Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА: «БІР ТЫЛСЫМ КҮШ БІЗДІ ЖЕТЕЛЕП ЖҮРГЕН СИЯҚТЫ БОЛАТЫН»

Бөлісу

ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын-журналист, филология ғылымдарының кандидаты Жаңылхан Асылбековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Жаңылхан Мәмежанқызы, сізді ақын, журналист ретінде жақсы білеміз. Дегенмен бір сұхбатыңызда телевизия саласына кездейсоқ келгеніңізді айттыңыз. Бала күніңізде кім болуды армандаған едіңіз?

 –  Бала күнімде мұғалім болуды армандадым. Өзім үйдің кішісі болған соң, көршілердің кішкентай қыздарына барып диктант жаздыратынмын. Содан кейін оны тексеріп, баға қоятынмын. Өсе келе ақын болғым келді, «Балдырған», «Қазастан пионері» журналдарына өлеңдерімді жазып хат жолдайтынмын. Тұманбай ағадан бірнеше рет хат алдым, «Әлі де жаза түс, жақсы өлең болса жібер» дейтін. Баланың сағын сындырмау деген сол болса керек. Мектептен кейін КазГУ филология факультетіне оқуға тапсырдым, екі жыл конкурстан өтпей қалдым. Ауылға оралып Кеген аудандық аурухананың Жедел жәрдем бөлімшесінде жұмыс істедім. «Мен қайтсем де сол оқуға түсемін» деген мақсат болды. Үшінші жылы соңғы орынға қабылданып, университетті «Қызыл дипломға» бітіріп шықтым. Бізге Ханғали Сүйіншәлиев, Светлана Сагалович, Зейнолла Қабдолов, Хасан Каримов, Алма Қыраубаева, Талғат Сайранбаев, Сапархан Мырзабеков, Әбдуәли Хайдаров сияқты мықты ұстаздар сабақ берді, дәріс оқыды. Университеттен соң аспирантураға оқуға түстім. Ғылыми жетекшім – филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлова. Апайымның жетекшілігімен кандидаттығымды қорғадым. Шынымды айтсам оншақты жыл уақытым кетті. Мәселе ғылыми жұмыста емес, ол кезде мен телевизия әлеміне еніп кеткен едім. Телевизияның бір сиқыры бар, бір кірсең шыға алмай қаласың. Алдымен «Хабар» Агенттігіндегі «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» бағдарламасына ойыншы болып қатысып, сол әлемде қалып қойдым. 2016 жылы «Қазақстан» Ұлттық арнасына жұмысқа тұрдым, содан бері әлі осы әлемде жүрмін. Көп нәрсе үйрендім, өзім де шәкірт тәрбиеледім. Қазір шәкірттерімнің көбі бастық болып кетті. Олар үшін қуанып жүремін.

 Хиуаз Доспанова туралы бағдарлама түсіріп, ол кісінің ерен еңбегін дәріптеп, бірнеше жылдан кейін Хиуаз апа атындағы төсбелгімен марапатталдыңыз. Қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанованы жұрт толық танып болды деп айта аламыз ба? Ол кісінің өмірінің ашылмай, айтылмай қалған тұстары бар ма?

–     Халық қаhарманы Хиуаз Доспанова туралы дайындалған «Жарқын бейне» хабары –  Ұлттық арнаның жоспарлы циклді бағдарламаларының кезекті бір саны. Режиссері – Мәдениет қайраткері Ботагөз Исмаил. Бағдарлама жасап жатқанда осы үшін атақ алам, немесе медаль алам деп ойламадық. Қазақтың қайсар қызының ерлігін жастарға насихттау керек болды. Бір бағдарлама жасау үшін кадрдан тыс көптеген адам жұмыс жасайды. Оператор, жарық қоюшы, монтаждаушы, дыбыспен әрлеуші, гримм жасаушы, кадрдан тыс мәтінді оқушы, мұрағат материалдармен қамтамасыз етуші, ең аяғы көлік жүргізуші. Сценарийді тексеретін, дайын хабарды қабылдап алатын шеф-редактор, бас редактор, продюсер, техникалық редактор, эфир редакторы. Көпшілік оларды көрмеген соң біле бермейді. Сондықтан жеке адамға берілген сый-сияпаттың барлығының арғы жағында үлкен ұжым тұрады. Осы кісілердің еңбектері зор. Әрине, марапатталғанда қуанасың, апталап үйіңді тастап қаладан қалаға, даладан далаға іссапарда жүрген ұйқысыз күндердің өтемі сияқты. Сол еңбегіңді біреудің бағалағаны көңіліңе қуаныш ұялатады. Арада жылдар өтсе де, бір кездері осы адамдар Хиуаз апамыз туралы хабар жасаған екен, қазақ қызының ерлігін насихаттаған екен деп бағалаған атыраулықтарға, бастамашы болған журналист Тұрсын Қалимоваға рақмет. Тұрсын өзі журналист болған соң Хиуаз туралы қалам тартқан адамдардың ешқайсысын алалаған жоқ, оның арасында жазушы Сара Ләтиева, әскери қайраткер Ким Серікбаев, қоғам қайраткері Қанапия Ахметов т.б. болды. Сіздің сұрағыңызға келсек жұрт әлі Хиуаз апамызды өз деңгейінде толық танып білген жоқ. Хиуаз туралы көркем фильм түсірілсе жақсы болатын еді деп ойлаймын. Апасын таныту бағытында үлкен еңбек етіп жүрген тағы да Тұрсын. Хиуаз туралы кітапты қайта бастырып шығарып жүрген де, ескерткішін орнатуға, әуежайға есімін беруге бастамашы болып жүрген де өзі. Сіздердің басылымдарыңыздың кезекті бір санын Тұрсынға арнасаңыздар, көп мәлімет аласыздар

Өзіңіз өмірін зерттеп, сұхбаттасқан тұлғалардың арасынан кімдерді үлгі тұтасыз? Қандай қасиеттерін бағалайсыз? Жалпы, өмірде, өнердегі ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз…

–     Әр хабар –  бір тұлға туралы  шағын ақпарат, өміріне қысқаша шолу. Әйтпесе көргені көп, түйгені мол, жасы алпыстан асқан тіпті жүзге жеткен адам өмірін жарты сағатқа сыйғызу мүмкін емес қой. «Келбет», «Жарқын бейне», «Сөнбес сәуле», «Ғибратты ғұмыр», арнайы жобалар жасай жүріп жаныма жақын адамдар таптым. Біреуінің сабырлы қалпы, біреуінің ақылы, біреуінің келбеті, біреуінің өмірлік қағидасы, тіпті киісі ұнап қалады. Кейбіреулерімен дос болып кетеміз. Араласып тұрамыз. Сондай апаларым Хабиба Елебекова, Нәсіп Нәжімеденова, Шолпан Өтебаева, Заида Елғондинова, Сәуле Досжанова, Сәуле Рысбаева болса, ағаларымыз Өмірзақ Айтбайұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы, Михаил Есенәлиев, Несіпбек Дәутайұлы, Рақымжан Отарбаев, Зейнолла Самашев, Қорабай Есенов т.б өте көп. Кімнен не үйрендім деп айтып шығу көп уақытты алады. Өзіңіз қандай да бір кітап оқысаңыз, әйтеуір бір ой түйесіз ғой, бағдарлама да сол сияқты. Әр адамнан әйтеуір бірнәрсе үйренесің, өміріңе әйтеуір бір сабағы болады.  Ұстаздарым дегенде Күләш Жылқайдарова, Бүбия Сәдірмекова, Қапиза Серібаева, Мұқан Молдасынов, Амангелді Әлиев, Кәдірбек Құныпияұлы, Мұқатай Жылқайдаров, Алма Қыраубаева, Зейнолла Бисенғалиев, Берікбай Сағындықов, Гүлдархан Смағұлованы айтар едім. Бұл ұстаздарымның алды мектепте, кейінгілер университетте сабақ берді. Гүлдархан апайым ғылыми жетекшім ғана емес, өмірде де көп ақыл-кеңестерін айтып отырады. Кейді тіпті сырлас дос та болып кетеміз. Өлең жазу, поэзия туралы бағыт-бағдар берген марқұм болып кеткен өзімнің туған ағам Еркін Мәмежанұлы, одан кейін аудандық газетке өлеңдерімді жариялап, маған мүмкіндік берген танымал ақын, журналист Кәдірбек Құныпияұлы. Мені кішкентай бала деп қарамай жазғандарымды қарап, бағалап бағыт берген өмірден ерте өткен ақын Мұқатай Жылқайдарұлы. Менің бір бақытым осы Мұқатай ағаға кездескенім деп ойлаймын. Кезінде мұзбалақ ақын Мұқағалидың өзі «Өлең жазуға келгенде осы сары баланың қолына су құюға жарамаймын» деп айтқан еді өзіме ұстаз санайтын ағаларымның біреуі Сағатбек Медеубекұлы. Ал енді, телевизия саласындағы ұстаздарымды айтсам Сағатбек Қалиев, Қайнар Олжай, Ботагөз Исмаилды айтар едім. Қазір Нұртілеу Иманғалиұлынан көп нәрсе үйреніп жүрмін. Ешқайсысы жанына шақырып алып «Сен маған шәкірт бол, бірнәрсе үйретейін» деген жоқ. Өзім үйреніп жүрмін, өзім ұстаз тұтамын. Көресің, көңілге тоқисың. Қалғанын өмірдің өзі үйретіп жатыр.

–  Ақын жүрегі нәзік, сыршыл болып келеді ғой. Бағдарлама түсіріп жатқанда немесе өмірдің кейбір кездерінде тылсым құбылыстарды байқайтын кезіңіз бола ма? 

–  Мен сізге айтайын, бағдарлама түсіру барысында Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Ел көрдім, жер көрдім. Өзіме шығармашылық қор жинадым. Естіген бір басқа да, көзбен көрген бір басқа. Өмірдің өзі тылсымға толы зер салып қарасаңыз. Ботагөз апаймен көп бірге жүрдік қой, кейде таңғалатынбыз. Өмірден өткен адамдар туралы жасап жүргенде не туған күні, не қайтыс болған күні қарсаңында хабарымыз эфирге шығатын. Бір тылсым күш бізді жетелеп жүретін сияқты болатын. Сол кездері жазылған өлеңдерімді оқи жатарсыздар.

Бүгінгі қоғамда ұйқыңызды қашырып, мазаңызды алатын мәселелер туралы айтсаңыз…

 –  Мен анамын. Әр ана баласына қалай алаңдаса, сол күй менің де басымда. Бірінші алаң –  аты жаман мына індеттен аман-сау шықсақ екен бүкіл ел болып. Қазақ  көреген халық қой, баяғыда: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»,  –  деп айтып қойған. Оған көзіміз жетіп отыр. Бірнеше адам шетелден ауырып келді де бәріне жұқтырды. Ол әдейі істеген жоқ түсінемін, сонда да көзі ашық адам әлемде не болып жатқанын түсіну керек еді. Енді үйқамақта отыру керектігін әлі ескермей жүргендер бар. Солардың түсінбегеніне жаным ауырады. Осы ауырып қалғандарды емдеп күн-түн демей жүгіріп жүрген дәрігерлердің денсаулығына алаңдаймын. Оларға қолдау болса деуші едім, Президенттің жарлығы шықты дәрігерлердің еңбегін бағалау туралы. Былай ойланып қарасаңыз жан әр адамның өзіне керек. Соны түсінбегендердің тірлігіне алаңдаймын. Елдегі жұмыссыздықтың көбейгеніне жаным ауырады. Іссапарларда жүргенде қирап жатқан ауылдар, көшелер, ғимараттарды көргенде жаным күйзеледі. Ауылды тастап күн көріс үшін бергісі үлкен қалалар, арғысы шетел ауған жастардың болашағы үшін алаңдаймын. Елдің бәрі бизнесмен бола алмайды, сондықтан зауыт, фабрикалар ашылса, елді жұмыспен қамтыса деп ойлаймын. «Айта – айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, қазақ тілінің бағы  бір ашылмай қойғанына жаным ауырады. Орыс тілі әлі де өндірісте, құжат толтыруда, қызмет көрсету жүйесінде басымдылық танытуда. Тап-таза қазаққа тап таза қазақша сөйлеп айтайын деген ойыңды жеткізе алмай қор боласың ғой, соған жаным ауырады. 

– Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

1 Comment

  1. В теперешнеее не лёгкое время, Представленная заметка для меня лично, как глоток свежего воздуха. Спасибо. Желаю Вам процветания.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*