Бір сабақ жіп

Бөлісу

Логотерапиямен танысқанға дейінгі менің ең үлкен қателігім балаларыма жекіп ұрсу болыпты. Əсіресе, екінші қызыма көбірек ұрсатынмын. Себебі оның бойынан бір кездердегі өзімді көретін едім. Яғни жан-жағыма тəкаппарлана қарау, ата-анаға сөз қайтару, іні-сіңлілерді ұрып-соғу деген сияқты нəрселер. Мінезімдегі кейбір кемшіліктерімнің кесірінен өмірден жеген таяғым аз емес. Қызыма ұрыссам менің қателігімді қайталамасын деген жанашырлығым еді. Бірақ агрессиямен берген сабағың дəртке аспайды екен. Күндердің бір күнінде ақылым кіріп, қызыммен сырласа бастадым. Оған өзімнің жіберген қателіктерімді айттым. Мысалы, анам бала күнімізде: «Бауырларымызбен басымыз піспей қалса, «сендер бір-біріңе келген аз күндік қонақсыңдар. «Бірге тумақ болғанмен бірге жүрмек жоқ екен» дейді. Сен күйеуге шығасың, сен үйленесің. Айында емес, бір-біріңді жылында бір рет көрсеңдер қуанатын боласыңдар. Сол үшін бір-біріңмен тату тұрыңдар. Ертең қанша сағынсаңдар да қайтадан дəл бүгінгідей құлын-тайдай тебісіп бірге жүре алмайсыңдар» деп қанша ақыл айтса да тыңдамаушы едік. Қазір қарасай енді, қанша қаласақ та бесеуміз бұрынғы бала күнгіміздей бес күн бірге тұра алмаймыз деп бір қойдым. Тағы бірде анамның айтып берген бір əңгімесін айтып бердім. «Баяғыда бір байдың ерке шолжаң бір қызы болыпты. Еркелікпен үйінде жүргенінде бірде бір тірлік үйренбепті. Содан уақыты жетіп күйеуге шығып бара жатқанында анасы қызына: «Үй шаруасына икемделіп, ештеңе үйрене алмай кетіп барасың. Енді тым құрыса, барған жеріңде бір сабақ жіпті үстіңе іле жүр», — деп ақылын айтқан екен. Ол кездегі қыздар бүгіндегідей төркініне ай сайын кеп тұрмайды екен. Үш-төрт жылда бір келетін көрінеді. Бір күні анасы қызының үйіне барса, қызының үсті əлімдір-сəлімдір боп ілінген жіптен көрінбейді дейді. «Əй, шырағым-ау, мұның не? — десе, қызы: — Апа, өзіңіз емес пе, бір сабақ жіпті іле бер деген», — дееееп тұр дейді. «Ойбу, қызым-ау, сөзімнің астарын түсінбеген екенсің-ау, менің жіп дегенім кəдімгі жіп емес өмірден сабақ ал, айналаңдағылардан тірлік үйрен дегенім еді ғой», — деген екен. Сол секілді сен де қарап жүрмей, өзіңе пайдалы істі үйреніп жүр деген еді. Өзінің айықпас дертке шалдығатынын білгендей, анам менің бүкіл өміріме керек тəрбиені он-он бір жасыма дейін-ақ беріп қойыпты-ау. Анам не деген данышпан еді деп ойлаймын, сол анамның маған берген тəрбиесін бір жағы жұмыс, бір жағы өзімнің сірескен мінезіммен сендерге бере алдым ба білмеймін. Анам секілді сендердің əңгімелеріңді тыңдап, сырласпаймын да дедім тағы бірде. Сонда қызым: «Мама, еш уайымдамаңыз. Сіз де жақсы тəрбие беріп жатсыз. Мен көп қыздармен өзімді салыстырам да сіздің берген тəрбиеңізге риза болам», — деп көңілімді көтеріп қойды. Осы қызым биыл мектеп бітірді. Қазір жұмыс істеп жүр асханада. Ауылдан қатынау қиын болғасын қалада квартирада тұрып жатыр қасындағылармен бірге. Мен квартирада тұрған қалай болар екен деп уайымдап едім, өзінің жұмыс істегісі кеп тұрған соң амалым жоқ жібердім. Бір аптадан кейін келіп: «Мам, ештеңе уайымдамаңыз, мен «үстіме бір сабақ жіп» іліп жүрмін деді. Ешкіммен жұмысым жоқ, жағымсыз мінез-құлық жұқтырмаймын, қорықпаңыз дегенінде іштей Құдайыма сан қайтара шүкіршілігімді айттым. Өзімді сынай алу, сырттан бақылау қасиетімді пайдаланып, қызымның да бойындағы сол қасиетін оята білдім-ау деймін))).

Логотерапияның онлайн-сабағына берген жауабыммен бөлісе отырайын дедім.

Г. Аширбекова

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*