
Біз бай мен кедейдің аражігі қатты ашылған нағыз капиталистік дәуірде өмір кешудеміз. Біреулер зәулім сарайларда есік алдында қызметші жұмсап жүрсе, енді біреулер бір күндік асын әзер тауып қалт-құлт күн кешуде.
Жақында ғана жүрекжарды сырымен бөліскен бір әйелдің әңгімесі мені осындай ойға жетеледі.
Жасы 30-дарға келіп қалған келіншектің төрт баласы бар екен. Оның үшеуі мектепке барады. Оларды мектепке дайындау үшін әлгі келіншек жаз бойы егіндік алқабында жұмыс істеген. Сондағы алатын бір күндік еңбекақысы – 1500 теңге. «Ой, тоба-ай, азық-түліктің бәрі қымбат. Ала жаздай бір күн демалмастан жұмыс істеп жүріп 40 мың теңгенің басын әрең құрадым ғой», – деді ол самбырлап. Өзі жас болса да адам жатырқамайтын, әңгімешіл жан екен. «Күйеуің жоқ па?» – деп сұрап едім: «Бар ғой», – деп бастап, әрі қарай әңгімесін былайша жалғады.
«Күйеуім үш жыл бұрын жол апатына түсіп, бір қолы жансызданып қалды, – дейді ол. – Әйтеуір жанының аман қалғанына қуандық. Бірақ арыстай еркектің жұмысқа жарамсыз болып қалғаны қиын екен. Күнкөрістен қысыла бастадық. 18 жаста тұрмысқа шыққан едім, бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемегенмін. Арнайы мамандығым жоқ болғандықтан бір жерге барып жұмыс сұраудың өзі қиын. Бір жылдай қатты қиналдық. Тым құрығанда күйеуіме мүгедектік жәрдемақы да тағайындалмады. Аудандық медициналық әлеуметтік сақтандыру бөліміндегілер: «Қолы түгіл аяғы жоқтарды да мүгедектікке шығарып жатқан жоқпыз», – деп қайтарып жіберді.
Алғашқы кезде бізге ата-енем, өзімнің туыстарым қарасып тұрды. Бірақ олар өне бойы бөліп бере алмайды ғой, өздерінің де бала-шағасы бар. Ауылдағы жалғыз дәмханаға барсам, мен секілді әйелдер толып жүр. Ыдыс жуудың өзіне кезекпен келеді екен. Адам жетеді деп мені қабылдамады. Базардағы асханаларда да орын жоқ. Ақырында іздеп жүріп картоп, пияз сұрыптайтын жерді тауып алдым. Бірақ оларда да жұмыс күнде табыла бермейді. Аптасына екі-үш рет болып қалса, соның өзіне қуанамыз.
Осылай киімді былай қойғанда ішер асқа жарымай жүрген күндерімнің бірінде енем келіпті үйге. Бір асым еті мен бір қалта ұны, балаларға деген азғантай кәмпиті бар екен. Кешке дейін картоп, пияз сорттап қолым күс-күс болып келсем, ол кісі әкелген етін асып, қамыр илеп қойған екен. Дереу қамырды жайып, қазанға салып, бәріміз дастарханға жиналдық.
Ас-суымызды ішіп болғасын әркім өз тірлігімен әуре боп кетті де, енем екеуміз оңаша қалдық. Сол кезде енем: «Жаным-ау, қатты әбіржіп қалыпсыңдар ғой, – деді басын шайқап. – Қайтейін, бізде де бөліп бере қоятын артық дүние болмай тұр ғой. Атаң екеуміз буаз қашар мен бес-алты саулықты сендерге берейін деп отырмыз. Мына бала жұмысқа жарамай қалдым деп өзін-өзі тастап жібермесін, соны бағып көбейтіп, алдансын дегеніміз ғой».
«Бес-алты малын сатсаң, азар түбі екі айға жететін азық-түлік болар, оның несін айтып отыр?» – деп қоямын іштей. Сөйтсем, енем негізгі әңгімесіне көше алмай, осындай кіріспеден бастап отыр екен. Сәлден кейін ол кісі: «Азғантай болса да үйге тұрақты табыс түсіп тұрмаса қиын ғой, – деді. – Төрт балалы әйелге үкіметтің 8 – 9 мың теңге болса да беретін жәрдемақысы бар екен. Сен қайтіп асыраймын деме, тағы да туып ал. Қайта ол бала сені асырайтын болады. Жөргекпұлы, жасына дейінгі төленетін ақысы, төрт балаңа беретіні бар, үнемдеп жаратсаң, сол ақшаның өзіне бірдеңе ғып күн көресіңдер. Оған дейін еншілеріңе берген малдың саны да көбейіп, күнкөрістеріңе жарап кетер. Менің ақылымды тыңдасаң осылай істе».
Шынымды айтсам, енемнің ақылын қабылдай алмадым. «Үш баланың өзін әзер асырап отырғанда азғантай ақшасына бола төртіншісін ту дегені қай сасқаны?» – болды басыма келген бірінші ой. Кейін ойлана келе енемнің ақылын күйеуіме айтып едім, ол ашуланып кетті. «Жындысың ба, үшеуін баға алмай отырып төртіншісін қайтпексің?! – деп ұрысты. – Жұмысқа шыға алмай менің отырысым мынау. Бала туып сен де үйде отырсаң, күніміз не болады? Бізді қойшы, мына балаларға обал емес пе? Бәрін аштан қатырамыз ба?»
Күйеуім бала тууыма үзілді-кесілді қарсы болған соң бұл әңгімені қайтып қозғамадық. Енем анда-санда: «Бірдеңе» бар ма?» – десе, бетім дуылдап кететін. Ол кісіге күйеуім қарсы деп қайтіп айтайын?
Негізі «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады» деген рас қой. Бірде жұмыстан үйге келгенде жүрегім айнып мазамды алды. Мен оны күні бойы картоп пен пияздың шіріген иісін иіскегеннен деп ойлап, мән бермедім. Кейін аяғымның ауыр екені мәлім болды. Іштей енді қайтіп күн көреміз деген қорқынышта болсақ та баланы туып алуды жөн көрдім.
Шынында да енемнің айтқаны рас келіп, төртінші баламыз бізді бір жыл бойы асырады. Әйтеуір айына бір берілетін жәрдемақыға бір қап ұн, бес литр пісте май, шекер мен картоп, пияз аламыз. Балаларыма абысындарымның, әпкелерімнің балаларынан қалған киімді кигіземіз. Күйеуім үйде отырғалы өзіміз де жұрттың берген киімін киетін болдық.
Адам бәріне үйренеді екен ғой. Осылай күн кешіп келе жатқанымызға қазір бес жыл болып қалды. Әйтеуір бұрынғыдай емес, қазір сиыр сауамыз, күйеуім де егіндік алқабына шығып, бір қолымен болса да жұмыс істейтін болып жүр. Ішіп-жеміміз дұрысталып қалды. Дегенмен үйіміз әлі бітпей тұр. Ата-енем бізді бөлек шығарғанда төбесін жауып, екі бөлмесін ғана бітіріп берген. Әлі сол күйде отырмыз.
Жақында қайынағамның 18 жастағы қызын алып қашып кетіпті. Күйеуім қуып барып келген. Үйге келгесін: «Менің қызым – 12-де. Енді алты жылдан кейін оны да біреу алып қашып кетсе, біз оған дайынбыз ба? Отырысымыз мынау», – деп қапаланды. Ол жайлы мен де ойланамын. Бірақ қолымнан не келеді? Бала-шағаның болашағы жайлы ойламақ тұрмақ, өз күнімізді зорға көріп жүр емеспіз бе?»
Бейтаныс әйелдің мына әңгімесіне бей-жай қарай алмадым. Бүгінде жұмысы бар адамдардың өзінің шеке майы шылқып жүргені шамалы ғой. Азғантай айлығының жартысын кредитіне төлеп, қалғанын ас-суына әзер жеткізеді. Ағайынның той-жиыны деген тағы бар. Айналып келгенде бәріміз бүгінімізбен ғана өмір сүріп жатырмыз. Ал балаларымыздың ертеңі не болар екен?
Г. ҚАРАТАЙ.
Leave a Reply