Райхан ТОҚСАНБАЕВА: «ҚАТЫН ДЕГЕН СӨЗ ЕҢ ЖОҒАРҒЫ СТАТУС»

Бөлісу

Ел ішінде қарапайым өмір сүру салтымен-ақ көпке үлгі болып жүрген жандар көп. Сондай жандардың бірі Қызылорда облысының тұрғыны Райхан Тоқсанбаева.  Ол кісі заты әйел болғанымен кейбір ерлердің бел шешіп кірісуге жүрегі дауалай бермейтін теміржолшы мамандығын иемденген. Әлеуметтік желілерде қоғамдағы кей мәселелер жайлы ой-пікірін білдіріп, жазбаларымен бөлісіп отырады. Жақында біз Райхан Есіркепқызымен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Райхан Есіркепқызы, алдымен өзіңіз туралы әңгімелеп беріңізші.

– Өзім туралы айтсам, мен Қызылорда облысы, Белкөл деген разъезде ата-анамның тұңғышы болып дүниеге келіппін. Біздің ауыл тек теміржолшылар ауылы десек те болады. Ес білгелі тепловоздың гукілдеген дауысымен оянып, пойыздардың тарсылы  жерді тербетіп сол дыбыспен ұйықтайтынбыз. Әкем теміржолшы, сонымен қатар еккен егіні жайқалып, жемісін бере қалатын диқан, әрі аңшы болды. Анам интернет дегеннің жоқ кезінде барлық құпия ақпараттар, жер-жаһанда болып жатқан күнделікті жаңалықтар тек радио толқындарымен анықталып, таратылып отыратын. Сондай құпия мекемеде радист болып істеді. 16 жасында кіріп сол жерден зейнетке шыққан. Отбасымызда өзімнен кейін төрт інім, бір сіңлім алты ағайындымыз. Бәріміз әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдағанбыз. Тағдырым болар, 18 жасымда қожалар әулетіне келін боп түстім. Қазір алтындай үш қызым, екі жиенім бар. Кенже қызымды жақында ұзаттым, үшеуі де тұрмыста. Жарым құрылыс маманы.

– Теміржолшы екеніңізді білеміз. Бұл мамандық өз қалауыңыз ба? Әлде кездейсоқ келдіңіз бе? Жалпы, заты нәзік әйелге бұл мамандық қиын емес пе?

– Ауылымыз теміржолшылар ауылы болғандықтан, оқуға түсе алмай келген жастардың көбісі алысқа кетпей туған жерінде осы теміржолда еңбек жолын бастайтын ол кезде. Мен де солардың бірі болып, алғаш еңбек жолым теміржолдан басталды. Екінші жылы қалаған оқуыма тағы түсе алмадым… Теміржолшы мамандығын ол кезде шынымды айтсам таңдаған жоқпын. Әйтпесе жұмыс орным, Алматыдағы жоғары оқу орнына жолдама берген болатын. Менің қалауым басқа мамандық еді. Жоғарыда айтқандай тұрмысқа шығып кеткен соң, қалада жұмыс таба алмай, әр жерде атап айтсам аяқ киім, трикотаж фабрикасында жұмыс істеп жүрім, екінші сәбиімнен кейін осы жұмысыма кірдім. Жұмысы ауыр екені рас, қақаған суықта, ми қайнатар ыстықта сыртта жүріп жүк пойыздарының арасында жүретінмін. Түнгі ауысымы тіпті ауыр өтетін. Амал жоқ, ол кездер жұмыссыздықтың енді басталып жатқан кезеңдері болғандықтан төзуге тура келді. Бірақ ондағы әріптестер жалындап тұрған жастармен жұмыс істеу қызықты әрі көңілді өтетін. Қиындыққа мойымайтын, темірдей тәртіпке бағынатын, сонымен қатар өз ойларын ашық айтатын өткір апайлар мен ағайлардың арасында жүріп, өзіміз де темірдей шыңдалдық. Өзіміз де талай жастарды еңбекке баулыдық. Материалдық жағынан салыстырғанда өп қатарластарымның алды болуым, осы теміржолдағы қызметіме байланысты. Құдайға шүкір қиыны мен қызығы қатар осы жұмысымнан несібем бұйырған екен. Оған еш өкінбеймін.

– Фейсбуктағы жазбаларыңыздан сіздің кей жағдайға бей-жай қарамай, қоғамға өз үніңізді қосатын белсенді жан екеніңізді білеміз. Осы орайда, өзіңізді толғандыратын, алаңдататын мәселелер жайлы айтып өтсеңіз…

– Менің ойымша көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат өз елінің патриоты болу керек. Біздің замандастардың балалық, жастық кезеңі кеңестік қоғамда өтті. Жұмыстың ауыры, айлығы көбі керек пе, жеңілі бірақ айлығы азы керек пе, кез-келген жерге қалаған жұмысын істеп күнкөріс көріп жүрді. Үйсіз жүргендер өте сирек кездесетін. Егемендігімізді алып, нарық экономикасына көшкелі 28 жыл өтті, ендігі өз қамыңды өзің жаса деген нарық заңына ілесіп, көш бойы алға шығып кеткендер де бар, жұмыссыздықты желеу етіп, өкіметке жалтақтап тым төменгі жағдайға түсіп кеткендер де бар… Мені алаңдататын жағдайлар көп. 28 жылда жер асты-үсті қазба байлыққа толы, малы мыңғырған елде тұрып, қайыршының күнін кешудеміз… Қазағымның кең-байтақ жерінен қазаққа тоқымдай жер бұйырмай, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз, халық босып кетті. Барлығын билікке жауып өте шығайын десең, жұмысшының еңбекақысын бермей сандалтып отырған тағы да өз қазағымыз. Айлап-жылдап істеген еңбегінің ақысын ала алмай жүргендер қаншама?! Мұнай компанияларындағы шетелдік жұмысшылар неге қазақтардан үш-төрт есе артық айлық алады? Неге? Неге біз әлі орыс тілінен шыға алмаймыз? Өзім жұмыс істейтін Қазақстан темір жолы әлі орыс тілінен арыла алмай келеді? Жастардың болашағы қалай болады? Шынымды айтсам, мені алаңдататын жайттар көп. Осы жағдайдың бәрі әрбір қазақтың көкейінде сайрап тұр, бірақ жауап жоқ…

Парақорлық,жемқорлық құрымай осы кеткеніміз кеткен! Ал арманым, Қазақ елі халқының басына бақытты күндер туғанын көрсем деймін. Ол күндер де алыс емес деп ойлаймын. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін қиындық көрмей, өз елінің ең бақытты азаматы болса екен!

– Отбасыңыздағы ана, ене, әже ретіндегі ойларыңызды, ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз… Қандай ене, қандай әжесіз?

– Менің үш қызым бар. Қыз баланы болашақ келін, ана болуға тәрбиелеуді кішкентайынан бастау керек екенін, өзім келін болып түскенде-ақ түсіндім. Өйткені мені анам үй жұмысына жұмсаған емес. Мен тұңғышы болдым деп айттым ғой, тек өзімнен кейінгі інілерім мен сіңлімді қарап, тамақтарын беріп, ұйықтататынмын. Бұл болашақ ана болуға дайындық. Ал үй жұмысын анам өзі істейтін. Мен болсам көбіне әкемнің жанында жүріп, отын жару, жантақ шабу, шөп ору деген сияқты сырттың жұмысын атқаратынмын.

Келін болып түскенімде қарапайым үй жұмысын, тамақ істеу, нан илеу, еден жуып, үй сыпыруды да білмедім. Ауылда мектеп жоқ болғандықтан қалада интернатта оқыдым. Сенбі күні әкем, не шешем үйге алып кететін. Сағынып үйге келгенде бар тәттісін аузыма тосып, кіріме дейін анам жуып беретін. Қыз балаға тиесілі бар білетінім, кір жуу болатын. Оны да интернатта өзіміз жууға тура келгендіктен. Келген жерімде талай рет ұятқа қалып жүрдім… Бақытыма енем жақсы адам болып кездесті. Сиыр да саудым, шоққа нанды да көмдім, қамыр илеп, нан да жайдым, осының бәрін енем марқұм, аса сабырлылықпен, мейіріммен үйретті. Талай ұялып тұрып, іштей егер қыздарым болса, кішкентайынан үй шаруасына үйретіп, пысық қыз етіп өсіремін деуші едім. Солай тәрбиеледім де. Қыз баланың тәрбиесі өте қиын, мейірім мен қаталдықты тең ұстай білу керек. Болашақ келін, ана барған жерінде ізетті, ширақ және адал келін атануы үшін қолымнан келгенінше тәрбиеледім. Қазір құдайға шүкір, үшеуі де ұясынан ұшып, бір-бір шаңырақтың келіні болды.

Ал әже болу, ол деген керемет бақыт қой. Жас кезде жұмысбасты болып, жастықпен балаға тек талаптар қойып, қаталдау болсақ, немереге деген мейірім-махаббат сол жіберіп алған жылулықтың қайтарымы секілді. Екі немерем бар Димашым мен Айназым. Мен үшін олар бұл әлемге менің бар махаббатымды көру үшін келгендей. Оларға да арасында қаталдық көрсетіп қоятыным бар. Ол тәрбие ғой. Бірақ ет-жүрегім елжіреп тұрады. Олар да біледі менің өздерін қалай жақсы көретінімді.

Ал келінге ене болу бақыты бұйырмапты… Күйеу балаларым мама деп сыйлап тұрады.

– Осы қатын деген сөзді ардағым деген сөз екен, әйел деген күң деген мағына береді екен деген сөз соңғы уақыттарда жиі айтылып жүр. Бірақ шынын айтқанда, бізге бұл сөз дөрекілеу, ерсілеу естілетіні рас. Сіздің бұл жайындағы пікіріңіз қандай?

–Қатын деген сөзден неге қорқамыз осы? Енем марқұм алғаш келін боп түсіп, қарапайым ғана əйел затына тəн шаруаларға ебім келмей, маңдайым шып-шып терлеп, ұялғаннан бетім дуылдап сасқалақтап тұрғанымда, «Е,е шырағым, қатын болу оңай ма?» деген сөзін бір қайталап алып барып, «міне, ол деген былай болады» деп істі қалай істеуім керектігін көрсететін. Сол бір ауыз сөзден-ақ «қатын» деген ең жоғарғы статус екені білініп тұратын. Расында қатын болу тек байға тию емес.

Ол дегенің баланы да туу екен,

Таң атпастан сəлем беріп тұру екен,

Жадырап, қабақ түймей жүру екен.

Қайынжұрттың көңілінен шығу екен.

Жан-жарың арасында ашуланса,

Еркелеп төсегіне жығу екен.

Қол сілтеуге ұмтылып қалса егер,

Дер кезінде үлгеріп бұғу екен.

Арасында бауырың мен төркін жұрттың,

Қамын ойлап, көмектесіп тұру екен.

Отбасыңның берекесі кірсін десең,

Үйдегіні сыртқа шашпай тығу екен.

Осылардың бəріне қоса тағы,

Жұмысқа да үлгеріп жүру екен.

Ал кейбіреулер қатын деген сөзден қорқады. Қорықпаңдар! Қатын деген атақты алуға барыңды салып, сол атаққа жеткенімізге қуанайық!

Сонан соң қартайғанда отырамыз, «Еее, біз де қатын болғанбыз, қапқа тары салғанбыз» деп. Әзіл-шыны аралас қой, әрине. Әдемі кәрілікке жетейік, апа-сіңлі, құрбы-құрдастар!

– Райхан апай, Сізге көп рахмет!

Г. ҚАРАТАЙ.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*