«Ене екенмін деп қол қусырып қарап отырмаймын», – дейді Гауһар Бабаева

Бөлісу

Гауһар апаймен алғаш рет екі жыл бұрын Түркістанға бара жатқанда таныстық. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зияратқа бара жатыр екен. Шымкенттен Түркістанға жетем дегенше жолды қысқартып, әңгіменің тиегін ағыттық. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірде ұстанымы тек адалдық болған жан екені айтқан әңгімесінен білініп тұрды. «Айналайын» деп айналасына жылы шуақ тарата сөйлеп, адамның жанын өзіне еріксіз баурап алатын қасиеті бар екен. Сапарлас болған апаймен одан кейін де қол үзбей, хабар алып, қал-жағдайымызды сұрасып тұрдық. Ол кісі бір келін түсіріп, төрт қыз ұзатқан, жиырма шақты немере сүйіп отырған бақытты ана. Бір келін мен төрт күйеубаланың құрметіне бөленген көргенді ене.

«Менің енем өмірдегі ең жақсы ене!»

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дейді емес пе, қазақ. Шаңырақ көтергенде екі жақта той өтіп, өмірдің басы қызықты думанмен басталғанымен, уақыт өте келе тағдыр әркімнің өзіне сай сыйын тосатыны белгілі. Осындайда қандай жағдайға да қарамастан жастардың іргесінің бұзылмай, босағасының берік болып қалуына ықпал ететін бірден-бір жанашыр адам ол – ЕНЕ! Ене парасатты болса, жастардың шаңырағы өмірдің анау-мынау өткінші желіне шайқала қоймайтыны анық. Осы орайда біз шымкенттік Гауһар апайды өзінің енелік құпияларымен бөлісуге шақырдық. Ол кісіге «Отбасының тату-тәтті, ауызбірлік пен ынтымақта өмір сүруі енеге  байланысты ма, келінге ме?» «Жақсы, үлгілі ене болу үшін адамның бойынан қандай қасиет табылуы керек?» деген сықылды сұрақтар қойдық. Бізді тыңдап болғасын Гауһар апай жұмыста жүрген Нұрқыз келініне телефон толғап: «Маған «Әйел құпиясы» газетінен «Ене құпиясы» айдарына сұхбат беріңіз деп журналист келген екен. Мен қандай енемін?» – деп сұрап, телефон тұтқасын бізге берді. Телефонның ар жағынан әдемі дауыс: «Менің енем өмірдегі ең жақсы ене. Өте сабырлы. Осындай енеге тап келгеніме Құдайыма мың қайтара шүкіршілігімді айтамын», – деді. Нұрқыз жұмыста болғасын көп сұрақ қойып мазалап, уақытын алғымыз келген жоқ. Оның шын жүректен айтқан осы сөзінің өзі жеткілікті болатын. Осыдан кейін Гауһар апаймен әңгімеміз басталып кетті.

«Мен өзім көпбалалы отбасыдан шыққанмын, – дейді ол кісі. – Ата-анамыз он перзентті өмірге әкеліп, бәрімізді бетімізден қақпай өсірді. Мен бесінші баламын. Әкем мұғалім, анам да жоғары білімді, кітапқұмар болатын. Балаға қатал еді жарықтық. Әсіресе қыз тәрбиесінде, «қыздың еркесі, биттің сіркесі» деп, бізді көп еркелетпейтін. Ал  әкем өте балажан кісі болды. Ата-анам ауыл-аймаққа сыйлы, өсіп-өнген әулеттің қызымын. Келін болып түскен жерім де текті жандар. Атамыз есепші болып жұмыс істейтін. Әрі ауыл ақсақалы, үйден қонақ үзілмеуші еді. Күніне қанша адам келіп, неше мәрте дастарқан жайылса да қабақ шытуды білмейтінбіз. Қонақ келсе, құт келеді деп қуанушы едік. Үйдің үлкен келінімін. Менен кейін төрт келін түсті. Алты жыл үш келін бірге тұрдық. Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқтың сылдырап тұратын кездері, өзара түсініспей қалатын жағдайлар да болып тұрады. Бірақ оны дабырайтып сыртқа жаюдың керегі жоқ.

«Әйел адам сабыр сақтап, тіліне абай болса бәрі жақсы болады»

Бірде енем науқастанып ауруханаға түсіп қалды. Үш келін оңаша қалдық. Атам мен күйеуім, қайныларым жұмыста. Үшеуміздің арамызда бір келеңсіз жағдай орын алды. Оның не екенін көпке жариялап қажеті жоқ. Отбасылық, ұсақ-түйек әңгімелер ғой. Бірақ үлкен мәселелер осындай ұсақ-түйектен басталатынын да ұмытпауымыз керек. Егер осы ұсақ-түйекке көңіл бөліп, оны дабырайтып айналаңа жайып, қайта-қайта еске алып, айта берсең шынында ұлғайып, бітіп болмайтын дауға айналып кетеді. Ал көңіл бөлмей, елемей өтіп кетсең естен шығып кетеді. Мен үшеуміздің арамыздағы сол ұсақ-түйек нәрсені кешке жұмыстан шаршап келген күйеуіме, абысындарым да өз күйеулеріне немесе енемізге айтсақ, сөзден сөз туып, күйеулерімізді де, ата-енемізді де өкпе-ренішке қалдырып, бір-бірімізден көңіліміз суып кетер еді. Сол жағдайды мен болмағандай мән бермей өтіп кеттім. Себебі сүйінетін дос пен табалайтын дұшпан әркімде бар. Енесі жоқта үш абысынның басы піспей қырылып қапты деген әңгіменің керегі жоқ еді. Сол үшін ол мәселені үшеуара өзіміз шешіп алдық. Арада он жыл өткенде осы жайды естіп енем менен: «Сен сол кезде осы әңгімені неге маған айтпадың?» – деп сұрағаны бар. Сонда мен: «Апа, оны не деп айтамын? Сүйінші сұрайтын жағдай емес қой», – дедім де қойдым. Сонымен ол ұмыт болды. Мұны не үшін айтып отырмын. Өмір болғасын мұндай майда-шүйде өсек-аяң, ұрыс-керіс әркімнің-ақ шаңырағында кездесіп қалады. Сондайда соны сыртқа шашпай өзің-ақ шешіп тастаған жақсы.

Жалпы, әйел адамға мейлі ол келін, мейлі ене болсын сабырлылық, үнсіздік жарасады. «Ашу келсе ақыл қашады» демекші, бойыңды ашу-ыза кернегенде сәл ғана сабырлылық танытып, тіліңді екі жақ пен отыз тістің арасында сақтай алсаң, қиындықтың бәрін оп-оңай жеңіп шығасың. «Басқа бәле тілден» деп бекер айтылмаған. Біз көбіне басымызға бәлені өз тіліміз бен сабырсыздығымыздан сатып алғанымызды байқамай қаламыз. Оны өмір тәжірибесінен әбден өткізгенбіз.

Жолдасым 37 жасында кенеттен қайтыс болғанда мен 31 жаста едім. Кішкентайым бір жаста, әлі емшектен шықпаған, үлкенім он үш жаста болатын. Жаңадан үй салып жатыр едік, шиеттей бес баламен сыланып бітпеген үйде қалдық. Тұрмыс тауқыметін көп көріп, қыздарымды жоғарғы оқу орнында оқытып мамандық әпере алмадым. Бірақ үйді, ыдысы мен  ұстаған бұйымдарын таза ұстау, асты бабымен дайындап, қонақ келгенде ашық қабақпен қарсы алу сықылды нәрселерді кішкентай кездерінен бастап үйреттім. Ата-енем мен  өзімнің ата-анамнан алған үлгі-өнегемнің арқасы шығар, ұлым мен қыздарым өте тәрбиелі, үлгілі отбасы болдық. Қыздарым бойжете бастағаннан құда түсіп келушілер көбейді. Үлкен қызымды кемпір-шалдың қызы деуші едік, ешкімді менсіне қоймады. Сырға салмақ боп келген жігіттердің бәрін болмайды деп қайтарып жіберді. Күйеубалам анасымен бірге келген кезде құдағиымды ұнатып, қызымның келісіміне қарамастан рұқсатымды бердім. Оның артынша екі қызыма да құда түсушілер келіп, бір жылда үш қыз ұзатқан жайым бар. Әрине, бәрі бірден әп-әдемі отбасы болып кете салды деп айта алмаймын. Әрқайсысының өзіне жетерлік проблемалары болатын. Қыздарымның барған жерлерін жақтырмай, күн бермейді деп жамандап үйге келіп қалған кездері де болған. Оның несін жасырамын. Бірақ сондайда мен қызымның емес, күйеуінің, енесінің сөзін сөйлеп шығатынмын. Қыздарым: «Неге сіз біздің емес, бөтен адамдардың сөзін сөйлейсіз, неге оларды жақтап шығасыз?» – деп маған ренжитін. Мен оларға: «Сендердің болашақтарыңды ойлап, сендердің қамдарыңды жегендіктен де солардың сөзін сөйлеймін. Оны кейін түсінесіңдер», – дейтінмін. Осы күні түсінді. Үлкен қызым: «Анашым, біздің үй-жайлы, бала-шағалы болып отырғанымыз ең әуелі сіздің ақыл-парасатыңыздың арқасы. Біз қиындық келгенде сәл ғана шыдамдылық танытсақ, бәрі өтіп кететінін түсіндік. Бұл өмірде адамға керегі шыдам мен төзім ғана екен ғой», – дейтін болды.

Келінім мен ұлым ренжісіп қалса да солай. Ұлымның емес, келінімнің сөзін сөйлеп, соныкін дұрыс деп шығамын. Ұлым да ренжіп жүретін, қазір ол да түсінді. Келінімізбен арамызда түсініспеушілік болып қалса, жоғарыда айтқанымдай, тілімді отыз тісімнің арасына бекіте қоямын. Еркіне жіберсең сүйексіз тіл қайда бармайды. Жас адамның жанын жаралағанда не ұтамын? Сәлден кейін «уатсапқа» келінімнен «Анажан, сіз менің еркелігімді түсінген, қателігімді кешірген анамсыз. Ене демеймін сізді. Сізді жақсы көремін» деген хабарлама түсіп, артынан сүйіп тұрған смайликтер келеді. Келінім жұмыста кезде мен ене екенмін деп қарап отырмаймын. Балаларына қарап, үй шаруасын дөңгелетіп, тамағын істеп, дайындап отырамын. Табыс табу оңай ма? Азаннан кешке дейін жұмыстан шаршап келгенде үй шаруасымен айналысатын қай бір шамасы қалады дейсің. Мен барда жарқырап, жайнап жүрсе екен деймін. Бірақ  «маған  өне бойы сенің жаныңда болуды жазбаған, тірлігіңе пысық болып үйрен» деп ескертіп қоямын.

«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды»

Кіші қызымды көбірек еркелетуші едік. Сол еркелігінен бе екен, алғашқы кездері үйге көбірек келіңкіреп жүрді. Енесін жамандайды. Өзі тым жақсы. Мен оған: «Сен әбден адамның жаман жағын ғана термелеп жаман үйренген екенсің. Неге енеңнің жақсы жағын көрмейсің? Сән салонында жұмыс істеп, жақсы табыс тауып, көлік айдап жүрсең ол ең алдымен енеңнің арқасы. Өзі оқытты, жүргізуші куәлігін әперді, – деп енесін мақтап, өзіне ұрыстым. – Табыс тауып, өзімді-өзім асырап жатырмын деп шіренбей-ақ қой. Сенің аттап өтіп кетуге болмайтын шекараң сол үйдің дарбазасы. Сенің ендігі анаң – енең. Сол кісінің батасын алмай, дарбазадан аттап шықсаң мені анам демей-ақ қой».

Кейде жастарға осылай батырыңқырап айтпасаң да болмайды. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей ананың қаттырақ айтқан сөзі балаға өмірлік сабақ болады. Қызының барған жерде балдай батып, судай сіңуі де анаға байланысты. Ол келгенде жаулығың жалпылдап, қызыңның сөзін сөйлеп құдағиыңмен жұлысып жатқаннан өткен масқара жоқ. Ақылды ана қызын барған жеріне бейімдеп отырады деп ойлаймын. Мен қыздарыма «тас берсе кеміресің, су берсе сіміресің, не істесең де сол үйге сіңісесің» деумен болдым. Қазір Құдайға шүкір, қыздарым көпбалалы ана болып, ауыл-аймақтарына сыйлы келін атанды.

Үйдің татулығы, ауызбірлігі мен ынтымағы келінге емес, енеге байланысты деп ойлаймын. Келін де балаң ғой. Оның отбасы татулығын сақтайтын қайбір өмірлік тәжірибесі бар дейсіз? Оған өмірде ащы мен тұщының алма-кезек араласып жүретінін айтып түсіндіріп, үлгі-өнеге болатын да ене. Өзім ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, немере сүйіп әже атанып отырсам, ол да өз анам мен енемнің маған берген дұрыс тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Менің басты ұстанымым – сабыр мен төзім. Болмайтыннан ұрыс шығармай, сабыр сақтап, ұстамды бола білсе, жақсы ене болу оңай деп ойлаймын».

Гауһар апайдың әңгімесін тыңдап, керемет әсер алып қайттық. Осындай пайым парасаты мол енелер көп болса, елімізде ажырасу да азаяр ма еді деген ой да көңіл түкпірінде сайрап жатты.  

Г. ӘШІРБЕКОВА.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*