Надандық неден басталады?

Бөлісу

Жақында бір кітаптан «надандықты көріп тұрып үндемеу де надандық» дегенді оқып, ойға қалдым. Себебі біз күн сайын қанша адамның надандығын көре тұра үндемей жүр емеспіз бе? Сөйтсек ол дұрыс емес екен ғой. Ендеше, күнделікті өзіміз көріп жүрген жұрт әдепсіздік, надандық деп санамайтын, қалыпты боп кеткен нәрселер туралы неге жазбаймыз деген ойға келдім. Өйткені өркениетке жалғандық дегенімізбен ел ішінде надандықтың шырмауынан шыға алмай отырғандар көп.

Надандықтың үлкені аппақ сақал, шашыңмен қай жерде, не айтарыңды білмеу болса керек. Жақында ауылда тұратын бір таныс кісі құдайы тамаққа шақырды. Үй иесіне солай ыңғайлы болған болуы керек, кең дастархан жайып, әйелдер мен ерлерді қатар отырғызыпты. Жасы алпыстардан асып қалған, иегінде шоқша сақалы бар бір кісі үй иесінің жақын ағайыны ма екен, төрге жайғасыпты. Үстіндегі киімінен тердің иісі мүңкігені өз алдына, жағымсыз іс-әрекетімен берекемізді қашырып жіберді. Қас қылғанда мен тура сол кісінің жанына отырып қалған екенмін, құран тезірек оқылып, ана жерден тұрып кеткенше асықтым. Себебі ана кісі тамақты өз алдынан жемей, әркімнің алдына қол жүгіртіп, қасық пен шанышқыларды, кесе мен бокалдарды араластырып әбден мезі қылды. Оны да қоя беріңізші, дастархан басында әйелдерге ыржалақтап, тамаққа кешігіңкіреп келіп жатқан әйелдерге қарап: «Байы жоғың менің жаныма отырыңдар», – деп бір қойды. Онысы аздай «Жас иіс керек боп жүр. Кемпір қартайды, жарамай қалды», – деп тағы сандырақтады. Сол жерде жағымсыз шалмен жасы құралпылас кісілер бірдеңе деп тыйып тастай ма десем, қайта бөркін қазандай қылып, қолтығына су бүркіп отырды. Қарттарға ақылгөйлік, батагөйлік жарасымды болушы еді. Жасы алпыстан асса да, өзін жігіттіктің дер шағындамын деп жүрген ортаға тап болғанымды түсініп, ол жерден кеткенше асықтым.

Екінші оқиғада бір дастарқан басында қариямен және он төрт-он бестердегі жасөспірім баламен табақтас болып қалдым. Әлгі бала да жоғарыдағы оқиғадағы шал секілді тамағын өз алдынан жемей, қасығын біресе менің алдыма, біресе қарияның алдына жүгіртіп, тәбетімізді қашырып жіберді. Жанында шешесі соны көріп отырып, бір ауыз ескерту айтуға жарамады. Соған қарағанда олардың үйінде тамақ үстінде қасығын әркімнің алдына жүгірту қалыпты жағдай-ау деп қалдым. Тағы бір ұнатпаған нәрсем, бала үлкендердің әңгімесіне араласып, сөзімізді бөле берді. «Шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деген, үлкен тұрып кіші сөйлемейді, үлкеннің сөзін бөлмейді деген тәрбиенің жоқтығы да көрініп тұр. Көптің көзінше балаға бірдеңе деудің өзі ұят екен. Оның үстіне шешесінің оқытушы деген аты бар. Өз баласына тәрбие бере алмаған адам жұрттың баласын қалай тәрбиелеп жүр екен деп ойладық та қойдық.

Надандықтың тағы бірі – жұрттың сөзін тыңдамай,өзін көрсетіп, көп сөйлеу ма дедім. Ұжымда, достар арасында, тағы басқа орталарда осындайды көп байқаймын. Сосын жұрт көп сөйлейтін адамды іскер, білгіш деп ойлайтыны бар. Әсілінде, бос шелектің даңғырлақ келетіні секілді, көп сөйлейтін адамда ақыл болмайды. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» деген мақал тегін айтылмаса керек-ті. Кейде жүрген ортаңда немесе әңгімелесіп отырған кісіге бірдеңе айта қояйын десең, сөзіңді бөліп жіберіп, өзінікін айтып салуға асығады. Соның жырын тыңдап отырғанда шыны керек өзіңнің не айтуға оқталғаныңды да ұмытып қаласың. Көп адамдарда кісінің сөзін бөлмей тыңдау мәдениеті жоғалып барады.

Негізі тәлім-тәрбиенің бастау көзі отбасы, ошақ қасынан басталмай ма? Сондықтан кешкі астың үстінде, дастархан басында мамыражай отырған шақта он-он бес минут уақытыңызды балаларға осындай қарапайым әдеп сабақтарын айтып отыруды әдетке айналдырған дұрыс-ау. Әйтпесе, балаларымыздың надан боп өспесіне кім кепіл?

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*