БІЗ БІР-БІРІМІЗГЕ СЕНДІК

Бөлісу

Кешкі сериалымды тамашалап отыр едім, бойжетіп қалған қызым жаныма келіп: «Апа, күйеуге шықпай тұрып әкемнің қандай қасиетін ұнаттыңыз?» – деп сұрады. Ойланып қалдым. Шынымен қандай қасиеті ұнап еді? Қызыма қарап күлдім де: «Тап басып айта алмаймын. Бірақ әкеңді бір көргеннен оның менің күйеуім болатынына сенгенмін», – дедім. Шыны солай. Күйеуімді әлі танымайтын кезде, бір көріп, оның өзге емес, өзімнің жарым болатынын ішім сезді. Мұны естіген қызым: «Қойыңызшы апа, сіз жігіт емессіз ғой алып қашып кететін. Оны қалай біліп жүрсіз?» – деп күлді. Оны қалай білгенімді өзім де білмеймін. Бірақ мені түйсігім алдамапты. Араға сегіз ай салып біз үйлендік. Күйеуім де мені бірінші көргеннен-ақ өзінің жары болатынымды сезгенін айтқан. Мүмкін махаббат дегеніміз осы шығар. Бір көргеннен-ақ бір-бірің үшін жаратылғаныңды түйсікпен сезу… Бұл махаббат қана емес, тағдырдың сыйы дер едім… Қызымның сұрағы мені өткен өмірімді еске түсіріп, ойға шомдырды.

Күйеуім екеуміз бір-бірімізге өліп-талып ғашық болып, бір-бірімізді көрмесек тұра алмадық демеймін. Дегенмен арамызда керемет бір сыйластық болды. Менің ойымдағыны ол, оның ойындағысын мен айтқызбай-ақ білетінбіз. Сонау тоқсаныншы жылдары колхоз-совхоздар тарап, фермалар жабылып, жұмысшылар қысқарып, күн көру қиындаған кезде біз еншімізді алып қалаға кеттік. Енші дегенде ата-енемнің бар бере алған дүниесі екеумізге арнап тігілген көрпе мен көрпеше, кішкене қазан, екі тостақ, екі қасық болды. Бізден кейінгі балалары әлі жас. Мектепте оқитындары да бар. Өзімнің аяғым ауыр. Қалада бір орыс кемпірдің бір бөлмесін жалға алып тұрдық. Күйеуім бір қасапшы кісіге жалданып мал соятын. Оқуын бітірмей тастап кеткен. Қолынан келетіні мал сою еді. Еңбегіне кейде ақша әкелсе, кей күндері азғана ет, тіпті бір күндері бас пен ішек-қарын алып қайтатын. Мен өзім жұмыс істеп табыс таппағандықтан күйеуім не әкелсе де ризамын. Күліп қарсы аламын.

Бір күні тоңазытқышты ашып қарасам, бірталай бас пен ет жиналып қалыпты. Мұның бәрін тастаймын ба? Обал ғой. Не істерімді білмей тұр едім. Орыс әжей басты пісіріп темір жол вокзалына апарып сатуыма болатынын айтты. Сол күні тоңазытқыштағы бес-алты бастың бәрін орыс әжейдің үлкен кастрюліне салып пісіріп, теміржол вокзалына апарып сатып келдім. Сол кезде көргенім әйелдер манты, пирожки, таба нан пісіріп сатып жүр. Кешкісін жұмыстан келген күйеуіме бастарды пісіріп сатып келгенімді айтып едім, ол қуанып қалды. Әйтеуір азғантай ақша болса да қаймаққа жаймақ болады ғой. Сосын оған ертең манты пісіріп сататынымды айтып едім, қарсы болмады. Бірақ абайлап жүруімді өтінді. Ақша көптік етпейді. Ертең дүниеге келетін баламызға керек-жарағын аламыз. Ауылдағылар өздері әзер күнелтіп отырғанда бізге қайдан көмек бере қойсын? Ол кезде адамдардың бәрі жұмыссыз қиналып жатқан кез.

Сонымен күйеуім ет әкелсе еттен, ішек-қарын әкелсе ішек қарыннан манты пісіріп апарам. Құр манты емес, қасына бас пісіріп, пирожки самса, пісіріп ала барам. Менің талабыма қызығып, орыс әжей де көмегін аямады. Екеулеп тез пісіре қоямыз. Қайтарда ол кісіге де керегін алып қайтам. Кейде көмектескеніне ақша беремін. Алмаса ренжитінімді айтамын. «Мейлі су мен газға төлейміз» деп алады. Осылайша сауданың көзін аштым. Күйеуім базардан орын алып, ет сататын болды. Осылайша орыс әжейдің бір бөлмесінен шығып, өз алдымызға пәтер жалдадық. Содан соң біраз ақша жинап Бішкектен киім-кешек әкеліп сататын болдым. Тауарға кеткенде түнделетіп кетеміз. Түні күні жол жүріп, қонып қалатын да кездеріміз болады. Сондайда күйеуім тарапынан қызғаныш, сенімсіздік деген нәрселер болған жоқ. Ол маған, мен оған сенетінбіз. Екеуміз де бір-бірімізден неге кешіктің, қайда жүрдің деп сұрап, мазамызды алып көрмеппіз. Кешігетін болсақ, ол да, мен де алдын-ала ескертіп қоямыз. Кішкентайларымызға қарау үшін ауылдан сіңлілерім, қайынсіңлілерім келеді. Олардың да еңбегін жемейміз. Ауылға қайтарда бастан-аяқ киіндіріп, қолдарына ақша ұстатып жібереміз.

Күнкөрістің қамымен екеуміздің екі бөлініп кеткен кездеріміз де болды. Күйеуім біраз уақыт үлкен қалаларға барып құрылыстарда істеді. Қиналып жүріп баспаналы болдық. Одан кейін мен ауырып, ұзақ уақыт ауруханада жаттым. Ортаншы баламыз ауырды ұзақ уақыт. Бұдан өзге де бірталай қиындықтар өтті басымыздан. Бизнесті бірге ашамыз деген серіктестеріміз алдап кетіп, тапқан-таянғанымыздан айрылып қалған да кездеріміз болды. Бірақ қандай қиындық көрсек те екеуміздің арамызда түсініспеушілік, кінәлау деген нәрсе болған емес. Қандай қиындық көрсек те, бір-бірімізді қолдап отырдық. Содан шығар осы күні берекелі, үлкен шаңыраққа айналдық. Үйімізден қонақ үзілмейді. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» дейді ғой қазақта. Кейін есімізді жия келе күйеуім тастап кеткен оқуын жалғастырып, диплом алып, жұмысқа тұрған. Өзім де сырттай оқу бітіріп, жұмысқа кірдім. Жұмыстағы әріптестеріміз, дос-жарандарымыз үйге жиі келеді. Келген сайын қонақжайлылығымызға, балаларымыздың әдебіне риза болғандарын айтып кетеді. Ойлап отырсам, өткен күндерімдегі көп қиындықтарды екеуміздің арамыздағы махаббат, сыйластықпен жеңіп шыққан екенбіз. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сүйіп, сыйласа білсе, түсініссе алмайтын қамалдары жоқ екен. Менің оған көзім жеткен.

ЕРКЕЛЕЙМІН ДЕП ЕСІРІП КЕТІПТІ

Анам кішкентай кезімде еркелей бастасам, «қыздың еркесі, биттің сіркесі» деп ұрсып тастайтын. Көңілім құлазып жаман боп қалушы ем сондайда. Неге қызға еркелеуге болмайды деп ойлайтынмын. Қыздың еркелегенінің несі жаман? Ол да балаң емес пе? Кейін өскенде өзімнің қызымды мүлдем ұрыспаймын, еркелетіп өсірем деп армандайтынмын.

Мектепті бітіргесін оқуға түсіп, ата-анам алыстан қосылатын бір аталас ағайындарының үйіне тұрғызатын болып келісті. Жатақханаға жатқызса мені бұзылып кетеді деп қорықты. Туыстарымыз мені оң қабақпен қарсы алды. Жақсы адамдар екен. Оқуымды бітіргенше мәпелеп, өз қыздарындай қарады. Бірақ сол туысымның үйінде жүргенде анамның мені еркелетіп, бетіммен жібермей, қатал болғанына қуандым. Айта беретін мақалының сырын да сол үйде жүргенде түсінгендей болдым.

Туысымыздың төрт ұлдың арасында өскен жалғыз қызы бар екен. Еркелігі сондай кейбір қылықтары жас баланың қылығындай болып кетеді. Менен екі жас үлкен екен. Бірақ олақ, қолынан дым келмейді. Апайым: «Төрт ұлдан кейін тапқан жалғыз қызым әрі кенжем деп бетінен қақпап едім. Тым еркелетіп жіберген екенмін. Осы күні әкесі еркелетсе де өзім сәл қаталдау болмаған екем деп өкінем. Ертең күйеуге шықса, қолынан түк келмейді. Ұятқа қалдыра ма деп қорқам», – деп уайым жеп отырады. Ыдыс жуып, үй жинау, ас пісіруден мақұрым. Оның бәрін анасы істейді. Бұл қыз сабағына барып келіп, ұйықтайды. Кешке көшеге қыдыруға кетіп, түн жарымында оралады. Бұл уақытта анасы әкесі мен ағаларына өзім жібергенмін, құрбысының туған күні екен немесе құрбысының үйіне емтиханға дайындалуға кетті деп өтірік айтып, қызының ізін жауып отырады. Мен бірде: «Апатай, одан қайта шындықты айтсаңыз, әкесінен аяғын тартар ма еді?» – деп едім, апайым: «Қыз деген қонақ қой. Қашанғы жүрер дейсің. Бір күні күйеуге шығады да, күйеуі мен балаларына жіпсіз байланып отырады ғой. Үйде жүргенінде еркелеп жүріп қалсын», – деді. Үндемедім. Бірақ іштей өстіп жүріп бір жамандыққа ұрынып қалса не болады деп ойландым. Беті аулақ ол кезде әкесі анасын кінәламай ма? Одан бұрын ол қыз болашағына балта шаппай ма?

Осыларды ойлана келе, анамның өзіме берген тәрбиесіне риза болдым. Анамның қаталдығының арқасында университеттегі сабағым жақсы, шәкіртақым да жоғары. Қаланың қызығын тамашалап, түнімен қыдырамыз деп сабағы нашарлап шәкіртақысынан айрылып қалған құрбыларым да бар. Оларға қиын. Ауылдағы ата-анасына айта алмайды. Онсызда аз ештеңеге жеткізе алмайтын шәкіртақыдан айрылғасын, сабақтан кейін жұмыс істеп қиналып жүр талайы. Ол да сабақ үлгеріміңе әсер етпей қоймайды.

Осы күні карантин болып үйден шықпай отырмыз. Мен анамның жанында банка жабуға көмектесіп, үйдің оны-мұны шаруаларына жәрдем беріп жүрмін. Ал туысымның қызы не істеп жүр екен? Карантинде үйде отырғанды пайдаланып, анасынан ас пісіруді үйренді ме екен деп ойлап қоям. Қыздың ақылды, жинақы болғаны дұрыс қой.

ЖАМАНДЫҚТЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛАДЫ

Оған менің көзім жетті. Негізі өмірде жамандық деген нәрсе жоқ. Оны білімсіздігіміз бен тәжірибесіздігімізден өзіміз жасап алады екенбіз. Өмірден көп қиындық көрген жанның бірімін. Күйеуім өзімнің қиялымдағыдай болып жолықпады. Содан ба екен арамызда түсініспеушіліктер өте көп болды. Екеуміздің ұрыс-жанжалымыздан балаларымыз да әбден шаршап, олардың да мінезі күрт өзгеріп кетті. Өзіме қарсы сөйлейтінді шығарды. Бұрын тек күйеуіммен айқассам, енді оған балам қосылды. Сол кезде ғана бар қателіктің өзімнен екенін түсіндім. Қалай дейсіз бе?

Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде үйге көршім келіп қалған. Ол кісінің бау-бақшасы жайқалып, жылда көл-көсір өнім беріп, оны жұртқа тегін таратып отыратын. Алғанды кім жек көрсін. Бағбан көршімізді бәріміз жақсы көріп, сыртынан мақтап жүреміз. Көршіміз тек бақша өнімдерін берумен ғана шектелмей, ерте көктем мен қара күзде жеміс ағаштарының көшеттерін үлестіріп, оған қалай күтім жасауды да үйретіп жүретін. Үш-төрт жыл бұрын бізге де біраз жеміс ағаштары мен жүзімнің көшеттерін беріп, отырғызып қойғанбыз. Биыл сол жүзімім жеміс салып тұр еді. Өзінің шаруаларымен келген көршім жүзімді көріп маған: «Мына жүзімің жемісін жақсы салыпты. Бірақ артық бұтақтары тым көбейіп кеткен. Жапырағы да қалың болып тұр. Осылардан арылт. Әйтпесе ертең піскенде жүзімің солып, кейін діңгегі ауырады. Сосын амал жоқ оны түбірімен алып тастап, басқасын отырғызуға тура келеді», – деді. Сол күні жұмыстарым көп еді. Жүзімге уақыт бөле алмадым. Ертесіне де бір шаруаларға айналып кетіп, екі-үш күн өткеннен кейін ғана жүзімдерімді артық бұтақтары мен жапырақтарынан арылтуға кірісіп кеттім. Шынында қалың жапырақтары мен бұтақтары салып тұрған жүзімге күн көзін түсірмей қалың көлеңке болып тұр екен. Қолыма қайшыны алып, жүзімдер кетіп қалмасын деп абайлап, артық бұтақтарын қырқып, қалың жапырақтарын жұлып жүріп бір ой келді басыма. Бағбандықтың да бір қасиеті болады-ау деп ойлаймын осы күні. Енді қандай ой десеңіз, айтайын:

«Адамды жақсылыққа бастайтын да, жамандыққа жетелейтін де мінез-құлқы ғой негізі. Кейде кеудеде тәкаппарлығымыз оянып, жұрттың бәрі менің айтқаныммен жүруі керек деген өзімшілдікке салынып кеткенімізді өзіміз де байқамай жатамыз. Бірі жарың, бірі балаң болғанмен олардың да өз ерік-қалауы, арман-мақсаты бар. Олар да өз дегенімен жүргісі келеді. Мен сияқты кей әйелдер оған көндігуі қиын. Ең бірінші қателігіміз осы. Күйеуім мен балаларым менің айтқаныммен жүру керек деген ой екен. Жүзімімнің артық жапырақтарын алып тастап жүріп ішкі бір дауыс: «Өзіңнің де бойыңдағы керексіз әдет, жағымсыз мінез-құлқың мен өзімшілдігіңнен арылсаң жемісің де солмайды, өзің де ауырмайсың. Қазір бәрі менің ойымдағыдай болуы керек, бұлардың бәрі менің дегеніммен жүруі керек деп өзіңді де, балаларыңды да қинап жүрсің, еркіне қоя бер. Өз өмірлері үшін жауапкершілікті өз мойындарына алсын, басыңды ауыртпа, өзіңмен алыс», – деп үн қатты. Сосын Шәкәрім атамыздың:

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше», – деген бір шумақ сыр сөзі еске түсті. Сол күннен бастап күрт өзгердім десем де болады. Бұрынғыдай күйеуім мен балаларым жұмыстан кешіксе, қайда, не істеп жүргенін, неге кешіккенін сұрап әуре болмаймын. Әлеуметтік желіден өзіме пайдалы нәрселерді оқып, ағайын-туысты аралап, аузымнан тек жақсы сөз шығуын, тек жақсы ойлар ойлап, жаман ойларды санаға жуытпауға күш салдым. Мұның бәрі айтуға ғана жеңіл. Өз мініңмен күресу қиынның қиыны негізі. Үнемі өзіңді бақылауда ұстау әжептеуір күш. Алдымен нәтижесін көрейін деп бұл жайлы ешкімге айтпай жүрдім. Шүкір қазір нәтижеміз жаман емес. Үйімізге береке кіріп, жайма-шуақ бір күндер өтіп жатыр. Бір өкініштісі, бағбан көршім дүниеден өтіп кетті. Ол кісі маған жеміс ағаштарына күтім жасай жүріп, өзімнің ішкі әлеміме үңілуді де үйретіп кеткендей.

Be the first to comment

Leave a Reply

Your email address will not be published.


*