Торғын ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ: «ЖАЙ ҒАНА ОСЫ КҮНДЕ БАР БОЛЫП ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ»

Бөлісу

Таяуда жазушы, «Кеш қалма», «Араша» кітаптарының авторы Торғын Жолдасбекқызының Брюссельде өткен 8-ші Open Eurazia-2019-да «Кіші проза» бойынша «Араша» кітабына енген «Сөз», «Қоқыс» атты әңгімелері 1-ші орынға ие болды.

Жалпы, биылғы жыл Торғын үшін сәтті жыл болды десек қателеспейміз. Мамыр айында Семей қаласында өткен «Тед х» конференциясына қатысып, «Сәтті күн» деген әңгімесін оқыды. Ютубта канал ашып, онда өзі әңгімелерін оқып, көрермен назарына ұсынуда. 7-қыркүйекте Алматыда өткен кітап-фестке шақырту алып, онда «Таңдау» деген әңгімесін оқып берді. Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Араша» кітабының тұсаукесері болып өтті. Одан бөлек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылды. Осының бәрі Торғынның ересен еңбегі мен  ізденімпаздығының арқасында жеткен жеңісі деп білеміз. Осы орайда, біз Торғынды жеңістерімен құттықтап, сұхбат алған едік.  

– Торғынтай, соңғы кездегі жетістіктерің мен жеңістеріңнен хабардармыз. Қуаныштымыз. Бірақ бұл жеңістің саған оңайлықпен келмегені белгілі. Жеңіс жолында қандай қиындықтарды басыңнан кешіргеніңді әңгімелеп бересің бе?

1985-ші жылдың 17-сәуірінде Алматы облысында ұстаздардың отбасында дүниеге келдім. Өзімнен үлкен әпкем бар еді. Анам 10 жасымда ұзақ аурудан кейін дүние салды. Әкемнің екінші отбасынан төрт баласы бар. Орта мектепті 2003-ші жылы үздік бітірдім. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не түсіп, оны да 2006-шы жылы үздік тәмамдадым. Болашағым зор үміт күттіретін.

Сүйікті адамыма тұрмысқа шықтым. Арада екі жыл өткен соң, 2008-ші жылы қызды болдым. Сол жылдың жазында әпкемнің денсаулығы сыр берді. Белгілері дәл анамдікіне ұқсас болған соң, екеуіміз бірге тексерілуді жөн көрдік. Нәтиже үкімдей әсер етті. Екеуімізде де Прогрессирующая мыщечная дистрофия. Өмірімдегі үрей мен өкпеге толы жаңа кезең осылай басталды. Сол сәтте аяқ-қолым күшті болса да, бұған көне алмадым. Қабылдап, мойындай да. Өзгеге тіс жармай, іштен тынатын болдым. Жалғыз сияқты ем. Ертеңім бұлынғыр көрінетін өзіме. Оқу, іздену, өсуді қойдым. Еш бар болуға құлшынысым қалмады. Осы күйде 2014-жылға дейін болып, әпкем көз жұмғанда қалың ұйқыдан оянуыма тура келді. Шындыққа тіке қарадым. Менде де қыз болатын.

Күресудің өзге жолын таппаған соң, сол жылдың күзінде facebook желісіне келдім. Қолыма алғаш қалам алып, ойымды хатқа түсіргенім сол болды. Жазғандағы мақсатым тек тәніме сауығу табу болатын бастапқыда. Содан бері міне бес жыл өтіпті. Түрлі жазбалар, әңгімелер жаздым. Шағыны да, көлемдісі де болды. Алғаш кездері хаттарымда өкініш, өкпе, үйрей басым болса, уақыт өте келе солардан өз өмірімді айқын көруді үйрендім. Саралай білетін болдым.

Бірінші кітабыңды «Кеш қалма», екінші кітабыңды «Араша» деп атауыңның өзіндік мәні бар сияқты… Бұл қыз неден кеш қалдырмай, неге араша түскісі келді екен деген ой келеді. Осы жағын таратып айтып берсең…

Бастапқыда тек өз жан-жарамды басу үшін жазатын ем дедім ғой. Ол кезде «Қайтсем де, ауруды жеңуім керек» деп ойлаушы ем. Өмірімдегі мақсат, мұрат, арман сол ғана болатын. Ағзамды ауру жеп қойғанға дейін әрекет етуім керек деп асығушы ем. Содан сол уақыттағы жазбаларым да, кейіпкерлерімнің өмірі де күреске толы. Осылайша өмірге «Кеш қалма» деген тарихи тақырыпқа жазылған, толық қиялдан туған роман келді. Ал қазіргі күні арасында өз өмірімді мысалға келтіре отырып, өзгелерге араша болғым келген соң жазамын. Неден арашалағысы келеді дейсіз ғой? Өзімізден. Қорқыныш, өкпе, үрейден.

Мен қазір өмірден қорықпайтын болдым. Ауруыммен айқасқанды да қойдым. Мен оны өзіме жау етіп, өз әлемімнің үлкен бөлігін соған бергім келмейді. Өткеніме өкініп, ертеңімнен қорқып емес, жәй ғана осы күнде бар болып өмір сүргім келеді. «Араша» кітабында менің бойымдағы еркіндік сезіледі деп ойлаймын.

Ютуб каналыңнан сенің «Маймыл-адам», «Таңдау», Семейдегі Тэдх жобасында айтқан «Сәтті күн» деген әңгімелеріңді тыңдадым. Үлкен ой салғанын жасырмаймын. Ойландырып тастадың. Тағы бір мені таңқалдырған нәрсе, кітапқа қарамай-ақ әңгімеңді экранға қарап айтып бересің. Жаттап аласың ба?

Бұндай өнерім барын осы көктемде білдім. Семейдегі тедх конференциясына барарда қандай тақырыпта сөз сөйлейтінімді ұзақ ойладым. Жалпы өз өмірім, ерекшелігім жайлы мыжып айта бергенді ұнатпаймын. Жалпы шығармашылығымды ауруымнан бөліп алғым-ақ келеді. Өкінішке орай әзірше болмай тұр, әр екінші сұрақ еріксіз осыған тіреледі. Әрине жаза бастауыма себеп болған соң ғой. Содан сол жолы «Сәтті күн» атты шығармамды үш-төрт күн күніне екі рет оқып отырдым. Содан толық жадыма жазылды. Байқағаным әр әңгімемді осылай жатқа айта біледі екем. Тек қазақ тілінде емес, бір кеште еш дайындықсыз орыс тілінде орындауыма тура келді

– Әңгімелеріңнен сенің психология, философия, дінді де зерттегенің, жан-жақты білімді екенің білініп тұрады. Осының бәрін қашан игеріп алып жүрсің?

Өмірде біз білмейтін тылсым көп қой. Ауруымды естіген мен шырт ұйқыдан оянғанға дейін менің көп бос уақытым болды. Сол кезде оқыдым. Психологияны бұрыннан сүйемін. Ал соңғы бес жылда қарқынды ізденісте болдым. Жан-жақты жол іздеуіме тура келді. Мектепте өтпеген ағылшын тілін де үйде отырып меңгердім. Шала ағылшыншам бар.

Жалпы, бұл ауру мені жеңу үшін емес, мені шыңдау үшін, мені көркейту үшін, өсіру үшін, «Кеш қалма» мен «Араша»ның авторы болу үшін берілген сияқты ғой.

Денсаулығың жайлы не жаңалық? Дәрігерлер шанс бар деді деп қуантып қойдың. Ем қабылдап жатырсың ба? Нәтижесі қалай болып жатыр?

«Тіпті сізді біреу жеп қойса да, сіздің шығар екі жолыңыз бар» дейді екен ғой. Сол айтпақшы, менің кеудемнен жан шығып кеткенге дейін аяққа тұрып кетуіме жүз пайыз шанс бар. Қазір бұлшық еттеріме массаж, ине алып жүрмін. Бұл негізгі аурудың емі емес, ағзаға көмек… Қалғаны Алланың еркінде. Менің ойымша мен айтуым керек нәрсені айтып, жазуым керек кітапты жазған күні мен аурудан азаттық аламын. Оның да екі жолы бар, жазылу немесе өлім. Өлім де азаттық. Көбіміз өлімнен қорқамыз. Меніңше өлім жәй ғана тағы бір саты.

Қазір қиналып жүрген адам көп. Өзін таппай адасып жүргендері де жетерлік. Сондай адамдар ақыл-кеңес сұрап алдыңа келсе, қандай кеңестер берер едің?

«Өмірден осылай қиналып, байқұс боп өтіп кеткім келе ме?» деп өзіңізден шын сұраңызшы дер ем. Жәй ғана әр адам өзіне осы сұрақты қоюы керек. «Жоқ!» деп сенімді жауап берген адам қайтсе де жолын табады.

– Уақыт бөліп, бізге сұхбат бергенің үшін көп рахмет, Торғын! Саған зор денсаулық пен шығармашылық табыстар тілейміз. Сұхбаттасқан– Гүлмира ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*