Қайғыны қалай жеңілдетуге болады?

Бөлісу

Жұмыста отырған едім, көршім қоңырау шалды. Екі-үш күн бұрын да хабарласқанында жұмыстарым қауырт боп жауап бермеген болатынмын. Қолым босағанда хабарласам деп естен шығыпты. Сөйлесуге уақытым тығыз боп тұрса да жауап бермей қоюға ыңғайсызданып тұтқаны көтердім. Амандасып, жағдай сұрасқан соң ол: «Адамның қырқы өтпей қабіріне баруға бола ма?» – деп сұрады. «Әйел адам мазаратқа бармайды деуші еді ғой, анығын білмеймін, – дедім не үшін сұрағанын түсінбей. – Тыныштық па? Кім қайтыс болды?» Көршім осы сұрағымды күтіп тұрғандай-ақ екен: «Ағамнан айырылып қалдым», – деп жылап қоя берді. «Арты қайырлы болсын! Қашан?» «Жаңа жылдың алдында. Көршілердің бәрі көңіл айтып келді. Сені естімеген-ау дедім келмеген соң», – деді бәсең үнмен. «Естісем көңіл айтам ғой барып. Азанда кетем, үйге қайтам дегенше қас қарайып кетеді. Көршілердің де ешқайсысын көрмедім біраздан бері», – деп жағдайымды түсіндірдім. «Ауырып жүрген ағаңды айтушы ең ғой, сол кісі ма қайтқан?», – деп сұрадым. Ол тұтқаның ар жағынан жылап-еңіреп қам көңілінің қайғысын айтып жатты. Көңілім алаң боп тұрғандықтан айтқандарының бірін ұқсам, бірін түсініп жарытпадым. Ол сөйлеп болды-ау дегенде «Жарайды, қазір менің қолым босамай жатыр еді. Үйге барғасын сөйлесеміз ғой», – деп тұтқаны қойдым.

Ертесіне түске дейін жұмыстарым бітіп қойды да, үйге ертерек қайтып кеттім. Сөйтіп көршімнің үйіне барып, қазаға көңіл айттым. Бауырын келмеске шығарып салудың азабы оңай ма, бетінде қан-сөл жоқ, өңі қуарып кетіпті. Ол көрші ғана емес, сырласып жүрген, досымдай, бауырымдай боп кеткен жанның бірі. Қайғысына ортақтасып: «Қазаның арты қайырлы болсын! Бекем бол!» – деп көңіл айттым. Көз жасын сүрткіштеп жүріп дастарханға нан қойып, шай әкелді. «Жасы қаншада? Балалары жетіліп қалған ба еді? Қандай аурумен ауыратын еді?» – деп сұрадым үнсіз отырудың ретін таппай. Ол сұрақтарыма жауап беріп отырып тағы жылады. Ағасының дертіне дауа табылмағанына, ажалға араша түсе алмағандарына өкінді. Ағасы ажалмен арпалысып жатқанда жанында жалау боп отыруға уақыт таппай, сұм дүниенің алдамшы тіршілігіне алданып кеткеніне опынды. Сол үшін өзін де, өзге бауырларын да кінәлады. Санаулы сағаттары қалғанын біле тұра жанында неге отырмадық деп күйінді. Оның ыза мен өкініш аралас бұл сөздерін жыламай тыңдау мүмкін емес еді. Жаным езіліп, егіліп отырып тыңдадым. Себебі ажал ешкімді айналып өтпейді. Оның басындағы жағдайды он жыл бұрын әкем өмірден озғанда өзім де сезінген болатынмын. Сонда оңаша қалсам бітті әкем ауырғанда жанында бола алмағаныма, тірі кезінде бір жақсылық жасай алмағаныма, барында бағалай алмағаныма өкініп жылай беретінмін. Ендігі жылауымның пайдасы не деп күйінуші ем. Жер бетінде мәңгілік тіршілік кешетіндей, жақындарымызды барында бағалай бермейтініміз осындайда қатты білінеді ғой.

 Көршімнің жан-дүниесіндегі осы азапты өте жақсы түсіндім. Бірақ оған қосыла жылап, бір кездердегі өз мұңымды айтып еңірегенмен оның қайғысын жеңілдете алмас едім. Дәл қазіргі менің міндетім – оның жанына жұбаныш болатын сөздерді тауып айтып, қайғысын жеңілдету. Қара түнекке айналып кеткен оның әлеміне жарық түсіріп, өмірге құштарлығын ояту. «Еее, ажал айтып келмейді ғой». «Құдай кімді аларын өзі біледі». «Құдайға да жақсы адам керек. Ағаң жақсы адам екен да, өмірден ерте озған». «Қайтесің, көнесің да» деген сықылды жаттанды сөздер оның қайғысын жеңілдетпейтіні белгілі. Қайта «басыңа түсті ма, көнсең де осы, көнбесең де осы!» деген үкім секілді естіле ме, қалай?! Ойланып отырып «Өмірге ғашық болу» кітабынан оқыған «Қайғының жалғыз дауасы» деген әңгімедегі аңызды айтып бердім. Осы орайда аңыздан бұрын оның қайғыны жеңілдетуде қандай пайдасы бары туралы осы кітапта жазылған Британияның ең атақты дінтанушы ғалымы Карен Армстронгтың бір тұжырымын жазбай өтуге болмас.

…«Ежелгі заманнан білім игерудің, сөйлеудің, ойлаудың әбден мойындалған екі түрі бар. Оларды гректер МИФ және ЛОГОС деп атаған. Екеуі де адам үшін өте маңызды. Бірі бірінен артық емес. Олар ешқашан бір-біріне қарсы шықпай, керісінше бірін-бірі толықтырып келе жатты. Екі танымның да өз кезегінде қолданысқа түсетін кезі бар-тын. Екі танымды шатастыру надандық боп саналады. Логос (ақыл) ойлаудың прагматикалық пайым түрі. Ол пенденің дүниеде қолайлы тұрмыс кешуіне көмектеседі. Адам қуатты қару жасағанда, қоғам құрып, қала салғанда, сапарын жоспарлағанда, логосқа мұқтаж. Логос назарын ылғи алдыға тігіп, қоршаған ортаны бақылаудың жаңа әдісін іздеп табатын. Ескірген көзқарасты жаңартып, жаңа заттар жасап шығуға шебер. Адамзаттың тірі қалуы үшін таптырмас таным. Бірақ оның да шама-шарқы шектеулі. Логос жүрегін қайғы мен мұң торлаған қаралы кісіге жұбаныш сыйлай алмайды. Өмір үшін күрес басталғанда пенденің тіршіліктен мән тауып, табанды болуына септесе алмайды. Сол себепті де адамдар аңыз бен әпсанаға арқа сүйегенді жақсы көреді» дейді ғалым.  

Ал аңыздағы оқиғада «Будданың заманында бір жас келіншектің күйеуін джунглиде жылан шағып өлтіреді. Күйеуінің қазасын естігенде келіншек есеңгіреп отырып қалады. Әзер дегенде ес жинап, бауырында қалған жалғызын сүйеніш етіп өмір сүрмекке бел буады. Арада жыл өтпей үш жасар ұлы суға кетіп, одан да айырылып қалады. Қайғыдан қан жұтқан келіншек есі ауып жатып қалады. Сол кезде ауылдың бір қарты келеді де «Балам, басыңды көтер. Мына елдің пәлен деген аймағында Будда деген әулие шығыпты. Оның өлген адамды тірілтетін кереметі бар екен. Соған барып көр» дейді. Жесір әйел мұны ести сала баласының мәйітін арқалап Будданың елін іздеп жолға шығады. Көп ұзамай Будданың үйіне жетіп, зар еңіреп қайғысы мен қасіретін айтады. Сөйтіп баласын тірілтіп беруін жалына сұрайды. Келіншекті тыңдап болғасын Будда: «Бар қайғыңыз сол ғана ма?» – деп сұрайды. Келіншек оның сұрағына таңғалып: «Қалай сол ғана ма? Сіз үшін бұл қайғы боп саналмай ма?» – деп сұрайды. «Әрине, зор қайғы. Бірақ баланы тірілту түк қиын емес. Сіз тек көршінің үйінен бір уыс бұршақ әкелсеңіз жеткілікті», – дейді. «Сол ғана ма керегі? Бір уыс бұршақ сұрап әкелсем балам тіріле ме?» – деп сұрайды келіншек. «Иә, сол ғана. Сіз бұршақ әкеп берсеңіз болды, қалғаны менің ісім». Келіншек сүрініп-қабынып үйден шығып бара жатқанда оның соңынан Будда: «Айтпақшы, ұмытып кетіппін. Бір шарты және бар. Бұршақты ешқашан қаза шықпаған үйден алыңыз», – деп айқайлайды. Бақыттан басы айналып, алып-ұшқан келіншек әулиенің сөзіне мән бермей, «иә-иә» деп жүгіріп кетеді. Заулап отырып, бірінші кездескен үйдің есігін шала-шұрпы қаққан күйі кіріп келіп керегін сұрайды. Үй иесі сұрағанын береді. Рахмет айтып кетіп бара жатқан келіншек кері бұрылып: «Кешіріңіз, сіздің үйде ешкім дүние салмаған ба?» – деп сұрайды. Үй иесі оған таңырқай қарап: «Осыдан алты ай бұрын қызымыз дүниеден өтіп, есімізді енді жиып отырмыз», –  дейді. «Онда, кешіріңіздер, бұл бұршақ жарамайды», –  деп иесіне қайтарып беріп, келесі үйге кетеді. Ол үйдің әйелі толғақ үстінде қайтыс болғанын естиді. Әрі қарай біреудің әкесі, біреудің анасы, біреудің баласы дегендей қаза тізімі жалғасып  кете береді. Тіпті сел үстінде бірнеше баласынан айырылып қалған аналармен сөйлесті, апат кезінде үрім-бұтағынан түгел айырылған жандардың туысымен де тілдесті. Олардың жағдайымен өзін салыстырып тәубе қылып, іштей шүкіршілік ете бастады. Ауылға дендеп кірген сайын сана-сезімі ояна берді. Өлімнің де өмірдің ажырамас бір бөлігі екенін ақырындап ұққандай болды. Қайғы мен қаза бір өзінің басында емес екен. Барлық отбасы өзі сияқты ажалмен күн сайын бетпе бет келіп, өмір мен өлімнің арасында тіршілігін сүріп жатыр. Ауылдың шет жағында әлі бірнеше үйлер бар еді. Енді оларға барудың қажеті жоқ екенін ұққан келіншек кері бұрылды. «Өмірдің түпкі сырына ұмтылып, бақыттың кілтін тапсам» деген рухани сұраныс кеудесінде қайнай бастады. Осыған дейін жүрегін жеп қоя жаздаған қасіреттің уы да тарағандай болды. Будданың үйіне тақағанда ұстаз алдынан шығып, салмақты түрімен: «Бұршақ таптың ба?» – деді. «Құрметті ұстаз, мені шәкірт етіңізші. Сізден тәлім алғым келеді», – деген келіншек ұстазға тағзым етті. Осылайша ол Будданың алдында тәлім алып, кейін өзі де мұңға батқан талай жанның қайғысын жеңілдетуге көмегі тиіпті.

Мен әңгімемді аяқтағанда көршімнің де жасы тыйылып, көзінде тіршіліктің оты тұтана бастағандай көрінді. Білгенімше құранымды оқып, сауабын ағасына бағыштап, жақсылықтар тілеп үйіме қайттым. Сонымен тағы да тіршілігім қайнап, онымен хабарласуға уақыт болмай кетті. Бір-екі рет қоңырау шалып едім, телефоны өшік болды. Сосын қатты қайғырып өзі ауырып қалмады ма екен деп уайымдай бастадым. Үйіне барып жағдайын білем бе деп жүргенімде өзі хабарласты. Оны-мұны, күндегі тіршілігімді айтып тұрғанымда ол сөзімді бөліп: «Гүлмира, көп рахмет саған! Бала-шағаңның қызығын көр! –  демесі бар ма?! Не үшін деп сұрап үлгергенімше: «Сен кеткесін баяғы өзің әкеп берген «Салт-дәстүр сөйлейді» деген кітапты оқып, өзіме көп жұбаныш таптым, деп сөзін жалғады. – Қазір жыламайтын болдым. Мен көз жасымды көлдеткеніммен оның ағама түк пайдасы жоқ екен. Осы кітапта «Өмірден кейінгі өмір» деген тарау бар екен. Ондағы тақырыптардың бәрі де маған қатты әсер етті. Түсінгенім, біз марқұм ағама көз жасымызбен көмектеспейміз.  Тек құран екен ғой оған ендігі керегі. Қазір бұл кітаппен өзімді ғана емес, өзім секілді бауырын жоқтап жылап жүрген туыстарымды да жұбатып жүрмін. Күніне біреуіне қоңырау шалып, ерінбей оқып беремін»

Мұны естігенде «Жақсы бопты ғой», –  деп қуанып қалдым. Сосын екеуміз тағы біраз әңгімелестік. Өмір сырын ұқтыратын тағы біраз кітаптар барын айттым оған. Ал ол тоқтамай алғысын жаудырып, мені бауырлары мен күйеуіне мақтап жүргенін айтып жатыр. Мақтауға Алла ғана лайықты! Біз жай «өмірдің мәні не?» деген сұрақтың жауабын іздеп жүрген пендеміз ғой. Дегенмен бір адамның болса да қайғысын жеңілдетуге әсер еткенім үшін сондай бақытты едім сол сәт!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*