Шиеліде болдық, «Оқшы атаны» көрдік

Бөлісу

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында «Оқшы ата мазараты» деген ескі қорым бар. Оқшы ата, Есабыз ата, Ғайып ата, Қыш ата, Асан қайғы, Бала би, Досбол ата, Торғай датқа, Игілік, Жиенбай деген әулиелер дамыл тапқан бұл мекенге зиярат етушілер қысы-жазы бір толастаған емес. Қасиетті мекенге таяуда біз де арнайы зияратқа бардық. Сөйтіп ондағы көзімізбен көрген, құлағымызбен естіген кейбір жайттарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

    Сүйенсек, Оқшы ата Оғыз ұлысының ханы Қазан Салардың қару-жарақ соғушы ұстасы әрі батыры болған екен. Шын есімі бір деректерде Көгентүп делінсе, тағы бір деректерде Ибраһим деп айтылады. Ал Оқшы деген атау айналысқан кәсібіне байланысты қойылған болса керек. Ол кісінің мәйіті 1043 жылы осы мазарға жерленіп, кейін айналасына елдің даңқты тұлғалары қойылатын болған. Бұл дәстүр ХVІ ғасырда Әмір Темір Қожа Ахмет Иассауидің басына кесене салдырғанға дейін жалғасқан деседі.

Ал Оқшы мазарының қандай киесі бар дегенге келсек, сол маңдағылар мынадай әңгіме айтады:
    1901 – 1906 жылдары «Орынбор – Ташкент» темір жолы салынарда жолдың бір бөлігі осы мазар үстінен өтетін болған екен. Алайда ескі молаларды қиратып, рельс төсеген кезде шойын жол ертеңіне аударылып жататын болған. Патша пәрменін орындауға қаншама рет тырысқанымен жол салушылар амалсыз рельсті теріскей жақтан жүргізуге мәжбүр болыпты. Ел ішінде айтылатын бұл әңгімеге сенсек, молаларды бұзғандардың үрім-бұтағынан бүгінде ешкім де қалмапты.
      Шиелі өңірінде ХҮІІ ғасырдың басында өмір сүрген Есабыз ата туралы да аңыз-әңгімелер жетерлік. Соның бірі мынау:

Есабыз кесенесін тұрғызған біраз коммунистерді партиядан шығарып, қызметтен босатқан бірінші басшы кейін қол-аяғының жаны кетіп ауырып, үлкендердің айтуымен әулиенің басына барып, кешірім сұрап, түнеген екен. Бірақ хатшы ертесіне көпшілікке әулиенің кешірмегенін айтыпты. Ақыры сол кеселден қайтыс болған деседі. Есабыз Ата көзі тірісінде: «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам – соның жебеушісімін» деген көрінеді.

 Бұл мекенге зиярат етіп келген кей адамдардың Алла-тағала тілегін қабыл еткен де, керісінше, жасаған жаман амалына қарай жазасын берген кездері де болыпты. Бұл туралы мазараттың шырақшысы Әбдіназар Сәрсенбайдан (суретте) естідік.

«Әулиеге шырақшы болғаныма он тоғыз жыл болыпты, – дейді Әбдіназар Қайыпназарұлы. – Осы жылдар ішінде түрлі кереметтердің куәсі болдым, түрлі ниеттегі адамдарды да көрдім. Бірде зияратқа келген бір әйел құптан намазын оқып болған соң он төрт жылдан бері бір перзентке зар болып жүргенін айтты. Оның мұң-зарын тыңдап болған соң: «Тілегіңізді Алла-тағаладан тілеп жатыңыз, бәрі бір ғана Жаратушының қолындағы нәрсе. Егер бұл жер перзент үлестіретін жер болса, солардың бірін осы жерге қызмет етіп жүрген мен алар едім, өйткені мен де соған мұқтаж жанның бірімін. Себебі жеті қызым болса да әлі күнге бір ұлым жоқ», – деп жұбаттым. Ал ол әйел түнде түс көріпті. Түсіне мен кіріп: «Мына домбыра Дина Нұрпейісованың домбырасы еді, бірнеше жылдан бері тартылмай жүр, осыны сен ал», – деппін. Сонда ол домбыраны көкірегіне баса, қатты қысып құшақтап жатып оянып кетеді. Таңертең тұрған соң түсін өзімен бірге келгендерге айтқан екен, олар мұның аян екенін, аянды үш күнге дейін ешкімге айтуға болмайтынын ескерткен. Кететін кезінде әлгі келіншектің маған қиылып бірдеңе айтқысы келіп отырғанын байқадым, ал қасындағылар айтпа деп ымдайды. Сонымен олар өз жөндерімен кетті.

Арада үш-төрт жылдай өткенде кесенеге бір топ адамның келе жатқанын көрдім. Арасындағы біреуі: «Ағай, сіздің кезегіңізге дөп келсек екен деп тілеп келе жатыр едім, өзіңізді кездестіргеніміз дұрыс болды. Мені таныдыңыз ба?» – деді қуанғанын жасыра алмай. Ол осы жерге қонған кезінде аян көргенін, үйіне барған соң көп ұзамай-ақ аяғы ауырлап, қызды болғанын айтты. Есімін Дина қойыпты. Оның артынша ұл тауыпты. «Содан Құдайға шүкіршілігімізді айтайын деп келдік», – деп қуанышымен бөлісті.

Бұл жерге талай астамсығандар да келген. Ниеті түзу емес адам келерде ескерту айтқандай болып жылан көрінетін де кездер болып тұрады. Өзін жиырма бесінші пайғамбар атап, Алланың еркесімін деп шариғатқа теріс келетін талай іс-әрекет жасаған бір азамат осында жиі келетін. Келген сайын осында зияратқа келген адамдарды аузына қаратып, дінге қайшы әңгімелер айтатын. Білгенімізше ол кісіні жолға салуға тырыстық. Алғашқы кездері сөзімізге құлақ салмай жүрген сол азамат қателігін кейін түсінді. Бірақ өте кеш еді, өмірінің аяғында денесінің бір жағынан жан кетіп ауырып, қайтыс болды.

Есабыз ата мешіті салынып жатқан кезде құрылысшы жігіттердің төсегінен де, тамақ ішетін жерінен де, әйтеуір қайда жүрсе де жылан шыға берді. Оның тегін емес екенін, құрылысшылардың бірінде бір қателік кетіп жатқанын айтып едік, жігіттер өз арасындағы бірінің күніге арақ ішетінін айтты. Бір-екі рет ескерткенімізді тыңдамаған соң оны амалсыз бұл арадан қууға тура келді. Сол жігіт кеткеннен кейін ғана жыландар көрінуін қойды.

Бірде Оқшы атаның кесенесінің алдында тұр едім. Жол жақтан әулиеге қарай би кешіне баратындай болып ашық-шашық киінген екі қыздың келе жатқанын көрдім. Әйел адам, қыз баласы әулиелі жерлерге бара жатқанда әурет жерлерін жауып, қымтанып келуі керек еді, мына қыздардың бұлай келе жатқанына қатты қынжылдым. Бірдеңе деп ескерту айтайын десем, оны түсіне ме, әлде сөз қайтарып, ұрыс бастап жүре ме деп ойланып біраз тұрдым. Содан соң: «Е, Алла, мына қыздарға төрелігін өзің берші», – деп жалбарындым. Содан әлгі қыздарға әулиелерді аралатып жүргенімде Ғайып атадан шығып, Қыш атаға өтетін жолда жыланның жатқанын байқадым. Жылан мен жаққа қарамайды, бірақ қыздарға қарай басын кегжите көтеріп, атылатын секілді болып тұрғанын байқадым. Оны көрген соң қыздар тоқтап қалды. Мен әдейі: «Неге тұрып қалдыңдар? Бері өтпейсіңдер ме?» – деп едім, олар: «Қалай өтеміз? Ана жыланның атылайын деп тұрғанын байқамадыңыз ба?» – деп қорқып тұр. Содан соң оларға: «Е, шырақтарым, сендердің мына ашық-шашық киініп жүргендерің адам түгілі жыланға да ұнамай тұрғанын байқаған шығарсыңдар», – деп едім, олар: «Аға, біздің еркіміз өзімізде емес, осылай жүруге мәжбүрміз», – деп жылады».
    …Сөзіміздің соңында «Оқшы ата мазаратындағы» бір ерекшелікті айта кетуді жөн көрдік. Мұнда алыс жолдан арнайы зияратқа келгендерге арналған бөлмелер бар. Бірақ бөлініп-жарылмай, түкпір-түкпірден келген адамдар бір атаның баласындай бір дастархан басында отырып тамақтанып, бірге отырып дұға жасайды. Мешітке барып дұға-тілектерін айтқан соң бәрі бірге әулиелерді аралайды. Мұның өзі адамдарды ынтымаққа, бірлікке шақырудың тамаша үлгісі іспеттес екен.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

2013 жыл, маусым.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*