Қуат АХМЕТЖАНОВ: «АРМАНЫМ ТЫҢДАРМАНДАРҒА САПАЛЫ ДҮНИЕ ҰСЫНУ»

Бөлісу

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен уатсапта журналист, диктор, аудиокітап жасаушы, алтын дауыс иегері Қуат Ахметжановтың жазған дүниелері көп таралып жүр. Үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығып, жүрегінен орын алып жатқан аудиокітаптардың авторымен өткен аптада сұхбаттасқан едік.

Қуат, алдымен өзіңізді таныстырып өтсек. Қай жердің тумасысыз? Қай жерде білім алдыңыз? Еңбек жолыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз…

– 1983 жылы, 14-шілдеде Семей қаласы, Жарма ауданы, Қалбатау селосында дүниеге келдім. Семейде 5-сыныпқа дейін оқып ары қарай Әди ауылында атам мен апамның қолында өсіп білім алдым. Мектепті бітірген соң Семейдегі сервис колледжге түстім, педагогикалық институт пен Шәкәрім атындағы университетті тәмәмдадым. Мамандықтарым: сурет пен сызу мұғалімі және журналист. Қазір КазАТК-да магистратурада екінші курста оқып жүрмін мамандығым: экономист. Еңбек жолымды 2003 жылы 20 жасымда «Хабар» агенттігінің дубляж бөлімінің актері ретінде бастадым. Ең бірінші дыбыстаған корей сериалы Ва-банк.  2005 жылдан Семей қаласында жергілікті ТВК-6 арнасында жаңалықтар жүргізуші, 2006 жылдан бастап ұлттық арнаның Семей қаласындағы филиалында «Қайырлы таң» бағдарламасын жүргіздім. 2010 жылы Алматыға көшіп кеттім. Онда «Хабар» арнасына қайта оралып, «Таразы» бағдарламасын жүргіздім. Кейін жаңалықтарының дикторы болдым. Қазір Ұлттық арнаның анонстар бөлімінде ресми дауысымын.

Сіздің оқыған дүниелер әлеуметтік желілерде, уатсапта бірден бірге өтіп тез таралып кетеді. Бұл сіздің тыңдарманның жүрегін баурап алар даусыңыз бен таңдап алған дүниелеріңіздің құндылығына да байланысты болса керек. Оқитын кітаптарыңызды өзіңіз таңдайсыз ба? 

– Иә, өзім таңдаймын. Әлеуметтік желілер мен уатсапқа ақын-жазушылардан шығармамды оқып берші деген өтініштер келіп жатады. Бірақ шығарма көңілімнен шықпаса оқи алмаймын. Әрине, кісінің көңілін қимай оқи беруге болады. Бірақ ол дүние шынайы, жақсы шықпайды. Кейде сөзін жерге тастамай оқып беремін. Бірақ оны әлеуметтік желілерге салмай, тек өзіне жіберемін. Көбіне оқитын дүниемді өзім қарап, ізденіп табамын. Біреулер жіберіп жатады өзіне ұнаған дүниесін. Алайда олардың авторлары жазылмай белгісіз болып, содан қиындықтар пайда болады. Мен шабыттанып тұрсам тезірек оқып, желілерге салуды жөн көремін. Себебі маған ұнаған шығарманы өзгелер де тыңдасыншы деп ойлаймын. Авторын таба алмаған кезде интернеттен алынған деп жазып қоямын.  

Мәнерлеп оқуға бұрыннан қызығасыз ба?

– Мәнерлеп оқуға бала кезден қызығамын. Бала күнімде пластинкалардан ертегілер тыңдайтынмын. Сөйтіп мен де осылай оқысам ғой деп армандаушы ем. Кішкентай кезімнен кітапты дауыстап оқитынмын. Ішімнен оқи алмаймын. Мектепте сабақ үстінде кезектесіп кітап оқытушы еді. Сондайда жанымды салып, мәнерлеп оқитынмын. Диалогтар құрып оқитынмын. Үйде де солай ететінмін. Кейін университетке түскенде концерттер жүргізе бастадым. Одан кейін радиоға шақырды. Сөйтіп ақырындап тәжірибе жинап, дубляжға түсіп, бала кездегі арманым есейген шағымда орындалды. Осылайша өзімнің жұмысымнан ләззат аламын. Хоббиім өзіме табыс әкеледі.

Фатима Забурақызының «Тасжүрек» деген әңгімесін оқыдыңыз. Бұл шығарма сізге қалай әсер етті? Тыңдармандарыңыздың лебізі қалай болды?

– Фатима Забурақызының әңгімесі маған уатсап арқылы келді. Бірақ авторы жазылған жоқ. Оқып шығып, қатты әсер алдым. Содан кейін фейсбук әлеуметтік желісіне салып, авторын тауып беріңіздерші деп жаздым. Бір ақын қарындасым авторын да, телефон номерін де тауып берді. Содан кейін ол кісінің жекесіне шығып, әңгімесін оқуға рұқсат сұрадым. Ол кісінің рұқсатын алған соң әңгімені оқып, жазып шықтым. Әңгіме 45 минутқа шықты. Оны беске бөліп, желілерге салдым. Бірақ таспаға жазбас бұрын он рет оқып шықтым. Кейін жазар кезде көңілім босап, қазақтың қандай қиын күндер кешкені көз алдымнан өтіп, жүрегім қарс айрылды. Сол заманға түсіп кеткендей әсерде болдым. Әңгімедегі әкесімен кездесіп қалған кезіндегі диалог… Жалпы, шығарманы жан дүнием тебіреніп жылап оқыған сияқты болдым. Жазып отырып тоқтатып қойып, таза ауада тыныстап келемін. Қайта жалғастырып оқиын десем көңілім босап, қайтадан тысқа шығып, серуендеп келіп оқып, жазып бітірдім. Басында 45 минут оқып, бір жазып шыққанмын. Алайда ол өзіме ұнаған жоқ. Оны жойып, кейін қайта оқыдым. Әлеуметтік желіге салып едім, бірінен біріне өтіп, тез таралып кетті. Пікірлер де өте көп болды. «Тасжүрек» менің оқыған ең ұзақ аудиокітабым.         

Аудиокітаптар оқу бізде енді-енді қолға алынып келе жатқан дүние. Болашағы қалай болады деп ойлайсыз?

– Аудиокітап жазуды осыдан он бес жыл бұрын армандағанмын. Бірақ ол кезде мен оқуға дайын болған жоқпын. Бірақ сол кезден бастап кітап оқысам, осының аудиокітабы қалай болар екен деп ойлайтынмын. Сөйтіп сол кездің өзінен-ақ жарнамалар, деректі фильмдер оқып, тәжірибе жинақтап дайындалдым. Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын оқыдым. Ол кісінің әңгімелері маған көп тәжірибе берді. Содан көп нәрселерді үйрендім. Менің аудиокітабымның бір ерекшелігі ар жағында құр фон ғана емес, кино сияқты дыбысы болуы керек. Ат шауып бара жатса аттың, ит үрсе иттің, біреулер төбелесіп жатса, оның дауыстары шығып тұруы керек. Яғни адам аудиокітапты тыңдап отырып, кино көріп отырғандай әсерде болуы керек. Сондай мақсатым бар. Алдағы уақытта осындай сапалы дүние жасағым келеді. Әрине, бұл көп уақытты алатынын түсінем. Бірақ тыңыдармандарға кейін сапалы дүние беру керек. Аудиокітаптың болашағы бар. Шетелдерде сағаттап, көп тыңдайды. Ресейде де солай. Бізде әлі жоқ. Бірең-сараң адамдар ғана тыңдап отыруы мүмкін. Бірақ көбі әлі біле бермейді. Енді-енді ғана таралып келе жатыр. Кеше карантиннің уақытында адамдар үйден шықпай оқшауланған кезде ғана желіге қосыла бастады. Карантиннің бір пайдасы осында, адамдар әлеуметтік желідегі парақшаларыма жазылып, аудиокітаптарды тыңдай бастады. Енді қазір қысқа ғана беріп жүрмін. Өйткені адамдар көп тыңдауға шыдамайды. Уақыттары жоқ. 3-5 әрі кетсе 7 минуттық қана шығармаларды оқып жүрмін. Осылайша ақырындап адамдарды кітап оқуға да, аудиокітаптарды тыңдауға да баулуға болады деп ойлаймын. Ол енді алдағы уақыттың еншісінде. Біз қазір осыған адамдар дайындап жатырмыз.   

«Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығатын кітаптарды да оқып жүрсіз. Бұл кітаптармен қашаннан таныссыз? Несімен қызықтырды?

– «Отбасы хрестоматиясының» кітаптарымен әлеуметтік желілер арқылы таныспын. Телеграмм каналдары бар екен. Сол жерден оқитынмын. Салт-дәстүр туралы оқып жүргенімде маған жекеме «Отбасы хрестоматиясын» неге оқымайсыз?» деп көп адамдар хабарласты. Сөйтіп агенттерінің телефон нөмірлерін берді. Хабарласқанымда олар: «Мынадай үлкен жұмыс жасап жүр екенсіз. Халқыңызға еңбегіңіз сіңе берсін. Сізден ақша алмаймыз, тегін-ақ берейік», – деп үлкен азаматтық танытып, кітаптарын тегін берді. Содан бері осы кітаптардан да көп дүниелер, салт-дәстүр, аңыз әңгімелер, ырым-тиымдар жайлы алып оқып жүрмін. Бұл кітаптарда өте қызықты, құнды дүниелер көп. Айталық, бала кезден естіп өскен үйдің ішінде ысқырма, табалдырықта тұрма, саусағыңды шошайтпа деген сықылды ырым-тиымдардың қалай пайда болғанын қарапайым тілмен жеткізіп береді. Осы кітаптардан көкейдегі көп сұрақтардың жауабын алуға болады.   

Тыңдармандарды қандай тақырыптар қызықтырады?

– Тыңдармандарды әртүрлі тақырыптар қызықтырады. Көбінесе салт-дәстүр, ұмыт болған дәстүрлер, ырым-тиымдардың қайдан пайда болғаны, аңыз әңгімелер, батырлар туралы мағлұматтар қызықтырады. Осы жайлы көп тыңдап, кеңінен таратып жатыр.

Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз қандай?

– Алдағы уақытта бір сайт ашып, соның ішіне жиналған материалдарымның бәрін салсам ба деймін. Содан кейін телефонға арнайы қосымша жасасам ба деп ойлаймын. Ол жерге кез келген адам кіріп, өзіне керегін тауып ала алар еді. Қазір әлеуметтік желілерде, инстаграмда бәрі бір-бірімен қабаттасып кеткен. Ал сайтта болса салт-дәстүр бөлек, аңыз әңгімелер бөлек, батырлар туралы өз алдына бір бөлек, әңгімелер мен тарих та бөлек-бөлек, жеке-жеке тұрар еді. Содан кейін көлемі бір, бір жарым, екі сағаттық болатындай ұзақ-ұзақ аудиокітаптар оқысам деймін. Жоспарларым өте көп. Оның бәрін жүзеге асыру уақыттың еншісінде.

– Жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспіз! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рақмет!

– Сіздерге де рақмет!  

Г. ӘШІРБЕКОВА.

1 Comment

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*