Сәуле ДОСЖАН: «КЕУДЕМДЕ ЖАНЫМ БАРДА ҚАЗАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТСЕМ ДЕЙМІН»

Бөлісу

Біздің сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері ақынжазушыжурналистҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағыныңЖурналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі Сәуле Мағазбекқызы Досжан. Ол кісі «Жыр тәж», «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Арман қала», «Үлкен үйдегі үрей», «Құдіретті қалам иесі», «Менің жалғыз серігім», «Өгей жүрек» кітаптарының авторы. «Мое чужое сердце» кітабы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы аясында Берлинде неміс тілінде жарық көрген.

Сәуле Мағазбекқызы 1995-2000 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» газеті журналы Бас редакторының орынбасары, «Ұлағат» журналының тұңғыш редакторы. 2000-2002 жылдар аралығында Қазақ радиосында журналист. 2003-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсі Аппаратында жауапты қызмет атқарған. Қазіргі уақытта зейнетке шығып, шығармашылықпен айналысуда. Сәуле Мағазбекқызымен сұхбатымыз отбасы, әйел тақырыбында өрбіді. 

 –  Сәуле апай, сұхбатты отбасылық өміріңізден бастасақ. Дүкенбай аға туралы әңгімелеп берсеңіз… Ол кісі қандай жар, қандай әке еді?

– Мен Дүкенбай Досжановпен жиырма жеті жасымда танысып, жиырма жеті жыл өмір сүрдім. Үш қызымыз болды. Отбасылық жағдайда өте жақсы, тату-тәтті өмір сүрдік. Оның анасы да кезінде қолымда тұрды. Ағайын-туыстарының бәрі мені сыйлады. Балаларымның туыстарын өзім де сыйлаймын, қатты құрметтеймін. Дүкең отбасында өте балажан адам болды. Балаларға өте жақсы қарайтын. Бұрынғы қайтыс болған әйелі Мәриямнан да бір ұл, бір қызы болатын. Олар да Дүкең мен анасының бауырында өсті. Мен келгенде мектеп бітірген үлкен азамат боп қалған. Алды Ардақ институт бітіріп жатқан еді. Жақсы адамдар болып өсті екеуі де. Дүкең отбасында балаларына өте жақсы әке, маған жақсы жар болды. Бірақ біз шығармашылық жағдайында жиі түсініспей қалатынбыз. Өйткені екеуміз де шығармашылық адамы болғандықтан «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей ғой. Ол кісі менің проза жазуыма қарсы болды. Проза ауыр артиллерия сияқты деп, қаламайтын. «Саған оның керегі не? Онымен айналыспай-ақ қой. Шындап келгенде мен сені жазушы болады деп емес, балаларыма ана, өзіме жар болады деп алдым» дейтін. Осы жағынан арамызда түсініспеушіліктер жиі болып тұратын. Соған қарамастан жасырып жазып жүретінмін. Себебі бұл маған берген Алланың қасиеті. Жазбасыңа қоймай, тыныштық таптырмайды. Бірақ қызмет істеуіме қарсы болған емес. Өмір бойы қызметтен қол үзбедім. Дүкеңнің шығармашылығына, жазуына көп көмектестім. Ол кезде бүгінгідей аша салып қарайтын интернет жоқ. Керекті материалдарды архивтерге барып жинайтынбыз. Үлкен, сүйекті, жақсы шығармаларының бәрін менімен тұрғанда жазды. Мемлекеттік сыйлық, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен марапаттарын біз бірге тұрғанда иемденді. Біз мүмкіндігінше Дүкенбайға жағдай жасауға тырыстық. Себебі ол кісінің өзіндік амбициясы жоғары болатын. Шығармашылыққа келгенде өзіндік эгоистігі болатын. Бірақ ағайын-туыстықта өте бауырмал, отбасында қамқоршы, мейірбан болатын. Ол жағынан сөзім жоқ.

Шығармашылық жағынан бір-бірімізді түсініспей қалушы едік. Оның шығармашылығына ғана жағдай жасалуы керек деген сәл-пәл өзімшілдігі болды. Қара жұмысының бәрін мен істейтінмін. Ол кезде машинкаға басатынбыз. Редакциясын жасау, керекті материалдарын жинау деген сияқты жұмыстарын жасап жүріп, Дүкеңнің шығармашылық кухнясын әбден үйрендім. Осы жазуымда кішкене бір жетістікке жетсем ол Дүкеңнен үйренгенімнің арқасында деп білем. Ол кісі менің ұстазым сияқты. Рахмет айтамын.                

–  Дүкенбай ағаның «Ақыл сатамын» деген әңгімесін оқыған едім. Жазушы осы заманда «ақыл сатқыштардың» көбейетінін алдын-ала білген сияқты көрінеді. Қазіргі заманда көбейіп кеткен «ақыл сатқыштар» жөніндегі пікіріңіз қандай? Неге көбейіп кетті?

– Ол әңгімесі есімде. Түркістанның базарында «ақыл сатамын» деп жүретін аға туралы ғой. Дүкенбай Досжановтың алдын ала көргіштік қасиеті болатын. Негізі жазушыда, өнер адамында ондай қасиет болмаса, адамның көңілінен шығатындай, жүрегіне қонатындай сөз айтпаса жұрт оны іздеп оқымайды. Ал енді қазіргі ақыл сатқыштар тренинг өткізіп жүргендер ғой. Менің ерекше бір таңқалатыным: өзі күндерін көре алмай жүріп жұртқа баюдың жолын үйрететіндер бар. Содан кейін өздері отбасыларын жөнге сала алмай жүріп, бір әйелді жарылқай алмай жүріп, бір күйеудің оябынан шыға алмай жүріп жұртқа отбасында бақытты болудың жолын үйретеміз дейді. Неге қазір сондай ақыл сатқыштарды тыңдайтындар көбейіп кетті? Себебі қазір адамдардың тұрмыстары ауыр болғаннан кейін жеңіл жолын іздейтін болды. Өмірдегі ең жаман нәрсе – жеңіл жол іздеу. Құдай-ау, бақытқа жетудің, табысқа жетудің, балаларға жақсы тәрбие берудің бәрі жеңіл жолмен келмейді. Оның бәрі еңбекпен келеді. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Егер де біз отбасында бір-біріміздің қадір-қасиеттерімізді арттырып, тырысып еңбек етсек, бала тәрбиесінде аянбасақ жаңағы ақылын сатып, тренинг өткізетіндердің бізге керегі де жоқ. Әркімнің тағдыры өзінше. Алла әркімнің маңдайына не жазады, сол болады. Адам өмірін өзі ғана өзгерте алады. Сосын қазақ баланы ұят болады, жаман болады, обал болады деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген ғой. Ең дұрысы, осы тәрбие. Басқасының бізге керегі жоқ. Ең бастысы, еңбекқор болу. Еңбекқор адам ешқашан қор болмайды.       

–  «Ақшаның кепиеті» деген еңбегіңізбен таныспын. Біз мән бермегенмен кие, кепиет, нала, обал-сауап деген нәрселер бар ғой. Осылар жөнінде әңгімелеп беріңізші.

– «Ақшаның кепиеті» деген еңбегім шынымен өмірде болған оқиға. Мен оны көркемдеп жазып шықым. Алматыда мен біраз бизнеспен айналыстым. Тимирязов Розыбакиев көшесінің бойында дүкендерім, ресторан типтес «Жәмилә» деген кафем болды. Енемнің, Дүкеңнің анасының құрметіне қойғанбыз. Ол кісі өте керемет, ғажайып адам болатын. 1999 жылы біз Астанаға көшіп кеттік те, дүкен, кафелерді балаларым жүргізуге алып қалды. Кафені тұңғыш қызым Райгүл жүргізіп жүрді. Бір күні Райгүл: «Мама, бізде бір әйел повор болып жұмыс істеп жүр. Бұрын сұмдық бай болған екен, ақша ауысқан кезде бір жәшік бұрынғы сом ақшаларды дәретханаға қойыпты» дегенін естігенде, сіз білесіз бе, менің бүкіл денем дірілдеп, төбе шашым тік тұрып, шошып кеттім. Ойпырмай, бұрын біздің әкелеріміз жолда ақша жатса, оны біз алмай жүгіріп бара жатсақ, «ей, ал-ал, ақшаның обалы болады» дейтін. Қағаз ақшаның шеті жыртылса обал болады деп отыратын. Кішкентай кезімізде Ыбырай Алтынсариннің «Шие» деген әңгімесін оқып өстік. Жерде жатқан ескі тағаны көтеріп алуға ерінген баласына әкесі сол тағаны үш тиынға сатып, оған шие алып, оны қолынан түсіп қалғандай етіп, бір-бірден тастап кетеді. Бала бір еңкеюге ерініп, он рет еңкейіп, үш тиынға келген сол шиелерді теріп жейді. Осылайша әкесі баланы еңбектің бағасын білуге үйретеді. Өмір бойы біз ақшаның тек еңбекпен ғана келетінін біліп өстік. Енді сондай еңбекпен, маңдай термен келген ақшаны дәретханаға қоятын дәрежеге жеттік пе деп таң-тамаша болдым. Қызымнан «сол әйел мені ақшаның кепиеті ұрды деп айтты ма?» деп сұрасам «айтқан жоқ» дейді. «Көрдің бе, балам, – дедім, – ол сондай бай болды. Ақша оған оңай, саудамен келді. Талдықорған жақта, Панфилов ауданында Қытаймен шекаралас жерде үлкен базар болды. Біраз адамдар сол базардан байып кетті. Бұл әйел сол байлықтың қадірін білмей, соңында ақшаның кепиеті ұрып, отбасы быт-шыт болып, бала-шағасымен қаңғып далада қалған екен. Қызыма «балам, ол саған бұрын біз де бай болғанбыз деп жалған намыспен айтып отыр. Ол өзін ақшаның кепиеті ұрғанын біліп те отырған жоқ. Оны бүгін жұмыстан шығарып жібер. Бізге де кесірі тиеді. Ондай кесір-кесапат адамдардан аулақ жүр. Біз әкең екеуміз қандай бір жетістікке жетсек, көрмегенді көріп, еңбектеніп жүріп жеткенбіз», – дедім. Қызым оны сол күні-ақ жұмыстан шығарып жіберді.

Жалпы, адамдар обал, сауап, кие, кепиет деген нәрселердің барын біліп жүруі керек. Бір-біріне обал жасамағандары жөн.       

–  Газетіміз әйел, отбасы мәселелері жөнінде болғандықтан осы тақырыптарда сұрақ қойсам деп едім. Бүгінгі заманның әйелі қандай болуы керек? Әлеуметтік желіде қызды оқыту керек, оқытпау керек, әйел жұмыс істеу керек, істемеу керек деген сияқты айтыс-тартыс көбейіп кетті. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

– Қазір заман басқа. Баяғыдай әйелдер үйде отырып, бала бағып отыра беретін заман емес. Қазір бала тапсаң да, оны бағам деп үйде отыру мүмкін емес. Заман ауысқан сайын адамның өмір сүру салты да өзгереді. Біздің заманда әйел жұмыс істеуі, көлік жүргізуі, сауда жасай білуі, үнемдеуі, тіпті шетелге шығып сауда жасауды да үйренуі керек. Шынын айтқанда қазір әйел бәрін білуі, бәрін үйренуі, істей алуы керек. Оқуы да керек. Бұрын қызды оқытқанда әке-шешесі оқытып диплом әпердік, әйтеуір бір міндетімізден құтылдық деп отыратын. Қазір бір дипломмен шектеліп қалатын уақыт емес. Бірнеше оқуды оқисыз. Мақсат диплом алу емес, ілім-білім жинау. Дипломды жинап қойып отыратын заман жоқ қазір. Тіпті диплом бермейтін оқу орындары да бар. Ол жерде оқисың, білім мен тәжірибе жинайсың. Сөйтіп әрі қарай жұмысыңды жүргізесің. Өз басым әйел үйде отыруы керек дегенге қарсымын. Әйел жұмыс істеуі керек. Ақылды әйел жұмысқа да, отбасына да, бала тәрбиесіне де, ағайынмен араласуға да үлгереді. Қазір міне, короновирусқа байланысты карантин кезінде онлайн-жұмыстың артықшылығын әлем мойындап отыр. Бұрынғыдай ешкім қызметкерлерді кабинетке жинап, оның сағаты мен минутын санап отырмайды. Істеген жұмыстың нәтижесі маңызды. Жұмысыңды компьютер, интернет, жетілген электроникалық технологияның арқасында үйіңде, көшеде немесе көлігіңмен келе жатып та істей беруің мүмкін. Мұны айтыс-тартыс ететін түгі де жоқ. Қазір әйелдердің декретте отырып, баласын бағып, ас-суын дайындап, ата-енесін күтіп жүріп-ақ табыс табуына мүмкіндігі бар.

Негізі мен өзімнің, анамның, енемнің тағдырынан білетінім, ер адам біздің қамқоршымыз, басшымыз болғанымен отбасының отбасы болуы әйелге байланысты. Егер әйел мына өмір, мына үй, күйеуім маған ұнамайды десе, оны ешкім де тоқтата алмайды. Әйел адам сүйгенде, әйел адам отбасы мен бала-шағаның болашағын ойлағанда ол бәріне төзеді. Еркекті де мойындатады. Жаман деген еркектің өзінен патша жасайды. Егер сіз мықты адамның әйелі боламын десеңіз, патшаның әйеліндей болып жүремін десеңіз, күйеуіңізді патшадай көруіңіз керек. Ал егер күйеуіңізді сен тряпкісің, сен өмірде не көрдің, не білесің деп қорлап, төмендете берсеңіз сондай нашар адамның әйелі болып шыға келесіз. Өмір деген солай.       

– Бала тәрбиесі жөнінде не айтасыз?

– Жоғарыда тренинг өткізетіндер жайлы айтып өттік қой. Тіпті өздері бала таппаған, не тапқан баласының берекесі жоқ өсірген, не күйеуімен тұрмайды, ажырасып кеткен. Сондай адамдар бізге үлгі үйретіп, тәрбие береді. Пәленбай ақшамен соны елдер бізге ұмтылуды, талаптануды үйретіп жатыр деп барып тыңдайды. Әркім өзі талаптанып, өзі ұмтылуы керек. Баланы да әркім өзі тәрбиелеуі керек.

Жалпы, қазақтың бала тәрбиесіне байланысты өзінің дәстүр-салты бар, соның ішінде әр отбасының өз ұстанымы бар. Бала тәрбиесіндегі өзім білетін ең жақсы тәрбием – өзіңізді тәрбиелеу, ата-енеңізді, жарыңызды, жарыңыздың ағайын-туысын сыйлау. Әрине, әркім өзінің бауырын сыйлайды, бауырын сүйеді. Егер сіз мықты болсаңыз, жарыңыздың бауырларын қалай бар, солай сүйіп көріңіз. Ақымағын ақымақ, ішкішін ішкіш күйінде сүйіп, құрмет көрсетіп көріңіз. Осының бәрін көрген бала сізге қарап өзі-ақ тәрбиеленеді. Мысалы, менің отбасымнан мақтанып айтатын нәрсем бар. Дүкеңді мен өмір бойы жаным деп сөйледім. «Жаным, ананы үйтейік, жаным, мынаны бүйтейік» деп отырушы едім. Дүкеңнің де мінезі қиын болатын. Бірақ мен жаным деп тұрғасын ешқашан қарсы келген емес. Сол кезде осы сөзді құдай аузыма салды, солай жүрдім. Енемнен жақсы нәрселерді үйрендім. Көбіне мені енем тәрбиеледі. Өте жақсы адам еді жарықтық! Нұры пейіште шалқысын! Менің атымды атамастан «жеткергенім» деп отырушы еді. Құдай сені бізге жеткерді дейтін.  Мен апамды, жарым Дүкенбай Досжановты қалай сыйласам, менің қыздарым да ата-енелері мен күйеулерін солай сыйлайды. Бұрын байқамаппын, кейін үйлеріне барғанда қарасам, жарларын «жаным», «жан» деп атайды екен. Қарап отырсам, қыздарым менің кішкентай макетиктерім болып қалыпты. Ата-енелерін сыйлауы, сыйлық жасауы бәрі өзімнен аумай қалған. Өткенде Әсел деген қызым енесін мама дейді ғой, «мамамның аяғы ауырып қалып, Шымкентке барып аяғына он күн укол салдырып келдім» дейді. Бір күні «Мен бір қызық жасадым, күйеуімнен жасырып, мамама ақша салып жүрмін» деп күлдіреді. Риза болдым. «Жаным сол, бәрекелді!» деп қуанып қалдым.

Менің қыздарым үшеуі де оңтүстіктің келіндері, сәлем салады. Біреуі Жамбылдың, біреуі Шымкенттің, біреуі Талдықорғанның келіні.  Қыздарымның бірі медицина, бірі экономика ғылымдарының докторлары, кіші қызым Әсел біздің жолымызды жалғап, шығармашылық адамы болды. Осының бәрін мен оларды өйтіп тәрбиеледік, бүйтіп тәрбиеледік демеймін. Әкесі екеуміз қалай жүрдік, солай болды.

– Сіздің өміріңізде бір өзгеріс болды деп естідік…

– Менің жолдасым Дүкенбай Досжанов осыдан сегіз жыл бұрын қайтыс болды. Жақсы тұрдық. Содан кейін осы жақында қазақтың үлкен батыры, генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Қыздарым үшеуі үш шаңырақ болды. Мен шынымды айтсам күйеубалаларыммен жағаласып бірге тұра алмайтын адаммын. Оның үстіне менің үш күйеубалам үш үйдің алақанына салып, үкілеп үміт күтіп отырған әулеттің балалары. Олар да балаларын менің үйіме беріп қоя алмайды, мен де олардың үйлеріне барып тұра алмаймын. Оған қоса мен шығармашылық адамымын. Сөйтіп жүргенімде қазақтың үлкен азаматы Сәт Бесімбайұлы сөз салды. Қазір сол кісімен жақсы шаңырақ болып, бірге тұрып жатырмыз. Оның бір ұл, бір қызы бар, менің үш қызым, тіпті Дүкенбай Досжановтың ағайын-туыстары бәрі ризашылықтарын берді. Дүкеңнің бауырлары, ағайын-туыстары, бәрі әлі күнге дейін менімен хабарласып тұрады. Өте жақсы сыйластықтамыз. Менің фамилиям да өзгерген жоқ. Шығармашылық адамы болғандықтан Дүкеңе тұрмысқа шыққанда фамилиямды атамның атына ауыстырған едім. Сол қалпында Досжан болып қалды. Дүкеңнің артынан жасалуға тиісті нәрселерді жасап жүрмін. Мысалы, Астанадан үлкен музей аштық. Оған да Сәт Бесімбайұлы көмектесті. Музей ұлттық академиялық кітапханада екі бөлмеге тірлігінде қалай болды, солай тұр. Одан кейін Алматыдан өзі тұрған үйге, көшеге тақта қойдық. Қызылордада Қорқыт ата университеті ұжымына рахмет. Сол жерден Дүкеңе кабинет аштық. Соның барлығында Сәт Бесімбайұлы көмектесті. Балаларға әкелеріңе ананы жасаңдар, мынаны жасаңдар деп бас-көз болып отыр. Алдағы уақытта да көшеге, мектепке атын берсек деген ниетіміз бар. Өмірімдегі өзгеріс осындай. Оны алғашқы кезде әркім әртүрлі қабылдады. Маған ренжігендер де болды. Бірақ қазір бәрі түсінді.  Мен әйтеуір күйеуге тию керек болса, жастау біреуге шығар едім. Жоқ, мен қазақтың үлкен батыр азаматына алдыма келіп тұрғаннан кейін құрмет жасадым. Қазақстанның туын алғаш көтерген адамның алдында басымды иіп өмірімнің соңына дейін қызмет жасаймын деп уәде беріп тұрмысқа шықтым.

– Өзіңіздің шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– «Қасірет пен тағдыр» деген романымның жалғасын жазып жатырмын. Осы карантиннің кезінде менің шығармашылығымда ойда жоқта өзгеріс болды. Балаларға ертегі жаза бастадым. Ертегі оқып беретін болдым. «Сәуле апай, сіз кезінде диктор болып едіңіз ғой. Жақсы даусыңыз бар. Балаларға Андерсеннің ертегілерін оқып берсеңіз» деген жоғарыдан ұсыныс түсті. «Біздің менталитетке келмейтін Андерсеннің ертегілерінде нем бар, өзіміздің қазақ ертегілерін оқып берейін» дедім. Өзімнің де жазып қойған ертегілерім бар еді, соларды оқып, инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілеріне қойып едім, жұрт өте жақсы қабылдады. Балаларға да ұнады. Күніне екі жүз-үш жүз адам тыңдайды, пікір білдіреді. Фейсбукта бес жылдан бері отырсам да бұрын ондай болған емес. Осыдан кейін Құдай қуат беріп, балаларға арнап ертегі жазып, «Миллионер бала» деген повесть бітірдім. Ұзақ жылдан бері бұл менің арманым еді. Біздің қазақтың балалары мектепте оқып жүргеннен бастап, еңбектің қасиетін біліп, тиыннан үлкен қаражат құрап жүріп миллионер болса, балалар еңбекке мектепте жүріп ынталанса деп ойлағам. Сөйтіп мектептен бастап еңбек етіп, тиыннан теңге құраған азамат жайлы повесть жазып шықтым. Қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті кенжелеп қалған екен. Соған алаңдаулы жұрт көп. Әлихан Бөкейханов: «Кеудемде жаным тұрса қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп айтқан екен. Соны ұстанатын адамның бірімін  мен де. Кеудемде жаным тұрғанда қазақтың жоқ жеріне, жетіспей жатқан жеріне қызмет етсем деймін. Қазір осы кенжелеп қалған балалар әдебиетіне қызмет жасауға тырысып жатырмын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

– Мені елеп-ескергендеріңе рахмет. Ел-жұртыма амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Г. ӘШІРБЕКОВА.  

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*