Фарида ЖҮНІСОВА: «ТАҒДЫР АДАМҒА ӨЗІ КӨТЕРЕ АЛАТЫН ЖҮКТІ ҒАНА БЕРЕДІ»

Бөлісу

Көптеген әйелдер бойындағы дарынын отбасылық өмірдің көлеңкесіне тығып тастайтыны жасырын емес. Өмірлік жары мен балаларының жағдайын жасау әрбір әйелдің міндеті. Дегенмен табиғатынан берілген қабілетті шыңдап, оны жарыққа шығаруға да ересен еңбек керек сияқты. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Фарида Жүнісова да кішкентай күнінен әнші болсам деп армандаған екен. Алайда тағдыр оны мүлдем басқа арнаға бұрыпты. Тағдырымен тайталасып жүріп, арманына қадам басқан Фарида Төлегенқызымен өткен аптада сұхбаттасқан едік.

– Фарида, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз…

– Мен 1976 жылы Бәйдібек ауданы, Боралдай өзені, Қостұра тауының етегіндегі Теректі деген ауылда туып өскенмін. Әкем Төлеген қарапайым механизатор болып жұмыс істеген. Еңбек ардагері болған. Анам өмір бойы бала тәрбиесімен үй шаруасында отырған. Отбасында үш ұл, жеті қыз тәрбиеленіп өстік. Мен сегізінші перзентпін. Анаркүл деген әжеміз болды. Әже тәрбиесін көрдік. Бүгінде әкем де, әжем де өмірден өткен, анам бар. Бауырларымның бәрі өз алдына үй болған. Ұл, қыз, немере сүйіп отырған жайы бар. Ауылдың бетке ұстар, жұрт өнегелі деп мақтайтын үлкен әулеттің қызымын. Көп балалы, төрт қыз, үш ұлы бар отбасыға келін болып түстім. Алдымда екі абысыным бар, үшінші келінмін. Ата-енем де қарапайым еңбек адамдары. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, өсіп-өнген, өнегелі әулет. Күйеуім Нұрлан жеке кәсіпкер. Сол кісінің қолдауымен бала күнгі бойымда бұғып жатқан өнерімді бала-шаға өсіп, енді өз-өзіме келген соң жарыққа шығарып жүрген жайымыз бар.

– Жас кезде жарыққа шығуға не кедергі болды?

– Ауылда өстім, әжем болды деп айттым ғой. Әнші болуға ата-анам рұқсат берген жоқ. Кішкентайымнан Мақпал Жүнісованың сіңлісі, Фарида Жүнісовамын деп ән шырқаушы едім. Бірақ сол кездің түсінігі солай ма еді? Әйтеуір қыз баласы тұрмысқа шығып, бала табуы керек, әйелге лайықты жұмыс істеуі керек дейтін ата-анам. Әйтпесе отбасында ән айтатын мен ғана емес. Әпкелерімнің де жап-жақсы даусы бар, әнді нәшіне келтіре орындайтын. Домбыра тартатын да өнеріміз бар. Алайда ата-анамыз әу демейтін қазақ жоқ, жұрттың бәрі әнші болып кетсе, жұмысты  кім істейді деп тыятын. Қарт әжеміз болды. Ол кісі «Қызға қырық үйден тыйым» деп, артық сөйлеп, орынсыз күлуден тыйып отыратын. Жүрегі жұмсақ, жаны мейірімге толы болғанымен, тәрбиеге өте қатал еді. Сол әжеміздің тәрбиесімен үйдің жағдайына көп қарайладым. Жұмыс істеп, әке-шешеге қолқанат болдық. Қазақ түрік университетінің Шымкенттегі филиалында хатшы болып жұмыс істеп жүріп, сырттай оқыдым. Сол кезде Алтынай Жорабаева соңғы курста оқып жатқан. Сайлаубек ағай маған да сабақ берген. Даусың жақсы, күндізгі бөлімге ауысып оқы, мен сені өте жақсы әнші етіп шығарамын деген. Алайда ата-анамның көңіліне қарап, күндізгі бөлімге ауыспай, жұмысымды істеп жүре бердім.

– Әжеміз болды, әженің тәрбиесін көрдік деп отырсыз ғой. Әжеңіз туралы айтып беріңізші. Ол кісінің тәрбиесі жөнінде…

– Анаркүл әжем көп бала тапқан алтын құрсақты ана. Алайда балаларының көбі кішкентай кезінде шетінеп кетіп, бір ұл, екі қызы ғана аман қалған екен. Бұрынғы кезде сондай болған  ғой. Екпе егілмегендіктен сәбилердің көбі түрлі аурулардан шетінеп кететін болған. Әжемнің жалғыз ұлы менің әкем Төлеген. Әжем әкем дастарханға келмейінше ешқайсысымыздың қолымызды асқа созғызбайтын. Бәріміз дастарханға түгел жиналып, әкем «бісміллә» деп астан ауыз тиіп бастағанша күтіп отырамыз. Дастархан басында сөйлетпейтін. Не болса соны айта бермеңдер деп орынсыз сөйлеуден де тыятын. Дастарханда тек әжем мен әкем сөйлейді. Біз тыңдап отырамыз. Әкем асқа бата жасап, әумин демейінше орнымыздан тұрмаймыз. Сосын әжем бәріміздің міндеттерімізді бөліп беретін. Біріміз үй жинап, ыдыс жусақ, біріміз қора тазалаймыз. Әйтеуір еңбексіз қарап отыратын адам болмайтын. «Астың бетін ашық тастамаңдар, ыдыс тазалап жуып болғасын, «кәтерин, кәтерин» деп шайсаңдар, ыдысқа жаман нәрсе қонбайды. Ондай ыдысты періштелер жалап тұрады» деп отыратын. Өсек пен өтірікке жаны қас кісі еді. Аппақ кимешек киіп жүретін. Біздің руымыз сары қаңлы, әжем шоқайдың қызы еді. Шоқай ауылында тұрдық. Ауыл адамдарының бәрі әжемді әпке деп сыйлап, құрметтейтін. Жалғыз ұлынан туған жеті қызды өз қолымен ұзатып, үш немересін үйлендіріп, шөбере сүйіп, ақ кимешегіне дақ түсірмеген күйі әппақ болып дүниеден өтті. Ер азаматты қалай сыйлау керектігін әжемізден көріп өстік. Анам өмір бойы әжемнің алдында келін болып, келіндік міндетін адал атқарды. Біз анамыздан гөрі әжемізге жақын едік. Бірақ әжем аналарыңды сыйлаңдар, әкелеріңді құрметтеңдер. Екеуінің айтқанын істеңдер деуден бір талмайтын. Қонақ келсе қонақ отырған бөлмеге рұқсатсыз кірмейтінбіз. Ән тыңдағылары келген кезде шақырады. Мен домбырамен ән шырқаймын.

–  Жақсы естелік екен. Енді қалтарысы мен бұлтарысы көп өмірде түрлі қиындықтардан өткеніңізді айтып едіңіз. Соның ішінде ең ауыр тигені ұлымның сырқаты жаныма батады дедіңіз. Бұл қалай болды өзі?

– Төртінші ұлым үш айлығында ДЦП-ға шалдықты. Дәрігерлер билорубині көбейіп кетті деп, екі рет екпе салды. Үшіншісін салдырмай қойдым. Артынша сап-сау балам мүгедекке айналып шыға келді. Қол аяғы бұралып, буындары пытырлап шығып кетеді. Оны қолыммен басып қайта орнына салып қоямын. Дүниеде ең қиын нәрсе ол шырылдап жылап жатқан балаңа жәрдем бере алмай, шарасыз күй кешу ғой. Бес-алты жыл бойына күндіз-түні ұйықтамай, баламды көтеріп жүретінмін. Қатты уайымға салынып, жанымның азапқа түскені соншалықты өзімнің де ағзамда қантым көбейіп, қан қысымым көтеріліп кете беретін болды. Сап-сау болып туылған баламның өмір бойы мүгедек болып қалатынын ойлағанда аза бойым қаза болатын. Осылай қасірет шегудің арқасында өзімнің денсаулығым кері кете бастады. Балама қосылып мен де ауру болып қалсам, күйеуімнің жалғыз өзі не істейді? Енді ауру балаға салмақ болып мен қосылсам не болады? Оған қоса үлкен үш баламның да бұғанасы қатпаған. Осының бәрін ойланып,  қой, есімді жинайын деп басқа түскенге мойынсұна бастадым. Өзім секілді ауру балалары бар аналардың чатына тіркеліп, олармен танысып, араластым. Сөйтсем ауру баламен алысып жүрген мен ғана емес екенмін. Қазір мен мүгедек балалары бар аналар тіркелген он чатта бармын. Оның әрқайсысында екі жүз елу әйелден бар. Әрқайсысының баласының ауруы да әртүрлі. «Басы ауырмағанның жанында балтырың сыздамасын» дегендей, бір әйел сырқат баласын дәрігерге көрсету үшін емханаға барып тұрса, «монстрыңды неге әкелесің көпшілік келетін жерге?» деп ұрсыпты біреу. Енді не істейміз? Баламыздың ауруын жасырып, дәрігерге көрсетпей, қарап отырып өлтіруіміз керек пе? Басына түспеген жан ештеңені білмейді екен ғой. 

– Сөзіңіз орынды. Енді балаңыздың жағдайы қалай? Ауруды жеңейін дедіңіздер ме?

– Түрлі ізденістердің, дәрігерлердің көмегінің арқасында қазір баламның жағдайы бұрынғыға қарағанда дұрысырақ. Бірақ түбегейлі сауығып кете алмайды. Бұл ауру өмір бойы қалады. Кейде ойлаймын, Алла-тағала адамға өзі көтере алатын сынақты ғана береді дейді ғой. Мүмкін мен осыны көтере алатын болғасын берген шығар. Мүмкін бұл мені рухани ізденіске түссін, санасы өсіп жетілсін, қайғы келсе құлап қалмай, қарсы тұра білсін, жүрегіндегі мейірімі оянсын деп осы сынақты берді ме екен деген де ойға қаламын. Себебі айтып отырмын ғой, бұған дейін ата-анам мен әжемнің арқасында еркелеп, бұла өссем, кейін күйеуімнің еңбекқорлығының арқасында анау айтқандай қиындық көре қойғаным жоқ. Ал балам ауырған кезде сынып қалдым. Бүк түстім. Қиындыққа қарсы күресу керектігін де білмедім. Ақырында есімді жиып, көптеген жақсы адамдармен аралас-құралас болып, олардың жылы сөзін көңіліме медеу қылып жүріп есімді жидым. Қол қусырып қарап отырудың пайдасы жоқтығын түсіндім. «Өмір – күрес» деген осы екен. Егер қиындықпен күресе білмесең жеңілгенің. Одан өзің ғана емес, жақындарың да зардап шегеді.

– Дұрыс айтасыз. Енді тойларға ән айтып шыға бастапсыз. Асабалық өнеріңіз де бар екен. Бұл бойдағы талантты сыртқа шығару ма, әлде табыс табудың төте жолы ма?

– Екеуі де. Рас айтам. Тойларға шықпай тұрып, үйде отырмын ғой ақыры күйеуімнің табысына қосымша бола берсін деп көрші-қолаң әйелдермен тойханаларға ыдыс жууға барып тұратынмын. Сонда асханасында ыдыс жуып тұрып, зал жақтан біреудің ән айтқан даусын естісем «мен неге бұл жерде тұрмын? Менің орным залда емес пе? Адамдардың арасында ән шырқауым керек емес пе? Мына жүрісім не менің?» деп ызаланып жылап қалатынмын. Мүмкін бойдағы барыңды шығар деп түртпектеп жатқан жүректің үні ме екен бұл? Білмедім. Содан ағайын-туыс, дос-жарандар той-томалақ жасаса, қонақ болып барып, қонақкәдесіне ән айтып беріп жүрдім. Арасында құдағилар әкелген киттерін жайып, кәкір-шүкірлерін таратып жатса, арасына кіріп кетіп, әзіл айтып, үлкен апаларға сөз беріп, кірісіп кететінмін. Содан жақындарым «сен дайын асабасың ғой, неге қор болып жүрсің?» деп әзілдейтін болды. Тіпті біреулері «сонша ақшаға жалдаған асаба сенен артық айтады дейсің бе?» деп тойларын басқарта бастады. Күйеуімнен рұқсат сұрап едім. Ол кісі қарсы болған жоқ. Сонымен осылай тойға шығып кеттім. Мүмкін бұл осыншалықты қиыншылық кешіп, түрлі сынақтардан кейін маған берген тағдырдың сыйы шығар. Кереметтей әнші болып, үлкен сахналарға шығып кетпесем де, ағайын-туыстың тойын жүргізіп, әнімді шырқасам өзімді тірі адам ретінде, бармын деп сезінемін. Адамдар даусың керемет екен, әнді жақсы айтады екенсің деп қолпаштаса, содан ләззат аламын. Өзімді бақытты сезінемін. Өзіңнің жаның ләззат алатын тірлікпен айналысып, содан табыс түсіп жатса, оның несі айып? 

– Рақмет, Фарида. Сәттіліктер серік болсын сізге! 

Сұхбаттасқан Г. ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*