Тұрар Сәттарқызы ШӘКЕН: «ЕЛІМНІҢ, ХАЛҚЫМНЫҢ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН»

Бөлісу

 – Тұрар Сәттарқызы, Праймеризге қатысуды ұйғарған екенсіз. Не түрткі болды? 

– Мені қазақтың қызы, ана, қоғам белсендісі ретінде  қоғамда болып жатқан көп нәрсе алаңдатады. Ана тілімнің ахуалы, адамгершілік құндылықтардың құнсыздануы, отбасы институтының құлдырауы, шаңырақ құру мәселесінде жауапкершіліктің азаюы, тұрмыстағы күйзеліс, сыбайлас жемқорлық дертінің барлық салада белең алуы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің етек жаюы, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің төмендеуі, әдепсіздіктің әдеттегі жағдайға айналуы секілді рухани кеселдердің күн өткен сайын күшейіп келе жатқаны қатты алаңдатады.

Жалпы өркениетті мемлекеттердің қалыпты дамуын көрсететін үш ұстын бар: экономика, әлеуметтік қорғау және руханият.

Руханият адамды моральдық азғындықтан, қоғамды рухани құлдыраудан сақтайды. Рухани жұтаңдық қоғамның бұзылуына әкеледі. Адамзат тарихы руханиятсыз адамда ешқашан адамгершілік, мейір-шапағат сынды қасиеттер болмайтындығын дәлелдейді.

Шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп, жылдан-жылға көбейіп отыр. Осындай өзегіңді өртер мәселелер ұрпақ тәрбиесіне жіті қарауды талап етіп отыр. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін бүгінгі ұрпаққа мықты тәрбие беруіміз керек.

Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Сол рухани мұрамен ұрпағымызды сусындатып, өнегелі де, намысты, отансүйгіш жастар тәрбиелеуге болады. Бұл – бүгінгі күннің басты бағдары, талабы болу керек!

Осы мақсаттарды орындау жолында алдымен авторлық жобам болған, бүгінде мемлекеттік органда ресми тіркеліп, қоғамдық бірлестікке айналған «Қара шаңырақ» бағдарламасын іске асыруға басшылық жасап жүрмін.

Ахмет Байтұрсыновтың: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», – деген ұлы сөздері менің өмірлік ұстанымым.

Осы тұрғыда «Nur Otan» партиясы ұсынып отырған праймеризіндегі «саяси партиялардың сайлау тізімінде кем дегенде 30 пайыз әйел азаматтар болу керек» деген үлкен мүмкіндікті пайдаланып, саяси додада өзімнің бағымды сынап көргім келеді.

Кейін осы бағдарламамды биік мінберден көтеріп, Парламент депутаты ретінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасылық институттың мәртебесін көтеруді ниет еткен және ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбиесімен айналысуды мақсат тұтқан «Қарашаңырақ» бағдарламасын, сондай-ақ әлеуметтік қорғау, руханият, экологияға қатысты көптеген өзекті мәселелерді биік мінберден мемлекеттік деңгейде көтеріп, туған елім мен халқымның болашағы үшін қызмет етіп, қоғамды өзгертуге күш салып, еліме пайдамды тигізгім келеді. Жалпы, біз тәрбие мәселесімен мемлекет болып айналысуымыз керек. «Отбасы және тәрбие» министрлігі құрылып, отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі биік мінберден көтерілуі керек деп ойлаймын.

   Нақты нені қолға алсам деп отырсыз?

– Ғұлама әл Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенін қай-қайсымыз білеміз. Біздің қоғамда бүгінде ұрпақ тәрбиесі ақсап тұр. Оның көрінісі – қоғамымызда болып жатқан не түрлі келеңсіздіктер мен өзегіңді өртейтін оқиғалар.

Кейбір нәрсеге адамдардың еттері өліп, көздері үйреніп кеткені соншалықты, тіпті тіксінбейтін дәрежеге жетті. Міне, ең қорқыныштысы осы!

 Тұғырлы тәуелсіздігіміз бар, егеменді елміз, алыс-жақын бізді таниды, экономика, саясат бірінші орында дейміз. Бірақ осының барлығына адам капиталы арқылы жетеміз және ертеңгі кемел мемлекеттің іргетасын бүгінгі өскелең ұрпақ қалайды емес пе?!

Отау құрып жатқандарға «Шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын» деп бата беріп жатамыз. Бірақ өкінішке орай, кейінгі кезде шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп, жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Ал енді осылай жаңадан отау құрған жас  отбасыларымыз ажырасып, көтерген шаңырақтары шайқалып жатса, онда еліміздің болашағы қандай болмақ? Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Мұндай отбасында тәрбиеленген ұрпақтың болашағы қандай болмақ? Діңгегі мықты, іргесі берік мемлекет бола аламыз ба?

Бүгінгі таңда қоғамымызда белең алып отырған рухани кеселдің күн өткен сайын үдере күшейіп келе жатқаны баршаға аян. Бұл індет тек ересектер арасында емес,  жасөспірімдер арасында да күннен күнге артып отыр. Мысалы, соңғы алты айлық көрсеткіш бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық 2018 жылдың алты айлық көрсеткішімен салыстырғанда 0,8% өскен.

    Халықаралық денсаулық сақтау Ұйымының мәліметіне сәйкес Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші әлем бойынша үшінші орында, Азия елдері арасында жетекші орында тұр.

   ҚР  Ұлттық экономика  Министрлігі жанындағы статистика Комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда отау тіккен 1,5 млн. жұптың үштен бір бөлігі ажырасып кеткен. Ал отбасының жиі ойран болуы – қоғамға опа бермейді. Нәтижесі айтпаса да аян, толық емес отбасыларда тәрбиеленетін балалар, жалғызбасты ашынған аналар, алиментін түрлі себептермен бірде төлеп, бірде төлемейтін әкелер, бәрінен да ауыры осындай қасіреттің қалыпты жағдайға айналуы.

 Ажырасудың алуан себебі болғанымен, түп-төркіні тереңде. Мұның астарын әріден іздеу керек. Материалдық қиындықтар, мінездің жараспауы деген бергі жағы. Оның түп-төркіні –  ұлттық тәрбиенің жоқтығында жатыр.

       Әрине елімізде мұндай рухани кеселдің салдарымен «күресетін» мекемелер көптеп ашылып жатыр. Мәселен, жер-жерде «Татуласу орталықтары», «Жанұя», «Бақытты отбасы», «Дағдарыс орталықтары» тәрізді көптеген мекемелер ашылды. Бұлардың барлығымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты. Осы мақсатта қаражат бөлінеді. Түрлі қоғамдық ұйымдар гранттар ұтып алып, неше түрлі іс-шаралар өткізеді, бір реттік дәрістер, конференциялар өткізеді. Оның барлығынан ешқандай нәтиже жоқ. Көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бірақ содан бақытты болып кеткендер бар ма?

 Өкініштісі, олардың барлығы «Болары болып, бояуы сіңген» нәрсемен «күресуде». Отбасы институтын сақтау үшін, түрлі келеңсіздіктермен күреспеуіміз керек, оның алдын алуымыз қажет. Ал алдын алудың бір-ақ жолы бар! Ол –  ұрпақтың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені, отбасылық құндылықты ерте жастан сіңіру.

Қай халық болмасын, оның  ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Сол рухани мұрамен ұрпағымызды сусындатып, өнегелі де, намысты, отансүйгіш жастар тәрбиелеуге болады. Бұл бүгінгі күннің басты бағдары, талабы болу керек!

Өскелең ұрпақты отбасылық өмірге дайындау, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр сабақтары мектеп бағдарламаларына енгізілуі керек. «Тәрбие басы – талбесік» деген ұғымды берік ұстанып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, намысшылдық, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбие арқылы сіңіру керек.  Ұлттық құндылықтардың уызына жарып өскен ұрпақ қашанда жаман әдеттерден де бойын аулақ ұстайды.

Қазіргі кезде үйлену де оңай, ажырасу да оңай болып тұр. Өйткені неке қию үшін өтініші де, ажырасу өтініші де электронды түрде қабылданады.

Бүгінгі күнде Азаматтық хал актілерін тіркеу (ЗАГС-тер) мәртебесі жоғалған олар тіпті өз алдына жеке бөлім де емес, тіпті әртүрлі бөлімдердің ішіне енгізілген, тіркелген куәліктерге Спорт және комитеті, Тіл туралы бөлімдер, Әлеуметтік қорғау бөлімдері қолдарын қояды.

Қазір Отбасы инстутының құнсыздануына осы АХАЖ-дың тек тіркеуші орган болып қалуы да әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұрындары неке қию салтанатты жағдайда өтіп, АХАЖ маманы отбасын құрған жас жұптарға тілек тілеп, жаңа құрылған жас жұбайлардың жаңа өмірлері салтанатпен басталатын. Неке қиюдың бір жоралғысы сақталатын.

Бүгінде тіпті Неке қию сарайлары жоқ, салтанатты тіркеуді жеке меншік ұйымдар жүреді.

Неке қию  техникалық рәсім іспеттес, мемлекеттік қызмет түрінде көрсетіледі, некені қию, ажырасу электронды түрде қабылданады. АХАЖ маманы неке қиятын жастардың түрін де көрмейді. Кейін аудандық мемлекеттік органдардың кабинеттерінен неке қию куәліктерін дайын болған кезде алып кетіп жатады. Шынын айтқанда, жастар үшін романтика да жоқ! Неке куәлігін дүкеннен зат сатып алғандай қолыңа ұстатады.

Ал шынтуайытына келсек, кез келген адамның өмірі АХАЖ қызметімен байланысты. Дүниеге келген сәбиге туу туралы куәлік те, неке қию куәлігі де және қайтыс болғаны жайлы куәлік те осы органнан алынады.

Сондықтан да АХАЖ бөлімінің мәртебесін көтеріп, қызметін кеңейту керек деп санаймын.

Отбасын құруды ниет еткен жастар, неке қиярдан бұрын алдын ала медициналық, психологиялық, отбасылық құндылықтар кеңестерден, семинар-тренингтерден өту керек деп ойлаймын.

Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл мұра.

 «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп  кезінде ғалым М. Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардан арылуға жол салған болар едік.

Ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сапасыздығы, ұлттық құндылықтарымыздың қоғамдағы құнсыздануы салдарынан туындаған мәселелердің алдын алмасақ, ел ертеңінің бұлыңғыр екенін айтпаса да анық.

Міне, осы мәселелерді көтергім келеді.

Праймериз туралы әралуан пікірлер айтылып жатыр. Бұл жайлы өзіңіздің ойыңыз қандай?

– Праймеризге қатысу жайлы ұсыныс түскенде көп ойландым. Шешімге келу оңай болмады. Бірақ ұсынысты ой елегінен өткізіп, жан-жақты таразылап, отбасымда, шәй ішіп отырып, билікке сын айтқан белсенділігімнен қандай пайда бар, қоғамды, елді өзгертіп, халқыма пайдам тисін десем, неге өзгерісті өзімнен бастамаймын, неге өзімнің ұстанымыма берік болып, қолымнан келгенше елімнің, халқымның болашағына қызмет етуге күш салмаймын деген шешімге келдім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», –  деген болатын.

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір жолы белсенді азаматтарды үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың жұмыстарына, саяси процестерге көбірек тарту.

Қоғам белсендісі дегенді қоғамда, айналасында болып жатқан кез келген келеңсіз жағдайға бейжай қарамайтын, Отаны мен халқының ертеңіне, ұрпағының болашағына алаңдайтын тұлғаларды қоғам белсендісі дер едім.

Бүгінде билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Халық билікке сенбейді.  «NurOtan» партиясы халықтың сенімін арттыру үшін праймериз жасап жатса, құр сынап отыра бергенше, қатысып көрейін, бұл да бір бәйге, саяси бәйге ғой, өзімнің қаншалықты деңгейде бәйгеге лайық «тұлпар» екенімді де байқап көргім келеді.

Бүгінде  депутат болу үшін ақшаң, бизнесің, тамыр-танысың болуы керек деген түсініктің бары ешкімге жасырын емес. Міне осындай пікірден арылу үшін нағыз ел аманатын арқалайтын, қабілетті, қоғамдағы кез келген келеңсіздікке бейжай қарамай, шын жаны ашып араласа алатын, олардың шешу жолдарын ұсына білетін, бастамашыл, қоғамдық жұмыстың ортасында жүруден қорықпайтын, өресі биік азаматтар халық қалаулысы болуы керек!

«Әйел құпиясы» газетінен

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*