Арыстанбабтың басында кереметтер де, келеңсіздіктер де болып тұрады екен

Бөлісу

Ел ішінде зиярат жасағанда Арыстанбабтан бастау керектігі көп айтылады. Себебі Арыстанбаб әулиелердің үлкені саналады. Сондай-ақ халық арасында «Арыстанбабқа барып түне, Қожа Ахмет Яссауиге келіп тіле» деген сөз де кең таралған. Өткен жұмада бабтардың бабы Арыстанбабтың кесенесіне біз де арнайы зияратқа барып, түнеп қайттық. Сөйтіп, ондағы көріп-білген, көкейге түйген кейбір нәрселерді жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жұма күні Шымкентте нөсерлетіп жауын жауса, Отырарда жел тұрып тұр екен. Алайда күннің күрт суытып, жауынның төпелеп құюы зияратшылардың жолын бөгей қоймапты. Кесене маңында адамдар көп. Әулиеге түнеуге ниет етіп келгендер қалауынша, қонақ үйлерге немесе сол маңдағы үйлердің біріне түсе алады. Қонақ үйге түнесеңіз, ақысына жан басына 1000-2000 теңге аралығында, ал қарапайым үйлерге түнесеңіз, өзіңіздің шама-шарқыңыздың жеткенін төлейсіз.
Он-шақты жыл бұрын бұл маңайда үйлер тым аз, екі немесе үш үй ғана бар еді. Ал қазір олардың саны он төртке жетіпті. Олардың бәрі де әулиеге келген зияратшыларға қызмет көрсетіп, нәпақасын содан тауып отырғанын жасырмайды. Біз сол маңдағы Нәліжігіт, Зинаесімді ерлі-зайыптылардың үйіне түнедік. Нәліжігіт егін шаруашылығымен айналысады, ал Зина Талап ауылындағы мектепте мұғалім. Зинаның қазаны оттан түспейтіні көрініп тұр. Біз кешкі алты жарым, жеті шамасында барғанымызда үш самаурынды қатар қайнатып қойыпты. Үйде бізден өзге де Өскеменнен, Қызылордадан келген зияратшылар бар екен. Шай үстінде біз үй иесін әулие басында отырып көзіңізбен көрген кереметтер болса, айта отырыңыз деп әңгімеге тарттық.
«Кереметі болмаса, жұрт сонша жерден сабылып бекерге келмейді ғой, – деп бастады сөзін Нәліжігіт Өтегенұлы. – Арыстанбабтың қасиеті мен кереметі жайлы бала кезімізден естіп өстік. Әкем Өтеген ұзақ жылдар осы әулиенің шырақшысы болған. Ол кісіден де талай әңгімелер естігенбіз. Алайда оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ өзім көрген мына бір оқиғаны айтып берсем жеткілікті шығар. Бұл оқиғаның өткеніне де біраз жылдардың жүзі болып қалды. Алматыда үлкен қызметте істейтін бір кісінің баласы бір жарым жылдай сал болып ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Сол кісі қызылордалық Шералы деген емші жайлы естіп, ұлын апарып көрсеткен. Шералы – Арыстанбабқа бұрыннан келіп тұратын, қолынан келгенінше кесененің көркеюіне жәрдемін беріп жүрген жігіт. Әлгі кісінің ұлына Аятүл күрсіні 21 рет оқыған кезде саусақтары жай жыбырлап қозғалыпты. Сол кезде Шералы науқастың жағдайы Арыстанбабқа барса түзелетінін сезіпті. Сөйтіп, оны осында әкелді. Жігітті үйге қолтығынан сүйеп кіргізді. Әкесі бірге еріп келген екен, осында құрбандыққа атаған малдарын сойып, шай-тамақтарын ішіп болған соң бәрі бірге әулиеге кетті. 4-5 сағаттан кейін әлгі жігіт ешкімнің сүйемелдеуінсіз, өз аяғымен жүріп келген кезде өз көзімізге өзіміз сенбей қалдық. Кейде осындай керемет оқиғалардың куәсі болып жататынымыз рас».
Бұл әңгімеден кейін біз әулиенің кереметіне тағы бір көз жеткізгендей болдық. Сөйтіп тезірек кесенеге барып, тілегімізді тілеуге асықтық.

Арыстанбабқа дұға бағыштаған зияратшылар сол маңдағы Құрбан атаның, Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесіне соқпай кетпейді. Ал Арыстанбаб пен Отырар төбенің ортасында Данышпан ата әулиенің мазары барын біреу білсе, біреу білмейді. Халық арасында Данышпан ата туралы аңыз көп таралған. Соның бірінде Данышпан атаны Арыстанбабтың шәкірті, дін тарату мақсатында елден жырақ кетіп, қартайған шағында зиярат жасамақ болып келе жатып, әулие мазарына жақындап қалғанында өмірден озыпты. Мәйітін жаны үзілген жерге қойыпты деп айтылса, екінші бір аңызда ілімді терең меңгерген кедей жігіт байдың қызына ғашық болыпты. Кедейге қызын бергісі келмеген бай оған мың бір сұрақ қояды. Соның бәріне мүдірместен жауап беріп, қызды әкетіп бара жатқан жерінде дұшпандар екеуін де өлтіріпті. Қыздың жаны Отырар төбеде үзіліп, мәйіті сонда жерленсе, Данышпан жігіт Арыстанбабтың маңайында жерленген деседі. Бүгінде жұртшылық екеуін де кие тұтып, мазарларына арнайы зиярат жасайтын болған. Данышпанның етегінен ұстаған көреген, ақылды қызды жұртшылық Қыз әулие деп атайды екен.
Осылайша қасиетті мекеннің тылсым сырларына қанығып, рухани тазарып, ойымыз сергіп, қайтқалы жолға шыққанымызда такси жүргізушісінен келеңсіздеу бір әңгіме естіп, көңіліміз су сепкендей басылып қалды.

Оның айтуынша, қартаңдау бір кейуана жол бойында жүріп жатқан таксилерді тоқтатып, бір таксисті танисыңдар ма деп сұрап тұр екен. Астаналық бұл кейуана Арыстанбабқа зиярат жасау үшін пойызға отырып, тәуліктеп жол жүріп жұмадан сенбіге қараған түнде сағат үште Түркістаннан түседі. Пойыздан түсісімен қасына қайда болса да жеткізіп салатынын айтып, жалаңдап таксистер жетіп келген. Жөнін айтқан ана соның ішінде біреуімен келісіп, әулиеге барады. Ол ақ шашты ананы Арыстан бабтан шыққан соң Түркістанға – Қожа Ахмет Яссауиге, содан соң Укаша атаға апарамын деп 26 мың теңгесін санап алыпты. Телефон нөмірін де жазып берген. Әулиеге зиярат жасап, қайтып жолға шыққан ана таксисті таппай қалыпты. Телефонына қоңырау шалса, сөндірулі тұр дейді. Амалы құрыған ана жолға шығып, таксистерден жөн сұрастыра бастаған. Тым құрығанда өзі мінген көліктің нөмірін де көрмепті.

Бұл әңгімені естігенде киеден қорықпайтын қандай адам деген ой келді басымызға. Онсызда алдау-арбау, алаяқтық пен тонаушылық көбейіп кеткен бұл заманда тым құрығанда жұртшылықтың кие тұтып қастерлейтін әулиелі мекендері пендешіліктен ада болса екен деп тіледік.

 Г. ӘШІРБЕКОВА.

2014 жыл, мамыр.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*