«Жылаған атадан» жұбаныш іздейтіндер көп

Бөлісу

Жаздың ұзақты күндерінде ел ішін­дегі әулиелі жерлерге зиярат етіп ба­рушылар көбейетіні белгілі. Біз де таяу­да сондай жерлердің біріне барып қайт­қан едік.

Қаратау ішіндегі «Үкаша ата» кесе­несіне зиярат етіп болған соң батысқа қарай жүрер болсаңыз, «Жылаған ата» үңгіріне баруға болады. Әулиеге жету оңай емес. «Үкаша атадан» әрі қарай Қаратау арасымен көлікпен бірнеше шақырым өткесін шың-құз арасындағы соқпақпен тағы да үш шақырым жаяу жүруге тура келеді.

«Жылаған ата» үңгірі жайлы ел ішін­де мынадай аңыз айтылады.

Ертеде осы өңірде Құрыш деген хан өмір сүріпті. Олар сүйген жары Шашты ана екеуі бір перзентке зар болыпты. Құдайдан күні-түні балалы болуды тіле­ген қос мұңлықтың тілегі күндердің бір күнінде қабыл болып, Шашты ананың аяғы ауырлайды. Айы-күні жетіп, босанғанда шар тәрізді мес (перделі бала) туылыпты. Бұл қалай деп түсінбей тұр­ған­дарында оларға Алладан мынадай аян түседі: Шыдамдылық танытып осы месті тоғыз жыл арқалап жүрер бол­са, оның ішінен ел мен жерге құт әкеле­тін қасиетті бала шығады. Осылайша бас­қа түскенге көндіккен ата-анасы месті арқалап күн кешіпті. Арада жеті-сегіз жылдай уақыт өткенде Шашты ана бір ауылда асыр салып ойнап жатқан балаларды көріп, қатты қызығыпты. Сөй­тіп қолындағы меске қарап: «Жыламайсың, күлмейсің, сен қандай бала болып тудың?» – деп қатты кейіпті. Сол кезде мес жарылып кетіп, ішінен аса таяғы бар кішкентай бала Қаратауға қарай қаша жөнеледі. Оны көрген ата-анасы артынан тұра қуады. Қаншама жолды жүріп өтіп, кішкентай бала бір жерге келіп демалып отырып артына қараса, ата-анасының шаршап-шалдығып келе жатқанын көреді. Шөлін басып, аздап тынықсын деген оймен аса таяғымен жерді ұрса, сол жерден құдық пайда бола кетеді. Ата-анасы өзіне жақын­дағанда бала тағы да қашып, тау ішін­дегі үңгірге жасырынады.

Алдынан қанша кедергі жолықса да бәрін кесіп өткен ата-анасы бала жасырынған үңгіріне де келіп жетеді. Сол кез­де киелі бала ата-анасына: «Біз сіз­дермен енді тек арғы дүниеде жолығамыз. Енді ештеңені уайымдамай, елге қайтыңыздар. Мына аса таяқты сүйреп жүріңіздер, оның ізімен елге құт әкелетін өзен ағатын болады. Бірақ артқа қарау­шы болмаңыздар», – деп көзден ғайып болған екен. Енді қолдарынан ештеңе келмесін білген Құрыш хан мен Шашты ана елге қайтыпты. Біраз жолды артқа тастағаннан кейін анасы мүмкін баламыз­ артымыздан келе жатқан болар деген үмітпен артына қараған кезде ағып келе жатқан су да жерге сіңіп жоқ болған екен. Шынында да таудан бастау алатын шағын өзен Абай ауылының тұсына келгенде жерге сіңгендей жоғалған деседі көргендер. Ал бала жасырынған үңгірдің жоғарғы жағында шаңырақ тәрізді ашық жер бар. Бала сол жерден көкке ұшып, ғайып болған деседі.

Бұл жердің кереметі сол, таудың жарқа­бағындағы жылтыр тастан бір мезетте су сарқырап ағады да, лезде тоқтап­ қалады. Кеңес үкіметінің кезінде бір мезгілде сарқырай ағып, кенеттен тоқтап қалатын жұмбақ сарқырама­ның сырын білгісі келген геологтар зерт­теу жүргізген екен. Сонда судың қайдан жиналатынын білгісі келіп, жарқабаққа шыққан бір геолог ұшты-күйлі жоғалып кеткен деседі.

…Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып әзер жеткен зияратшылар тамақтанып алған соң алдымен осы жарқабаққа келіп құран бағыштап, Алладан тілегін тілейді. Су бір адамдарға ақса, кейбір адамдар­ға ақпайды екен деген де әңгіме бар. Сар­қырап аққан судан жұртшылық мейірі қанғанша ішеді, ыдыстарға құйып алады, бойымыздағы ауыртпалық кетсін де­ген ниетпен киімшең сарқыраманың ас­тына тұрып, шомылады. Әулие шырақшысының айтуынша, судың құрамында күміс көп, денсаулыққа өте пайдалы.­ Өмірден күдерін үзген талай науқастар осы жерге келіп су ішіп, үңгірге барып зиярат жасағаннан кейін сыр­қаттарынан сауығып кетіпті. Әсіресе қант диабетінен, қан қысымынан, жүрек пен түрлі ісік ауруларынан зардап шеккендерге таудың суы мен ауасы керемет шипа бола­тын көрінеді. Ал бір перзентке зар болып­ жүрген әйелдер үңгірге жақын жердегі «Ана жатыры» деп аталатын арнайы хауыз тәрізді суға түссе, көп ұзамай-ақ құрсақ көтеретін көрінеді.

«Тау мен тасты кезіп, жаяу-жалпылап кім жетіскенінен әулиеге келеді дейсіз? Әйтеуір денсаулық сұрап келген­дердің бәрі науқастарынан айығып кет­сін деп келген зияратшылардың бәріне «Ананың жатырына» суға түсуге рұқсат беретінбіз, – дейді әулиенің шырақшысы Бегалы есімді азамат. – Бірде су қатты ластанып кеткен соң тазартпақ оймен өзенді жағалай жүрдік. Судың көзін қоқыстардан арши-арши «Ана жатырының» жанына да келіп жеттік. Қарасақ, хауыз іші әйелдің де, еркектің де іш киімдеріне, одан бөлек, түрлі лас заттар­ға толып кет­кен. Хауыздың дәл жанына біреу үлкен дәретке отырып кетіпті. Ал су етекке қарай ағып келеді де, оны ішуге, жуы­нуға сол адамдардың өздері пайдалана­ды. Осылай тазалық сақталмай, әркім біл­генін істеп кеткен соң қария­лармен ақылдаса келе «Ана жатырына» бүгінде ешкімді де суға түсір­мейтін болдық. Бү­гінде суға түскісі келетіндерге арнап, етек жақтан өзеннің тереңдеу жеріне тастарды жинап, арнайы тоған жасап қойдық. Ағын су ауруымызды ағызып кетсін деп ниет­тенгендерді солай қарай жібереміз».

Шырақшының сөзінің жаны бар. Тау арасына құрылыс материалдары түгілі, жейтін азығың мен киім-кешегіңді жеткі­зудің өзі қиын. Соған қарамастан үй салуға керекті әрбір материалды бір­тін­деп, тау ішіндегі жалғыз аяқ жолмен жаяу-жалпылап тасып, намазхана, жатын бөл­мелер салынып қойылған. Жауын-шашын мен суықтан пана бо­ларлық төбесі қамыс пен балшықтан жабылған бұ­рынғы қазақы үйлер. Тө­сек-орын, ыдыс-аяқ, қазан-ошақтың бәрі бар. Тіпті сойылған­ малдың басы мен сирағы ысырап болмай үйітіліп, көпшілік жеп кетсін деп «паяльная лампаға» дейін алдырып қойыпты. Бірақ бес саусақ бірдей емес, зияратқа барған адамдар малын сойып, ас-суын әзірлеп ішкеннен кейін артын тазартпай, ұйықтаған төсегін қалай болса солай лақтырып, қазан­ның түбіне бір қарыс қаспақ қатырып кетіп қалады екен.

Біз «Жылаған атаға» сол күні түске жа­қын бардық. Бізден бұрын жиырмашақты адам барған екен. Мал сойып, қуырдақ әзірлеп жатыр. Бізден сәл кейін тағы да он бестей адам жетті. Бәріміз де далада тау тастарынан қаланған сәкі­лерге жайғастық. Зияратшыларға арналған бөлме­лер­дің бәрінде – жиылмаған төсек, түбі қатып, тазартылмаған қазан, жуыл­маған ыдыстар. Кімге ренжиміз, жарты сағаттай уақытты ыдыс­тарды тазалау­ға кетіріп, бір шайды зор­ға іштік.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

2014 жыл, тамыз.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*