«КЕСТЕ ТОҚУ ЕҢ СҮЙІКТІ ХОББИІМ»

Бөлісу

Сұхбатымыздың кейіпкері Гүлнәр Әбіш ерекше жан. Ол кісі мамандығы экономист болғанымен көп жылдардан бері кесте тігумен айналысады. Жұмысбасты адамға уақыт тауып кесте тоқу да оңай шаруа емес. Гүлнәр ханымның тағы бір ерекшелігі Тәж Махал сынды әлемдегі тарихы тереңде жатқан ерекше сәулет ғимараттары мен мешіттерді өрнектейді. Мешіт, сәулетті ғимараттарды тоқуға бес-алты айдай уақыт кететін көрінеді.  Дәл қазіргі уақытта ол кісі Меккедегі қасиетті қағбаны кестелеп тігіп жатыр екен. Бұйырса осы рамазан айының соңына дейін бітіріп қалсам деген тілегі бар.     

Гүлнәр Бақытқалиқызы, ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз… Туған жер, ата-ана, қызмет, отбасы, т. б.

– Өзім Қызылорда  өңірінің тумасымын. Қазалы ауданында дүниеге келгем. Көп балалы отбасынан шыққанмын. Қазір әке-шешем Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылында 8  бала шағасымен, немере, шеберлерімен, өсіп-өніп ғұмыр кешуде.  27 жыл Білім саласында қаржы маманы болып қызмет атқарып келем. Алматыда қазақ-неміс университетінде экономист болып қызмет жасаймын. 8 жасар Дина есімді қызым бар. Күйші Дина әжей құрметіне атын қойғанбыз, Аллама шүкір күй  тартып талаптанып жүр.  Солтүстік өңірінің келінімін.

Мамандығыңыз экономист екен. Бірақ кесте тігесіз. Бұл хобби ме? Қай уақыттан бері тігесіз?

– Кесте тігуге анам себеп болды. 10 жасымда мектепте еңбекке баулу сабағынан тапсырма беріп, қолөнер шеберліктерін дайындауға тапсырма берген. Сол кезде анам кесте тігіп көрсеткен еді. Сол стимул,  ұйытқы болып 40 жылдан бері кесте тігемін. Бұл менің басымдағы бірнеше хоббиларымның ең сүйіктісі.  Соңғы он жылдықта көрме, фестивальдарға қатысып, мастер класстар ұйымдастырып келем. Одан қалса темір тордың ар жағындағы, бас бостандығынан айрылған, өмірлерінде қателік жасап, өкініште жүрген азаматтарға, үміт отын сыйлап, шағын қызықтырушы көрмелер жасап тұрамын.

Тек әулиелердің кесенесін өрнектейсіз бе? Әлде басқа да нәрселер тоқисыз ба?

– Соңғы 15 жылда тарихы әдемі мешіттерді кестелеп келем. Осыдан 15 жыл бұрын Үндістанға барған сапарымда әсерленіп, дүние құдіретінің бірі  Тадж  Махал мазарын 6 ай тігіп  бойы тігіп едім. Сонда  сол  әсем ғимаратты құдды өзім салғандай күйде болдым. Сол кезде өзіме сөз бердім бұдан былай алтын уақытым мен көз майымды тек қана мешіттер  тігуге арнаймын деп. Міне содан бергі он бес жылда 30-ға жуық әдемі тарихы бар, аты әлемге әйгілі мешіттер тігіппін. Халықаралық Фестиваль көрмелерде сол мешіттердің тарихын үш тілде көрермендерге жеткіземін. Екінші мамандығым ағылшын пәнінің мұғалімі, ағылшын тілін жақсы меңгергенмін. Кейде мешіттер арасында, натюрморт,  табиғат, жануарлар тіккенді жаным қалайды. Құрақ көрпе тігем, дәмді тамақ пісірем.

 Өмірде сізге не ұнайды? Не ұнамайды?

– Шындық, адалдық, әділеттілік, әдемілік (спорт, музыка, музей, мода, дәмді тағам т.б.) ұнайды. Ақшаға құныққандар, деңгейі таяздар ұнамайды. Қасиет көп, бірақ маржандай тізіп жатпай-ақ қояйын. Мен негізі өмірде адамзатты 2 категорияға бөлемін: АДАМ және адам емес….

 Отбасы, ұлттық құндылықтар туралы не айтасыз?

– Бәрі отбасынан басталады дегенді толық қолдаймын, себебі менің өмірбаяным соған дәлел. Ұлттық құндылықтарды қазіргі таңда көп еленбей тұрған мәселе деп айта алам. Бірақ сақтап ұрпаққа жеткізу әр адамның көкірегінен шығу керек. Кесте тігу ежелгі өнер, қолымнан келгенше талпынып жатырмын. Арасында студенттерге дәріс берем, әдеби -көркем сағаттар. 30 студенттің ішінде  5 жас азаматтың қызығушылығын  арттырсам сол мен ушін құндылық.

Арманым көп, күнде өзгереді, қосылады: адамзат аман болып,  әлемге әйгілі көрмелерге шығып паш етсем деймін.

– Рақмет, Гүлнар апай! Еңбегіңіз жансын!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*