«ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДА ЖАЛТАҚТЫҚ ЖОҚ, ОЛАР – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛДЕРІ»

Бөлісу

Әдемау ТОЛЫСБАЕВА:

«ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДА ЖАЛТАҚТЫҚ ЖОҚ, ОЛАР  ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛДЕРІ»

Әдемау Тұрдыбайқызы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз. Балалық шақ, білім алған ордаларыңыз, еңбек жолыңыз…

– Созақ ауданының  «Тасты» ауылында дүниеге келдім. Берекесі мен ынтымағы мығым, қазақтың  дала мәдениетінің барлық құндылығы сақталған  құтты мекенім ғой. Ауылдан кеткеніме 30 жылдай уақыт болса да, сол ыстық сезімдер жадымнан шыққан емес, сағынсам түсімде көрем.  Әкемнің  мәңгілік жайы да сол жерде. Сондықтан, «ауылдан біз кеткенімізбен, ауыл бізден кетпейді»… Балалық шағым – рухымның қуаты. Ол ауылдың тұрғындары туралы сырттан келген жандар тамсана айтып жүреді: «…дархан жүректі, дастарханды, дала пейіл жандар тұратын жер» деп. Балалық шағымнан ұялатын, жек көретін жайсыз бірде-бір естелік жоқ екен, менде.  Ата-ананың бауырындағы қамсыз, мұңсыз тәтті шақ болып тұрады, санада.

Әкем – Тұрдыбай Толысбайұлы мен анам – Келсін Алпанқызы – ауданның, ауылдың құрметті тұлғалары болатын. Үйіміз – үлкен-кішінің ақ жайлауы, құдайы да, арнайы да қонақ түсер шаңырақ еді. Әкем елге сыйлы, ауылдың төрелік айтар бітімгері, әділетті кісісі болды. Алты баланың кенжесімін. Үш әпкем, екі ағам бар. Анамызбен қазір Түркістанда тұрамыз. Бауырларымның бәрі отбасылы, банк саласында  қаламызда танымал жандар.

 «Абай» атындағы орта мектепті үздік аяқтап, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірдім. Магистратура, аспирантура, кандидаттық қорғау  сияқты ғылым сатыларынан өтіп, бүгінде сол университетімде «Қазақ филологиясы» кафедрасында  доцентпін, «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығын басқарамын. «Айбибі-Зере» қоғамдық қайырымдылық қорын құрдық. Әзірге өзім басқарып,  балаларымның игі істеріне қолдау көрсетіп, белсенді жастар болып өсуіне ықпал етсем деп жүрмін. Қайырлы-сауапты істерді өздері ұйымдастырып, елдің жайын көздерімен көре жүріп түсінсе, азаматтықтары да дұрыс қалыптасар еді деген үмітім бар. Іскерлікке үйретудің пайдасы өзіне, игілігі елге болар еді ғой. Бұл жолда жақсы жоспарлар да баршылық.

  – Оқытушысыз, жастармен жұмыс істейсіз. Қазіргі жастардың қандай қасиетін бағалайсыз?

– Біз 90-ыншы жылдары қиын кездерде студент болдық. Үлкен әпкемнің қолында тұрып оқыдым. Ясауи университетінің алғашқы шәкірттеріміз ғой. Группаластарыммен анда-санда жатақханада бас қосатынбыз. Олардың өміріне қызығатынмын. Шығармашылыққа тұнып тұрған жастар еркін ойлы еді.

 Тәуелсіздіктің рухын сезіне алған құрдастарымның бойындағы рух басқаша еді. Көбі қазір қоғамға белгілі тұлғалар. Мәрттік, жомарттық, сөзбен істің қабысуын ұстаным қылған кіл мықтылар болатын. Профессор Досай Кенжетайдың атының өзі біздің сол толқынның бағасын бергендей.

Қазіргі жастардың бойында да рух өршіл. Біздің толқын бұлттан шыққан күндей еді, біз кеңестік қамыттан шықсақ, қазіргі жастарда жалтақтық жоқ, олар – тәуелсіздіктің төлдері. Жетістікке адал еңбек жету культін қалыптасыра алсақ, ертеңіміз – солар. Ұлтымыздың тарихи жады мен құндылықтарынан ажырап қалмауына біз де жауаптымыз…

Кейде үлкендер тарапынан  жастар шыдамсыз, қазіргі жастар біздей емес, қызба  деген сынды пікірлер айтылады. Бұған байланысты сіз не дер едіңіз?

– Шыдамсыздық, қызбалылық – жастыққа тән сипат қой. Үлкендерде де бар ондай  мінездер. Даналыққа өтер шақта балалықпен бірге қалып кетсе, құба-құп. Біз ондай емес едік деп айту шындыққа жанаспас, тек бұл мінездің салдары  келеңсіздіктер тудыра бастаса,  мінез   боп бойына тұрақтап қалса, сол мәселе деп ойлаймын. Әке мен баланың бір-бірін түсінбеуі – бұл қай кезде де кездесетін жағдайлар. Драматизм осындай келеңсіздіктерден орын алып жататыны әдеби туындыларда жақсы суреттелген ғой. Жастыққа тән қызбалықты үлкендер дұрыс бағытқа икемдеп отырсақ, ұтылмасымыз анық. Дәріс барысында осы қасиеттерді мен де көріп отырамын, өздеріне жарасады. Тағлымы мол ұстаздың алдын көрген жастардан  жақсылық күтетінім рас.

 Қызбалықпен жақсы да, жаман да іс тындыруға болады. Іштегі оны реттеп отыратын рухани хәл мықты болса, қауіп жоқ деуге негіз бар.

Енді, екінші жұмысыңыз рухани жаңғыруға қарай ойыссақ…  Не істелініп жатыр? Жалпы, біз рухани жаңғырудың мәнін түсініп жүрміз бе?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – мемлекетіміздің  болашаққа жасаған бағдары. Мінсіз – идеология. Ұлт болып, ел болып ұйысудың барлық  тетіктерін ойластырған. Тек, соны атқаруға келгенде, шынайы емес.  Жаппай науқаншылдыққа ұласып кетіп, мазмұнға емес пішінге қызмет еттік.  Мәнді дүниенің мәнісін кетіріп алдық.

 Біздің оқу орнында тәрбие саласы – рухани жаңғыру бағдарламасына негізделіп жүргізіледі. Ғылымды тәжірибемен сынап көріп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз бен жоспарымыз Ясауи мәдениетін қалыптастыру концепциясына негізделген. Түркістанда орналасқан Ясауи бабамыздың  атын алған университеттің негізгі ерекшелігі болуы тиіс. Қазір қаланың көркі адам танымастай көркеюде, түркі халықтарына ортақ қаланың әлемдік кеңістіктегі орны көркімен ғана емес, рухымен ерекше болуы тиіс. Туристер әдемі ғимарттарды көру үшін емес, әлем мойындаған тұлғаның жатқан жеріне тәу етуге келетіні анық. Сондықтан қала ерекше мәдениетімен есте қалып, өзгелерге рухани әсер беруде өз қызметін атқаруы қажет-ақ. Қалаға туристер тарту арқылы елдің де әлеуметтік – экономикалық әлеуеті артарын ойласақ, руханиятқа жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда біздің университетіміздің әлеуетін көрсеткіміз келеді. Қазір ғалымдарымыз Ясауи бабамыздың еңбектерін түсінікті, қарапайым  тілде терминдерге анықтама бере атырып, қайта жазып шығумен айналысып жатыр. Барлық мамандықтарда  Ясауитану курстары оқытылады,  оқу бардарламаларының  міндетті компонентіне қойылған. Ясауи мәдениетін танытатын музейлер жұмыс істейді. Заманауи форматтарда туристерге қала мен бабамыздың өмірі мен ілімін түсіндіретін платформалар жасақталуда. Университетіміздің әрбір студенті Ясауи мұрасының тағлымдық жағын тәрбиелік мақсаттарда сіңіріп қоймай, оның насихаттаушысы болуы тиістігін терең сезіндірсек дейміз. 20-ға жуық мемлекеттен келіп оқып жатқан студенттерді осы мақсатқа жұмылдырудың стратегиясы жасалған. Кейін өз елдерінде сол ілімнің әсері елмен-елді жақындастырудың негізі болуы тиіс деп ойлаймын. Қаншама шәкірттеріміз Түркістанды сағына еске алып, демалыстарында қайта келіп, білім алған оқу ордаларын ұмытпай жүреді. Пандемия зардабын қаламыз қатты сезініп, жұқпалы дерттен қаза тауып жатқанда Түркиялық түлектеріміз 27 оттегі аппаратын  сыйлады.  Осындай жағдайлар басқа да сипаттарда жиі көрініс беріп жатады. Сондай-ақ жастардың бойындағы жағымсыз қандай қасиеттер кездесуі мүмкін жайларды да зерттеп, сол бағытта мақсатты жұмыстар жүргізуге тырысамыз.

Білімгерлердің бойындағы жағымпаздық, мансапқорлық, жалған патриотшылдық сияқты жасанды мінездердің пайда болуы – саяси, әлеуметтік жағдайлардың әсерінен деп білем. Онымен күрес жолы – білім мен тәрбиенің тұтастықта, жүйелі түрде жүруі деп ойлаймын. Тәрбиесіз білімнің қауіпті екенін даналар ескерткен. Нәтижеге бұл іс қоғамдық сипат алғанда жететін боламыз.

Аудармаларыңызды оқып жүрміз. Қандай тақырыптарға қызығасыз?

 – Педагог  шығармашыл тұлға болуы  тиіс. Дәріс беруде іштегі әлеуетіңді шәкірт сезіп отырады. Ол қуатты ұстаздан алады. Жанқұмарын оята алмасаң, саған қайта қайрылмайды. Шәкіртпен түрлі әдістемеде сырласудың бір түрі – шығармашылығың. Шешендік, терең білім, де аздық етеді.

 Тақырыптың проблемасын дұрыс қойып бере алмасаңыз, бала сіздегі шешендікке тамсанудан пайда таппасы анық. Аудармаларға солай келдім. Проблемалық ситуацияларды ортаға тастап, ізденіске жағдай жасауға тырыстым. «Күштілер көмек күтпейді» деген аудармам әлеуметтік желіде де біраз қолдау тапты. Әдеби аударма жасауға тырысамын. Мәтін қазақша сөйлеп тұруы тиіс. Оның аударма екенін сезбейтін, сенің төл туындыңа айналып кеткендей әсер бермесе, кемшілік бар деген сөз. Аударма күрделі, ізденісті көп қажет ететін еңбек қой. Түпнұсқаның мәнін терең түсініп, идеясына бойлай алмасаң өнім бермейді. Өнімі төл туындыңдай әсерге қалдыруы үшін өз тіліңнің құнарын да сіңіре алуың тиіс. Аудармамен айналысуға уақыт табуға тырысамын. Қазір әлеуметтік желі – оқырман аудиториясы ғой. Көбіне сұраныс уақыт мен заманның тынысын психологиялық ситуациялар арқылы беруге тырысатын қысқа эсселерге баршылық. Даналық сөздер мен ұлылардың өмірінің маңызды сәттерін жағдайға сәйкес келетіндей етіп аударсаң, ұнап жатады. Қазақтың көркем, әдеби тілі жүректерге жетуі үшін ізденісте жүруге тырысамын. Сондай-ақ, Пандемия кезіндегі індеттің бет алысы жұртшылықтың қорқынышын тудырды. Осы сәттерде шетел тәжірибелерін аударып, желіге салғанымда да қолдау тауып, ел алғысын білдіріп жатты. Аудармаң жүрекке жетсе осындай да пайдасы бар. 

Негізі, іштегі түйткілді ойларымды аударма арқылы жеткізіп, оқырмандармен дискурсқа түсіп отырған ұнайды.

  Бала тәрбиесі жайлы не айтасыз?

– Отағасы екеуміз 1 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп жатырмыз. Мейіріммен суарып, қамқорлықпен қанаттандырғымыз келеді. Үлкені 14 жаста, кішісі – 4-те. Тәрбие нәтижесі туралы маған айту әлі ертерек сияқты. Балалар өсіп, ұлағатқа жеткенімізде ұялмайтын жастар болып шықса, өз орындарын тапса, өз тәжірибеммен бөлісе жатармын. Әзірге әкем мен анамнан көргенім, сезінгенімді елестетіп, жандарын жараламай өсіруге тырысып жүрміз. Олардың орнына өзімді жиі қоямын. Сырласамын, керегін сұраймын, жақсы көремін.

Жақсы білім беру – басты парызымыз ғой. Тәрибесіне мұқият болуға тырысамыз. Балалар бір-біріне мейірімді. Бірі ауырып қалса, қалғандарының сол тәуір болғанша мазасызданатынын байқаймын. Бұған іштей қуанамын. Аға, әпке, анашым, әкешім деп атайды бізді.

 Сөйлеу мәдениеттері мен әдептері жаман емес сияқты. Ұлым сәлемдесуде бірінші болуға тырысады. Көпшіл, қоғамдық жұмыстарға икемділігін байқатып жүр. Қарындасы екеуін қоғамдық шараларға ертіп барып, тәлімін елден де көрсін деймін. Түркістандағы экосенбіліктерде белсенді еңбек етеді. Тазалыққа шақыруды сөзбен айтқаннан, табиғатты қоқыстан тазартуды қолдарымен жасағаны әлде қайда тиімді. Ойнағанда ауланы шашып кетудің дұрыс еместігін өздері тазалықпен айналысқалы бері терең түсіне бастады. Үйде де тазалық жұмыстарына өздері жауапты. Табиғат жанашыры болуды еңбектеніп жүріп үйрене бастады. Ортақ тақырып табылып, үйге келгенде сондай шаралардағы өздерін қызықтырған жайлар туралы әңгімелеп отырады. Өздеріне лайық қызықтары бар, достар тапты. Сабаққа ықыластары артып, шығарма жазғанда өз көргендерінен  қуана әңгімелеп береді.

Әзірге осы, шынайы, табиғи тәрбие беруге  тырысып жүрміз. Ерекше бір эксперименттер, өз пікірімді таңу сияқты әрекеттерге барғым келмейді. Қазақы тәрбие деуші еді ғой үлкендер. Көңіліме осы қонады.

Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Be the first to comment

Leave a Reply

Your email address will not be published.


*