Бибігүл КАРДЕНОВА: «ЕНЕ БОЛУҒА БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ДАЙЫНДАЛДЫМ»

Бөлісу

«Харекет» орталығы мен «Пана Б» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті астаналық Бибігүл Карденова жақында келін түсіріп, үй ішінен үй тігіп, қуанышқа кенелді. Біз ол кісінің қуанышына ортақтасып, ене болу құпиясымен бөлістік. Айтуынша, Бибігүл ханым ене болуға бес жыл бойы дайындалыпты. Дайындық барысында ол кісі өзінің «Харекет» орталығында енелер мектебін ашып, тренингтер жүргізген.

«Аналардың бәрі бірдей ене болуға дайын бола бермейді, – деп бастады әңгімесін Бибігүл Лаубайқызы. – Өзімнің де келін түсіруге әлі дайын емес екенімді осыдан бес жыл бұрын білдім. Ол кезде ұлым жоғарғы оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген. Көңіл жарастырып жүрген қызы барын білетінмін. Сол қызбен телефонда жиі-жиі сөйлесетін. Кейде тамақтанып отырғанымызда қызы қоңырау шалар болса, ұлым дастархан басынан тұрып кетіп сөйлесіп келетін. Шынын айтқанда, бұл маған ұнамады. Ұлыма дұрыстап тамағыңды ішіп алмайсың ба деп сөйлейтінмін. Дипломдық жұмыс жазып жатқан кезі еді. Кейде қызымен видеозвонокпен сөйлесіп отырады. Онысын да жақтырмай сөйлейтінмін. «Дипломдық жұмысыңды жазбайсың ба? Саған қазір тыныштық керек. Түнде телефонмен сөйлескенше ұйықта», – деген сияқты әңгімелер айтып, ұлымның ойы бөлінгенін жақтырмай жүрдім. Содан ойлана келе менің бұл әрекетім аналық қызғаныш екенін түсіндім. Бұл барлық аналарда болатын нәрсе ма, әлде менде ғана солай ма түсінбедім. Бірақ уақытында өзіммен жұмыс жасап, кеудемді кернеген қызғаныштан арылуым керектігін түсіндім. Сөйтіп іштей ене болуға дайындала бастадым. Ол үшін ең алдымен келін түсіріп, қыз ұзатқан жасы үлкен апалармен әңгіме-дүкен құрып, үйлеріне барып, келіндерімен қарым-қатынасын көретінмін. Үйрену керек нәрселерді жадыма тоқыдым. Өзім ғана емес, келін түсіргелі жүрген әрбір ана осы мектептен өтуі керек деген оймен «Харекет» орталығынан «Енелер мектебін» ашып, тренингтер өткіздік. Сөйтіп жүргенімізде зымырап бес жылдың қалай өткенін де білмей қалыппыз.

Осы жылы қаңтар айының басында ұлым жүріп жүрген қызын үйге ертіп әкеліп таныстырды. Етімді асып, дастарханымды жайып, жылы қабақпен қарсы алдым. Кейін ұлым: «Қалай екен? Болашақ келініңіз ұнады ма?» деп сұрады. Оңтүстіктің қазақы, әдемі қызы екен. Маған қатты ұнады. Ұлыма: «Балам, «Екі жарты – бір бүтін» деген сөз бекер емес. Егер сен осы қызды өзіңнің жартың деп санасаң, мен үйленуіңе қарсы емеспін. Қыз маған ұнады», – дедім. Бірақ ол кезде ұлым тап биыл үйленеміз демеген еді. Кейін наурыз айы басталғанда үйленетінін айтты. Әкесімен ақылдасып, ұлымның шешіміне келістік. Бірақ карантин басталып кетіп, ол сәл кейінге шегерілді. Карантин ашылғасын құдалар той жасап ұзатып, біз той жасап қарсы алатын болған едік. Оған карантин ашылып, сәл өтпей қайта жабылды. Сол кезде өзім қатты ауырып қалдым. Ауырсақ өмірмен қоштаса бастайтын әдетіміз ғой, мен де ұлымды үйлендіріп, қызығын көре алмай кетем бе деп қорқа бастадым. Сонымен құдаларға қоңырау шалып: «Жақсылыққа асық деген емес пе, біз келінімізді алып қашу дәстүрімен түсірсек қалай қарайсыздар? Мына карантиннің ұзаққа созылатын түрі бар», – деп келісімін алып, келінімізді түсіріп алдық.

Келін түсірген күннің ертесіне Алматыда әрі әкем, әрі анам болған ағам өмірден озып, біз сол жаққа жол жүріп кеттік. Сонда бір апта жүріп, ағамның жетісін өткізіп келсек келінім халатын киіп, орамалын тағып келіндік қызметіне кірісіп кетіпті. Бізді көре сала иіліп сәлемін салды. Ағайын-туыстың келіндерінің сәлемін алып жүрміз ғой. Бірақ өз келінімнің сәлем салғанын алғаш рет көргенде тілмен айтып жеткізе алмайтын керемет бір сезімде болдым. Салиқалы бір күй кештім десем болады. Сөйтіп келінімнің маңдайынан сүйіп, аналық ақ батамды бердім. Одан кейін асүйге кіргенімде келінімнің «мам», – деп саңқ еткен үні жүрегімді дір еткізіп, мейірімімді оятты. Бес жылғы дайындығым текке кетпеген екен. Мен бойымдағы қызғанышымды жеңе алыппын. Есейіппін.

Негізі ұлын қызғану көпшілік аналарға тән бе деп ойлаймын. Себебі мұны енемнен де естігенмін. Ол кісі алғашқы кездерде мен не істесем де жақтырмайтын. Кейде ауыр сөйлеп, қытығыма тиетін.   Бірақ мен он жасымнан ата-анамнан айрылып мейірім аңсап өскендіктен ата-енемді туған әке-шешемдей жақсы көрдім. Енем қанша ұрысса да құшағына барып тығылатынмын. Сонда енем де ұрсып тұрғанын ұмытып, жылы сөйлеп қоя беретін. Кейін енем ауырып, төсек тартып жатып қалды. Сегіз-тоғыз жылдай өзім күтіп қарадым. Сонда енемнің: «Мен сені келін болмай тұрғаныңда түсімде көріп, қабыл алғанмын. Сені жанымдай жақсы көре тұра, ұлымды қызғандым. Себебі ол ата-апасының баласы болды, кейін әскерге кетіп, келгесін оқуға түсті. Ұлым жанымда болып мауқымды басып үлгермей сен келдің. Осылайша менің аналық сағынышым қызғанышқа ұласып кетті», – дегені бар».

Әр үйдің өз дәстүр-салты, ұстанатын ұстанымы, тәрбиесі әртүрлі. Оған қоса ата-анасының жанында бұлғақтап, ерке өскен ешбір қыз дайын келін болып түспейді. Оны өз үйінің ыңғайына қарай тәрбиелеу ененің еншісіндегі дүние. Бибігүл ханым өзінің келін тәрбиелеу тәжірибесімен де бөлісті.

«Отағасы Семейдің тумасы. Енем марқұм болған. Атамның көзі тірі. Ұлым үйленгесін батасын алсын деп келінім екеуін Семейге жібердім. Семейде келіндер халат киіп, орамал тақпайды. Ол жақта оңтүстіктегідей сәлем салу да жоқ. Мен өзім сәлем салмағаныммен жабық киініп, орамалымды тастаған емеспін. Келініме: «Ол жақтағылар ыңғайыңа қарай киіне бер, сәлем салмай-ақ қой» деп айтады. Бірақ сен келіндік әдебіңді ұмытпа. Халатың мен орамалыңды тастама, сәлеміңді де үзбе. Атаң азанда ерте тұрады. Сен одан бұрынырақ тұрып, ас-суын қамдап қой», – деп дайындап жібердім. Келінім барғасын қолы қалт еткенінде қоңырау шалып немесе уатсаппен күніге атасынан ерте тұрып, ботқасын әзірлеп қоятынын айтып жүрді.

Карантиннің кезі ғой. Бір күні келінім күні бойы көңілсіз жүрді. Мен оны түсіндім. Ұлым екі-үш жерде жұмыс істейді. Таңертең кеткеннен, қас қарая бір-ақ келеді. Сол күні түстенуге де келмеді. Терезеден қарағыштап, күтіп шаршады. Кешкісін ұлым келгенде дастарханды көңілсіз жайып, тамағын да көңілсіз берді. Ұлым не болды дейді. Сосын оған: «Балам, сен жұмыстан қолың босамайды. Келін күні бойы үйде. Келімді-кетімді адамдарды күтіп алып, үй шаруасын дөңгелетіп отыр. Оған сенің көңілің жетіспейді. Кешке қарай жұмыстарың шығып қалар болса, үйге келіп келінді әкет. Екеуің бірге жүріңдер. Киноға барасыңдар ма, ол жабық болса саябаққа апарасың ба, әйтеуір оған уақыт бөлуің керек. Мен оған қарсы болмаймын», – дедім. Сонымен екеуі кеткен. Саябаққа барыпты, велосипед теуіпті. Келінімнің қабағы ашылып, көңілі көтеріліп келіпті. Ертесіне өзіне оңашада: «Бұдан былай күйеуің жұмыстан шаршап келгенде қанша қиналып тұрсаң да ашық қабақпен қарсы алып, тамағын көңілді отырып бер. Өзіңді мазалаған нәрсені сосын айт. Тіпті ер адамды араластырмай-ақ әйелдер өзіміз шешетін мәселе болса, менімен ақылдас», – дедім. Сонымен мұндай нәрсе қайталанған жоқ.

Содан кейін ұнатпайтын нәрсем, ысырап. Әйел адам кез келген нәрсені ұқсата білуі керек. Жас қой, кейде етке жайған нан артылып қалса, самса әзірлеген қамырдан артылар болса, керек емес дейді ме екен, тастап жіберетінін байқадым. Сөйтіп артылған наннан көже кесіп қоюға болатынын, самсаның қамырынан, басқа нәрсе пісіре салуға болатынын өзім істеп көрсеттім. Осы күні оны да үйреніп алды. Тағы бір ұстанатын принципім, асүйге жалаңбас кірмеймін, сіңлім, әпкелерім, абысындар болсын үйге келе қалса асүйге орамал тартып кіргіземін. Қырық жасымда босанған қызым бар. Тіпті сол жеті жасар қызыма дейін асүйге кірерде басына тюрбан кигізіп қоямын. Себебі қазір шаш көп түсетін болғандықтан бұл ең алдымен тазалыққа жатады. Екіншіден, әйел адам үйде жүргенде орамал тағып жүргені жарасымды көрінеді.

Әйелдің уақытында есейгені жақсы. Байқап жүрем, кей әйелдер келінімен жағаласып тар, ашық-шашық киімдер киеді. Жас көрінгісі келеді. Бірақ оның жарасымды түгі де жоқ. Мен келін түсірмей тұрып-ақ етек-жеңі ұзын киім киіп, басыма орамал салып жүремін. Рас, жұмыс бабымен жүргенде жалаңбас жүремін. Бірақ көбіне орамал тағам. Келін түсіргеннен кейін мен оған өйтіп киін, бүйтіп киін деп ақыл айтқаным жоқ. Ол өзі-ақ менің киім киісіме, жүріс-тұрысыма қарап, киімін солай түзеп алды. Айтқым келгені, келінге болсын, қызыңа болсын, өйт-бүйт деп ақыл үйреткеннен гөрі оны өз ісіңмен көрсетсең, сол ұтымды болмақ. Жас өскін буын алдындағы әпке-апаларына, ағаларына қарап бой түзейді. Қазір кей қыз-келіншектер жабық киінеміз деп хиджапқа оранып алады ғой. Оны құптамаймын. Өзіміздің ұлттық киіміміз де ешкімнен кейін емес. Ұлттық киімдерімізді киіп, соны насихаттағанымыз дұрыс. Бұны әр адам өзінен бастауы керек. Мен өзіміздің қазақы нақышта киінгенді дұрыс көрем. Ою салдырмай-ақ әртүрлі түсті шапандар тіккізіп қойғанмын. Көйлектерімнің сыртынан сол шапандарымды киіп, Болат Атыраубаев, Нұрлан Жұмабаев деген зергерлердің күміс бұйымдарын тағып шығам көшеге. Келініме де сол кісілердің әшекей бұйымдарын, күміс білезігін әпергенмін. Бұрынғы кезде құдайы қонақтардың өзі күміс білезік тақпаған әйелдің қолынан ас ішпеген екен дейді. Ол ең алдымен тазалыққа жатады екен».

Бибігүл Лаубайқызының әңгімесін тыңдап отырып, ене болудың жауапкершілігін сезінгендей болдық. Бұл әңгіме келін түсіруге дайындалып жүрген аналарға сабақ болары анық.

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ. 

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*