
Ордабасы ауданының Шұбар ауылында Ырымкүл Бекенқызы Ертай деген ерекше апа (суретте) тұрады.
Ол кісі туралы «Замананың» таяудағы нөмірінде біз жазғанбыз. Онда Ырымкүл апаға қатысты тылсым жайларды баяндаған едік. Көпті көрген ұлағатты ұстаздың өмір жолында одан басқа да ой саларлық талай оқыс оқиғалар кездескен екен. Ырымкүл апаның көзіне жас ала отырып айтқан мына әңгімесі бізді де қатты толғандырды.
«Мен соғыстың қайнап тұрған уақытында, 1942-жылы Төлеби ауданында дүниеге келіппін, – дейді Ырымкүл апа. – Әкем қыз туылса бейбітшілік болады, соғыс бітіп, елде бейбітшілік болсын деп ырымдап, атымды Ырымкүл деп қойған екен. Әкем Бекен домбыра, қобыз жасайтын, ағаштан ою ойған шебер кісі еді. Ықыластың күйлерін нәшіне келтіре орындайтын. Ол кісінің жасаған домбыра, қобыздарын екінші адам қайтып жасай алмайтындай ерекше екен. Әкем жасаған қобыздың бір данасын бертінге дейін сақтағанбыз, кейін оны музейге әкетті.
Онжылдықты бітірген соң Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы (қазір Қорқыт ата) педагогикалық институтқа орыс тілі мен әдебиеті филологиясы факультетіне оқуға түстім. Тобымызда Жанат есімді балалар үйінде тәрбиеленген қыз болатын. Ашық-жарқын, жайдары, жақсы қыз еді. Менің артымнан сәлем-сауқат көп келетін. Анам ет, қазы-қарта, жент, құрт-май жібереді. Оны жанымдағы қыздар таласа-тармаса жеп қояды. Кейде өзім де ауыз тие алмай қаламын. Сонда Жанат бәріне теңдей бөліп, маған көбірек алып қалатын. Жент пен құрт-майды жемек түгіл, көрмегенін айтатын Жанат менің артымнан сәлемдеме келсе, қатты қуанатын. Екеуміз жақын құрбы болдық. Бір күндері Жанат Қанат есімді жігітпен танысқанын айтып келді. «Өзі маған қатты ұқсайды, есімдеріміз де ұқсас екен», – деп жүрді. Бірақ ол Қарағандыдан келген, сол жақтағы балалар үйінде тәрбиеленген. Ал Жанат Қызылордалық. Екеуі жақын араласып, ақырында үйленді. Студенттер ортадан ақша жинап комсомол тойын жасадық. Содан кейін олар пәтер жалдап көшіп кетті. Мен артымнан келген сәлемдемені алып Жанаттың үйіне жиі барып тұрамын.
Жанаттың аяғы ауырлап, шаранаға жан бітетін кезде Қанат түсінде анасын көріпті. Анасы тура өңіндегідей дәл алдына келіп: «Балам, сен туған қарындасыңды әйел қып алдың. Сенбесең белін ашып қара, бармақтай қалы бар», – дейді де жоқ болып кетеді. Түсінен шошып оянып, жанында ұйықтап жатқан әйелінің белін ашып қараса, шынымен солай екен. Сонымен өкініш өзегін өртеп, өз ісіне күйінген бейбақ әбден жылап, бір параққа хат жазып қалдырып, әжетханаға барып асылып, қайтыс болады. Ойында ештеңе жоқ Жанат ұйқысынан тұрып қараса, күйеуі әжетханада асылып тұр, қалтасында бүктелген қағазы бар. Онда: «Шырағым Жанат, мен өлсем мені бас ием деп жоқтама, бауырым деп жоқта! Екеуміз ағалы-қарындас екенбіз», – деп болған жайды жазып қалдырыпты.
Жанат сол мезетте, сол жерде есінен танып құлап, жынды болып қалды. Артынан ауруханаға барғанымызда шашы жайылып кеткен, қимылсыз күйде бір нүктеге қадалып қарап отыр. Мына әлеммен байланысы үзілген, ешкімді де байқамайды.
Кейін ол қайтыс болды. Балалар үйіне түскенде Қанат бесте, Жанат үште екен. Екеуін екіге бөліп жібергенде, бір-бірінен адасып қалған. Осы оқиға есіме түссе әлі күнге жылап аламын. Бұл үлкен қасірет!
Кеңес үкіметінің кезінде бір-бірімізден ру сұраспайтынбыз. Ал қазір заман түзелді. Қыз бен жігіт танысқанда бір-бірінен ру сұрасқандары жөн. Содан соң қыздар да, жігіттер де некесіз төсекке бармауы керек. Сонау тоқсаныншы жылдары да дәл қазіргідей жаңа туған шақалақты әр жерге тастап кету көбейіп кетіп еді, қазір де сондай болып тұр. Мен әр күні тастанды сәбилер болмасын деп дұға тілеп отырам. Себебі тастанды сәбиді өз көзіммен көргенім бар.
Мен күйеуімнен 28 жасымда екі ұл, бір қызбен жесір қалғанмын. Біраз жыл өткен соң қызыма серік етіп, жетімдер үйінен бір қыз асырап алмақ болып, Шымкенттегі №1 Балалар үйіне барғанмын. Балаларды көріп, танысып қайтып шығып келе жатқанымда тура Балалар үйінің табалдырығына біреу жаңа туған әлдиді құндақтаулы күйінде тастап кетіпті. Ашып көрсем, жалаңаш. Жан-жағына қарап емшек іздеп, жылап жатыр. Денем түршігіп кетті, одан әрі оған қарап тұруға дәтім шыдамай ол жерден кетіп қалдым. Сөйтіп бала асырап аламын деген ойымнан да айнып, ол жерге қайтып барған жоқпын. Бірақ анасын іздеп, шырқырап жатқан бала әлі күнге көз алдымнан кетпейді».
Жанат пен Қанаттың өкінішті өмірі мен тастанды бала туралы әңгіме біткен соң, тақырыбымыз халқымыздың ырым-жоралғыларына қарай ойысты. Ырымкүл апа жақсы ұстаз ғана емес, жезтаңдай әнші, мың бұралған биші екен. Тіпті ол кісі студент кезінде Шара Жиенқұловадан би үйренгенін сағынышпен еске алады. «Саз мектебінің директоры Асқар Қожагелдиев жеті-сегіз жыл бұрын мені үйіне шақырып, қызының аузына түкірткен еді, – дейді Ырымкүл апа. – Қазір олар маған кішкентай Әминаның тура маған ұқсап өсіп келе жатқанын айтады». Кейбіреулер ауызға түкіру дегенді естісе, ол не деген сұмдық деп жиренетінін айтқанымызда Ырымкүл апа: «Бұл бұрыннан келе жатқан ырым ғой, несіне шошиды? – деп кейіді. – Түкір десе баланың аузын ашып түкіріп жібермейсің ғой. «Өнер дарысын, кие қонсын, менің жолымды берсін», – деген тілегіңді жеткізіп, тіфәй дегенде тұрған ештеңе жоқ».
Сонымен қатар Ырымкүл апа үйге келген қонақты құр шығармау керек дейді. Дәстүр бойынша қонақ үйден риза болып, көңілденіп қайтуы керек екен.
Ел ішінде жөн-жосықты айтып отыратын осындай өнегелі әжелер аман болсын!
Г. ӘШІРБЕКОВА.
Leave a Reply