Шынар ӘБІЛДӘ: «САНАЛЫ АДАМ ҚАЙТКЕНДЕ ДЕ КІТАППЕН ДОС БОЛАДЫ»

Бөлісу

Таяуда Шынар Әбілдәның «Өзгеріс ойдан басталады» деген жаңа кітабы жарық көрді. Бұл Шынардың бірінші кітабы емес. Ерекшелігі сол, Шынардың аударған еңбектері жүректен орын алады. Мұқтаж болып тұрған адамға дер кезінде  көмекке келеді. Сол үшін де жұртшылық Шынарды іздеп жүріп оқиды. Өткен аптада бізге Шынармен сұхбаттасудың сәті түсті. 

 – Біздің дәстүрлі сұрағымыз, ең алдымен өзіңізді таныстырудан бастасаңыз… Туған жеріңіз, ата-анаңыз, балалық шағыңыз, ұстаздарыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Туған жерім Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылы. Әке-шешем өмір-бақи қойшы болған екен. Қарапайым шаруа адамдар. Шешемнің сүт кенжесі, жетінші баламын. Анам бар баласын қойлы ауылда босанып, кіндігін әкем кеседі екен де, сосын жедел жәрдем шақыртып, перзентханаға баламен барады екен. Мені босанатын кезде қойдан босап, ауылда жұмыс істеп жүрген кезі екен. Толғағы қысып жүргенін көрші неміс апа көріп қап, дәрігерді ертіп кепті. Біздің үйде перзентханада туған жалғыз мен. Кейін өскенде «неге пернзентханадан қорқа бергенсіз» деп сұрағанымда, дәрігер, акушердің бәрі неміс екен, «баланың кіндігін кәпір кеспесін деп қорқып жүрміз ғой, сөйтсек неміс бізден де таза халық екен ғой» дегені бар. Құдайдың қалауымен, менің кіндік шешем неміс акушер болыпты. Ауылым қой совхозы болған. 1998 жылдан кейін бүкіл қойлы ауылдар тарады. Қойдың бәрін сатып, етке өткізді. Ауыл тоқырады. Қазір білуімше, мектеп қана жұмыс істеп тұр. 

Алғашқы ұстазым Әйкен апай. Ол кісі қазір зейнетте, ауылда. Әйкен апай бір жаққа шығып кетіп бара жатса, сыныпқа мені бастық қып сайлап кететін. Мен келгенше ешкімді шулатпа дейтін. Бірінші сыныпта небәрі 12 оқушы оқыдық. 8 ұл, 4 қыз. Қыздардың ішінде пысығы мен болсам керек. Маған көп сенетін. Ұлдардың көбісі өзім сияқты қойшының балалары. Мен ең үздік оқыған оқушы болдым, бірақ жаныма ылғи ең нашар оқитын оқушыны отырғызатын. Бірдеңе үйренсін деген ниет шығар. Бірақ алдына дәптерімді жайып қойсам да қате көшіретін балалар болушы еді. Адамдар әр түрлі деген сол шығар. Бес жастан әріп таныған соң бірінші сыныпты оңай оқыдым. Түк қиналмадым. Оның үстіне немістің балаларымен тай-құлындай тебісіп, ойнап өскен соң орысшаға жетік болдым. Ашық, еркін, тақылдаған оқушы болдым. Әйкен тәтейдің бар айтқанын екі етпей орындайтынмын. Үшінші сыныпта сыныптастарымды ұйымдастырып, 8 наурызға «чаепитье» жасадым. Апайға тосынсый болсын дедім. Әр бала үйінен шайға бірдеңе пісіріп әкелді. Апайымыз мәз болған. Біз бірінші рет сыныпта дискотека жасадық. Шынында да пысық болсам керек. Мектептен жақсы база алып шықтым. Көп дүние үйрендік. Мұғалімнің тереңдігі шығар, бәлкім, жай ғана ниеті болар, апай 2-сыныпта бүкіл оқушыны екі қатарға тұрғызып, мектептің кітапханасына ертіп апарды. Бүкіл сынып кітап таңдадық. Ертегі оқыдық. Содан бастап кітапханамен дос болдым. Мектептің кітапханасынан соң ауылдың кітапханасын оқыдым. Ұстаздың ұлағаты деген осы шығар. Мектебіме де, мұғалімдеріме де ризамын. Кітаппен достығым әлі де үзілген жоқ. Нил Гейман деген фантаст жазушы айтыпты ғой, келешек бәрібір кітапқа тәуелді деп. Саналы адам қайткенде де кітаппен дос болады.        

– Сіздің Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін тәмәмдағаныңызды білеміз. Бірақ журналистикадан гөрі жаныңызға аударма жақын секілді. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Журналистиканы бітірген соң біраз жыл мерзімді баспасөзде тілші болып жұмыс істедім. 2012 жылы астанадан Алматыға көштім. Сол кезде «Денсаулық әлемі» деген газетке жұмысқа тұрдым. Сұқбаттан бөлек, көбіне медициналық аудармалар жасауға  міндетті болдым. Сол арада психологиялық, мотивациялық материалдармен таныса бастадым. Бейімделдім. Аудармаға біротала бетбұрыс жасадым. Біраз қажетті дүниелер жинадым. Соның алды жинақ болып шыға бастады. Аударып жүріп өзімнің депрессиядан шыққанымды ұқтым. Басыңа не түссе де, бәрі жақсылыққа деген тегін болмаса керек. Мектеп қабырғасында жүргенде шығарманың бәріне аудармашы боламын деп жазатыным еске түсті. Дұрыс армандау дейтін ұғым барын білдім. Өмірлік көзқарастың бәрін өзгертіп, «үздіксіз ізденіс» дейтін кемеге міндім.

– Адамның жанына керекті, рухани өсіп-жетілуіне арналған тақырыптарды дөп басып аударасыз. Оқырмандар да осындай тақырыптарға мұқтаж. Күйзеліске түсіп, алды тұман боп жүрген адамдар да жетерлік. Болашақта коучингке келу жоспарыңызда жоқ па? Жалпы, осы тренер, коучтар туралы пікіріңіз қандай?

– Қазір бізде өтпелі кезең болып жатыр, ол қанша мерзімге созылатынын білмеймін. Әр халықтың өзінің естілігіне сай созылады-ау. Мұндайды көп халық басынан кешкен. Жапондар кайдзен арқылы халықты ескі салт-дәстүрден бөлек, ішкі мәдениет пен тәртіпке бағындырып үйренді. Кайдзенді жапондар тұтас меңгеру арқылы аз жылда әлемдік көштің басына шықты. Сингапурдың мысалы да жарқын. Өтпелі кезеңде рухани тоқыраудың орын алуы да қалыпты. Адам азғындықтан шаршаған кезде рухани дамудың жолына түсуге дайын болады. Мен ақылды өзім үшін жиып-терем. Біреудің ақылы біреуге қона бермейтіні бар. Аузы дуалылар коучингке бейімделді. Менің мақсатым бөлек. Мен білгенімнің бәрін аудармаға сыйдырамын. Мұқтаж адам түсінеді. Түсінбегендер әлі де дайын болмағаны. Коучқа, тренингке іштей ізденісі бар адамдар барады. Бұл бір саты. Сол сатыдан керегін алғандар келесі баспалдаққа өтеді. Керегін алмағандар шеңбер бойымен жүре береді. Коуч сізге ақылы ақыл айтады. Ол ақыл сізге қона ма, жоқ па – сізге ғана байланысты. Өзім қазіргі сапырылысқан заманда коучтар болуы тиіс деп есептеймін. Коучтарға қарап өзіңнің неден депрессияда жүргеніңді сезесің. Тез айығасың. Әрине, біліміне қарай сапалы коучтар, сапасыз әңгіме айтатындары бар. Меніңше, әр адам коучқа бармас бұрын оның не айтатынын, тақырып аясын зерттеуі керек. Мысалы, Шәміл Аляутдинов Қазақстанға жиі келеді. Оған діни сұрақтар қояды. Өмірден шын түңілгендер барады. Неге біздің молдаларға бармайды? Әркім өзін еститін адамды іздейді. Жақсы сөз айтқан адам көлеңкедегі дауысты естімеуі мүмкін емес деп ойлайды. Арманы жоқ, мақсаты жоқ адамдар коуч жағалайды. Соны өзі де тапса болар еді, бірақ өзінің жеке қалып ойлануына уақыты жоқ, шамасы… Коучтың бәрі мықты емес, бірақ бәрі шетінен осал болса, неге сонша аудитория жинайды? Сұраныс болған соң, қызықтыра білген соң аудитория жинайды. Яғни, үйдегі тәрбие аздық етіп тұр. Жапондар осындай бос кеңістіктің бәрін кайдзенмен толтырған. Жұмыста кайдзен, үйде кайдзен. Бәрі адамгершілікке сүйенген. Батыстағы кайдзен тек сапаға сүйенсе, жапонның кайдзені сенім мен сапаға сүйенеді. Біздің мектептерге кайдзен енгізу сұранысы туды деп есептеймін.

– Кайдзенді түсіндіріп бересіз бе?

– Кайдзен деген «үздіксіз даму» дегенді білдіреді. Алғаш рет Тойота сияқты алып компаниялар өндірісте қолданған. Экономикалық даму циклы еді. Қазіргі таңда балабақша, мектептен бастап кайдзен енгізілген. Кайдзен не істесең де жауапкершілік пен адамгершілікке сүйену. Жеке бастың жауапкершілігі топтың, компанияның, қоғамның жауапкершілігін тудырады. Мысалы, мектепте мұғалім сабақ түсіндіреді. Кім түсінді деп сұрайды. Түсінген бала қол көтереді. Сосын жанындағы балаға түсінгенін айтады. Ары қарай екінші бала үшіншісіне, бүкіл сынып түсінгенше жалғасады.  

– Адамдардың дағдарысқа түсуінің себебі не? Және одан қалай шығуға болады?

– Депрессия деген шаршаудың белгісі. Алдың тұман болса, ойсыздықтың кесірі. Адам өзі біліп мойнына жауапкершілік алып үйренбейінше, есеймейді. Есею үшін таңдау жасау керек, шешім қабылдау керек. Осыны толық түсінгенде есейеміз. Адам жеңбейтін қиындық жоқ. Дін де соны айтады. Көтере алмайтын жүкті артпайды деп. Яғни, адам даму үшін қиындықты жеңетін әрекетті жасауы тиіс. Бірақ көп адам қорқады. Депрессия сол қорқыныш. Содан аттаса, бәрі қалыпты бола бастайды. Өткенде бір жерден оқып қалдым, кей адам саз-балшықта өмір сүргенді жақсы көреді, жаны жай табады дегенді. Әркімнің жайлылық мекені әр бөлек. Сол жайлы мекеннен аттап шығып үйренсе, өмірді бір жақты емес, жан-жақты қабылдайды. Депрессияға түскен адам неге деген сұрақты өзіне қойып үйренсін. Дәрі депрессиядан шығармайды. Күйзелісті жеңуге адамның ырқы мен ықтияры қажет. Менде бәрі бар, бірақ ештеңе қызық емес, жаным күйзеледі дегендердің қатары көбейді. Ондайларға хосписке волонтер болыңыз дер едім. Өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі. Атақты сопы Накшбандидің басына барғанда байқадым, кіреберіске мынадай сөз жазып қойыпты: «Құдай жүректе болсын, бірақ екі қолыңнан күрегіңді түсірме» деген. Жұмыс қажытса, жүрегің қалаған іспен айналыс. Еңбек өмірдің мәнін кіргізеді. Өзіңді есейтесің, әр нәрсенің қадірін түсінетін боласың. Еңбекке ерте араласқан адам ерте есейеді. Оны күнделікті өмірден байқауға болады. Ақшамен дос болған адам оның қадірін түсінеді. Ақшаға құл болмайды. Сол сияқты уақыттың қадірін, махаббаттың қадірін, достықтың да қадірін есті адам ғана түсіне алады. Депрессия деген уақытты аямау сияқты өзіме…   

– Бақыт дегенді қалай түсінесіз? Сіздің түсінігіңіздегі бақытты адам мен бақытсыз адамдар кімдер?

– Өзін тапқан адам бақытты. Толстой айтқан ғой, бақытты отбасылар бірдей, бақытсыздық әр түрлі деп. Қолда барыңды қадірлеу бақыт болар. Уыстан шығып кеткенде, өкініп жатамыз. Әр сәттің өз ғажабы бар. Соны текке өткізіп алмаудың өзі – бақыт. Балаң кішкентай кезде уақытты көбірек бірге өткізу – бақыт. Ертең өсіп кеткен соң бірге уақыт өткізу қиындай береді. Жұмыста мақсатыңды орындау – бақыт. Мақсатыңа қол жеткізген соң еркіндік сезінесің. Келесі мақсатқа қадам жасайсың. Өмірде білмегеніңді білу, сабақ алу – бақыт. Есейтеді. Ештеңе де жайдан жай болмайды. Бейсен Құранбек біраз журналистердің басын қосып, психологиялық тренингке апарды. Психолог Ғани Бейсембаев ағамыз «мен мұнда журналистерге сабақ өтейін деп армандағам жоқ, бұл осында келген әрбір жанның өзінің ішкі сұранысы, сіздер тренингке қатыссам деп ойладыңыздар, сол тілекті ғалам орындады» деп айтып еді. Бақыт деген сені ғаламның естуі. Тілегіңнің орындалуы. Тек жақсы тілек тілеп үйренсек…  

– Бала тәрбиесіне қатысты не айтасыз?

– Жастау күнімде қаталдау болатынмын. Адам жас күнінде максималист болатын шығар. Талапты көп қоятынмын. Екі үлкені өзім сияқты. Бәрін дұрыс жасауға қатты тырысады. Кейде өзімді түзейді. Кішісіне келгенде, сәл еркін тәрбие болды. Оның мінезі де бөлек, ашық, емен-жарқын, еркін. Жасықтығы, ұялшақтығы жоқ. Бірақ оған сөзіңді өткізу де қиын. Балаңды емес, өзіңді түзе деген рас екен. Өзім өзгергелі, балаға жақын болған сайын, олардың да тұйық мінезі ашылып, араласу мәнері өзгерді. Кейде көрші келіншектің баласына ұрысқан ащы дауысы естіліп қалады, бір қызығы, шешесі жоқта сол үйдің үлкені де кіші балаларға дәл солай ұрсады. Сол дауыс, сол ырғақ боп тұрады. Негізі ата-ана баланы тәрбиелейді деп жатамыз. Әрине, ата-ана балалы болған соң балаға жаман мен жақсыны үйретеді. Жүргенді, тұрғанды көрсетеміз. Әр түрлі тілді, әр түрлі секцияға сүйреуді әдет қыламыз. Бірақ түптің түбінде сол бала ата-анасын тәрбиелеп шығарады. Себебі, балалы болу әр адамды бір деңгейге өсіреді. Балалы болған соң өмірдің тәтті екенін түсінесің. Балама дұрыс өмір сүрудің үлгісін қалдырсам деп армандаймын. Өмірді тек «для галочки» емес, шын мәнінде қызық та мағыналы өткізуін қалаймын. Мұны үйрету тек ата-анаға парыз.   

– Өмірде жолы болмай, өзін таппай жүрген адамдар көп. Кеңес сұрап алдыңызға келсе, не айтар едіңіз?

– Өмірде жолы болмаған, өзін таппаған адамдардың көбеюі үйден де, мектептен де керек білімді алмауы. Кейде білімнің бәрі мейіріммен берілсе, сауабы молдау болар ма еді деп ойлаймын. Конвейерде өмір сүріп жатқандаймыз. Біз көбіне жұмысты тек уақыт өлтіру үшін, отбасыны жұрт не дейді үшін ғана құратын сияқтымыз. Бір қате қадамнан талай теріс нәтиже туады. Ары қарай өмір ширыға береді. Қатемізді мойындауға дайын емеспіз. Соммерсет Моэмнің бір сөзі бар еді, «егер өзіңді бақытсыз сезінсең, сол бақытсыздық басталған тұсқа қайтып бар да, қатеңді түзе» деген. Қатені түзесе ғана өмір өзгереді. Адам өзгереді. Өзіңді іздеу деген не? Өзіңді керексіз сезіну. Шетелде өзін керексіз сезінбеу үшін волонтерлықпен айналысады. Оны жан рақаты үшін істейді. Қазақты ол жағынан Құдай сақтаған ғой. Біз қарға тамырлы қазақпыз, туысқаншылмыз, ағайынымыз көп. Қазақтың өзін керексіз сезінуі сирек. Жалпы алғанда керексіз адам болмайды. Адамның күні адаммен.   

– Анна Франктың күнделігі, сосын Мырзагелді Кемел ағаймен «Жетілудің жеті жолы», «Өзгеріс ойдан басталады» атты кітаптарыңыз жарық көрді. Ендігі кітабыңыз қалай аталады? Қандай тақырыптарды қозғамақ ойыңыз бар? Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– «Өзгеріс ойдан басталады» деген сериялы кітап. Себебі, ол неше жылғы аударма мақалалар. Саны көп. Екіншісін шығарсам деген арманым бар. Одан бөлек қысқа әңгіме, әпсана аударғаным бар. Бұл да бір кітапқа жүк болар еңбек. Оның да уақыты келер. Мен армандай берем! Аударманы бір тиянақтасам, әңгіме жазуға отырғым келеді. Уақыт жетпейді. Жұмыстың сыртында жұмыс жасаған оңай емес. Жас жазушылардың көбісі осылай екі жұмыс, үш жұмыста істеп, нағыз жазатын, жақсы дүние тудыратын жастарында ақша табуға уақытын өлтіріп алады. Әттең…

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан – Г. ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*