БАҚЫТТЫҢ СОРЫ

Бөлісу

Екі жас үйленіп, той жасағанда қонақтар кезекпен тілек айта бастайды. Кей қонаққа сөз тимесе, көңіл жібі қисайып қалады. Тілегін тыңдасаң, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. «Не деймін, бақыт тілеймін!Бақыттың ішінде бәрі бар. Бақыттарың баянды болсын!» дегенді қайталаумен болады. Құдды бір, бақытты жас отаудың босағасына байлап беріп жатқандай дерсің.
Көпшілік бақыт дегенде «Будданың үйін » елестетеді. Төрт құбылаң түгел болу. Не ішемін не жеймін демеу. Қайғы – мұңға мүлде соқтықпау. Ауру-сырқау көрмеу. Өлім-жітімді естімеу. Мәңгі шаттанып өмір сүру.
Бірден айтайық. Жұрт армандаған бақыт ертегіде кездеседі.Себебі бұл өмір диалектика заңына тәуелді. Бір бардың бір жоқтығы, бір аштың бір тоқтығы қатар жүреді. Ақты қара, күнді түн алмастырады. Миллион жерден жақсы тілек айтсаң да,жұбайлардың өмірі тек шаттықтан өрілмейді. Шаңырақты шайқап жіберетін оқыс оқиға мен келеңсіз құбылыстар оларға соқпай қоймайды. Психологтар жас отаудың ғашықтық кезеңі әрі кетсе 3 жыл деп белгілейді. Көбі оған да жетпей,күйрейді. Дүниеге сәби келіп,отбасын ұстап қалғанның өзінде өзегін «бекер үйлендім » деген өкініш өртеп тұрады.
Осыған орай мынандай анекдот та шыққан. Қазақ жастарында екі иллюзия бар: бірі – » Үйленген соң өмірім жақсы болады «деген қиял,екіншісі- «Ажырасқан соң өмірім жақсы болады» деген сағым
Қалай десек те проблема БАҚЫТ ұғымын дұрыс түсінбеуден басталады. Экзистенциалистер сұрақты былай қояды: БАҚЫТ деген объект ретінде бар ма? Оны көзбен көріп,қолмен ұстауға бола ма?
Жауабы былай: БАҚЫТ дербес объект ретінде жоқ. Оны өлшеудің әдісі мен өлшем бірлігі де жоқ. «Бақыт » эмоцияны білдіруге арналған сөз. Бақыт-қайғы-қасіретті жеңгенде тұла бойды билеп алатын импрессивті көңіл-күй. Оны сезінудің және бақытты сәтті көбейтудің жалғыз жолы бар: үнемі қиындықпен және қайғы-мұңмен күресіп отырасың
Логотерапевттердің жиі айтатын мынандай қызық тілегі бар: » Әдетте елдің бәрі аспаның ашық, дұшпаның қашық болсын. Қиындық көрме. Ақшадан тарықпа. Ешқашан ауырма. Шаңырағың шайқалмасын» деген мақамда тілек айтады. Олай болмайды.Себебі шынайы өмірде бәрі- егіз. Оны диалектика заңы дейді. Қайғы мен қуаныш, шаттық пен мұң қабаттаса өрілген. Түбі болмай қоймайтын құбылысты «болмасын » деп айта беруде еш мән жоқ. Керісінше адам қиындық келерін білгендіктен де оған дайын отыруы керек. Қамсыздың басына проблема сау ете қалса, паникаға салынып, депрессияға түсіп,тіпті өліп кетуі де мүмкін. Дұрысы былай болады: Мейлі өмірде бәрі болсын.Не келсе де келсін. Кедейшілік те келсін. Ауырып та көрейік. Түрлі қарсылық пен сәтсіздікті де бастан өткерейік. Ең бастысы: олар жан-жақтан қоршағанда оларды бұзып,жарып,қиратып,тесіп, талқандап,қопарып, көктей өтетін Қайсар РУХЫҢ ешқашан мұқалмасын»

Махаббаттың мәні кітабынан үзінді

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*