Әкем жайлы…

Бөлісу

Бүгін марқұм әкем Сұлтанның дүниеден озған күні. Әкем
Жағымпаздық пен жалғандыққа жаны қас еді.
Көзі тірі болғанда марқұм әкем биыл жетпіс жасқа толады екен-ау. Өзіңнен қапияда көз жазып қалғалы бері де сегіз жылдың жүзі зымырап өте шығыпты. Уақыт өткен сайын өзіңнің алдыңдағы перзенттік парызымды өтей алдым ба деген бір мазасыз ой жанымды жегідей жейді. Дүниедегі ең қиын нәрсе, ата-анаңа көзі тірісінде бір жақсылық жасай алмау екен. Осы жылдар аралығында мен осыны ұқтым. Ал әкем…
Әкем біздер үшін не істемеді? Күнмен бірге оянып, көк есегіне мініп, бидай, жүгері суғаруға кететін. Содан күн ұясына батып, әбден қас қарайып, көз байланған шақта оралады. Түскі тамаққа әкететіні жарты бөлке нан. Анамыз бір күн ауру, бір күн сау, аурушаң кісі еді. Ауруы бәсеңдеп, қабағы ашылған күндері кешкі ас әзір тұрады, ал төсекке таңылған шағында тамақ та дайын емес. Кейде анамның айтуымен кешкі тамаққа дайындықты енді бастап жатқан боламыз. Ұзақты күнге жарты нанды талғажау етіп келген әкем кешкі ас дайын тұрмағаны үшін бізге ешуақытта ұрсып көрмеген екен. Тіпті қабағын да шытпайтын. Шаршап, қарны ашып келгенін кіртиіп кеткен көзінен байқаймыз.
Анама жабысқан кесел сол күйінше кетпеді. Ал әкем анамның көңіліне сызат түсіретін сөз айтпады. Бірде балалықпен анамды ренжітіп алғаным бар. Сонда әкем оңашада: «Шешеңнің қалқиып көз алдарыңда отырғанына қуаныңдар. Бәрімізді тастап, кетіп қалса, не істер едік? Ендігәрі анаңды ренжітуші болма!» – деп ескерткені бар. Сол кезде ғана анамның дерті оңай емес екенін түсіндім.   
Әкемнің естен кетпейтін тағы бір қасиеті – ыдысындағы ет пен сүйекті, картопты балаларына беріп отыратыны еді. Біз өскен соң немерелеріне беретінді шығарды. «Өзіңіз жей берсеңізші, бар маңызын таратып, сылдыр су ішесіз бе?» десек, еш жауап қатпастан күліп қоя салатын. Балалық білместіктерімізге үн қатпайтын осынша мейірбан, оңайлықпен ашуланбайтын сабырлы әкеміз көкірек керген, тәкаппарлық танытып, кісімсінген мінезімізді байқаса, оңдырмайтын бірақ. Үлкенге сөз қайтарып, кішіге қиянат жасағанымызды көрсе, «сыбағамызды» беретін.
Әкем ұста болатын. Тамның төбесін жабу, пеш соғу сияқты жұмыстар болса, ауыл тұрғындары әкеме келеді. Әкем пәлсінбей барып, шаруаларына көмектесіп қайтады. Ол кезде мұндай жұмыстарға ақы төленбейтін бе еді, әкемнің сондай жұмыстардан үйге ақша әкелгенін көрмеппіз. «Коровникте» жұмыс істегенінде бір пысықай  кісі анама: «Сенің күйеуің ақымақ қой, жем-шөп қолында тұрғанда неге мал ұстап, көбейтпейсіңдер?» – деп ақыл айтыпты. Оны естіген әкем көршінің сөзін мақұлдамады да, қарсы сөз де айтпады. Үн-түнсіз қоя салды.
Айта берсем, әкем туралы естеліктер таусылмайды. Қарапайым тіршілік кешкеніне қарамастан әкем пайдасы үшін біреуге жағымпазданып, жалбақтауды білмепті. Біреулерге қол ұшын созса, оған ақы тілемей, шын жүректен жәрдемдесіпті. Өзін өтірік пен өсектен аулақ ұстапты, тіпті дастархан басында әкемнің артық сөйлегенін көрмеппіз. Заманы солай болған соң шығар, бес уақыт намаз оқыған  жоқ. Бірақ айт намаздардан қалмайтын.
Қазір ойлап отырсам, менің әкем тілімен, сыртқы әрекетімен емес, жан-жүрегімен, шын ықылас пейілімен  момын мұсылман болған жан екен. Егер бүгін біз кішкентай бір белеске шығып, жақсылықтарға жетсек, әкеміздің осы тақуалығының шарапатынан деп білемін. Әруағың пейіштің төрінде шалқысын, жан Әке! Сен біздің жүрегіміздесің мәңгілік.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*