УКАША АТАҒА ЗИЯРАТ ЖАСАЙТЫНДАР КӨП

Бөлісу

Таяуда Түркістаннан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Укаша ата кесенесіне арнайы зияратқа бардық. Бұл әулиенің кереметі құдығында дегенді естімеген адам кемде-кем шығар. Ниеті таза, пейілі ақ адамдарға құдыққа қауға тастағанда су шығады да, күнәсі көп, ойы бұзық адамдар бір тамшы да су ала алмайды дегенді бала кезімізден еститінбіз. Әулиеге жақындаған сайын құдықтан бізге су бұйыра ма, жоқ па деп қобалжығанымызды несіне жасырайық? Қасиетті құдықтан шыққан судың дәмі қандай болады екен деген қызығушылықтың оянғаны да рас.
Зияратшылар алдымен Укаша атаның ұзындығы 20-25 метрдей болатын қабірінің басына дұға жасайды екен. Біз барғанда кесене басында адам қарасы өте көп болды. Шамасының келгенінше көп болып жиналып, үлкен автобустар мен шағын «Газельдерді» жалдаған қарапайым халық та, қымбат көлік мінген бай-бағландар да осында жүр.

Кесене орналасқан жер үлкен бақ екен. Кесене мен түнеуге ниеттенген зияратшылар жайғасатын шағын үйлердің арасындағы жолдарды асфальттеп қойыпты. Бақтың ортасында таудан келетін бұлақтың суы сылдырай ағып жатыр. Жан рахаттана демалып, рухани тазарып қайтатын жұмақ мекен ба дерсіз. Бақ ішінде орналасқан үстелдерде көптеген жастар Укаша атаның тарихын үнтаспадан тыңдап отыр екен. Кесенеге кіріп, құран оқып, дұға жасағаннан кейін осы арадан 700-800 метрдей қашықтықта орналасқан құдыққа беттедік. Ол жақта да адам қарасы көп екен. Құдық басына киіз үй тігіліпті. Екі жағында кішкене екі терезе орнатылған. Бір топ адамдар сол терезелерге үңіліп, іштегілердің жағдайын бақылап тұр. Соңы кім екенін сұрап, сол жердегі ескі, шағын үйдің көлеңкесіне біз де жайғастық. Алайда қанша күтсек те кезегіміз жақындайтын түрі көрінбеген соң киіз үйдің терезесіне біз де барып үңілдік. Құдық басында бір жігіт (мүмкін шырақшы, мүмкін сол жердің қызметкері) отыр, ал екінші жігіт есікті ашып, кезегі келгендерді ішке кіргізуде.

Зияратшылар тым көп болғандықтан қауғаны жекелеп емес, топ-тобымен тастатып жатыр екен. Яғни он адам қауғаның арқанынан ұстап, «бісмілләні» айтып, тілін кәлимаға келтіріп, құдыққа қауға тастайды. Оны құдық басында отырған жігіт тартып алады. Су шықпаса, тағы бір рет тастауға мүмкіндік берілген. Біреулерге болар-болмас су шығып, кейбірі екі рет тастағанымен бір тамшы да су ала алмады. Су алғандары қуанып, сол жерде ішіп, артылғанын өздерімен әкелген баклашкаларға құйып әкетіп жатыр. Ал су шықпай қалғандары шырақшыдан қауғаны тағы бір рет тастап көруге рұқсат сұрап, жалынғанының да куәсі болдық. Естуімізше, көпшіліктің ішінде су шықпай қалса, құдықты құшақтап: «Не жаздым, ата?» – деп жылайтындар да кездеседі екен.

Зияратшылар арасында жастардың көптігін аңғардық. Әрине, студенттерге жазғы сессия, мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ жақындап қалды деп ойландық іштей. Сөйтіп, құдыққа қауға тастаған бір топ жастардың қайдан келгенін сұрағанымызда бірі Қытайдан, бірі Түркиядан келгенін айтты, олар Түркістандағы ХҚТУ-да оқиды екен. Сынақ тапсырып тұрғандай қобалжыған олар жарты шелек су шыққанда қуанып, бәрі бөлісіп, құйып алды. Киелі жер деместен, баса-көктеп құдыққа кезектен тыс кіргісі келіп ұмтылғандар да табылды. Сол үшін ұрыс болып, шырақшылар ашуланып, көпшілік сабырға келіп, тәртіпке көнбейінше құдыққа шелек тастатқызбай біраз уақыт тұрды. Сонда бір келіншек күйеуінің жақында ғана өмірден озғанын, әкесінен айырылған төрт жетімнің тілеуін тілеп келіп тұрғанын айтып жылады. Кезексіз жібермейміз деп ашуланып тұрғанымен көпшілік оны құдыққа қарай жіберді. Алайда ол шелекті екі рет тастағанымен су шыққан жоқ.

Осылайша, уақыттың зымырап өте шығып, кеш түскенін байқамай да қалдық. Иін тірескен адамдардың қатарына кірігіп, қысылып-қымтырылудан әбден шаршаған біздер кері қайтуды жөн санадық. Қайтып бара жатқанымызда сол жерде сусын сатып отырған кісіден адам азаятын кезі бола ма деп сұраған едік, ол: «Білмеймін, біраз уақыт болып қалды, күніге осылайша көп келіп жатыр. Кейде зияратшылар түн ортасында да келе береді», – деп жауап берді. Адам қарасы тым көп болғандықтан біз шырақшылармен сөйлесудің ретін таба алмадық. Кесене басында да, құдық қасында да адам өте көп. Жанымдағы серіктерім: «Бұрын әулиеге қиқы-жиқы қара жолмен қиналып жетуші едік. Қазір міне, асфальт төсеп, жолды жөндеп қойыпты. Келушілердің көбеюіне оның да әсері бар шығар», – деді. Мүмкін солай да шығар. Қалай болғанда да туған өлкенің тарихымен танысып, тылсым сырын түсінуге ұмтылған жандардың көбейгеніне қуанып қайттық.
Ал бізге зәмзәм бұлағымен жалғасатын құдық суын ішудің тағы бірде сәті түсер.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

2014 жыл, қыркүйек.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*