ҚАТЫГЕЗ ЕРКЕКТЕР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Бөлісу

Соңғы бір айдың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты естіген адамның жанын түршіктіретін үш оқиға орын алды. Оның алғашқысы сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында болды. Ер адам әйелі мен кішкентай екі қызын тірідей өртеп жіберген. Тура сол кезде әлеуметтік желі қолданушылары мен әртүрлі сайттарда оның әйелін өртегенге дейін де күніге сабап, тіпті электрошокермен күйдіріп азаптағаны жайлы жазылды. 

Одан кейінгі жағдай 29-сәуір күні астанада тіркелді. Әйелінің өзге біреуі бар деп күдіктенген жігіт аңдып жүріп, үйінің кіре берісінде пышақтап кетті. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен қайтыс болған. Ерлі-зайыптылар ресми түрде ажыраспағанымен қаңтардан бері бөлек тұрады екен. Оқиға өтерден аз күн бұрын әйел күйеуінің үстінен полицияға шағымданып, кейін шағымынан бас тартқан көрінеді.

Ал үшінші оқиға 4-мамырда Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылында болды. 46 жастағы әйелді күйеуі балтамен ұрған. Дәрігер оның басының оң жағында балтамен шабылған жара барын, оң қолында, білегінде кесілген жарақаты және 5-ші саусағы сынғанын айтты. Оның бәрі тігіліп, орнына қойылғанымен әйелдің көзі көрмей қалуы мүмкін екен. Бұл әйел де күйеуімен бірге тұрған он алты жылдың он бес жылында таяқ жеумен келіпті. Соңғы екі аптада күйеуінен кетіп, бөлек тұрып жатыр екен. Алайда күйеуі ізінен аңдып жүріп, жұмысқа бара жатқан кезінде ашумен, сөз тыңдамай әйелін аямастан ұрып мүгедек еткен.

Бұл елге белгілі болғандары ғана. Ал «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп күйеуінен таяқ жегенін елге айтуға ұялып қаншама әйел жүргенін біз білмейміз.

Жалпы, әйеліне жәбір көрсетіп, тіпті балаларын да аямайтын қатыгез еркектер қайдан шығады? Олар да адам ғой не әсер етіп қатыгездікке барады? Мұндайды тоқтатуға бола ма? Көкейімізді мазалаған бұл сұрақтарды біз психолог Амангелді Мейрамбекұлына  (суретте) қойған едік.

«Бұл жерде адам егер біреуді айуандықпен өлтірсе оның түрлі себептері бар. Америкада нейробиологтардың зерттеуі бойынша, 1968 жылы бір студент университеттің мұнарасына шығып мылтықпен 13 адамды өлтіріп, 38 адамды жаралаған. Кейін полиция оны атып өлтіреді. Сосын үйін барып тексерсе әйелі мен ұлын, тіпті туған шешесін де айуандықпен өлтірген екен. Артынан xат қалдырып кеткен. Хатта былай жазылған: «Мен соңғы кезде өзімді түсінбей жүрмін. Әйтеуір ашуым келеді де тұрады. Өзімді ұстай алмаймын. Мен өлгеннен кейін денемді тексерсе екен. Кейін нейробиологтар студенттің миын алып зерттесе миында ісік болған. Сол ісігі ыза, ашуды тудыратын аймаққа тиеді екен. Осы жерде мамандар «студентті ақтаймыз ба? Әлде ақтамаймыз ба?» деген сұрақ қояды.

 Мұндай зерттеулер көп. Біреу өзінің қызын зорлаған. Кейін түрмеге отырып шығып, тағы да біреуге шабуыл жасағысы келіп жүреді. Бірақ іштей неге мен осындаймын деп ойланып, псиxологқа барады. Псиxолог нейробиологқа жіберіп тексертеді. Қараса оның да миында ісік бар екен. Кейін ісікті кесіп тастайды. Үйіне келсе бәрі жақсы. Ешбір қозу жоқ. Бірақ арада алты ай өткенде қайтадан басталады. Қайта нейробиологқа барады. Қараса кішкене жері кесілмей қалып кеткен екен. Нейробиологтар тағы қылмыс жасаған біреудің миын тексеріп қараса ісік барын айтады. Бір операциядан кейін ол қарапайым жақсы адам боп шыға келеді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Соттаймыз ба? Қазір шетелдік мамандар осы сұраққа бас қатырып жатыр.

Әлбетте, сіз айтқан қылмыскерлердің жағдайы басқа себептерден болуы мүмкін. Мысалға «садизм». Яғни біреуді қинағаннан ләззат алады. Сол асқына берсе соңы осындай қайғылы жайтқа ұрынады. Дін жағынан келетін болсақ «уәсуәс» деген бар. Л. Толстойдың «Крейцер сонатасы» деген шығармасында жігіт өз әйелін өлтіру себебінің негізгісі арам ой еді ғой. Бұл жерде де сондай болуы мүмкін.

Енді осындай айуандық жайттардан қалай құтыламыз дегенге келетін болсақ, бұл жөнінде логотерапия былай дейді. Псиxологқа келген клиент өзінің проблемаларын айтады. Мақсат –  проблемадан құтылу. Псиxолог оны жоқ қылуға барын салып, түрлі теxникалар береді. Бірақ өкінішке орай, бұл тәсіл керісінше проблеманы үдетіп жібереді. Ал, мұндай жағдайда логотерапия былай жұмыс жасайды. Адамды бір ыдыс деп алайық. Ыдыстың 70 пайызы проблема, қалған 30 пайызы жақсы жағы делік. Логотерапевт 70 пайыз проблеманы жоқ қылумен айналыстпайды, керісінше 30 пайыз жақсылықты дамытып, көбейтумен айналысады. 30 пайыз көбейген сайын 70 пайыз азая береді де, соңында жоқ боп кетеді. Біздің қоғамдағы жағдай да солай шешіледі. Атып кетті, бауыздап кетті, ақырзаман деп проблеманы айта бергеннен ештеңе шықпайды, керісінше асқынып кетеді. Одан да бізде қандай жақсы нәрселер бар, соны дамытайық. Сол кезде жамандық азайып жоқ болады.

Мысал келтірер болсақ, «Отбасы xрестоматиясы» қоғамдық қоры жеті жылдан бері қаншама іс-шара өткізіп жатыр. Нәтижесі керемет. Тамаша өзгерістер болып жатыр. Осылай жалғаса берсе қоғамдағы барлық проблема шешіледі. Бір ғана мысал айтсам, Ұзынағаштағы бір мектепте бір класс өте тәртіпсіз екен. Класс жетекшісі өз ақшасына «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын сатып алып, оқушыларына таратып береді. Арада бір ай өтпей балалар әп-әдемі тәрбиелі боп шыға келген екен. Егер класс жетекші менің класым жаман деп жамандап отыра бергенде не болар еді?! Сол себепті тығырықтан шығатын бір ғана жол бар. Әдеби құндылықтарды барынша насиxаттап, сол бойынша өмір сүріп, үлгі көрсету».

Шынында соңғы кездері көбейіп кеткен қайғылы оқиғалардың тым жиілеп кетуінің бір себебі жамандықты жарнамалағандай жарыса жариялауымызда жатқан жоқ па екен? Кім білген?! Әйтеуір көпшіліктің жазықсыз жандар жапа шекпесе, ана мен бала жыламай, әкелер әке деген ардақты атына лайық болса екен деп тілейтіні анық.

Г. ӘШІРБЕКОВА.   

«Әйел құпиясы» газетінен.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*