Қабірстанға үй салып жатыр…

Бөлісу

Шымкенттегі «Бекжан» базарымен іргелес «Сүпірхан ата қабірстаны» деп аталатын мазарат бар. Бірақ бұл төңіректегінің көбі оны «Сыпырған ата» деп атайды. Ескіден келе жатқан бұл мазарат жайлы сол төңіректегілер болмаса, былайғы жұрт онша біле бермейді. Біз таяуда осы қорым ішіне тұрғын үйлер салынып жатыр деген жайсыздау хабар естідік. Содан оның рас-өтірігін білу мақсатында қорымға арнайы барып, шырақшысы Әбдірахым Қаратайұлына жолықтық.
«Сүпірхан ата қабірстаны» – Әмір Темірдің заманынан келе жатқан ескі мазарат, – деп бастады әңгімесін шырақшы. – Бірақ бұл оны бұзуға болады дегенді білдірмейді. Себебі мұнда әлі бос жерлер болғандықтан мәйіттерді жерлеп жатырмыз. Өкінішке орай, соңғы кездерде мазар ішіне адамдар тұрғын үйлер сала бастады».

Осыдан кейін шырақшы бізді қорымның шет жағына ертіп апарды. Сосын әлі толықтай бітпеген бір үйдің жанына барып:

Міне, мына жерге осыдан он жыл бұрын бес шақалақты жерлегенбіз. Оның екеуі анасынан өлі туылған егіз сәбилер болатын. Мұны анық білетінім, атасы немерелеріне белгі болсын деп жиде талдың көшетін отырғызып кеткен еді. Енді сол сәбилердің қабірінің үстінен үй тұрғызып қойған. Бұл да ештеңе емес, алдыңызға қараңызшы. Әне, анау қабірдің жанында әжетхана тұр. Арасы он метрге де жетпейді. Қабірді көріп тұрып, қожайыны қалай дәті барып әжетхана салғанына ақылым жетпейді», – деп күйінді.

Содан соң сол қабірден үш-төрт метр қашықтықта жатқан үлкен тасты көрсетіп: «Міне, мына жерге бір қарияның мәйітін жерлеген едік. Гауһар деген қыз бұл жерді сатып алғанын айтып, қарияның ұлына ақша беріп, әкесінің сүйегін басқа қорымға ауыстыртып қойдырды. Қабірді ашқалы жатқанында мен ол жігітке: «Шырағым, бұл қай қылығың? Мұсылманға жат тірлік істеп жатырсың ғой», – деген едім, ол жігіт өзінің ауырып жүргенін, еміне көп қаражат керек болған соң амалсыз осылай жасауға мәжбүр екенін айтты. Негізі дінімізде зиратты бұзуға тек қырық жылдан кейін ғана рұқсат етіледі. Ал бір сүйектің үстіне екіншісін қоюға жиырма бес жылдан соң болады. «Егер мола бұзылмаса, мәйіттің үстіне мәйіт жерленбесе, онда жер бетінде тірі адамға бір аяқпен тұратын бос орын қалмас еді», – деп жазылған көне кітаптарда. Ал мына қабірдегі мәйіттерді жерлегенімізге он жылдай ғана уақыт болды. Сондықтан оны бұзу дінімізге жат», – деді ол кісі.
Осыдан кейін біз сол маңға үй салған Сапар деген жігітке жолығып, сөйлестік. Ол өзінің алған жер теліміне байланысты құжаттарының бәрі заңды екенін, бір жыл бұрын мұғалім кісіден алты жарым соттық жерді сегіз жарым мың долларға сатып алғанын жеткізді. Сондай-ақ ол қорымның шекарасы ағаш өсіп тұрған жерлермен аяқталатынын айтты. Білетіндер солай депті. Ал бұл туралы Әбдірахым Қаратайұлының пікірі басқа. Ол кісі өзінен бұрын бұл жерде әкесінің алты жыл қызмет еткенін, ол кісі қайтыс болған соң шырақшылыққа өзінің тұрғанын айтты. Қолында 1993 жылдың 20-мамырында сол кездегі Шымкент қаласының әкімі А.Тшановтың мазаратты кеңейту үшін жер бөлу туралы шешімі де бар екен. Онда мынадай сөздер бар:

«1. ХХІ партсъезд атындағы совхоздың директоры М.Қонысбаев жолдас Тельман бөлімшесіндегі мазаратты кеңейту үшін 5 гектар жер бөліп берсін.

2. Жерді есепке алу құжаттарына өзгерістер енгізу сәулет және қала құрылыс басқармасының бастығы С.Ниязбеков жолдасқа және Абай ауданының әкімі П.Әбубәкіров жолдасқа тапсырылсын».

Бұл құжатқа осылай деп жазылып, қала әкімінің мөрі басылып, қолы қойылған. Бірақ қорымға деп бөлінген ол жерді кейінгі әкімдер мектеп салынады деп кері қайтарып алған.
Шырақшының қолындағы бұрынғы Қатынкөпір ауылының әкімі Е.Саржанов қол қойған ескі картада мазараттың жер көлемі 73567 га. деп көрсетілген. Біраз жылдар бұрын Әбдірахым Қаратайұлы мазараттың жеріне мемлекеттік акт алу үшін жер комитетіне барған екен. Бірақ ондағылар ол құжатты дайындауға 60 мың теңге көлемінде ақша сұрапты.

«Ол кезде балаларым жас еді, 60 мың теңге деген менің түсіме де кірмейтін, оны қайдан табамын деп қоя салғанмын. Қазір енді қолымда мемлекеттік акт болмаған соң қайда барып шағынарымды да білмеймін. Қорымға үй салып, әруақтарды мазалап жатыр деп екі рет прокуратураға хат жаздым, жауап келген жоқ. Тіпті бір кездерде бұл мазаратты қарамағына алуын өтініп, жерлеу бюросына да барғанмын. Сол кезде бастығы ұлты татар кісі болатын, аты-жөні есімнен шығыпты, менен күніне қанша мәйіт жерлейтінімді сұрады. Мен біреу, кейде екеу қоятынымды айтып едім, ол кісі қарамағына алу үшін маған зейнетақы қорына ақша аударуы, кіріс салығын ұстауы, жалақы шығаруы, қорымды қарамағына алып, оны қоршауға, тазалауға ақша бөлініп тұруы керектігін, ал күніне бір мәйітті қойғаннан түсетін қаражатпен ондай шығынның бәрі өтелмейтінін айтып, мені кері қайтарды. Содан бері бұл қорымның қай мекеменің қарамағына қарайтынын, дәл қазіргі жағдайын айтып кімге шағынарымды да білмеймін», – деді шырақшы шарасыз күйде.
Айтпақшы, қорымның «Сүпірхан ата» аталуының да өзіндік себебі бар екен. Бұл жерде ислам дінін таратушы әулиелердің бірі жатыр деседі. Аңыздарға сенсек, кәпірлермен соғыста жараланып келе жатқан әулиенің батырлығына қызыққан ел тұрғындары: «Атың кім?» деп сұраса керек, сонда ол кісі: «Артқа, артқа қараңдар», – депті. Сонда ел-жұрт батырдың арқа жағына қараса, найзаның ізімен су ағып келе жатыр дейді. Әулие сол жерде қайтыс болады. Аты-жөнін білмеген ел-жұрт оған «Субұрған» деп ат қойыпты. Субұрған атауы кейін жалпақ тілде Сыпырған болып аталып кеткен. Ниет еткен адамдар «Сыпырған атаның» басына зиярат жасап, дұғаларын бағыштайды.
Шырақшымен әңгімелесіп, қорымның жағдайын көзімізбен көрген соң «Өлілерге бұйырған екі метр жерге көз алартқанымыз адамгершілікке жата ма?» деген ой келді. Мақаланы оқыған ел-жұрт ұялар, жоғарыдағылар оңды шешім шығарар деген үмітіміз де жоқ емес.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

2014 жыл, тамыз.

1 Лүпіл Әзірше лүпіл жоқ
Loading...

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*