БАЛАЛЫҚТАН ДАРАЛЫҚҚА

Бөлісу

Кешегі аптада Түркістанда, Шымкентте, Созақ ауданында «Отбасы хрестоматиясы» сериясының кезекті өнімі «Мың сұрақ» кітабының презентациясы және осы жобаның жұмысымен таныстыру кеші болып өтті. Кеште кітап авторлары әрбір ата-ананың көкейінде жүрген «баламды смартфоннан қалай ажыратам?» «қайтсем балама дұрыс тәрбие мен білім беремін?» «балам өзімнен асып түсіп, үлкен жетістіктерге жетуі үшін не істеуім керек?» деген сынды сұрақтарына жауап берді.

Жалпы, бұл жобаға «Отбасы хрестоматиясы» деген атау берген тележүргізуші Бейсен Құранбек екен. Ол кісі шығарған кітаптарың әрбір отбасының төрінде тұратын, әрбір адамның қолынан түспейтін кітап болуы керек дегенде, жақсы ниетпен қатар, авторларға үлкен жауапкершілік те артқан сыңайлы. Айта кететін нәрсе, «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығып жатқан кітаптар командалық жұмыстың нәтижесі. Жобаның жетекшісі – Санжар Керімбай.

Алаш зиялыларын зиялы еткен қандай білім?

 Алғашқы кітап шыққаннан ыстығына күйіп, суығына төзіп жүрген авторлардың бірі, дінтанушы магистр Әділбек Нәби (суретте) елге рухани азық болатын қандай дүние ұсынуға болады деп ойлана келе, авторлардың  алаш зиялыларының өмірін зерттегенін айтты. Сөйтіп бір ғана ғылыммен шектеліп қалмай, қатарынан бірнеше ғылымды игеріп, оны хатқа түсіріп, артында өшпес із қалдырған кешегі Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек аталарымыз жасында немен сусындап, қандай білім алды деп іздестіргенде бәрінің де сауатын ауыл молдасынан ашқанын біледі. Сөйтіп ауыл молдасы не үйретті екен деп зерттесе «Қисса сүл-әнбия», «Сияр шәріп» сынды кешегі кеңестік дәуірде отқа өртеніп, күлге айналған кітаптардағы аңыз-қиссаларды жаттап өскенін біледі. Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ баласын ертегі, жыр, аңыз-қиссалармен сусындатып өсіргені рас. Енді осылардың пайдасы не дегенде ғалымдар бұлардың қай-қайсысы болса да баланың қиялын дамытып, ғылымға құштарлығын оятатынын анықтаған. Баласына құндақтаулы күнінен бесік жырын айтып, сәл өсе келе ертегі тыңдатып, кейін аңыз-қиссалармен сусындатқан тек қазақ емес. Бұл көптеген елдерде бар тәжірибе. Мысалы, Германияда ағайынды Гриммдердің ертегілері шыққаннан кейін бір ғасырдан соң елде ғылым алға қарыштап дамыған екен. Осындай деректерді көптеп кездестірген «Отбасы хрестоматиясы» қорының жігіттері арысы Түркия асып, берісі ел ішіндегі көнекөз қариялардың есінде қалған қиссаларды жазып алып, сандықтарының түбінде тығып ұстаған тозығы жеткен ескі кітаптарды ақтарып құндылықтарды жинақтай жүріп «Әлдиден эпосқа дейін» деген кітап шығарады. Оған бесік жырынан бастап, санамақ, жаңылтпаш, аңыз-қиссалар мен эпостық жырларды кіргізеді. Бесік жырының несі таңсық, оны бұрыннан білеміз ғой дерсіз, бәлкім. Совет үкіметі кезінде бесік жырының баланың қиялын дамытатын тұстарын қиып алып тастаған екен. Бесік жырының тек сыртқы формасы қалғаны болмаса, ішкі мазмұны түгелдей өзгеріске ұшыраған. Аталған кітапта Совет үкіметі орнағанға дейінгі замандағы бесік жырлары енгізілген.  Содан кейін  «ақты төкпе», «көкті жұлма», «табалдырықты баспа», «бүйіріңді таянба» деген сияқты тыйымдарды бәріміз естіп өстік. «Неге?» деген сұрағымызға ата-анамыздан «сол, жаман болады» деген жауап еститінбіз.  Жобаның екінші кітабы «Салт-дәстүр сөйлейдіде» осындай тыйымдардың неден шыққанын аңыз-қиссалармен тарқатып айтып береді. Қысқасы, бұл жігіттердің шығарған тоғыз кітабы да оқырманын хикмет ілімімен, яғни даналықпен сусындатады.

Қуыскеуде деп кімді айтамыз?

«Енді мына қызыққа қараңыз, әйелдердің 98 пайызы баласын жұбатқанда инстинкті түрде сол жағына алады екен. Неге? – деп сұрады кітап авторларының бірі,  психолог Сейілбек Мырзабай отырғандардан. Сөйтіп оны зерттеген ғалымдардың жасаған тұжырымын былайша әңгімеледі: – Жарық дүниенің есігін ашқанда баланың санасында қандай әлемге келдім, бұл жер маған қауіпті емес пе деген қорқыныш пайда болады екен. Жылап жатқан баланы анасы өзі де байқамастан сол жағына ұстап көтереді. Анасының жүрек лүпілін естігенде баланың қорқынышы сейіліп, жылауын қояды. Бір қызығы, адам өскен кезінде де осы қорқынышы сейілмей көңілін алаңдатып тұрады. Яғни адамды қаласын, қаламасын, кімдермен бірге жүргенде, кімдермен дос болғанда, кімдермен бірге тізе қосып тірлік істегенде қауіпсіз болам деген қорқыныш бейсаналы түрде мазалайды екен. Бірақ ересек адам «мен қорқып жатырмын» деп бала күніндегідей анасының құшағына тығыла алмайды ғой. Енді не істеуі керек? Құшақтасып амандасатын жақсы салтымыз бар. Бірақ ғалымдар адамның көңілін, аурасын мейірім-шапағатқа толтырып тұратын нәрсе – оның ішкі дүниесі дейді. Ол қалай болады дегенде кім көкірегіне қанша құндылық сіңіретін болса, ол сөйлемесе де сонша мейірімді, ақжүрек жан екені көрініп, білініп тұрады. Мұндайды қазақ «түсі игіден түңілме» деген. Жылы жүзді, мейірімді адаммен кез-келген адам дос болсам, аралассам деп ұмтылып тұрады. Осыған байланысты мамандар мектепке сөйлеу мәдениеті деген пәнді енгізу керек деген ұсыныс айтып жатыр. Бірақ сөйлеу мәдениеті деген тақпақтатып, мақалдатып сөйлеу емес. Адам бала күнінен бесік жыры, ертегі тыңдап, аңыз-қисса, жыр-дастан жаттап кеудесі байыған кезде жүзінен нұры төгіліп, жүрегінде мейірім-шапағаты күшейіп, сөйлесе тілінен бал тамады екен. Яғни балаға кішкентай күнінен адам түгілі жан-жануарға, өсімдік пен ағаштарға зияны тимесін, қиянаты болмасын, зәбір көрсетпесін деген нәрселерді сіңірген кезде ол жасампаз әрі мейірбан болып шыға келеді. Осы жерде ата-аналар: «Біз балаға білім бермей жатқан жоқ емеспіз. Өзіміз ішіп-жеп, киінбесек те, балаларымызды неше түрлі курстарға жазғызып, репетиторлар жалдап, білімнің неше түрін игеруіне қолымыздан келген бар жағдайды жасап жатырмыз», – деуі мүмкін. Бұған ғалымдар: «Сіздің оқы деп жатқан математика, химия, физика, шет тілі деген сияқты пәндердің бәрі «средства» жай құрал ғана. Яғни  ағаш шеберлері ағаш өнерін, тоқымашылар тоқыма тоқуды үйренгені сияқты нәрсе. Ал негізгі білім деп біз құндылықтарды айтамыз. Жалпы, білім құрал және құндылық болып бөлінеді. Бұдан шығатын қорытынды, мектептің міндеті: пәндерді оқыту, ал ата-ананың міндеті: балаға құндылықтарды сіңіру. Кімнің үйінде құндылық болмайды, соның үйінде «сквозняк» соғып тұрады деуге болады. «Үн болмаса, гүл болмаса бұлбұл деген – бір сұр құс. Ар болмаса, ой болмаса кеуде деген – бір қуыс» дейді халық даналығы. Яғни бүкіл проблеманы, азғындықтың неше атасын жиып-тергенде оның түпкі себебі біреу-ақ. Оны логотерапияда «экзистенциялық вакуум», ал қазақта қуыс кеуде деп атайды. Қай баланың кеудесі қуыс, көкірегі соқыр, сол баладан міндетті түрде проблема шығып отырады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, баланы жасампаздыққа тәрбиелеу мақсатында қолымыздан келгенінше осындай дүниелер шығарып жатырмыз.

Ғалымдар мектепке сөйлеу мәдениеті пәнін енгізіп, баланың кеудесін құндылыққа толтырғанда тілінен інжу-маржан төгілер еді дейді.  Мұндайда қылмыс тоқсан пайызға азайып, көптеген түрмелер жабылады екен. Енді осы жерде күнкөріс қамымен бір емес, екі жұмыс істеп жүгіріп жүрген ата-ана баламның кеудесіне құндылықты қайтіп құямын деп ойлануы мүмкін. Оның түк қиындығы жоқ. «Мың сұрақ» кітабын алып, ішіндегі сұрақтардың бірін дастархан басында қойып қойсаңыз, бала өзі-ақ оны білуге ұмтылады. Бұл кітапта аңыз да, қисса да жетіп жатыр. Бала өзіне керегін таба алады».

Жалпы, Түркістанда басталып, Созақта аяқталған үш күндік кездесуде айтылған әңгіме өте көп. Оның бәрін қағазға түсірсек, мақала емес, кітап жазып шығуға болады.  Әсіресе, авторлардың «Аналар үйіне» барып, тағдырдың талқысына түскен аналармен әңгімелесіп, соңынан балаларына қазақтың бір ырымын жасаған кезде, олардың кеуделерінде үміт оты оянып, өмір сүруге құлшыныстары артқанын айтқанда көзімізге жас үйірілді. Себебі бүгінгідей заттанып кеткен қоғамда адамға адам деп қарап, жылы сөзін айтып жұбататындар некен-саяқ. Бұл шырынды сұқбаттан біз баламызды мол табыс табатын маман болсын деп емес, әуелі адам болсын деп тәрбиелегенде ештеңеден ұтылмайтынымызды түсініп қайттым. 

(«Замана» газетінде жарияланған).

Г.ӘШІРБЕКОВА.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*