БҮКІЛ ӘЛЕМ МАҒАН ҚАРСЫ ТҰРҒАНДАЙ

Бөлісу

СҰРАҚ: Күйеуім көп ішеді. Алкоголизм де дерттің бір түрі екенін жақсы білемін. Сондықтан оны дәрігерлерге де, халық емшілеріне де апарып емдеттім. Бірақ ешқандай әсері болмады. Соның ішкілігінің салдары шығар деп ойлаймын, ешбір ісім алға баспайды. Балаларым бетіме бағжаңдап жауап қайырып, туыстардың алдында да сый-құрметім жоқ. Көрші-көлем де маған алқаштың әйелі деп қарайды. Кейде осы өмірімнен шаршап, жалығып кететінім сондай, күйеуім, балаларым бәрі ұйқыда жатқанда үйге от қойып өртеп жіберсем ба екен деп ойланамын. Осылай өзімді сергелдеңге салған тағдыр тауқыметінен оп-оңай құтыла салғым келеді. Талай рет орнымнан тұрып, үйдегі газды ашып қойып, қайта жауып, есік-терезені желдеткенім бар. Күйеуім мен балаларымның, туған-туыстарымның жанымды түсінбегеніне қапа боламын. Қарап тұрсам, сөзіме құлақ асып, ақыл-кеңесін айтар дос-жараным да жоқ екен. Бүкіл әлем, он сегіз мыңы ғалам маған қарсы тұрғандай әсер етеді. Осы азаптың бәрінен қалай құтыламын? Маған қандай ақыл-кеңес бересіздер?

Л. БЕКЕТ.

ӨМІРІҢІЗДІ ЖАҚСАРТУ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА

ЖАУАП: Көп адамдар қиындықты мен ғана көріп жатырмын деп ойлап шатасады. Ал шындығында бұл өмір ақ пен қара, күн мен түн, жаман мен жақсы алма-кезек ауысып отыратын диалектика заңына сәйкес құрылған. Түн артынан күн туатыны секілді, жамандықтың артынан жақсылық келетініне сенуіміз керек. Содан кейін «не ексең, соны орасың» деген бар. Адам ылғи жамандық ойлап, болашағынан күдер үзгенде жамандық, қырсық атаулы тізбектеліп бірінен кейін бірі келе береді. Қазақта «күніне тоқсан түрлі бәле жауса, сонда да күдер үзбе, бір Алладан» деген жақсы сөз бар. Адам көрген азды-көпті қиындығына сабыр етіп, алдағы күнінің жақсы боларынан үмітін үзбесе бәрі жақсы болып кетеді. Біз мынаны түсінуіміз керек, адам өмірге сыналу үшін келеді. Сынаққа берілген азды-көпті қиындыққа сынып кетпей, қасқайып қарсы тұру адамды шыңдай түседі. Ақылына ақыл қосады. 

Содан кейін кей адамдардың тағы бір қателесетін жері, өзінің көрген қиындығына біреуді кінәлап жатады. Анау өйтіп кесірін тигізбегенде мен бүйтер едім деп кінәні біреуге арту жауапкершіліктен қашу болып саналады. Сол жағдайға түсуге белгілі бір дәрежеде өзіңіздің де үлесіңіз бар екенін мойындауыңыз керек. Күйеуіңіз неге ішіп жүр? Балаларыңыз неге сізге қарап бағжаңдайды? Туыстарыңыз неге сыйламайды? Ал өзіңіздің оларға қарым-қатынасыңыз қалай? Ойланып көріңізші. Сіз өзіңіздің әйелдік, аналық, туыстық міндетіңізді дұрыс атқарып жүрсіз бе? Өз бойыңызда мін жоқ па? Қателескен, сіздің де тіліңіз бен сөзіңіз өтіп кеткен тұстары жоқ па еді? Біреуді кінәлі ету оңай, өз мініңді түзеу қиын. Осы орайда, Сократтың «Әлемді түзегің келсе, өзіңді түзе» деген сөзі еске түседі. Айналаңыздағы адамдардың бәрі жақсы болып, әлеміңіз әдемілікке толсын десеңіз, оны өзіңізді түзеуден бастағаныңыз жөн. Өзіңізді түзеу, өзіңізді танудан басталады. Өзіңізді таныған сәттен бастап, өміріңіз нұрланып сала береді. Ең алдымен санаңызды тұманды оймен тұмшалаған жаман ойлардан арылып, жақсы ойлап, жақсы сөйлеуді үйреніңіз. Кітап оқыңыз, көңіліңіз қалаған іспен айналысыңыз, жаны жайсаң адамдармен жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құрыңыз. Осының бәрі сіздің өміріңізді шуақты ете түседі. Өзіңіз жақсара бастаған кезде айналаңыздағы адамдар да өздігінен түзеле береді. Өміріңізді жақсарту өз қолыңызда.

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ

Бұл сайт-беті: 1 Лүпіл 2 рет ұнатылды.
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*