Өмірге құштар өрік ағашы

Бөлісу

Үш-төрт жыл бұрын үйіміздің оң жағындағы бос жатқан жерді жас отбасы сатып алды. Бұрын саяжай болғандықтан мұндағы көп учаскелерде өсіп тұрған ағаштар бар. Жаңа көршілердің алған жерінде де екі түп өрік, бір түп жаздық алма жемісін беріп жайқалып тұратын. Ақпанның соңына қарай келген көршілер үй құрылысын бастаймыз деп трактормен жердің топырағын сүргізіп, бір жерге үйгізгенде, бір түп өрік ағашын тамырымен қопарып құлатып кетті. Жер ылғалы əлі кете қоймағандықтан шығар ағаш тамырына жабысқан топырақ түспестен сол күйі тұрып қалды. Сол азғана топырақтан нəр алды ма, көктем шығып өріктер гүлдегенде əлгі ағаш та құлап жатқанына қарамастан бүршік жарып, гүлдеді. Кейін жайқалып жапырақ жайды. Сол ағашты көрген сайын мен оның өмірге деген құштарлығына тəнті болатынмын. Күн ысығанда қурап кететінін ойласам көңіл күйім кəдімгідей түсіп, мазам қашады. Ана ағашқа обал ғой, қайта отырғызсаңдаршы дейін десем көршілердің қарасы көрінбейді. Кұйеуіме айтсам, біреудің ағашында нең бар деп сөйледі.
Бір күні қарасам əжептеуір түйін салыпты. Жапырақтарының арасынан көгеріп көрініп тұр. Оны көргенде піспей жатып, солатын болды-ау деп жаным ауырды. Бірақ ол оңайлықпен жан бермеді. Құлап жатса да, қатарынан қалмай көпке дейін жапырағы жайқалып тұрды.
Осы ағаштың өмір сүруге деген ұмтылысы мені көп ойға жетеледі. Ағашты тамырымен қопарып тастаған көршімді қарақан басының қамы үшін жазықсыз адамды жамандап, жүмысынан кеткенше тыным таппайтын опасызға, ал құлап жатып та гүл ашқан өрік ағашын ешқандай қызмет, атақ-даңқ қуаламай, қарапайым өмір кешіп жүріп-ақ айналасына мейірім шуағын шашатын жақсы адамға ұқсаттым.
Түйіндеген тағы бір ойым мынау: Біз кейде өмір жолымыздағы үп еткен желге жалп етіп құлап қаламыз. Өмір осы жерден тоқтап қалғандай қайғырып жəне оны айналамыздағыларға айтып, олардың да көңіл күйінің түсуіне себепші боламыз. Ағаш екеш ағаш та құладым екен деп қурап кетпей гүлдеп жатқанда, біздің бордай езілумізге жол болсын. Құласақ қайта тұра алатын шамамыз барда неге еңсемізді түсіруіміз керек? Алға ұмтылмаймыз ба? Тағдыр бізден не күтеді, соны жасамаймыз ба?
Айналамызға бір сəт көз салсақ  табиғаттан да тағлым алуға болады екен-ау. Тек оған уақыт бөлмейтініміз өкінішті. Əйтесе, талай сырға қанық болар ма едік, кім білсін?!

1 Comment

  1. Күшті екен шынымен, биологиялық кемшілігіне қарамай, орасан зор еңбек етіп жүрген бір құрбым бар.😘

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*