Ләззат ҚАПЫШОВА: «ТҮРМЕГЕ ТҮНЕП, ЖЕТІМДЕР МЕН ҚАРТТАР ҮЙІН АРАЛАДЫМ»

Бөлісу

Ұзақ жылдар Қазақ теледидары мен радиосында қызмет атқарған белгілі журналист, «Сыр мен мұң», «Өмірдің өзі новелла», «Сырласу» кітаптарының авторы Ләззат Мейрамханқызы Қапышова асқаралы алпысқа келді. Мерейтой қарсаңында біз ол кісімен сұхбаттасып, ой бөліскен болатынбыз. Қазақ тілінің өркен жайып, мәдениетінің дамуына, қазақ жастарының тәрбиелі, иманды болып өсуіне елеулі үлес қосқан Ләззат Мейрамханқызын тыңдап отырып, біз ол кісінің бергенінен берері әлі де  көп екенін түсінгендей болдық.

– Ләззат апай, сұхбатымызды өзіңізді таныстырудан бастасақ…

– Мен бұрынғы Торғай облысы (қазіргі Қостанай), Амангелді ауылының тумасымын. 1937 жылы Қапыш атамды ұстап әкетіпті. Өйткені ол кісі аса бір бай болмаса да жоқ-жітіктен көмегін аямайтын, елге бас болған адам екен. Ерін ұстап, бес қанатты киіз үйін алып, қазанын төңкеріп кеткенде әжем бесікте жатқан менің әкем мен бес жасар қызы Раушанды құшақтап отырып қалыпты. Сөйтіп әкесінен бір жасында жетім қалған әкем жылап жүріп жетіліп, Алматыға оқуға түседі. Алайда денсаулығы болмай, елге қайтыпты. Әкем бала күнінен өлең жазып, журналист болсам деп армандаған екен. Өнерлі кісі болатын. Москвадағы дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысқан. Сол кездегі жастардың көбі өнерлі болды-ау деп ойлаймын. Себебі 1960 жылдары біздің Амангелді ауданында ғана емес, жер-жерлерде халық театрлары көптеп құрылған болатын. Халық театры деген түрлі мамандық иелерінен құралған театр. Әкем осы халық театрының режиссері болған. Бүгінгідей теледидар, радио, интернет жоқ кезде осы халық театрының әртістері ауыз әдебиетінен, жазушылардың шығармаларынан далада бортовой машинаның үстіне кілемді жайып жіберіп сахналап, спектакльдер көрсететін.

Үйден қонақ үзілмейтін. Бибігүл Төлегенова сияқты әртістердің үзіп берген алмасын жеп өстім деп мақтанышпен айта аламын. Театрға келген әртістердің бәрі біздің үйдің құрметті қонағы болатын. Анам сол кісілердің ас-суын әзірлеп, жақсы демалуына жағдай жасап, үйге келген қонағын құдайындай  күтетін қонақжай кісі еді. Менің қалыптасуыма әкемнің достары көп көмектесті. Мен бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың тәрбиесін алып, өнегесін көріп өстім десем де болады. Осындай ауыл-аймақтың адамдарының көмегін көп көргендіктен өзім де кейін қалаға келіп, жұмыс істеп жүргенімде ауылдан келген адамдардан көмегімді аяғаным жоқ. Оқуға түсеміз дегендерін оқуға түсуге, емделуге келгендерінің ем алып кетуіне, қандай шаруамен келмесін бәрін тындырып беруге атсалыстым.

– Журналистикаға қалай келдіңіз? Тап осы мамандықты таңдаудыңыздың сыры неде?

– Мен өзім Москвадағы өнер институтына түсем деп ойлағанмын. Бірақ әкем сен менің арманымды орындап, журналист болшы дегеннен кейін Алматыдағы ҚазМУ-ға оқуға түстім. Оқып жүріп қазақ теледидарында жұмыс жасадым. Жұмыс істеп жүріп біраз адамдардың сценариін жаздым. Сөйтіп Сағат Әшімбаевтың арқасында бірден «Балалар мен жасөспірімдер» редакциясына редактор болып шықтым. Сағат Әшімбаевтың қолдауымен балаларды кітап оқуға насихаттаушы едік. Ол үшін режиссермен келісе отырып, М. Әуезов академиялық театрының әртістері С. Майқанова, Н. Мышпаева, Ә. Кенжеев, Т. Тасыбекова, Ф. Шәріпова секілді аға-апалармен кітаптан спектакль сияқты ойнатып, үзінді көрсететінбіз. Осылай балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, әрі қарай толық нұсқасын кітаптан оқыңыздар деп,  насихаттадық. Сол кездерде балалардан толассыз хаттар келіп жататын. Содан кейін Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері Б. Есенәлі, Г. Қазақбаева, А. Нәбиевалармен де жақсы жұмыс жасадық. Мен редакторлық еткен осы бағдарлама кітап палатасы ұйымдастырған конкурста ақшалай сыйлыққа ие болды. Оны біз сол жердегі декоратор, режиссерлар мен әртістерге қылдай бөліп беретінбіз. Себебі бұл ұжымның еңбегі.  Балаларға арналған хабарлар болса да оны ауылдағы үлкен кісілер де көретін. Қазақ теледидары сол кезде бір ғана арна болғандықтан оны үлкен де, кіші де көріп, алғыстарын жаудырып отыратын. Осындай жақсы үрдісті жоғалтып алғанымыз өкінішті-ақ. Қазіргі жастар шетелге еліктеп, шоуларға кетті. Ал теледидар деген идеологияны, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді насихаттауы керек. Біздің өзімізде өзгені қызықтырып, өнеге боларлықтай дүниелер жетерлік.        

– Жасыратыны жоқ, қазіргі телерадиолардағы жеңіл-желпі күлкіге құрылған кей бағдарламаларға көпшіліктің көңілі тола бермейді. Қазір салмақты хабарлар аз. Бұның себебі не? Әлде басшылыққа байланысты ма?

– Оның себебі қазір идеология жоқ. Біз кезінде қазақ руханиятының қайраткері Камал Сейітжанұлы Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаевтардың қол астында жұмыс істедік. Ол кісілер керемет идеологтар еді. Балалар туралы бағдарламаларға «Қазақстан пионері» газетіне шыққан үлгілі балаларды насихаттауымыз керектігін айтатын. Эфирге шығатын хабарлар қатаң  сүзгіден өтуші еді. Бір жолы мен өз қызын зорлаған әке туралы бағдарлама әзірледім. Бірақ ол эфирден алынып тасталды. Себебі бұл насихат деді басшылар. Өз қызын да зорлауға болады екен ғой деген ой келеді адамдарға деп эфирге шығармады. Ал қазір қалай? Мұндай хабарлар барлық бұқаралық ақпарат құралдарында оп-оңай таратылып кете барады. Журналистер жаманат хабарды өздері таратып, оны кеңінен насихаттап жатқанын өздері де ұғып жатқан жоқ.

Біз тасадағы тағдырлар туралы салмақты хабарлар жасауға тырысушы едік. Мен «Әйелдер неге қылмысқа барады?» «Неге кісі өлтіреді?» «Неге ішкілікке салынады?» деген сұрақтарға жауап іздеп түрмеге түнеген, наркодиспансерге қонған кездерім болған. Қарттар үйі, жетімдер үйі, жындыханаларды араладым. Түрмеге барғанымда 80 жастағы әжейді самайдағы аппақ шашына қарамастан түрме қызметкерлерінің ақ қардың үстінде жалаң аяқ әкетіп бара жатқанын көріп, қылмыс жасағанымен бұл да адам ғой неге аяғына аяқ киім кигізбейсіңдер деп ара түскенім бар. Сол ападан не үшін отырғанын сұрағанымда кісі өлтіргенін айтты. «Күйеуім өмір бойы өлтірем деп қорқытып, соққыға жығатын. Ақырында оны өзім өлтірдім» деді әжей. СИЗО-да отырған он сегіз жасар қызды көрдім. Тобығына түсетін ұзын шашы күміс түстес болып ағарып кетіпті. Камераға кіріп барғанымда қап-қара жанары жарқ етіп, ызалана қарады. «Неге отырсың?» деген сұрағыма «Кісі өлтірдім!» деп ызалана жауап берді. Онымен тілдесу оңай болған жоқ. Айналасына өшіге қарап, әр сұрағыма ашулана жауап берді. Сондағы ұққаным, бойжеткен бір ұйғырдың үйінде пәтер жалдап тұрған екен. Үйдің қожайыны зорламақ болғанда ол ар-ожданын қорғаймын деп абайсызда өлтіріп қойған. Сот он екі жылға бас бостандығынан айырыпты. Наркодиспансердегі өмірді де көрдім. Есік-терезесі тұмшауланып бекітілген тура бір түрме дерсің. Осындай өмірде болып жатқан оқиғалар жайлы Қазақ радиосындағы  «Өмірдің өзі новелла» деген авторлық бағдарламамда айттық.

Жетім балалар туралы бағдарламаларымыз да болатын. Менің сол бағдарламаларымды тыңдап жүрген бір кісі Америкада шетелден бала асырап алатын мыңға тарта агенсттік барын айтып, менімен хабарласты. Сол агентттіктермен сөйлесіп жүріп, менің жол ақымның бәрін солар өздері көтеріп, 2000-шы жылдары Америкаға бардым. Мақсатым шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының жай-күйін өз көзіммен көріп, зерттеу. Менің бұл сапарымды сол кездегі сенат депутаты Жандар Кәрібаев, Жоғарғы Сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев деген азаматтар қолдап, көп көмектесті. Сондағы анықтағаным, шетелдіктер жетім балаларды асырау үшін үкіметке  небәрі 45 теңге госпошлина төлеп, алып кеткен. Балалар үйіне құны 8 мың доллар тұратын кір жуғыш машина әпереді екен. Біздегілер соған мәз болған. Бұл агенсттіктер бұрын африкалық балаларды асырап алатын болған. Кейін Қазақстаннан алатын болыпты. Себебі қазақ балалардың қаны таза, өте дарынды, қабілетті  келеді екен.

 Америкада жүргенімде қазақ баланы асырап алған конгресменмен кездестім. Ол бала асырап алу үшін интернет қарап отырғанында Ресейде бір балалар үйінің жабылып жатқанын көреді. Екі-ақ бала, бір қазақ, бір орыс бала қалған екен. Қазақ баланың есімі Арман екен. Сол баланы асырап алады. Осы баланың әке-шешесі кім екен деп зерттегенімде атасы бір облыстың басшысы болғанын білдім. Оның кім екені өлсем өзіммен бірге кететін құпия. Осындай журналистік зерттеулер жүргізіп жүріп мен қарттар үйінде, балалар үйінде көп болдым. Сонда байқағаным, тәп-тәуір қызметте істейтін, бақуат отбасыларда қартайған ата-анасын қарттар үйіне өткізетіндер көп екенін көрдім. Жетімдер үйіне баласын өткізетіндер де күнін көре алмай жүргендер емес, ел алдында жүрген кей азаматтардың қыздары екенін көзім көрді.

– Сұмдық екен. Ақша мен атақтың адамдықтан алыстатын да кезі болады дейсіз ғой.

– Солай. Өз басым ешуақытта оларға қызыққан адам емеспін. Атақ қуғаным жоқ. Бар арманым қызметімді, өзіме жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқару болды. Арманыма жеттім, қазақ мәдениетінің дамуына, жасөспірім балалардың тәрбиесіне мен де белгілі бір деңгейде өз үлесімді қостым деп ойлаймын. «Сыр мен мұң», «Өмірдің өзі новелла», «Сырласу», «Ізбасар» бағдарламаларынан бөлек, Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздерін тұрақты түрде оқып отыратын «Атымды адам қойған соң», «Істің көзін тапсаң» деген мамандықтарын мақтаныш ететін бағдарламаларымыз болды. Үлгілі отбасыларды насихаттайтын «Біз екеуміз» деген бағдарламамыз бар еді. Фариза Оңғарсыновамен бірнеше облыстарды араладық. Фариза апам «Сырласу» хабарына «Ана мен ақын» деген цикл қосуыма себеп болған. Сосын кей жастардың көптеген жазушыларды білмейтінін білдім. Рахымжан Отарбаевты білмейді екен көп жастар. Көп іздеп, ол кісіні тауып, студиямызға шақырып, бірнеше хабарлар жасадық. Сосын жамбылдық мықты ақын Науша Қашағановтың «Хат жазып тұр» деген өлеңі бар. Оған ән де жазылған. Осы әнмен басталатын «Хат жазып тұр» деген бағдарлама аштық. Осы хабарлама арқылы біз ренжіскен достар мен жақын туыстардың татуласуына себеп болғанымыз бар. Бұл хабарды Гүлшат Тәкежанова жүргізді. Оның даусы әуезді, сазды болатын. Хаттарды әдемі оқушы еді. Әр хаттан кейін ойлы әндер беріп отыратынбыз. Осылайша ұзын ырғасы 75 бағдарламаның идея авторымын. Әрине, мұның бәрін мен өзім жүргізгенім жоқ. Қыз-жігіттерге тапсырдық. Бағдарламалардың әр хабарына «Көршіңізбен татусыз ба?» «Біз қайда барамыз?»  деген сияқты түрлі-түрлі тақырыптар қоюшы едік.

Он жыл әдеби-саз редакциясын басқардым. Менің алдымда К. Дүйсекеев, І. Жақанов секілді ағаларымыз басқарған. 

– Солтүстіктің қызы болғаныңызбен Оңтүстікке де сапар шегіп, жақсы бағдарламалар түсіріпсіз. Осы жайында әңгімелеп берсеңіз…

– Иә. Оңтүстікке баруыма белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі түрткі болған. Алғаш рет 1995 жылы барып «Сырласу» атты бағдарламаға әйел аналардың өмірінен бірнеше хабарлар жасадық. Іссапарымда Күлия Айдарбекова, Фатима Қадырбаева, Дәметер Тұрарқызы, Оразкүл Асанғазы т.б. жақсы адамдармен жолығып, сұхбаттас болдық. Соның ішінде ерекше есімде қалғаны, Шымкент қалалық сүт заводының басшысы Дәметер Тұрарқызы. Шымкентте қанша әкім ауысса да, сүт заводының директоры ауыспайды дегенді естіп, ол кісімен танысқым келді. Барғанымда директордың үстінде фуфайка, аяғында резіңке етік, басына орамал тағып өңшең жұмысшы әйелдердің арасында өзі де бірге жұмыс істеп жүргенін көрдім. Сонда білдім, ол кісінің қанша әкім ауысса да неге ауыспайтынын. Қол астындағы жұмысшыларымен бірге жұмыс істеп, бірге тамақтанып, бірге күліп, бірге мұңаятын іскер басшыны орнынан алып тастауға кімнің дәті бара қойсын?! Оңтүстіктің осындай игі жақсыларымен танысып, бірге жұмыс жасауыма мұрындық болған Қалдыбек Құрманәліге дән ризамын. Бірақ осыны өзіне әлі күнге айта алмай келемін. Алматыда бір ауданда тұрсақ та, оған алғысымды айтып, бір шайға шақырмағаным Астанаға көшіп барғанымда есіме түсті. Онда да Қалдыбектің елге баратынын жазған мақаласын оқығаннан кейін. Сөйтіп түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықтым. Ертесіне таңертең ерте тұрып, қазанға қазы-қартамды салып, ет асып, бауырсағымды пісіріп, салаттарымды жасап, жұмысқа барсам,  Қалдыбек қасында жары, т.б. кісілер бар ҚазМедиада тұр. Ертеңгі сағат тоғызда. Іздегенім алдымнан шыққанына қуанып, ет жейсің бе сұрасам, жеймін деді. Дереу дастарханымды жайып жіберіп, тамаққа шақырдым. Дастархан басында ол: «Сен ет жейсің бе дегенде Астанаға келіп, крышасы кетейін деген екен», – деп ойладым дейді. Айтайын дегенім, біз адамдар ұмытшақпыз ғой. Өзімізге көмегі тиген адамдардың жақсылығын тез ұмытамыз, алғысымызды да уақытында айта бермейміз. Менің таң атқанша ұйықтай алмай, Қалдыбекке бір шай бере алмадым деген өкінішімді Құдайдың өзі ескеріп, ертесіне ертемен жұмыста кездестіруім тегін емес деп ойлаймын. Жақсылық Алладан десек те, соған себепкер болған адамдарды ұмытпауымыз керек.  

– Дұрыс айтасыз. Бұл әңгімеңіздің оқырмандарымызға сабақ болары анық. Өмірде тылсым жайттар да кездесіп жататыны бар. Мұндай оқиға сіздің де басыңыздан өткенінен хабардармыз. Оқырмандарымызбен бөліскіңіз келмей ме?

– Иә, адам сенбес тылсым жайттар да болып жатады өмірде. Кейде түсіңде көргенің өмірде қайталанады. Мен өзім Маңғыстауды түсімде көріп барып, Бекет ата туралы хабар түсірдім. Әр он күн сайын барып бағдарлама әзірлеген кездерім де болды. Сонда бір мұғалім әйелді бағдарламаға түсіріп, кейін бір үйде қонақта болдық. Сол жерде маған жасы сексендерге келіп қалған бір апа: «Біз Мыңкісі деген әулиенің ұрпағы боламыз. Мыңкісі атамыздың әкесі Бекет атамыз таудың тастарын қашап мешіт салып жатқанында құрылысшылардың қатарында болған кісі екен. Ол кісінің тірлігіне риза болған Бекет ата: «Қандай тілегіңіз бар? Алладан жәрдем сұрап берейін» дегенінде атамыз: «Жасым ұлғайып, тілегім орындалатын уақыттан өтіп кетті ғой», – деп бір перзентке зар екенін айтып, мұңын шағыпты. Сонда Бекет атамыз: «Уақыты өткен жоқ. Құдайдың құдіретімен мың кісіге татитын бір ұлды боласың», – деп батасын беріпті. Содан Мыңкісі әкеміз дүниеге келіп, оның ұрпақтарының бірі Кіпия деген әжеміз сынықшы болыпты. Сол Кіпия әжем түсіме кіріп, сенің тегін адам емес екеніңді айтып, мына сақинаны саған сыйлауым керектігін айтты», – деп саусағыма сақина салды. Сол сақинаны бірде жоғалтып алып, бүкіл бриллиантымды жоғалтсам да, аянмен берілген сақинаны сақтап қалуым керек еді дегенім бар. Сонда шынымен брилианттарым жоғалып кетіп, төрт жылдан кейін сақинам табылды. Содан кейін сол сақинам саусағымнан түскен емес. Оны көрген жұрт адайдың қызысың ба деп сұрайды менен. Адайдың қызы емеспін, бірақ бұл тылсыммен келген дүние. Осындай тағы біраз жайттар болған. Бірақ оның бәрін жариялай бергім келмейді.

– «Әйел құпиясы» газетінің оқырмандарына не айтар едіңіз?

– Жоғарыдағы әңгімемнің бәрін мақтан үшін емес, өзімізден кейінгілерге ой сала ма, сабақ бола ма деген оймен айттым. Журналистикада бәрін көзбен көріп, өзің сезініп жазғанға жетпейді. Ел алдына шығып жүрген адамдардың әнші, әртіс немесе басқа да қызметтегі адамдардың жеке өмірі, бақыты мен бақытсыздығын, қайғысы мен мұңын жұрт алдына жариялауына қарсымын. Әсіресе, әншілердің екінші, үшінші рет күйеуге шығуы, жасы келген қарт адамның немересіндей қызға үйленуі де маған сондай жат болып көрінеді. Мен өзім еріммен бақытты өмір кештім деп айта алмаймын. Үйімнің керегесін өзім керіп, шегесін өзім қақтым өмір бойы. Бірақ оны ешкімге міндетсіген де, бақытым мен қайғымды жариялаған да емеспін. Жеке өмірім, отбасылық бақытым, мұңым, бәрі құпия. Меніңше, әйел адамның көпшіліктің назарынан тыс ұстайтын өз құпиясы болуы керек. Тағы бір айтарым, ауылды қатты сағынамын. Ауылда туып, ауылда өстік. Осыдан отыз жыл бұрын шешем ауырып, бар жұмысымды тастап, ауылға барып қарайласқанмын. Сол кездегі сиыр сауып, май шайқап, қазан-ошаққа ас әзірлеген күндерімді қатты сағынып жүрмін. Ауылда тұруға мүмкіндігі бар адамдар ауылдан қашпауы керек. Береке ауылда дер едім. Қазіргідей індет жайлап, адамзат баласы өмір мен өлім арасында қорқынышпен тіршілік кешіп жатқан шағында ауылдың таза ауасын жұтып, таза тамағын тұтынғанға ештеңе де жетпейді. Ел-жұртымыз осы індеттен аман шықсын деп тілеймін.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

P.S. Ләззат Қапышова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетін бітірген. Торғай облысының Амангелді аудандық «Таң шұғыласы» газетінде, республикалық телерадио мемлекеттік комитетінде администратор, режиссердің көмекшісі, бағдарлама бөлімінің редакторы болып қызметтер атқарған. Қазақ теледидарының «Балалар мен жастар» редакциясында «Кел, балалар оқылық!» «Ізбасар» хабарларының жүргізушісі, редакторы, қоғамдық саяси бас редакциясында әйел-аналарға арналған «Сырласу» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, әрі редакторы, ҚРТРҚ, «Астана» студиясының редактор-коментаторы, «Отандастар», «Көзқарас», «Жанарынан үзілген балапан жас» хабарларының авторы әрі жүргізушісі, «Астана» студиясының продюсер-редакторы, «Болашақ бүгіннен басталады», «Қазақстанда жасалған», «Замандас», «Атамекен» хабарларының авторы, әрі жүргізушісі, Қазақ радиосында «Қайырлы таң, Қазақ ЕЛІ!» таңғы бағдарламалар редакциясының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Журналистер Одағының лауреаты, мәдениет қайраткері.     

Г. ӘШІРБЕКОВА.                         

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*