ТОЙДЫ АРАҚ ЕМЕС, АДАМ ҚЫЗДЫРАДЫ

Бөлісу

Жақында Созаққа қуғыншы боп барып қайттым. Бұл менің бірінші рет қуғыншы болуым емес. Тәжірибем бар. Дегенмен ішпейтінім қиын. Әдетте, ондай жерге ішетіндерді, ішкілікті жақсы көтеретіндерді жібереді ғой. Абысынымның сенің қуатын жолың деген бір ауыз сөзін жерге тастай алмадым. Оның үстіне қайынсіңлім де менің баруымды қалапты. Көлікке отырып, жолға шыққанда қайным: «Жеңше, құйрық май жұтып, дайындалып шыққан шығарсыз?» – деп сұрады. «Не үшін?» – деппін түсінбей. «Ішпейсіз ба? Қазір барғасын қинайды», – деді күліп. «Сендерге сеніп бара жатырмын ғой», – деп мен де күлдім. Жолай Түркістаннан келінімізді алып, үшеуміз түнгі сағат он екіден асқанда қыз алып қашқан жігіттің үйіне кіріп бардық. Негізі бәрі келісіммен болып жатқасын аса бір сес көрсетпей, қайынсіңлімізбен амандасып, қонақ күтетін бөлмеге өттік. Дастарханды жайнатып, ішкізіп-жегізіп күтетін адамдарын сайлап-ақ отыр екен. Таныстықтан соң, әдеттегіше, сөз беріліп, оның соңы «алып қой да, алып қойға» ұласты. Оң жағыма қарасам қайным: «Мен намаз оқып жүрмін, ішпеймін», – дейді. Сол жағыма қарасам келінім: «Емделіп жүр едім, іше алмаймын», – деп сызылады. Біз үшеуміз, шопырымызды қосқанда төртеуміз-ақ. Ал ішкізуге дайындалып тұрған құдалар көп. Арамыздан біреуі ішуге оқталса, аналар «құлатайын» деп тұр енді. Сөздері не деген тәтті… «Екі жастың бақытына алып қоймайсыздар ма?», «Қуаныш қой!», «Тілеген тілектеріңіз ақ болса алып тастаңыздар», осылай жалғасып кете береді. Осындай сөздерге шамамен он минуттай уақыт кетіп қалды. Қуғыншылардың езіліп отыра бермейтіні тағы бар, әрі кетсе екі сағатта қайтуың керек. Осыны ойладым да қолымды көтеріп: «Мынаған келісейікші, кім ішкісі келеді, сол ішіп отыра берсін. Оның еш сөкеттігі жоқ. Той ғой. Ал ішпейтіндеріміз жақсы тілектеріміз бен жақсы әңгіме айтып, таныс-білістігімізді арттырайық. Көп болса, екі сағат отырамыз да кетеміз, сол азғана уақытты ішсей, жесеймен өткіземіз ба қор қылып?» – деп едім, құданың құрдастарының ішінен қылжақбастау біреуі: «Сіздерге немене екі-ақ сағат отырыңдар, ешқайсың ішпеңдер деп тапсырма беріп жіберген бе?», – деп күлді. Тағы бірі мұндай жерге ішетіндер келуі керек екенін, неге ылғи ішпейтіндерді бірге жібергенін айтып әзілдеді. «Әзілдескен жақсы ғой, дегенмен біз бүгін сіздердей жақсы адамдармен танысып, дәмдес-тұздас болып отырғанымызға қуанып отырмыз. Араларыңызда жасы үлкен апалар отыр екен. Сол кісілердің жақсы әңгімесін тыңдайық. «Созаққа барсаң күйшімін деме деген, бұл жақтағылар шетінен шертпе күйдің шебері екенін білем, ән айтып, күй тартыңыздар, ән-күй тыңдап, көңілімізді көтеріп, елдестірмек елшіден деп, құдаларыңыз сондай бір өнерпаз, ән-жырға бай, ақкөңіл жақсы адамдар екен деп мақтап барайық», – деп едім, жақсы адамдар жөн сөзге тоқтады. Тілек артынан ән айтылып, жақсы-жақсы әңгімелер айтып, ет желініп болғасын, дастарханға бата жасалып, киіттерімізді киіп, қайтадан жолға шықтық. Дастарханнан тұрғалы жатқанымызда құдалардың бірі: «Ойпырмай, ешқайсысың ішпей, сап-сау болып қайтып бара жатсыңдар. Мына маңқытайлар сондай момын ба еді, жауғаштылардың бірін де мас қыла алмай қайтарыпты», – дейтін болды ғой деп әзілдеді. Оған бәріміз күлдік. Біз ішпегесін құдалардың ешқайсысы да ішкен жоқ. Ара-тұра біреуіңізді қинауымыз керек еді дегені болмаса, арақ туралы әңгіме қайтып қозғалмады.
Өзім ішпесем де ішкендей боп әңгіме айтып, ойнап-күліп отыра берем. Бір кезде асаба: «Әнді біз ғана айта береміз бе, сіздер келгелі қаншама ауылдың алты ауызын айтып тастадық, сіздерден де бір қонақкәде болсын ән айтыңыздар. Ішпесеңіздер де ән айтатын шығарсыздар енді», – деді. Қайным: «Жеңше, өзіңіз бірдеңе қылыңыз» десе, келінім: «Жеңше, қалада тұрасыз ғой», – деп сыбырлайды. Тоба, әннің ауыл мен қалаға не қатысы бар? Оған қоса, қалаға жақын демесе, мен де ауылда тұрам ғой. Бүтін бір әулеттің бет-бейнесі боп келіп отырғасын айта алмаймын деу де ұят екен. «Ұялған қыз тек тұрмас» дегендей, «Күніге кім ән шырқап жүр дейсіз, сөзін ұмытып қалған жерлеріме қосылып, демеп отырасыздар ғой», – деп Шәмші атамыздың «Кешікпей келем деп ең» әнін бастадым. Қырық жыл бұрын жаттаған әннің сөздері де естен шығыпты. Әйтеуір жұрттың бәрі білетін ән болғасын құда-құдағилар қосылып айтып, бірдеңе ғып құтылдым. Ән аяқталғанда жұп болсын дейтін әдетіміз бар ғой. Керемет әнші құсатып, жұп болсын десті құдалар. Даусымның жоғын қоя беріңізші, дым ән білмейтініме жыным келгені-ай. «Жас қалам» қалай басталатын еді?» – деп айналама қарасам, құдағилардың бірі: «Кездессең ұрлана қараймын», – деп әнді бастап кеп жіберді, «Асаудай тулайды жас жүрееек», – деп іліп әкетіп, одан әрмен қарай шулап бәріміз қосылып бірге айтып, бұл әнді де аяқтадық. Әндетіп отырып ішімнен бұл қулығыма күліп, бір жағы неге үйде ыңылдап әндетпейтініме ашуландым. Адам өзін жан-жақты дамытып, жүрген жерінде құр алақан болмай, жарқырап жүру керек қой деп ойлап үлгердім. Осылайша ән де айтып, қазанның қара суығында желмен жарыса құдалармен би билеп, елімізге қайттық. Көлікке отырғасын сағатқа қарасам, айтқанымдай-ақ тура екі сағат отырыппыз.
Жастардың шаңырақ көтергені, үлкендер солардың бақытына жүректері жарыла қуанып, ел мен елдің қосылғаны жақсы ғой. Дегенмен той-құдалық кезіндегі азғантай ғана алтын уақыттың алып қой да алып қой деп арақ ішкізуге жұмсалатыны жаман. Біздің отырыс ішпесек те сондай көңілді, қызық болды. Көңіліміз көтеріліп, бес-алты жылға жасарып қайттық. Той-жиын өткізерде арақ қоймасақ дым қызық болмайды дейтіндерге арнайы жаздым. Тойды қыздыратын арақ емес, адамның өзі.

Г. ҚАРАТАЙ.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*