Қиыншылықтарға қарамастан жайқалған құлпынайым

Бөлісу

Кешегі күн мен үшін басқа күндерімнен өзгешелеу, қызық күн болды. Азанғы шайымды асықпай ішіп болғасын бірлі-жарымы гүлдей бастаған құлпынайымды арамшөптерден арылтайын деп огородыма кірдім.
Былтыр үйімізді үлкейтеміз деп фундамент құйғанда құрылысшылар құлпынайдың шеткі қарықтарын таптап, үстіне майда тастарды төгіп тастаған. Оны көрген біз сол жерді тегістей саламыз, бəрібір суғарылатын жерді үйге тым жақындатпау керек қой деп ойлағанбыз. Бүгін қарасам огородтың ортасында, жұмсақ топырақта тұрған құлпынайларға қарағанда, аяқ астында əбден жаншыла тапталып, ол аздай  төгілген тастың астында қалған құлпынайларым аналардан əлдеқайда биіктеп, құлпыра жайқалып тұр. Тіпті шеткі біреуі гүлдеп те үлгеріпті. Енді оны көзің қиып қалай жұлып тастайсың?! Қарап тұрдым да, бір жаз суғарғанға үйімнің фундаменті отырып, құлап қалмас. Осы жазда дұрыстап қарайын да, күзге қарай орнын ауыстырып егейін деп ойладым. Сөйтіп арамшөбін жұлып, арасындағы ұсақ тастарды шотыммен бір жерге жинақтап үйіп, оны шелекке салып алып, қарықты тастан тазартып шықтым. Қиял шіркін жүйрік қой, сол мезет адам түгіл əшейін шөп саналатын құлпынайың да қиыншылықта шыңдалады екен-ау. Əйтпесе ешбір қиындық көрмеген ортадағы құлпынайлар неге мыналар секілді көздің жауын алып, жайқалмайды? Неге əлі күнге тырбиып өспей жатыр деп ойлап үлгердім.
Шаруамды бола бергенде түс мезгілі болып түстену үшін үйге кірдік. Шай ішіп отырғанда бір ай бұрын ғана көшіп келген жаңа көрші кіріп келді. Артынша ойнап кішкентай қызы, оны іздеп əйелі кеп қалды. Өзім де ерулікке шақырмақ боп жүр едім. Шай ішіп болып күйеулеріміз сыртқа шығып кеткесін көрші əйелге: «Сендерді тамаққа шақырам ғой деп жүр едім, тіреліп тұрған шаруаларың болмаса, жəрдемдесіп жібер, екеулеп манты істеп, кешкі тамақты бірге жейік», — дедім. Ол қарсы болмады. Бала күнімізде анам көршілермен осылай бірлесе тамақ істеп жеп, үлкендер əңгімеге, балалар түн ортасына дейін ойнап ойынға қарық боп қалушы едік қой. Бір жағы сол да есіме түсті. Қазір неге көршілер сол бұрынғыдай арқа-жарқа əңгімелесіп, бір-бірінің үйіне емін-еркін кіріп шықпайды деп ойланып жүргем. Жаңа көршім ақкөңіл, əңгімешіл жан екен. Сырын білмейтін адамға сырымды шашпайын деп сыздап-сырқырамай-ақ бар өмірін жайып салды. Тыңдап отырсам көрмеген қиыншылығы жоқ. Күйеуі жол апатына түсіп, денсаулығынан айырылып қапты. Əлі күнге дейін түн  ортасында шошынатын əдеті бар екен. Алаяқтардың кесірінен баспанасыз қалып, қыс ауасында кішкентай балаларымен біреудің моншасын паналаған, пəтер жалдаса, қожайыны жақсы боп шықпаған, əйтеуір біраз қиындықты көріп үлгеріпті. Күйеуінің де, өзінің де ақжарқын, ешкімді жат тұтпай ашылып сөйлесе беретін, біреудің шаруасын өзінікіндей білек сыбана кірісіп істеп кететін мінездері бар екен. Аз уақытта онысын байқап қалдық. Алайда бұлардың кісіні жатсынбайтын, жас баладай кіршіксіз көңілдерін есалаңдыққа санайтындар көп екен. Бір көршіден тарма сұраса, ұрсып, біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз деп үйінен қуып шығыпты. Дəл осы жағдай өз басымнан өтсе, оны жүз күнге дейін ұмыта алмай, жылап-еңіреп жүрер едім. Ал жаңа көршім соны ашуға булықпай-ақ ешбір зілсіз айтқанда таң-тамаша болып қалдым. Екеуміз əңгімелесіп отырып тамақты демде əзірлеп қойдық. Айтпақшы, тамағым манты емес ханым боп кетті. Көршіме сол ұнайды екен. Тамақ піскенше есік алдына шығып, сөйлесіп отырсақ, бізді көріп оң жақтағы көрші мен төр жақтағы көршім келді. Бəріміз бірге дастарқанға отырдық. Жаңа көрші келіншегін еркелетіп қойып, əзілді де, əңгімені де жібереді екен. Əңгімесі де жақсы. Ешкімді жамандамады, заманды кінəламады, алдандым деп біреуге  өкпе артқан жоқ. Əдемі əзілдерімен бізді күлкіге қарық қылды. Артынан домбырамен əн айтып берді. Оны көріп қызығып кетті-ау дим, менің күйеуім де біраздан бері ұстамаған домбырасын қолына алып күй тартып берді. Осылайша бір кешіміз жайма-шуақ əңгімемен, əдемі əн-күймен аяқталғанына өзімді сондай бақытты сезіндім. Кейде біз бақытты аяғымыз бара бермейтін алыстан, қолымыз жете бермейтін биіктен іздеп адасамыз. Ал ол мен қашан жарыққа шығар екенмін деп ішімізде бұғып жатыр. Кісіге жылы қабақ танытып, қолпаштай білсеңіз, ол да сізден қамқор көңілін аямайды. Бақыт дегеннің өзі сол, адамдардың тіл табысып түсінісуі, бір-бірін сыйлап, құрмет көрсетуі емес пе? Адамға ашық қабақ пен жылы сөзден артық не керек?
Оңаша қалғанда қиындықтан көз ашпағанына қарамастан ерік-жігері мұқалмаған жаңа көршіні тасты жарып шығып, жайқала өсіп тұрған  құлпынайыма ұқсаттым…

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*