру,
Болмысым жануарға пар болған соң?..
Жаратқан, есіміңді жад қыламын,
Жалғыз-ақ қармалайтын тал болған соң…
*
Сөзіңнің болса өрнегі,
Көзіңнің болса көрмегі,
Ол-дағы Жардың рақымы, –
Айрықша сені көргені,
Айуаннан артық жаратып
Адам ғып сені бөлгені.
Сондықтан, Ақыл иесі –
Орныңды сақта төрдегі! –
Құжатың анау сөйлеп тұр,
Періште басқан мөрдегі.
Бабалар сөзін тыңдасаң,
Сөз қылмас мұнан өңгені:
«Адам боп қалғың келсе егер
Уәдеңде тұру жөн, – деді. –
Бірінде жоқ қасиет
Адамнан бөлек төлдегі».
Әлмисақтың уәдесі,-
Ең әуелгі сұралар
Сұрағың болар көрдегі,
Ең ауыр қарыз – уәде екен,
Сертіңнен танып тайқысаң,
Адамдық Рухың сөнгені,
Хайуан ғып ерттеп мінуге,
Төбеңнен дұшпан төнгені.
Жаратқан Хақтың о баста
Сен болғандықтан сенгені, –
Ұятқа енді қалдырсаң,
Жауыңның сені жеңгені,

С.КЕРІМБАЙДЫҢ парақшасынан алынды

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*