«Логотерапия» деген не, оған жұрт неліктен қызығады?

Бөлісу

«Отбасы хрестоматиясы» сериясымен «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітап жарық көрді. 

Кітап атақты психоаналитик, философ, логотерапевт Виктор Франклдың еңбектерінен аударылған. Бірақ  авторлар оны аударып қана қоймай, қазақы қалыпқа салып, қисса-дастандармен байытып, толықтырып ұсын­ған. «Адамның өмірге келудегі мақсаты не?» «Не үшін өмір сүреміз?» деген сияқты сұрақтарға осы кітаптан объективті жауаптар таба алады. Өмірден мән іздеген адамға таптырмас құрал болғандығынан ба екен жарық көргеніне көп бола қоймаса да кітап үлкен сұранысқа ие болды. Еліміздің бірнеше қалаларында тұсаукесері өтіп, халық көп жиналды. Кітаптың құрастырушы авторлары Санжар Керімбай мен Сұлтан Тайғарин Шымкентке де келіп, екі күн бойы халықты логос ілімімен сусындатқан еді. Осы орайда біз Сұлтан Тайғаринмен сұхбаттасып, оған көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық.

– Алдымен оқырмандарымызға өзіңізді таныстырудан бастайық. Бұрын қандай жұмыс істегенсіз? Логотерапияға келуіңіздің сыры неде?

– Мен Қостанай облысының тумасымын, Арқалықтанмын. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін бітіргенмін. Бүгінде Алматыда тұрақтап қалдық, отбасылы болдық, жұмыс істедік. Жұбайым, екі балам бар. Бес жыл бойы республикалық «Ана тілі» газетінде қызмет атқардым, бас редактордың орынбасары болдым. Ал Логотерапияға келуіме кейбір жайларға байланысты ішкі толғаныстарым себеп болды. Жұмысым жайлы еді, кетуіме ешқандай жағдай себеп болған жоқ. Газет жұмысын өздеріңіз білесіздер, күн тәртібіндегі мәселелерді көтеріп отырамыз, айқарма бетті дайындау керек деген сияқты жұмыстар көп, ол апта сайын қайталанады. Оның үстіне кейін әлеуметтік желілер шықты, жұрт көп нәрсені сонда талқылайтын болды. Бұрын газетте шыққан мақалалар­ға қатысты кері байланыс болатын, жұрт хат жазып, хабарласып тұратын. Кейін ол азайды. Осы күндері мені «газет жұмысы неге жанданбайды?» деген сұрақ толғандыра бастады. Ішкі жан-дүнием тыныштық таппады. Тұлға болып қалыптасуыма, адамдық борышымды орындауға  ол жұмыс қолайлы болып көрінбеді. Логотерапияға бет бұруыма осы себеп болды. Виктор Франклдың кітаптарын, экзистенциялық философиясына бұрыннан қызығатын едім. Кейін Санжар Керімбай, Мұхит Төлеген, Айбек Нәби деген азаматтардың сериалап кітап шығарып жатқанын көрдім. Сол кезде бұл жігіттер СССР кезінде ұмыт болған рухани мұраларды жаңғыртып жатты. «Осындай бір қайырлы іспен айналыссам өміріме мағына бітуі мүмкін бе?» деген ой келді. 2015 жылы Франклдың «Сказать жизни ДА» деген кітабын оқып шықтым. Санжар ағаның Логотерапия жайлы бірнеше мақаласын оқыдым. Бір кездесуде ол кісіге: «Бұл сала маған да қызық, алдағы уақытта бірге жұмыс істеп қалармыз», – дедім. Ол кісі: «Онда тәуекелге бел байла. Тәуекел ет те тас жұт. Ажал келмей өлмек жоқ. Қатарымыз көбейсе бізге де жақсы», – деп қуаттап қойды.  Кейін сол командаға қосылдым.  Логотерапияға бет бұруыма мынадай нәрсе де себеп болды ма деп ойлаймын. 1997-жылдары біздің Торғай облысы таратылды. Сол кезде бұл жағдай адамдардың өмірге құлшынысына кәдімгідей кері әсерін тигізеді деген сөздер көп айтылды. Студент кезімізде де Қостанай облысын шет, болашағы жоқ деген бір әңгімелерді еститінбіз. Сол кезде «Неге туған жерім менің дамып-жетілуіме кедергі болуы тиіс?» деп ойлайтынмын. Логотерапиядан осыған да жауап таптым. Яғни онда бұған «Детерминизм» деген атау берілген. Бұл – адамдардың өскен ортасына қарап, келешегін алдын ала үзілді-кесілді анықтап қоюы.  Бұндай позициямен адам өмірі дамымайды.   Логотерапияға бет бұруыма тағы бір себеп: Біз ауыра қалсақ, дәрігерге көрінеміз. Ал дәрігерлер пациенттерге зат сияқты қарайды. Осы да мені мазалады. «Бұлар адам жанының арашашысы боламын деп ант берді емес пе, неге онда адамға зат сияқты қарайды?» – деп ойлайтынмын. Бұған да жауапты Франклдан таптым. «Өмірден Мән іздеген адам» (Человек в поисках смысла) деген кітабында Франкл  адамға зат сияқты қараушыларға «Редукционист» деп ат берген. Оның мағынасы – адамның рухани болмысын көзге ілмеу дегенге саяды.  Ол редукционстермен  өмір бойы күресіп өткен. Адамға адамша қарайтын  Логотерапия деген ғылым ендіремін деген. Маған осы да ой салды. Логотерапияға қоғамға бір жарық сәуле жасауға, яғни қолыңнан қандай бір іс келеді, соны атқаруға жол ашатын ілім ретінде қарадым.

– Енді психология мәселесіне келсек. Бүгінде психолог жәрдеміне жүгінетіндер көп. Дегенмен кей психологтың тренингінен адамдар өзіне керегін таппай жатады. Осыған қатыс­ты не айтар едіңіз?

– Негізі бұл мәселеге сауатты түрде қарау керек. Психоаналитиканың негізгі үш мектебі бар. Венадағы бірінші мектеп көсемі  Зигмунд Фрейд адам рахат үшін өмір сүреді деген. Ал Альфред Адлер мектебі адам мәртебе үшін өмір сүреді дейді. Виктор Франкл  осы екі мектепке қарсы  аргумент айтты.  Ол: «Адам рахат үшін де, мәртебе үшін де емес, мән-мағына үшін өмір сүреді» деді. Алдыңғы екеуі сол кезде үлкен профессор болса, Франкл 21 жастағы студент еді. Бұл – үшінші мектеп, логотерапия мектебі. Психология мәселесіне келгенде бүгінгі адамдар осы мектептердің қайсысына жүгінгеніне  мән беру керек.

– Қазір түрлі бизнес-тренинг өткізетіндер де көбейді. Соған қатысушылардың кейбірі өзін алданғандай сезініп жүргендерін де естиміз. Бұл неден болады деп ойлайсыз?

– Ол да өткізілетін тренингке байланысты. Негізі адамды іске құлшындыру, бейнелеп айтқанда «зарядтау». Адам біраз уақытқа дейін құлшына жұмыс істеуі мүмкін, бірақ белгілі бір уақыт өткесін бұрынғы қалпына түсіп, «тағы да бір тренингке қатысам-ау» деп жүреді. Альфред Адлер индивидуалды психологиясы адамға осындай мотивация берумен шұғылданады. Адамды қайрайды. Табанды болып, дамуға үгіттейді. Бірақ олар: «Осының бәрі не үшін? Не үшін мен дамып жатырмын? Бұл өркендеудің түпкі хикметі не? Адамды ақырында ажал күтіп тұрса өзіңді қинап дамыта берудің не қажеті бар?» деген сұраққа жауап бермейді. Логотерапия бұл мәселеге осы тараптан келіп түседі. Сұрақтар­ға жауап табылғанда Адлердің де іліміне жан бітеді. Яғни не үшін өмір сүру керегін түсінген адам, қалай өмір сүрудің барлық сырларын үйрене береді. Түсінікті болуы үшін мына нәрсені айта кетейін. Біз тұратын ауылда  логотерапия үйірмесі бар. Бірде сабаққа қатысып жүрген 9-сынып оқушысы менің: «Логотерапия – адамдарға шаттық сыйлау, өміріне мән беру» дегеніме қатысты қызық жағдай айтып берді. Бір күн үй тірлігіне араласып, кешкі астан соң ыдыс-аяқты жуып қоюды қолға алады. Әкесінің көйлек-шалбарын жуып, үтіктеп қояды. Туфлиін жатар алдында жалтыратып кремдейді. Ата-анасына осы ұсақ оқиғаның өзі сұмдық қатты әсер еткен. Бұдан соң оқушының өзі өмірге құштар бола түскен. Осылайша бұл бақытты тізбек айнала береді.

– Бала тәрбиесіне қатысты сұра­йыншы. Жұмысбасты болып жүріп көп нәрсеге мән бермейміз. Балаға тәрбиені қай кезде қалай берген дұрыс? Кейде осы кешігіп қалған жоқпын ба деген ой келетін кездер болады…

– Балаға 5-8 жас аралығында оның құндылығын арттыратын ертегі, аңыздар, қиссалар айтып берсе оның ноологикалық қабаты трансцендентті құндылықпен байи түседі.  12 жасқа толғанынша «өйтуге болмайды» деп мораль айтуға болады. Ал одан кейін тәрбие мәселесіне онтологиялық тұрғыдан келу керек. Яғни енді балаға мораль айтсаңыз, қарсы реакция туады.  Онтологиялық әдісте  басқаша. Барлық тыйым пен талаптың түпкі себебі мен адами феномендерді түбінен тарқатып ұқтырасыз. Сонда ғана бала басқаша сипатқа ауысады. Яғни «өйтпе, бүйтпе» деп бұйырмаймыз. Мынау мына себептен шыққан. Оның түпкі мазмұны мынау. Ал ана тыйым мына оқиғадан басталған. Оның мағынасы мынада жатыр деп түбінен таратамыз.  Бірақ бұл жаңалық емес. Біз бар болғаны бұрынғы ескіні Логотерапия форматында қайта ұсынып жатырмыз. СССР-ге дейін қазақ халқы аңыз, қиссалардың күшімен сондай тәрбиені жүзеге асырған. Коммунистер кезінде онтологиялық әдіс жойылды да құрғақ ақыл мен жансыз мораль қалды. Бұдан соң жастардың қарсылық реакциясы күшейді. Ата-анаға құлақ аспауы осыдан кеп шығады.

– Ендігі сұрақ отбасы, әйел мен еркек қарым-қатынасына қатысты. Кейінгі кезде ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушіліктер көп, ажырасушылар қатары да жылдан-жылға артып келеді…

– Бұл бір үлкен тақырып қой. Кітапта бұған қатысты «Махаббаттың мәні» деген арнайы тарау бар. Онда Франкл махаббат феномені отбасының алтын тірегі деп шегелеп тұрып айтады. Некенің ұзаққа бармауы ерлі-зайыптылардың бір бірінің бойынан қайталанбас даралығын көре алмауынан дейді. Қайталанбас адами қасиеттер көзден таса қалғанда бозбала не бойжеткен эротикалық махабаттың шабуылына ұшырайды.  Мысалы, жігітке қыздың тек сыңғырлаған күлкісі ғана ұнауы мүмкін. Кейін екеуінің жан-дүниесіндегі алшақтық байқалғанда, лапылдаған сезімдер сөне бастайды.  Логотерапияда «жеке-дара» дегенмен қатар «хористер типі» деген де ұғым бар. «Хорист» деген –  хордағы әнші сияқты өзінің даралығын жоғалтқан, көпшіліктен айырмашылығы жоқ, көптің талғамымен, жалпы жұрттың  қала­уына сәйкес өмір сүретін адам. Мысалы, бір қызға қай әнші мықты десең: «Қайрат Нұртас», – деп жауап беруі мүмкін. Осы сұрақты тағы да бес қызға қойғанда олар да осылай жауап берсе, олардың бірнешеуі «хористкалар», яғни өзгенің талғамымен, түсінігімен, ұғымымен, ұстанымымен өмір сүретіндер. Жалпы, біздің қоғам осыған қатты ұқсайды. Жүріс-тұрыс, сөйлеген сөз, талғам бір-біріне өте қатты ұқсайды. Жасандылық, еліктеу көп. Ал әр адамда өзіне тән даралық болуы керек. Франкл кітабында  осы мәселені тереңінен талдайды. Махаббаттың, отбасының беріктігі үшін индивидтік, яғни даралық керек. Отбасын құруға ұл да, қыз да даралық қасиеттерін жоймай келсе, неке берік болады.

– Әңгімеңізге рахмет, бұл күрделі, тың тақырыптан оқырмандарымыздың ойға түйері аз болмас деп үміттенеміз.

Әңгімелескен – Г. ӘШІРБЕКОВА.

2016 жылы жазылған. « Zamana.kz» сайтынан.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*