КЕЛІНГЕ КӨРСЕТКЕН ҚЫЗМЕТІҢ ӨЗІҢЕ ҚАЙТАДЫ

Бөлісу

Арыс қаласының «Хлопком» мөлтекауданында Гүлжамал Төленбаева (суретте) есімді жаны ізгілік пен мейірімге толы керемет бір апай тұрады екен. Жақында ол кісімен арнайы барып танысып, әңгімесін тыңдап қайтқан едік. Тағдыры бір кітапқа жүк боларлық апайдың өмір жолының бір парасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 «Менің енем миллионнан біреу»

 «Ене құпиясы» айдарына сұхбат алатынымызды айтып, «Қандай енесіз?» «Келін тәрбиесінде жұртқа қандай кеңес айтар едіңіз?» деп сұрағанымызда ол кісі: «Менің қандай ене екенімді келінімнен сұрамайсыңдар ма?» деді күліп. Қасымызда келіні Жанна да отыр еді. Ол: «Менен сұрасаңыздар, менің енем миллионнан біреу», – демесі бар ма? «Сен қарап отырмай менің мақаламның тақырыбын қойып бере салдың ғой», –  дедім оның тапқырлығына риза болып. «Сөзімнің өтірігі жоқ», – деген Жанна келіндік өмірінің бір ғана эпизодын айтып, бізді одан әрмен таң-тамаша етті.

 «Мен Алматыда төрт жыл оқуда болып, әбден ауылды сағынып қалған екенмін. Келін болып түскенімде еш жатырқағаным жоқ. Өз үйімде жүргендей еркін жүрдім. Бұған енемнің мені бөтенсімей, сағынып күткен жандай қабылдап, жайлы мінез танытуы да себеп болған шығар деп ойлаймын. Тұңғышымды қақаған қыстың ортасында, қаңтар айында босандым. Бірінші бала болғасын әбіржіп, қиналғаным рас. Сонда мені енем әлпештеп бөпеден артық күтті ғой. Ауылдағы үйлерде өздеріңіз білесіздер, қаладағыдай жағдай бола бермейді. Ыстық-суық суымыз үйдің ішінде сарылдап ағып тұрған жоқ ол кезде. Қазір ғой жағдай жасап алғанымыз. Сол кезде енем мені терлеп отырып, тысқа шықсаң ауырып қаласың деп үйден шығармай, дәретімді өзі төгіп келіп жүрді. Сыртқа шығам, ұялам десем ұрсып тастады. Сосын амалсыздан айтқанына көндім.

Бір күні мамам тойға баратын болып: «Сені кімге тастап кетем, анаңды шақырайын. Мен келгенше қарап берсін деп анамды шақырды. Үйреншікті әдетіме басқалы жатыр ем, анам «не істеп жатсың? Құры далаға!» деп айқайлап берсе бола ма? Сөзімді сөйлейтін енем тойға кетіп қалған. Анама қарсы уәж айта алмай жүгіріп кеттім ғой сыртқа».

Босанған келінді жақсылап күтетін енелер көп қой, оны естігенбіз. Бірақ енесі келінінің дәретін төгіпті дегенді естіп отырғанымыз осы. Гүлжамал апайдың шынымен-ақ  миллионнан біреу екеніне көзіміз сонда жетті. Әрі қарай әңгімені Гүлжамал апайдың өзі жалғады.

28 жасында жесір қалыпты

«Өзім босанғанда күтінуді білмей, ауырып, денсаулықтың қадірі өткен, – деді Гүлжамал апай. – Он балалы отбасыға келін болып түстім. 8 қыз, 2 ұлы бар еді енем жарықтықтың. Мен келгенде 5 қыз әлі күйеуге шықпаған. Босанған әйел жылы оранып күтінуі керектігін өзім білмеппін, ешкім де айтпапты да. Қызымды босанып келгесін, бір халатпен жүре бергенмін.

Бір күні екі әйел құтты болсын айтып келген еді, әлде солардың көзі өтті ме, мүмкін суықтан ба екен, әйтеуір сол күні кешкісін омырауым ісіп, қатты ауырғаным бар. Ақырында операцияға түсіп, зорға дегенде жазылғанмын. Ұлымды босанғанда белімді ауыртып алдым. Ол кезде күйеуім қайтыс болып кеткен. Қамқор болар күйеу жоқ, мен ауырсам балаларыма кім қарайды деп жылайтынмын. Ауыртпашы мені Құдай деп түнімен жалбарынып жылап шығушы едім. Кеше ғана жылап жүрген сол күндерімді қалай ұмытамын? Жалғыз келінімнің жағдайын жасамағанда қайтем?»

«Күйеуіңіз ауырған ба еді?» – деп сұрадық үзіліп қалған әңгімені жалғағымыз келіп.

«Жол апатынан қайтыс болды. Сол кезде жасым 28-де еді. Қайынатамыз екі ағайынды, үлкені атам, інісінің үйі бізбен көршілес тұратын. Ол кісінің әйелін кіші ене дейтінмін. Ал ол кісі менің күйеуімді «Шырақ» деп атаушы еді. Күйеуім қайтыс болғанда менің жаныма келіп: «Шырақты шығарып салайық, шырағым. Тұра ғой орныңнан», – деп белімді үлкен ақ жаймамен мықтап орап байлап берді. Сол кезде қайдан есіме түскенін білмеймін: «Апа, белімді бостау етіп байлаңызшы. Екі айлық балам бар ішімде», – дедім. Кіші енем жылап қоя берді сол жерде. Дереу туған-туыстардың бәріне айтып, олар бірінен кейін бірі жаныма келіп мені құшақтап: «Рахымбай өлген жоқ. Ол тірі. Бізге кішкентай қара бала тауып берсең болды», – деп өлгендері тірілгендей, еңіреп жылағанда… айта алмаймын ол кездегі шерімізді.  Сөйтіп бір-бірімізбен қайта көрісіп жүріп, күйеуімді бір жарым сағаттай кешіктіріп шығарды. Кейін анамның: «Ақылыңнан айналдым, шырағым. Күйеуің есіктен шықпай тұрып екіқабат екенің ойыңа келгені дұрыс болды. Әйтпесе ертеңгі күнің не боларын кім біледі?» – деп еңкілдеп жылағаны бар.

Күйеуіммен бар болғаны үш жарым жыл отандасыппыз. Күйеуімнің қазасы маған оңай тиген жоқ. Есімнен айрылып жетісіне дейін ауруханада жаттым. Сонда үйдегі сегіз қыз кезек-кезек барып қарап, ауруханада мені күзетіп тұрды. Іштегі баланың түсіп қалмауы үшін жанталастық бәріміз. Ол кезде УДЗ деген жоқ, ағайын-туыстың бәрі ұл табасың дейді, өзім де ұл деймін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген рас екен. Қайта-қайта ауырып, ауруханада жатып жүріп, Орынбасарым келді өмірге. Аман-есен босанып алсын деп қайынбике, қайынсіңлілерім мен абысындарым тік тұрып күтті. Сондай ықыластың арқасы шығар деймін, қазаның арты қанша ауыр болса да, баламды аман-есен босанып алдым. Мен босанғанда абысындарым сонау екінші Арыстан осы жаққа дейін түн ішінде жаяу жүгіріп келіп сүйінші сұраған екен. Ол кезде телефон жоқ, көшеден зуылдап өтіп жатқан көлік тағы жоқ. Ұл тапқанымды айтып қуантпақшы болған ғой. Сонда енем бір қой, жездеміз бір қой берген екен абысындарға.

Қыздарға төркін боламын деп кетпепті

Күйеуім қайтыс болғанда мен екі қызбен, құрсақтағы екі айлық шаранамен қалғанмын. Несін айта берейін, көп қиындықтар өтті ғой басымыздан. Жесір әйелге күн жоғын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бірақ кішкентайымнан әке-шешемнің «ешкімді ренжітпе, кісінің затына қызықпа, өзің берсең бер, бірақ алма» деп құлағымызға құйып өсірген тәрбиесінің арқасында бәрін де жеңіп шықтық.

Өзім де 8 ұл, 3 қызы бар көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Алдымда бес ағам бар. Бес жеңгем болды. Сонда шешем жеңгелерімді ренжітпе деп көп айтатын. «Ол да бір үйдің өзің сияқты еркелеп өскен қызы. Сен де ертең бір үйдің келіні боласың, қайынсіңлілерің ренжітсе, қалай болады сол кезде», – деп құлағыма құйып отыратын. Сондай тәрбие алып өскесін бе екен, кісінің көңіліне көп қарадық. Наласына қалмауды ойладық.   

Күйеуімнің жылы өткесін әке-шешем басың жас деп мені әкетпек болған. Бірақ мен төркініме қайтып бармадым. «Көке, сегіз қыздың төркіні болып осында қала берейін. Үш баламен қайда барамын?» – деп осында қалып қойдым. Сонда әкем ақылыңнан айналдым деп маңдайымнан сүйіп, батасын берген.

«Орнында бар оңалар»

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген рас қой. Шешем келін боп түскенде бес қайнысы әлі үйленбеген екен. Соның бәрін үйлендіріп, үй-жай етіп шығарыпты әкем екеуі. Енесі, менің әжем он екі жыл төсек тартып жатты. Науқас бағу да оңай емес. Сонда анамның бір рет қабақ шытып, артық сөйлегенін естімеппіз. Әжемнің төсегіне кір, қабағын мұң шалдырмай баптап күтіп, шығарып салды соңғы сапарына. 

Өзімнің де енем тоқсаннан асқанда қайтыс болды. Ұлымды бауырына басқан еді, соның үйленгенін көріп кетсем деп армандады. Баламнан жүріп жүрген қызың бар ма деп сұрап едік. Бар екен. Алдын-ала құдалармен кездесіп, ақылдасып, құда түсіп алдық. Олар той жасап ұзатты, біз де той жасап түсірдік. Енем немересінің тойын көріп, армансыз кетті.

Құдайға шүкір, құдаларым өте жақсы кісілер. Кешегі Арыс оқиғасында бізбен бірге жылап, Төрткөл жақтан күтіп алып, үйлеріне апарып қиын кезде қол ұшын беріп қарайласты. Құданың ағасының Шымкентте төрт бөлмелі бос тұрған үйі бар екен. Келінім балаларымен сонда екі ай тұрды. Ұлым жұмыста, өзім осында қираған үйді қалпына келтіріп жатқасын, басы-қасында қарайлап отырдым. Ара-тұра келінімнің ас-ауқатын апарып беріп тұрдым.

Жалпы, өмір қамшының сабындай қысқа ғана ғой. Көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сол қысқа ғұмырда мен енемін, сен келінсің немесе басқалай сөздермен бір-бірінің жанын жаралап, ренжісудің қажеті қанша? Қолдан келгенше сыйласып өткенге не жетсін? Мен бүгін келініме қызмет етсем, қартайғанда ол маған қарайды. Қартаймай-ақ қазірдің өзінде ас-суымды беріп, қабағыма қарап күтіп отыр ғой. Маған бұдан артық не керек?

Құдайға мың қайтара шүкіршілік айтамын, балаларым өсіп, жаста көрген қиындықтың бәрі ұмыт болды. Қыздарымды қияға, ұлымды ұяға қондырып, жесірлігім де білінбей кетті. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар. Қазір екі қызымнан 8 жиен мен үш немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Тәуба деймін бәріне», – деп Гүлжамал апай әңгімесін аяқтады.

Ол кісінің өнегелі өмір жолын естіп, көкейге көп ой түйіп қайттық. Түсінген адамға ене болу – келінге үстемдік ету емес. Оның қызметшісі бола жүріп, аналық махаббаттың тамаша үлгісін көрсете білу екен-ау…

Г. ӘШІРБЕКОВА.  

Бұл сайт-беті: 1 Лүпіл 4 рет ұнатылды.
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*