Қадірәлі ТАСҚЫНБАЙҰЛЫ: «ӨЗ ҚАЛАУЫМЫЗША ӨМІР СҮРЕМІЗ, БІРАҚ АЛДА ЕСЕП БЕРЕР КҮНІМІЗ БАР»

Бөлісу

Жақында «уатсап» әлеуметтік желісі арқылы ұлағатты әңгіме айтып, айналасындағыларға бата беріп отырған қария жайлы видео тарады. Оны тамашалағандар ауылдарда осындай ақсақалдар азайып бара жатқанын жазды. Кешегі аптада бізге сол батагөй қариямен әңгімелесіп қайтудың сәті түскен болатын. Ол кісі Ордабасы ауданы, Темірлан елдімекенінің тұрғыны Қадірәлі Тасқынбайұлы деген қария екен. Қадірәлі ақсақал таяуда ғана Ордабасы ауданының 55 жылдығына байланысты өткен бата жарыста бас жүлдені жеңіп алыпты.

Ақсақал өз өмірі жайлы бізге былайша әңгімелеп берді: 

«Мен 1942 жылы 10-мамырда Ордабасы ауданы, Темірлан елдімекеніне қарасты Коммунизм ауылында дүниеге келіппін. Руым Бөгежіл, Жаныстан тарағанбыз. Әкем соғысқа кеткенде мен анамның құрсағында қалған екем. Әкемді сол күйі көрмедім, соғыстан оралмады. Шешемнен басқа ешкімім жоқ, жалғыз болып өстім. Тіпті немере ағайын, туыс-тумамыз да болмады. Әкем алты ағайынды болған екен. Ашаршылық жылдарында сол алты ағайындының біреуі Келес жаққа барып, нан зауытына жұмысқа тұрыпты. Сөйтіп «осында нанның сыпырындысын жесеңдер де өлмейсіңдер ғой» деп өзге бауырларын қасына шақырып алған екен. Осылайша ашаршылықтан аман қалғанымен артынша оба деген кесел шығып, бәрі бірдей қайтыс болып кетіпті. Мүрделері сол жақтағы Қаратал деген әулиенің маңына қалған.

Шешемнің бұрынғы күйеуінен алты баласы болған екен. Олар да бірі қалмай обадан қырылып қалған. Сол жұттан алты ағайынды жігіттің ең кішісі менің әкем мен оның жеңгесі шешем ғана тірі қалып, елге оралған. Ол кездер жоқшылық, қиын-қыстау заман ғой. Келгесін мұндағылар: «Біреуіңе байды, біреуіңе қатынды қайдан тауып береміз? Екеуің қосыла салыңдар», – деп екеуін қосқан екен. Әке-шешем алғашқы кезде біреудің тамында отырып, кейін өздері бір бөлме, бір дәліз салып, сонда тұрыпты. Менің әкеме қосылғаннан кейін де шешем екі құрсақ көтеріпті. Олар да кішкентай шақалақ кезінде қызылшамен ауырып, шетінеп кеткен. Әкем соғысқа кеткенде шешемнің ішінде қалып кетіп, бір әулеттен бір өзім ғана аман қалыппын осылай. Енді менің бес ұл, екі қызым мен немерелерім бар. 

Туғаннан осы жерден ешқайда қозғалған емеспін. Аудан құрылған күннен бастап осында жұмыс істедік. Мамандығым полиграфист. 1970 жылға дейін баспахана директоры болып, одан кейін сауда саласына ауыстым. Шешем 72 жасында қолымда дүниеден озды. Айта берсем ол кісінің өмірі де өз алдына бір тарих.

Шешемнің әкесі шабандоз болған екен. Көкпар шауып жүргенінде қайтыс болып, артында қалған жесірін ағайындары әмеңгерлік жолмен жасы үлкен бір қайнағасына қоспақшы болыпты. Нағашы әжем оған келіспей, кішкентай қызы, менің шешемді алып төркініне кетіп қалады. Сөйтіп шешем алты жасқа толғанда Кеңес үкіметі орнап, колхоздастыру басталады. Шешемнің нағашылары бай болған екен. Олар колхозға малдарын бермей елден қашып кетіпті. Кетпес бұрын алты жасар шешемді жолға жарамайды деп әкемнің әкесіне тастап кеткен екен. Сөйтіп шешем әкемнің әкесінің қолында осы үйдің балаларымен бірге өскен. Әкемнің әкесі шешемді он алты жасында ең үлкен баласына қосыпты. Ол қайтыс болғасын екінші баласына қосады. Одан алты бала туып, бәрі обадан қырылған кезде, үшінші рет тұрмыс құрып, менің әкеме қосылыпты».

Қадірәлі қарияның әңгімесін тыңдап отырып, небір қиын күндердің өткенін ойлап, іштей ол замандар енді қайтып келмесін деп тіледік. Өткен өмірі жайлы осылайша сыр шерткен қария әрі қарай ұлағатты әңгімелерге қарай ойысты.

«Әкім Лұқман деген кісі мың жасаған дейді ғой. Бірақ мың жас деген адам баласына бұйырған нәрсе емес. Мың жасты ешкім де жасай алмайды. Бірақ жақсы адамдармен өткізген бір күнін ол кезде бір жылға жатыстырып жібереді екен. Содан адамдар бір күні Әкім Лұқманнан:

– Сізді мың жас жасады дейді. Мың жыл өміріңізде не үйрендіңіз? – деп сұрапты. Сонда жарықтық:

– Мен мың жылдық ғұмырымда намазға тұрғанда жүрегіме ие болуды үйрендім депті. (Намазды дүниені тәрк етіп, барынша беріліп оқитын болғаны да). Екінші, тамаққа тұрғанда қолыма ие болуды үйрендім депті. (Әрнәрсені аузына тыға бермейді). Үшінші, қоғамға тұрғанда тіліме ие болуды үйрендім. Төртінші, Аллаһтың құдірет иесі екендігін үйрендім. Бесінші, өлімнің хақ екендігін үйрендім деген екен. Осы бесеуі қалай айтса да шындық.

Ақиқаттан адамдар жасқанады,

Көкірегі көп жұрттың тас қараңғы.

Сағыз өмір бір күні үзілгенде

Нағыз өмір өліммен басталады.

Өзіңді-өзің алдап жүргеніңде,

Ажал кеп тұтқиылдан бас салады.

Шырқыратып жаныңды суырғанда

Жалынғанмен жүз жерден кеш болады.

Аяқ асты боп қалар осы күнгі

Асқақтаған армандар асқаралы.

Бақыт, байлық не түрлі құндылықтар

Жалғыз түйір иманнан пәс болады.

Ақіреттің азығын алмағандар

Ақырында аңырап аш қалады.

Пысқырмаған Алланың бұйрығына

Пысықтардың қалмайды бос табағы.

Ерегісіп күнәні жасайтындар

Құтылмайды жазадан қашса-дағы.

Тіршілікте құлшылық жасап өткен

Қор болар сөзге құлақ аспағаны.

Көрге түспей жатып-ақ көресісін

Көргеннен қалмайды оның басқа амалы.

Бұдан асқан шындық жоқ, Хақ Тағалам

Көрсетпесін бізге осы масқараны.

Мінеки, бес ақиқат, бес шындық деген осы.

– Адамның басшысы не?

– Ақыл.

– Адамның шолушысы не?

– Ой.

– Адамның жетекшісі не?

– Талап.

– Адамның қорғаушысы не?

– Сабыр.

– Адамның сынаушысы не?

– Халық.

– Енді адамның бір таусылмайтыны бар. Ол – арман.

Осылардың бәрі бойында сақталған, бәрі бар адамды нағыз адам деуге болады. Енді жоғы сәл надандыққа кетеді. Алла пендесін жаратқанда 77 миллион нерв талшығынан жаратқан екен. Бірақ бұлардың бәрі бір сәтте істемейді. Әртүрлі жағдайда кезегімен істеп тұрады. Біреулердің миының он бес-ақ пайызы жұмыс істейді. Ондай адамды айқайлап, ұрып, ұрсып тұрғанда айтқаныңды түсінбей, мәңкиіп тұра береді. Біреулердің миы 18 пайыз істейді. Олар мақұлдағыштар, мақұл деумен шаршатады. Миының 20-25 пайызы істейтіндер бар. Олар айтқаныңды айтқандай қағып алып, ертесіне өзіңе келіп айтып тұрады. Ал енді миының 30 пайызы істейтіндер сенің пікіріңмен келіспей, өз пікірін айтып, таласып тұрады екен. Миы 35 пайыз істейтін адам сенің ойыңда не бар екенін анадайдан біліп тұрады. Ондай адамдар тіпті алдағы жүз, мың жылдықта не болатынын болжап біле алатындай кереметке ие екен. Ал 40 пайыз істейтіндер дүниеге әлі келмепті. Бұл ғылымда дәлелденген тұжырымдама.

Енді бір әңгімеде Алла-тағалам алдымен періштесін жаратыпты дейді. Періште ішпейді, жемейді, үйленбейді, туып, өсіп, көбеймейді, өлмейді. Әу баста қанша періште жаратылса, соншасы Алланы зікір етіп, мәңгі бақи тұра береді. Екінші айуанды жаратыпты. Айуанды ақыл-естен кенде қылып жаратқан. Тамағы тойса, тұрған жеріне нәжісін төгіп, өзі соның үстіне жата береді. Ойына келгенін істей салады. Ал үшінші адамды жаратып, былай деп уәде берген екен. «Ақылды болсаң, періштеден де зиялы көрем. Ақымақ болсаң, айуаннан да төмен боласың. Өмір сүру билігіңді өзіңе берем, есебіңді өзім алам» деген екен. Біз өз ерік қалауымызша өмір сүреміз, бірақ Аллаға есеп береміз. Бермей кетуіміз мүмкін емес. Сонда бір періште: «Жаратқан Ием, өзіңіздің жаратқан пендеңізге сонша уәде бердіңіз? Енді оған қанша жыл өмір бердіңіз?» – деп сұрапты. Алла сонда: «Пендеме намазсыз азан мен азансыз намаздың арасындағы уақытымды бердім», – депті. Адам дүниеге келгенде азан айтылады, ал дүниеден өткенде жаназа оқылады. Азан айтылып ат қойғанда намаз оқылмайды, ал жаназа оқылған намазда азан айтылмайды. Осы екі ортадағы уақыт пенденің ғұмыры екен. Ол қанша жыл, қанша күн, қанша сағатқа созылатынын бір Алланың өзі біледі.

Болып жүр жолдастармен жолықсақ той,

Әр секундтар санаулы соны ұқсақ қой.

Жәһаннамның отынан ең болмаса,

Кедейліктен қорыққандай қорықсақ қой.

Кедей болып қалудан жаман қорқамыз. Бірақ жаһаннамның отына күйеміз деп ешқайсымыз ойланбаймыз. Біз Алладан ажырап кеткен адамдармыз. Әкеміз құйды, шешеміз туды, дүниеге өзіміз келген сияқтымыз. Дүниеге келместен бұрын тағдырымыз пешенемізге жазылып қойылған.  

Бұл өмір теңдесі жоқ, ұлы сынақ,

Жалған дүние алдайды жылы ұшырап.

Сенің өзің қалаған тағдырыңнан,

Алла жазып қойғаны дұрысырақ.

Алла пешенеңе не жазса, сол болады. Алла бізге рух берді. Сол берген рухын ғана алады. Топырақ тәніміз жерде қалады.

Бүгін бар, ертең жоқ болар,

Уақыт бәрін ноқталар.

Бесіктен шыққан жолаушы,

Бейітке барып тоқталар.

Дініміз ислам болғасын осы жолмен жүруіміз керек. Өкінішке орай, кейде дінде жоқ нәрселерді істеп, есіріп кететініміз бар».

Қадірәлі ақсақал имандылық жайында жүректің қылын шертер көп рухани әңгімелер айтты. Алайда оның бәрін газет бетінде сыйдыру мүмкін болмағандықтан біз осы жерден тоқтауды жөн көрдік. Әңгіме соңында қария газет ұжымы мен оқырмандарына арнап былай деп бата берді:

«Көпке басшы көсем болыңдар,

Сөз сөйлеген шешен болыңдар.

Қауіп пенен қатерден

Әрқашан да есен болыңдар.

Ұлы сөзге ұста болыңдар,

Қыңыр сөзге қысқа болыңдар.

Еңбек етіп еліңе,

Халқыңа сондай нұсқа болыңдар.

Панасызға пана болыңдар,

Баласызға бала болыңдар.

Әділ шешер әр істе

Ақылы асқан дана болыңдар.

Аллаға азаншыл болыңдар,

Ағайынға қазаншыл болыңдар.

Халқыңа әділ болыңдар.

Судай таза болыңдар,

Болаттай берік болыңдар.

Өмірлерің ұзақты болсын,

Өзендерің суатты болсын.

Төрт құбылаң қуатты болсын,

Сөзің халыққа қуатты болсын!

Аллаһу әкбар!

Кейінгі жастарға өнегелі өсиетін айтып, ақ батасын беріп отыратын Қадірәлі ақсақал секілді қариялар көп болсын дейміз.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*