БҰЛ ӨМІРДЕ АДАМДАР БІР-БІРІНЕ КЕЛГЕН ҚОНАҚ

Бөлісу

Қасиетті Түркістан қаласында зейнеткер ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Хадиша Жүсіпова есімді апай тұрады. Таяуда бізге саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне жұмсап, шәкірт тәрбиелеуге арнаған Хадиша апаймен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

– Хадиша апай, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

– Мен зейнеткер әжемін, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыздың барлығы жоғары білімді. Бүгінде өз мамандықтары бойынша жұмыстарын атқарып жүр. Он немерем бар. Өзім Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының түлегімін.  20 жыл мектепте, 22 жыл университетте  жұмыс атқардым. 2003 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. 2014 жылдан бастап зейнеткермін. Менің шешем ұстаз, әкем есепші  болған. Шешемнің әкесі де ұстаз болған екен. Демек біз нағашы жағынан үш атадан бері ұстаздар әулетіміз. Жеті ағайындымыз, соның ішінде бесеуміз ұстазбыз. Мамандығымызды жан-тәнімізбен жақсы көрдік.

– Енді келін болып түскен еліңіз, енеңізден көрген үлгі-өнегеңіз жайлы әңгімелесеңіз…

 – Мен тоғыз ағайынды үлкен әулетке келін болып түстім. Қара шаңырақта қалған келінмін. Енем өте ақылды, адуынды кісі еді, барлық билік өзінде болатын. Соған қарамастан енеммен тату тұрдық. Әрине отбасында бәрі бір-бірін ә, дегеннен түсініп, бірден жақсы болып кете салмайды ғой. Қиналған сәттерімде мен ол кісінің орнына өзімді қойып көретінмін. Сол кезде мәселенің бәрі оңынан шешіліп сала беретін. Енемнің маған ең бірінші айтқан ақылы үйге келген адамды күліп қарсы алып, күліп шығарып сал. Бұл менің өмір бойы ұстанымыма айналды. Осы уақытқа дейін үйімізден қонақ арылмайды. Қонақ туралы қазақта мақал көп қой соның бәрі рас. Үйіміз берекеге толы деп айта аламын. Мұны сол қонақтардың берген батасы мен ризашылығының арқасы деп білемін.

– Әже тәрбиелеген бала ерекше болады деп жатады ғой. Бұған сіздің ойыңыз қалай?

– Иә, ол рас. Менің үлкен балам әжесінің тәрбиесінде болды. Үлкен балам ғана емес, қолында тұрғасын бәрін де сол кісі тәрбиеледі ғой. Апам: «Мен барда туып-туып ал, қарап беремін ғой», – деп отыратын. Шынымен көзі жақсы көрмесе де, бәріне өзі қарады. Балаларымды төрт-бес айлығында енеме тастап, жұмысқа шығып кететінмін. Бесікке бөлеп, енемнің жанына қойып, қасына сүтін, тамағын қоямын. Мен келемін дегенше кішілерін бесік жырымен ұйықтатып, үлкендеулеріне ертегісін айтып, жылатпай қарап отырушы еді. Ертегісі таусылғанда маған кітап оқып берші дейді. Мен Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қысқаша әңгімелерін оқып берем. Оны апам балаларға әңгімелейді. Олар әжесіне айтып береді. Бұл әрі ермек, әрі тәрбие. Тілі мен ой-өрсінің дамуына әсер етеді. Апам немерелерін өте жақсы көретін. Кейде шынымен жақсы көре ме екен, өз баласындай деп ойлаушы едім. Сөйтсем шынымен жақсы көреді екенсің. Оны өзіміз әже болып, немере сүйгенде біліп отырмыз ғой. Әжесінің бауырында өскен үлкен ұлым ерекше қабілетті болып өсті. Мектепте жақсы оқып, университетті де жақсыға бітірді. Сосын Түркияға барып докторонтурасын қорғап келіп, ХҚТУ-да сабақ беріп жүр. Балаларыма ненің дұрыс, ненің бұрыс, ұят қайсы, обал мен сауап деген не деген құндылықтарды сіңірген енем. Сол кісінің берген тәрбиесінің арқасында балаларым әрқайсы өз орындарын тауып, мән-мағыналы ғұмыр кешіп жатыр. Тіл-көзім тасқа.   

– Өміріңізден мысал келтіре отырып, жастарға үлгі болатын бір әңгіме айтып берсеңіз…

– Адам болғасын реніш болмай тұрмайды ғой. Бір күні апам балаларына ренжіп, таяғын тықылдатып көшеге шығып барады екен. Артынан жүгіріп барып, «апа, қайда барасыз?» деп сұрап едім, «қызыма бара жатырмын» деп қамықты. Ренішінің себебін сезіп тұрмын. Сосын ойланып тұрып: «Апа, қызыңыз да біреудің келіні. Оның да ата-енесі бар. Үйдегі сырды сыртқа шашып, қызыңыздың абыройын түсірмей-ақ қойсаңыз қайтеді. Өкпе-реніш деген өтіп кететін нәрсе ғой. Үйге жүріңізші деп өтіндім. Ақылды кісі ғой, сөзімді жерге тастамай, қайтып келді. Дастарханымды жайып, шай-тамағын беріп, сырттан көріп-білген әңгімемді айтып біраз көңілін ауладым. Ол кісінің көзі көрмейтін. Сол жаныма қатты бататын да, біліп отырсыншы деп көрген-білген жайларымды айтып беріп жүретінмін. Апамның ашуы тарқап, көңілі жадыраған соң «ұлың арам болса да, келінің адал болсын» деген рас екен деп маған алғысын жаудырды. Ол кісі өмірінің соңғы жағында жаман кеселмен ауырды. Асқазан мен өңештің ортасында болған екен ісік. Ол өзі білінбей жүріп, бірден шығатын кесел ғой, уақытын өткізіп алдық па қайдам? Түйіліп қалдым деді алғашында. Дәрігерге де, тәуіпке де көрсеттік. Ақыры сол кесел алты айда алып кетті. Жұмыстан ақысыз демалыс алып, қас-қабағына кірбің түсірмей қарап, күтіп ақтық сапарына шығарып салдық. Дүниеден өтерінде апам: «Айналайын, қарағым, дауыс та көтердім, айқайладым да. Сен дыбысыңды шығарып үндемедің. Өс-өн, балам, қолыңды жай», – деп ақ батасын беріп кетті. Шынында ол кісі не десе де ойлағаны біздің қамымыз ғой деп үндемеуші едім. Ол кісінің жанын түсінуге тырыстым. Соның арқасы шығар, бүгінде ағайын-туыстың арасында сыйлымыз. Біздің туып-өсіргенімен, шешемізді сен бағып-қақтың деп бәрі төрлеріне шығарып, күтеді. Тәубе, шүкір деймін бәріне.  

– Бүгінде өзіңіз ене болдыңыз. Келін тәрбиесінде қандай тәсіл қолданасыз?

– Бүгінгінің келіндерін бізбен салыстыруға болмайды. Қазіргі жастардың ой-өрісі басқа. Біз олармен санасуымыз керек. Негізінде өз басым дауыс көтеріп, ұрыс-жанжал шығарғанға жан-тәніммен қарсымын. Бәрінің байыбына барып, түсінісуге болады. Мен бірдеңені сөзбен айтып түсіндіргеннен гөрі, іспен көрсетіп тәрбие бергенді дұрыс көремін.

Бір күні асүйге кірсем газ плитаның үсті жуылмай қалып кеткен екен. Өзім жуып тазалап, бөлмеме кеттім. Сәлден кейін келінім «сіз жудыңыз ба?» деп сұрады. Содан кейін «бұрайтын жеріне дейін тап-таза ғып қойыпсыз, біз оған мән бермейді екенбіз ғой» деп өз қателігін түсінді. Құманға су құйылмай қалса, неге су жоқ деп айтып жатпай-ақ, өзім құйып құя саламын. Келесі жолы құман суы құюлы, сол қойған орында тұрады. Осылайша сөзбен емес, ісіммен үлгі болып, тәрбие бергенді жақсы көремін.  Өзім енемнің қадіріне жеткен адаммын. Өмірден өткеніне жиырма жылдан астам уақыт болса да ол кісіні сағынышпен, көңілім босап еске аламын. Келіндерімді де түсінуге, олардың да көңілін қалдырмауға барымды саламын. Дастархан басында отырғанда адамдардың бұл өмірде бір-біріне қонақ екенін көбірек айтамыз. Сөздеріміздің бірі болмаса бірі естерінде қалар. Үш келінім бар, екі келінім қолымда, тату-тәтті тұрып жатыр. 

Жалпы, отбасындағы татулық ене мен келіннің татулығына, екеуінің қас-қабағына көп байланысты ғой. Ең бастысы, түсіністік керек. Ене мен келін түсініскенде отбасында бәрі жақсы болады.

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Г. ҚАРАТАЙ.

Бұл сайт-беті: 1 Лүпіл 1 рет ұнатылды.
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*