Бүкіл дүние мұсылмандарына хат

Бөлісу

Кеше Түркістанға барғанмын. Анашымды алып, өзімнің рухани азық алып қайтатын қасиетті мекенім секілді боп кеткен Меңдуана баба əулиеге зияраттап қайттым. Шырақшысы Зейнеп əпке айтып отырған əңгіменің мазмұнына қарай Абай мен Шəкəрімнің, Мұқағалидың өлеңдерінен үзінді оқып, сұқбаттың дəмін келтіріп, мəнін ашып отыратын керемет жан. Əңгімеміз Мұқағали ақынға қарай ойысқанда Зейнеп əпке: «Мұқағалидың біраз жыл бұрын бір газетте жарық көрген  «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» деген өлеңін сақтап қойғанмын. Сол өлеңді кейін басқа жерлерден көрмедім. Оқып көрсей», – деп, чемоданының түбінен əбден ескірген газет қиындысын алып көрсетті. Керемет өлең екен, тіпті оған Молдабек Жүнісбеков деген композитор əн де жазған екен. Қасиетті үш айдың бірі шағбан айында сол өлеңді көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.

Бүкіл дүние мұсылмандарына хат

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Бет алып құбылаға қол қусырып
Сəждеге бас қоятын қайда күнім?

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Бəрі рас айтқанының ақ Алламның,
Құм менен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен –мұсылманмын
Денемде түйірі жоқ арам қанның.

Мекенім Ніл дария Мекем менің,
Келеді мəңгілікке мекендегім,
Дариға-ай Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім?!

Мекенім — Ніл дария — Мекем менің,
Келеді мəңгілікке мекендегім.
Семсерін Ғасіретəлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның?!
Бейіштің ақ қанатты ақ құстарын,
Аңырып ұясынан ұшырғаның?!

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның?!
Бірігіңдер əлемнің мұсылманы
Құрбан болсын Құдайым үшін жаным.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*