БАҚ ҚОНЫП, ҚҰТ ДАРЫҒАН ШАҢЫРАҚ

БАҚ ҚОНЫП, ҚҰТ ДАРЫҒАН ШАҢЫРАҚ
Бөлісу

Таяуда бізге композитор, ресторан бизнесімен айналысатын кәсіпкер, Шымкенттегі «Көркем» тойханасының қожайыны Мұқан Байбосыновтың шаңырағында болу бақыты бұйырды. Мұқан Байбосынов пен жары Мәдина Сұлтанованың өмір жолы кейінгі жастарға өнеге боларлықтай. Әсіресе, үйленгендеріне ширек ғасыр толса да, махаббаттарының өзгермей, таза да мөлдір күйінде сақталғанына риза болыстық. Мәдина жеңгейдің отағасына ізет-құрметтен бөлек, жүрекке жылы сезім ұялататын ерекше сүйіспеншілігіне, қонақжайлылығына, шаңырақтарындағы әр заттың өз орнын тауып, ерекше талғаммен таңдалып, үйлесім тауып орналасқанына қызықтық. Ұл-қызының иба-әдебіне көңіліміз марқайды. Бұл шаңырақта болған азғана уақытта көптеген жақсы ойлар түйіп, демалып қайттық.

Мұқан Әбдіәшімұлы, алдымен өзіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз…

– Мен 1968 жылы қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспан ауыл әкімшілігіне қарасты Сары-арық ауылында көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Әбдіәшім 40 жыл мектепте мұғалім болған. Тарихтан сабақ берді. Одан бөлек, әншілік, күйшілік өнері бар-тын. Өзі де бірталай ән жазып, күй шығарған бұрынғы Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса секілді сал-серілердің әндерін насихаттаған кісі. Жасы 92-де. Әлі күнге домбыра шертіп, ән айтады. Ауылға әкемнің әнін тыңдау үшін жиі-жиі барып тұрамын. Жанына жатып еркелеп, аунап-қунап, мауқымды басып қайтамын. Анам Зылиха он бес жыл бұрын дүние салған. Жүрегі мейірімге толы, өте еңбекқор жан болатын. Ата-анам 9 ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Мен жетінші ұлмын. Мектептегі ұстаздарым өте білімді, тәрбиелері мықты азаматтар болды. Республикаға танымал жазушылар Д. Исабеков, С. Адамбеков, Н. Сүлейменов пен Оңтүстік фильмнің басшысы Б. Дәуренбеков, қолөнер шебері Ә. Желдібаев, журналист Айдар Сейдазым бәрі біздің мектептің түлектері. Осындай өнерлі, білімді түлектерді тәрбиелеп шығарған мектептен ұшып шықтық. Ағаларымның бәрі бірі дәрігер, бірі заңгер деген секілді жоғары білімді мамандар. Мектеп бітіргеннен кейін әкем менің қандай мамандық иесі болғым келетінін сұрады. «Заңгер боламын» дегенімде, әкем: «Бәрің бірдей дәрігер, заңгер болып кетсеңдер, менің жолымды кім жалғайды? Менің әндерімді кім нотаға түсіріп, кітапқа шығарады?» деп кейіген. Кішкентайымыздан әкеміздің ән-күйін тыңдап өскендіктен болар, бәріміздің ән айтып, домбыра шертетін өнеріміз бар еді. Өзімнің де музыкаға қабілетім болғасын, әкемнің жолын жалғайын дедім. Сөйтіп әскерден келгесін Шымкент педагогикалық мәдениет институтына (қазіргі М. Әуезов атындағы ОҚМПУ) оқуға тапсырып, бағым шауып түсіп кеттім.     

– Бизнеске қалай келдіңіз? 

– Оқуды бітіргеннен кейін мамандығым бойынша жұмысқа тұратындай қалада тіреп тұрған көкеміз жоқ. Әйелім екеуміз қалаға бір чемоданмен ғана келгенбіз. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында күзетші болып істедім. Түнде ұйықтауға болмайтын. Ұйықтап қалмас үшін жеңгеңе телефон шалып, түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отыратынбыз. Содан кейін өмір туралы толғаныстарымды, әйеліме деген сезімімді қағазға түсіріп, біраз қара өлең жаздым. Негізі шығармашылық жаныма жақын. Жеңгеңе ғашық болып жүргенімде «Қимаймын» деген ән жазғанмын. Кейін Арыс өзеніне ән арнадым. Бірақ шығармашылығым осы екі әнмен тоқтап қалды. Себебі шығармашылықпен айналысу үшін де үй-күйің, жағдайың болу керек. Ал ол кездерде менде ондай жағдай жоқ еді. Бір айлықпен жағдайымды жасап алу мүмкін еместігіне көзім жеткен кезде базарға шығып, қалың қазақтың арасында бизнесімді бастадым. Алғашқы бизнесіміз ыдыс-аяқ сатудан басталды. Біле білгенге базар деген үлкен бақ. Ол жерде күнкөріс үшін жүруге болмайды. Тез-тез ақша істеп алып, үлкен бизнестерге қарай кету керек. Біз дәл солай еттік. Базарда жұмысым жақсы жүріп жатқасын, қасыма көмекші керек болды. Сосын Мәдинаны шақырдым қасыма. Бұл Шымкенттегі Медакадемияны бітірген. Мамандығы фармацевт, дәріханада жұмыс істеуі керек. Мен өзіңе жеке дәріхана ашып беремін дедім. Мәдина сөзіме сеніп менімен бірге сауда істей бастады. Сосын үлгере алмай жатқан кезімде өзімнен кейінгі інімді шақырдым. Ол да Қарағандыдағы мединститутты бітіріп келіп отырған. Мамандығы бойынша хирург. Бірақ жұмысқа тұра алмай жүрген. Әлі үй алмаған кезі. Мен інімді тезірек үйлі боласың деп өзіммен бірге сауда жасауға шақырдым. Інім айтқанымды екі етпестен менімен бірге жұмыс істеді. Сөйтіп алты айда үйлі болды. Жұмысым жақсы жүріп жатқан кезде институтта юрфакта оқып жатқан інімді сырттай оқуға ауыстырып, қасыма алдым. Өйткені маған көмектесетін адамдар керек болды. Содан бастап екі ініммен үшеуміз бірге келе жатырмыз. Одан кейін қаланың бірнеше жерлерінен дәмхана, жанармай бекеттері, дүкендер аштық. Сөйтіп ресторан бизнесіне қарай ауыстық. Үш ағайынды бизнесті дөңгелетсек, абысындар тойхананың асүй жағына жауап береді. Алдағы уақытта да ресторандар салып, осы бизнесті дамытамыз деген жоспарымыз бар. 

– «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді ғой қазақ. Ағайынды үшеуіңіздің араздаспай бизнесті ортақ дөңгелетіп отырғандарыңыздың құпиясы неде? Жалпы, ағайын тату болу үшін не істеу керек?

– Оның құпиясы алаламауда болар, бәлкім. Мысалы, мен өзіме қандай зат алсам, тура сондай затты інілеріме де әперем. Мәселен, мен мынадай зәулім үй соқсам, інілеріме де сондай үй соғып бергенмін. Қымбат көлік алсам, бауырларым да сондай көлік мінеді. Екіншіден, ағайындардың татулығы абысындардың ынтымағына да байланысты шығар. Үш абысынды бір-бірімен өте тату тұрады.

Ерінің сөзін бөлмей, бағанадан үнсіз отырған Мәдина жеңгей де осы кезде сөзге араласты:

– Рас. Біз өзімізге не істесек, қайныларымызға өзімізден жақсы етіп істеп беруге тырысамыз. Бұл енемізден алған өнегеміз. Ол кісі өте мейірімді, әділетті кісі болатын. Ауылға барсақ, келіндеріне ауыр тірлік істетпеуге тырысатын. Сиыр сауамыз десек, қолдарыңа малдың иісі сіңіп қалады деп өзі сауатын. Қалаға келетін болса, айран-сүті мен табаға көмген нанын бәрімізге бірдей етіп әкелетін.  Алты ағайынды осы Шымкентте тұрамыз. Апам біздің үйге келіп түседі. Бауырлар өздері бір бөлмеде әңгіме-дүкен құрса, біз абысындар апамның жанынан шықпай, әңгімесін тыңдаймыз. Түн ортасынан ауған шақта апамның ұлдары үйлеріне қайтайық дей бастайды. Ал ол кезде біздің әңгімеміз енді қызып келе жататын. Сонда апам: «Келіндерім емес, ұлдарым асығып жатыр ғой қайтуға», – деп күлуші еді. Апам барлық келіндерін бірдей жақсы көретін. Сосын бізге күйеулеріңмен бірге жүріңдер деуші еді. Апамның өсиетімен біз қазірге дейін барлық абысындар қайда жүрсек те күйеулерімізбен бірге жүреміз. Апам қайтқасын ол кісінің ізін көрші тұратын Самара апа жалғады. Ол кісі де тура апам секілді айран-сүтін бәрімізге теңдей бөліп құйып, бәрімізге бірдей етіп табаға нан көміп әкелуші еді.

Жарының сөзін Мұқан аға толықтырып:

 – Апам Мәдинаға «Мұқанға қарап жүр. Ол өте ақкөңіл, аңқау» деп дайындайды екен. Ана үшін баласы қашанда бала болып көрінетіндігінен болар. Әйтпесе мен аңқау емеспін. Ақкөңіл дейтіні бала күнімнен қайда жұмсаса да мақұл деп тұратын, тілалғыш едім. Көрші тұратын кәрі апа бар еді. Сол кісінің ауласына мал түсіп кетсе мені іздейтін. Себебі айтқанын екі етпей малды айдап тастайтынмын. Ал басқа балалар тіл алмай қашып кетеді. 

– Мұқан аға, енді әңгімені отбасыңызға қарай бұрсақ… Мәдина жеңгеймен қалай танысып едіңіздер? Ол кісіге арнаған әніңіз жарыққа  қалай шықты?

– Мен алғаш рет Мәдинаны троллейбуста көрдім. Шашы ұзын, аққұба өңді, реңді қыз көзіме оттай басылды. Сол сәтте-ақ бір жақындық сезіндім. Қасында құрбысы бар екен, сөйлесіп тұрды. Жандарына барып танысудың ретін таппай тұрғанымда троллейбус тоқтап, Мәдина түсіп қалды. Есік жабылып қалып, артынан түсіп кете алмадым. Қасындағы құрбысының жанына барып сұрастыруға да батылым жетпеді. Пәтер жалдап тұрушы едік. Бөлмеге келгесін осыны қасымдағы жолдасыма айттым. Ол «таныспадың ба?» деп жатыр. Сонымен Мәдинаны көріп қаламын ба деп сол троллейбусқа жиі отырғаныммен қайтып кездестірмедім. Арада үш айдай уақыт өткенде Орталық саябағында жолдасым екеуміз теннис ойнап келе жатсақ, Мәдина үш қыз болып орындықта отыр. Жолдасыма осы қыз ғой деп ымдап көрсеттім. Қыздар киноға келген екен. Қасындағы құрбысы киноға билет алуға кассаға жақындады, мен алайын деп қасына барып едім, ол маған бір қарап, ақшасын өзі төледі. Қыздардың артынан біз де бірге еріп, жандарына отырдық. Танысайық десек, бір қарап қояды да ешқайсысы үндемейді. Содан кинодан шыққаннан кейін қасындағы қыз менен сағат сұрады. Қолымда сағатым болғаны мұндай жақсы болар ма? Содан уақытты айтып, қайда бара жатқандарын сұрап, танысып алдық. Медакадемияның фармацевтика факультетінің студенттері, қалада пәтер жалдап тұрады екен. Үйіне дейін шығарып салдық. Ертесіне гүл алып Мәдинаны үйіне іздеп барсам бөлмесінде жоқ екен. Күте тұрайын деп тұрсам, екі қыз, ортасында бір жігіт үшеуі келе жатыр. Жүрегім тас төбеге шықты. Жігіті бар екен ғой деп ойлап, гүлімді тастай салдым. Жаныма жақындағасын амандасып, Мәдина мен жігіт әрі қарай кетті де, жанындағы қыз менің жанымда қалды. Қыздан «жігіті ма?» деп сұрап едім. Ол: «Алты ай болды артынан жүгіргеніне. Мәдина оны жақсы көрмейді», – деді. Ішім жылып қалды. Екеуміз сөйлесіп отырғанда бөлмеден домбырамен ән айтқан қыздың даусы естілді. Жанымда отырған қыздан: «Кім домбыра тартып отырған?» – деп сұрадым. Ол: «Сен де домбыра тартасың ба? Әкелейін бе?» – деді. «Әкел», – дедім. Мәдинамен қалайда жақынырақ танысқым келіп тұр ғой. Домбыраны әкелгесін қызға: «Аналарды да шақырсай, бірге айтайық», – деп олардың жанына бірге бардық. Барсақ Мәдина әлгі жігітке «енді келме» деп ұрсып тұр екен. Сөйтіп олар да бізге қосылып біраз ән шырқадық. Сосын қыздар бөлмелеріне кірді де, әлгі жігітпен бірге қайттым. Жолда ол менен «кім боласың?» деп сұрады. Мен «жай  кеше танысып қалып едік» деп өзінен сұрадым. Ол өзін Мәдинаның жігітімін деп таныстырды. Сөйтіп әрқайсысымыз өз жолымызбен кеттік. Үйге келгесін тамақ батпай қалды. Көңіл-күйім жоқ. Сырымды жолдасыммен бөлістім. Ол: «қыз жігітті сүймейтін болса, саған шанс бар ғой», – деді. Сонымен ертесіне тағы іздеп бардым. Терезеден оның қамыр илеп тұрғанын көріп, анамның «қамыр илеп, сиыр сауа алатын, тамақ пісіре алатын қызға үйленіңдер» дейтіні есіме түсті. Сол сәтте маған анамның күткен келіні осы қыз ғой деген ой келді. Қамырды көз ілеспес жылдамдықпен илейді екен. Ол кезде біз қыздың ата-анасын, т.б. жағдайларын емес, «сиыр сауа аласың ба?» – деп сұраушы едік. Аналарымыздың дайындайтыны ғой. Содан мен келгенімді білдіріп едім, Мәдина жүгіріп сыртқа шықты. Содан бір-бірімізді ұнатып, кейін үйлендік. Осындай іңкәр сезіммен Мәдинаға арнап ән жаздым. Оны бүгінде Мирас пен Құралай орындап жүр.  

– Мұқан аға, Мәдина жеңге, арада жылдар өтсе де, бір-біріңізге жаңадан ғашық болғандай көрінесіздер. Махаббаттарыңыздың осындай таза күйінде сақталуының сыры неде?

– Осы кезге дейін ешкімге, тіпті Мәдинаның өзіне ашпаған бір сырымды ашайыншы. Мен үйленген кезімде «Мәдинаны бақытты етемін!» деп өзіме-өзім ант бергенмін. Әкесіне де «қызыңызды бақытты етемін!» деп уәде бердім. Осы кезге дейін өзімді-өзім қамшылап «мен бақытты ете алдым ба?» деп сұрап отырамын. Мүмкін осындай жауапкершілік арқалағанның арқасы шығар. Отбасымның алдындағы міндетімді жақсы білемін. Азық-түлікті өзім әкелемін. Тоңазытқышты толтырып қоямын. Тіпті пәтерде тұратын кездің өзінде тоңазытқышымыз бос тұрған емес. Балаларым қалағанын жеп жүруі керек. Кейде Мәдинаның қолы босамай жатса, тамақты өзім әзірлей саламын. Оған бола кішірейіп қаламын деп ойламаймын. Барлық нәрсені екеуміз бірге келісіп шешеміз.

 Әйелімнің бойындағы көптеген қасиеттерін, әсіресе көңілінің тазалығын, кешірімді бірінші болып өзі сұрауға асығып тұратын кішіпейілділігін құрметтеймін. Алғаш үйленген кезімізде үйге группалас қыздары бірге барған. Түнімен ән айтып, би билеп, қыздарды қонақ етіп күттік. Таңертең құрбылары кетіп бара жатса, Мәдина да бірге шығып бара жатыр. «Сен қайда барасың?» – десем, күледі. Көңілінің кіршіксіз тазалығы ғой. «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды», біздің де арамызда кей-кейде өкпе-реніш болып қалады. Сондай кездері кешірімге бірінші қадамды Мәдина жасайды. Менің де кешірім сұрағым келіп тұрады. Бірақ неге екенін білмеймін, ішімде бірдеңе жібермейді. Сосын Мәдина ешуақытта көпшіліктің алдында менің алдыма шығып кетіп, менен бұрын сөйлеген емес. Мені қашанда жоғары қойып, сыйлайтынын, құрметтейтінін барлық жерде білдіріп жүреді. Таңертең жұмысқа кетерімде бетімді сүйіп шығарып салып, кешкісін алдымнан балаларыммен бірге күліп қарсы алады. Тірлігі мұнтаздай. Әйелге тән барлық қасиеттер бойынан табылады.

Байығаннан кейін кей еркектер тоқал алып жатады ғой. Мен ондайды ешуақытта ойлаған емеспін. Менің бір ғана жарым бар. Оны өмір бойы сүйіп өтем, бақытты етемін. Себебі оның бір өзі он әйелге татиды.

Осы кезде Мәдина жеңгей де өзіне жарасымды күлкісімен күлімсіреп күйеуінің сөзін жалғады:

– Мен бақыттымын. Мәкеңнің өзіне де айтамын ылғи, сені басқаша, жүрегімнің түбінен шығатын бір сезіммен ерекше жақсы көремін деп. Біздің де кей-кейде ренжісіп қалатынымыз рас. Сондайда өкпелеп жүруге бір сағаттан артық шыдай алмаймын. Бетінен сүйіп бірінші өзім кешірім сұраймын. Азанда жұмысқа бетінен сүйіп шығарып салмасам, көңілім алаңдап біртүрлі болып тұрамын. Кешкісін есіктен кіріп келе жатқанда балаларға әкең келе жатыр деп алдынан бәріміз бірге шығып қарсы аламыз. Маған Мәкеңнің ақкөңіл мінезі мен қамқор көңілі ұнайды. Осы қасиетін құрмет тұтамын. 

– Араларыңызда қызғаныш сезім бола ма?

Мұқан: – Боп қалады кей-кейде. Бірақ мен оны білдіріп, Мәдинаның жанын жараламаймын. Оның үстіне бұл да мені қызғандыратын тірлік істемейді. Үнемі бірге жүреміз.  

Мәдина: – Болады. Бірде қонаққа келген келіншектермен Мәкеңнің әңгімесі жарасып барады екен. Қызғанып қалдым. Бірақ оны білдірмес үшін тойханада жұмысым бар еді деп кетіп қалдым. 

Мұқан: – Ол екі келіншекті Алматыда тұратын курстасым «Мәке, ұят болып қалмасын, жақсылап күтіп жіберіңіздер» дегесін күткенім ғой. Мәдинаны қызғанып қалады деп ойламаппын. Бірақ әйел адамның қызғанып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Әйелдер қызғанып тұрмаса ер-азаматтар ақкөңіл болады ғой.

– Енді балаларыңыз туралы айтып берсеңіздер…

Мәдина: – Үш қыз, екі ұлымыз бар. Үлкен ұлымыз Дәурен 24-те, Алматыдағы ҚазҰУ заңгер мамандығы бойынша бітіріп, экономикалық сотта хатшы болып жұмыс істеп жатыр. Одан кейін Көркем деген қызымыз бар. Тойхана, екі-үш дүкенімізге осы Көркемнің атын қойдық. Одан алты жылдан кейін Ақниет деген қыз дүниеге келді. Ақниетті кішкентай кезінде «Бақберген қызымсың, Баққонған қызымсың» деп еркелетуші едім. Менен естіген Көркем де осылай дейтін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген рас екен. Шынында отбасымызға бақ болып келген қыз болды. Бұл қыз Назарбаев зияткерлік мектебінде 9-сыныпта оқиды. Одан кейін Сымбат деген қызымыз, Батыржан деген ұлымыз бар. Сымбатымыз суретті жақсы салады. Сабақтан кейін музыка мен дизайнер курсына қатысып жүр. Оның сурет салатынын алғаш әкесінің 50 жылдығына әкесінің портретін салып сыйға тартқанынан білдік. Бірақ ол кезде ешқайсымыз сенбедік. Бірімізден кейін біріміз барып «шынымен өзің салдың ба?» деп сұрай беріппіз. «Неге сенбейсіздер?» – деп жылап қалды. Қазір енді әртүрлі киімдердің суретін салып, дизайнерлікке әуестеніп жүр. Курстарға қатыстырамыз. Былтыр көктемде «Балапан» арнасындағы «Дара бала» жобасына қатысып қайтты. Әлемнің бірнеше елдерінде болды. Ақниет те көптеген елдерде олимпиадаларға, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Біз тек қолдап отырамыз. 

– Мұқан аға, енді шығармашылығыңыз жөнінде әңгімелеп берсеңіз… Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Екі жыл болды, шығармашылығыма қайта оралдым. Мені оятқан Семейде туып-өскен курстасым. «Шырайлы Шымкент» деген ән жазып, әні мен сөзін мені жазды деп көрсетіп, маған жіберіпті. Кісінің еңбегін пайдаланғанды ұнатпаймын. Оған бұлай болмайды ғой деп едім, менен сыйлық болсын деді. Ол Абай мен Шәкәрімнің елінде туған жігіт қой, ақындығы мықты. Әннің сөзі маған қатты ұнады да, әнін онша жаратпадым. Сосын осыған мен ән жазып көрсем қалай болар екен деп әнін жазып жіберіп едім, ол «мынауың тәуір ғой» деп, тағы бір өлең жіберді. Оған да ән шығардым. Оны қазір Хадиша Шалабаева орындап жүр. Осылайша ән жазу басталып кетті. Қазір отызға тарта әнім жарыққа шықты. Алдағы уақытта шығармашылықтан қол үзбеймін деп отырмын. Мәдинаға арнаған әнімді отыз жыл өткесін Мирас пен Құралай әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетованың шығармашылық кешінде орындады. Бірақ оның сөздері өзгертіліп, оранжировка жасалынған.

– Мұқан аға, гүлдендіріп отырған жеке бизнесіңіз бар. Оған композиторлығыңызды қосыңыз. Елге танымал адамсыз. Бірақ бойыңыздан менменсу, көкірек көтеру дегенді байқамадым. Қарапайым қалпыңызды қалай сақтап қалдыңыз?

– Осы сұрақты көп адамдар қояды маған. Мен көкірек көтеретіндей не көрініпті, өз бала-шағамды асырау үшін тірлік істедім ғой деймін. Жұртты асырап жатқан жоқпын. Сосын мен бизнесті нөлден бастадым. Еңбекпен шыңдалдым. Егер осының бәрі маған төбеден түскендей болып бір көкелерім бере салған болса, өзің айтқандай көкірек керіп кетер ме едім? Әскерде болдым, студенттік өмірді көрдік. Жоқшылық көріп қиналған да кездеріміз болған. Сосын бұл текпен де берілетін қасиет шығар. Әкем өмір бойы мұғалім болып, ағарту саласында жұмыс істеген адам ғой. Мүмкін сол кісінің тектілігінің, бізге берген тәрбиесінің арқасы шығар, біздің осылай жүргеніміз.    

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергендеріңіз үшін көп рахмет!

P.S. Мұқан ағаның бизнес пен шығармашылықтан бөлек, кептер бағатын хоббиі  бар екен. Айтып отырса кептерлердің де біз білмейтін ерекше бір әдемі әлемі бар көрінеді. Жалпы, бұл шаңырақта болғанымызда біз жүрегіндегі махаббат отын сөндірмей, адамдық борышын сезінген жандарға бақ пен дәулет өзі келіп қонады екен-ау деген ой түйіп қайттық.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*