ОҚУШЫЛАРЫНА АНАСЫНДАЙ ҚАРАҒАН

Бөлісу

Фатима Забурақызының «Жарық ғалам» кітабының тұсаукесерінде Таңшолпан Ертайқызы сіңлім: «Ауылда тұратын бір апам бар еді. Ол кісінің маған ешқандай туыстық қатысы жоқ. Дегенмен балалығымның көп күндері сол үйде өтті, қызымен құрбы болдым. Апам тұла бойына мейірім тұнған, жан-жақты өнерлі кісі. Сізді сол ауылға ертіп барсам, өзімен тілдесіп, газетке жазбас па екенсіз?»  – деген өтініш айтты. Артық сұрақ қоймастан келістім. Себебі ақылдың кені данышпан дерлік кісілердің дені ауылда тұратынын жақсы білем.

Уәделескен күні Таңшолпан екеуміз жолға шықтық. Жазатын кейіпкерімнің кім екені, елге қандай еңбегі сіңгенінен бейхабармын. Бірақ түйсігім барғаныма өкінбейтінімді, жақсы адаммен жолығып, керемет сұхбат жазып қайтатыныма сенімді. Автовокзалдан түскенде бізді Арман деген жігіт көлігімен күтіп алып, Ленгір көмекші мектеп-интернатына апарды. Іздеп бара жатқан кейіпкеріміз – Нүрипа Арысқызы көп жылдар осы мектепте жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан екен. Біз мектеп директоры Бақытжан Әуелбекұлы Аманжоловпен арнайы кездесіп, Нүрипа апай туралы пікірін білдік.

«Ол кісі мұғалім боп туған адам», – деді мектеп директоры

«Өзім осы жерде 1984 жылдан бері жұмыс істеймін. Мамандығым олигофренопедагог. Осында тәрбиеші болдым, мұғалім болдым. 1991-2001 жылдар аралығында тәрбие ісінің меңгерушісі болып істедім. 2001 жылдан бастап мектептің директорымын. Түркістан облысы бойынша қазақ-орыс тіліндегі кемістігі бар балаларға арналған жалғыз мектеп. Сонымен қатар кемістігі бар жетім балалар да осында тәрбиеленеді. 2001 жылы мен осы мектептің директоры болып тағайындалдым. Сол жылдары кадр мәселесі қиын болатын. Аралас мектеп болғасын, жасы кеп қалған орыс апайлар жұмыс істейтін. Олар әбден қажыған. Жұмысты алға сүйреп кете алмайды. Маған жас, жалындап тұрған, өз ісін сүйіп атқаратын қызметкерлер керек болды. Сөйтіп орыс апайлардан жастарға орын босатуын сұранып, жанымыздағы №8 жалпы орта мектепте жұмыс істейтін жақсы мамандарды осында шақырдым. Ол мектепте өзімнің қыздарым да оқиды. Кімнің қандай мұғалім екенін жақсы білем.

Нүрипа Арысқызын табиғатынан мұғалім боп туған адам деуге болады.  Ең бірінші сол кісіні шақырдым. Ол кісі бастауыштың мұғалімі. Мамандығы біздің мектепке сәйкес келмейді. Бірақ мен ол кісінің іскерлігіне, алғырлығына сендім. Осында келгесін жұмысқа қабылдаған мұғалімдерімнің бәріне олигофренопедагогиканы бітіріп аласыңдар деген шарт қойдым. Себебі бұлар ерекше балалар болғандықтан маған нағыз мамандар керек болатын. Сол кезде бәрі де сырттай оқып бітіріп алды. Ол өздеріне де жаман болмады. Себебі жоғары білімді мамандардың айлығы да көтеріліп, материалдық жағдайлары да реттеледі. Нүрипа апайды жұмысқа алғаныма ешқандай өкінген жоқпын. Ол мұндағы балаларға жай мұғалім ғана емес, туған анасындай қамқор болып қарады. Қазір міне, зейнетке шыққанына бес-алты жылдың жүзі болды. Немере бағып, үй шаруасын дөңгелетіп отыр. Үндік, тауық секілді түрлі құстар өсіреді. Бау-бақшасы бар. Жаңғағы да бар екен. Осы күндері де мектепке жаңғақ әкеп,  шағып беріп, балалардың көңілдерін көтеріп кетеді.

Өздеріңіз білесіздер, біздің мектеп оқушыларына пәндік олимпиадалар өткізілмейді. Тек осындай мектептер арасында спорт және көркемөнерпаздар жарысы ұйымдастырылады. Сондайда Нүрипа апай жарысқа ертіп баратын оқушысының атынан өлең шығарып, оқушысына оқытып, оған жыламаған адам қалмайтын. Нүрипа апаймен көрші тұратын әкесі араққа салынып, шешесі тастап кеткен тағдыры ауырлау бір қыз бар еді, сол қызбен көп жарыстарға барып, жүлделі орындарды иемденіп қайтып жүрді. Айта берсек, Нүрипа апайдың кісілік қасиеттері өте көп. Зейнетке шығардан екі-үш жыл бұрын жаңадан келіп жатқан жас мұғалімдерге білгеніңізді бөлісіп, тәжірибеңізді үйретіп кетіңіз дегем. Менің бүгінгі бастауыштағы мұғалімдерім сол кісінің тәрбиелеген шәкірттері. Бәрі де ұйымшыл, сондай жақсы мұғалімдер».

Мұғалім болуды бала кезден армандаған

Кейіпкеріңді көрмей тұрып, ол туралы жылы лебіз естігенде өзін көргенше асығады екенсің. Мектеп пен үйдің арасы едәуір жер. Бірақ көлікпен Сәрсенбай мен Нүрипа Омаровтардың шаңырағына тез жеттік. Нүрипа апай дастарханын жайнатып күтіп отыр екен. Бұрыннан таныс адамдай жайраңдай күліп қарсы алды. Табалдырықтан аттай бере, пісіп тұрған жылқы етінің тәтті иісі танауымызды қытықтап, үйден ерекше бір жылылық есті. Туысымыздың үйіне келгендей өзімізді еркін сезіндік. Нүрипа апай бізді төрге оздырып, өзі асүйге жүгіріп, шәугімі мен шәйнегін көтере кірді. Қаттама пісіріп, күбінің сары майы мен таба нанын турап қойыпты. Шай құйып беріп отырып: «Мен не істесем де шын көңілден істеймін. Азанымен қаттама пісірдім, нанды қолдан жауып жейміз. Қазаным оттан түспей қайнап тұрады. Тамақ әзірлегенді жақсы көрем. Балалардың бірі жұмыстан кеп, бірі кетіп жатады. Дайын тамақты ішіп кеткені жақсы ғой», – деді күлімсіреп.

Сонымен шай үстінде әңгіменің тиегі ағытылып жүре берді. Кейіпкеріме сұрақ қоймайтынымды, диктофон қоспайтынымды ескерттім. Шай үстінде емін-еркін сұхбат құрып, сырластық.

«Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында туып өстім, – деп бастады апай әңгімесін. – Ата-анам қарапайым кісілер. Екеуі алты қыз, бес ұлды өмірге әкеп, тәрбиелеп жеткізді. Үйдің базаршысы әкем болатын. Анам қолынан келмейтіні жоқ, ісмер кісі еді. Ол кездер де асып-тасқан заман емес қой. Алты қыздың әрқайсысына жеке-жеке көйлекті қайдан ала қойсын? Әкем базардан бір барғанда он метр қызыл мата әкелсе, келесі барғанында көк мата әкеп береді. Шешем одан алты қызына бірдей етіп көйлек тігеді. Солай,  қызыл мата келгенде алтаумыз да бірдей қызыл көйлек киіп, көк мата келгенде көк көйлек киіп шығатынбыз. Қазір ойлаймын, әкем ер кісі болғасын мән бермегені ғой, әйел адам барса  матаның әртүрлі түсінен араластырып әкеліп, біздер бәріміз бірдей киінбей, түрлі-түрлі киімдер киіп жүрер едік қой деп.

…Бала күнімнен мұғалім болғым келетін. Біздің кезіміздегі мұғалімдер мақтауға тұрарлық нағыз мұғалімдер еді ғой. Өзім Гүлжаһан Таева деген қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін апайыма қатты еліктеп, тура сол кісі сияқты мұғалім болсам деп армандайтынмын. 7-сыныптан бастап нағашыларымның қолына барып, Ақсудағы С. Сейфуллин атындағы мектепті бітіріп, алғаш еңбек жолымды да осы мектептен бастадым. Қазір жұмысқа тұрарда жастар айлығы қанша екен деп сұрап алады ғой. Сол кезде мен айлық туралы мүлде сұрамаппын. Айлық беретін кезде алуға қатты ұялатынмын. Айлығымды, ешкім жоқ кезде біреу көріп қоймасын деп ұрланып барып алушы ем.   Бірер жыл сол жерде жұмыс істегесін өзімнің ауылым Кеңесарықтағы мектепке ауыстым. Ол кезде мұғалімдердің абыройы күшті мамандық еді ғой. Мұғалімдерге тегін көмір түсіріп беретін, жарық тегін болатын.  Әкем менің мұғалім болғанымды қатты мақтан тұтты. Жоғарыда айттым ғой әкем базаршы болатын деп, одан кейін үйдің базаршысы мен болдым.

Бірде әкем базарға бара жатқанымда өзіне керек заттарын әкелуімді тапсырды. Соның ішінде бір затын әкелуді ұмытыппын. Сонда әкемнің жай ғана айтқан: «Ескермегенсің ғой», – деген сөзі менің жадымда мәңгілікке жазылып қалды. Және сондай ауыр тиді. Шынында әкемнің сөзін ескермегенім болып тұр ғой, ескерсем сол затын алуды ұмытпас ем. Кейін әкемнің осы сөзін өзім де талай адамдарға айттым. Ескерусіз қалғаннан, ескерілмегеннен сақтасын!

Әкем Арыс, шешем Күләш та сондай ақкөңіл, қолы ашық, жомарт  жандар еді. Кісіге қайырымы көп, қолындағысымен бөліскенді жақсы көріп тұратын. Бір айлығыма сол кезде буфет деуші едік ғой, ыдыс-аяқ қоятын шкаф сатып алғанмын. Бір күні жұмыстан келе жатсам, есік алдында атқа жегіліп арба тұр. Үстіне менің жақында ғана сатып алған жап-жаңа шкафымды артып, одеялмен орап қойыпты. Қасында шешем тұр. «Мұны қайда апарасыздар?» десем, апам: «Пәленше үй соғып кірген екен. Әкең құтты болсынға осы шкафты апарайық деді», –  дейді. Солай, бұл зат өзімізге де керек-ау дегенді білмейтін әке-шешем өздерінен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлап тұрушы еді. Сосын әкемнің суырып салма ақындығы болатын. Той-құдалықтарда сөйлесіп отырып, арасында суырып салып өлең шығарып отыра беретін.  

Оқушыларымен дос болған

1982 жылы осы Аққұм ауылына Омаровтар әулетіне келін болып түстім. Енем жастай қайтыс болған. Атам бар екен. Жеті-сегіз айдай жұмыс табылмай үйде отырып, кейін №8 мектепке жұмысқа кірдім. Жұмысқа тұруымның өзі қызық болды. №8 мектеп бұрын орыс мектебі болған. Кейін қазақ сыныптары ашылып, мектеп басшылығы қазақ мұғалімдер таппай жүріпті. Ал мен үйде жұмыс таппай отырмын. Сөйтіп бір таныс келіншектен естіп, жұмысқа тұрдым. Біраз уақыт сол жерде жұмыс істеп, кейін көмекші мектеп-интернатына шақырып сонда бардым. Жай мектептен оқу бағдарламасы да, балалары да ерекше мектепке ауысу маған оңай болған жоқ. Ол жерде денсаулығы ғана емес, тағдыры қиын небір балалар болды. Мектепке кірген сәттен бастап, бұл жерде тек мұғалім емес, балаларға анасындай қамқор болуың керектігіңді сезінесің. Гүлжан деген қыз бар еді. Ата-анасы жоқ.  Жұмыстан қайтып бара жатсам, сол қыз артымнан еріп: «Мама, мені әкетші», – деп жылайтын. Мені анасы деп қабылдады. Сосын Жанар деген қыз «көтерші» деп жылайтын. Сондайда ет жүрегім елжіреп, езіліп кете жаздайтын. Белімнің ауырғанына қарамастан Жанарды мауқы басылғанша көтеріп тұратынмын. Осылайша өзім жетекшілік ететін сыныбымның балалары мені туған анасындай қабылдап, мен оларға барынша аналық мейірімімді төгуге тырыстым.

…Рома деген бұзық бала бар еді. Сабақта байыз тауып, тыныш отыра алмайды. Мұғалімдердің бәрі сол баладан безер болатын. Сабақ өтіп отырсам, істемеген нәрсесі қалмады. Мән бермей отыра бердім. Сосын сабақ аяқталуға жақын қалғанда балалардан «сағыз шайнайсыңдар ма?» деп сұрадым. «Иә» деді бәрі. «Кім барады сағызға? Кімді жұмсаймыз?» дегенімде Рома баратынын айтты. Әмиянымнан тиын алып, қанша сағыз әкелетінін айтып, дүкенге жұмсап жібердім. Балаларым: «Апай, оны неге жібересіз? Ол келмейді, қазір тиыныңызды алып құрып кетеді», – деп жатты. Мен Романың көзінше, балалардың қателесіп отырғандарын, оның қазір жылдам барып келетінін айттым. Айтқанымдай-ақ бес минутта барып келді. Сосын Бақытжан деген бала болатын. Оның қолының сұғанақтығы бар еді. Бір күні қалтамнан екі мың теңгемді алып қойыпты. Ол кезде екі мың теңге деген әжептеуір ақша ғой. Үндемей Бақытжанның сыныпқа кіруін күтіп отырдым. Келгесін жай дауыспен: «Бақытжан, ақшамды берші, балаларыма нан, кәмпит әкелем деп айтып кетіп ем. Ақшамды сен алып қойыпсың, енді не апарам оларға?» – дедім. «Мен алған жоқпын», – деп еді, «Алдамашы, біліп тұрмын ғой сенің алғаныңды», – дедім томсырайып. «Ой, апай, жүріңізші», – деген балам мені ертіп алып кетіп бара жатыр, кетіп бара жатыр. Ойпырмай, не деген ұзақ жер еді. Бір кезде үлкен бір тастың астына қолын сұғып, ары-бері қарап, болмағасын: «Апай, мына тасты көтерейікші», – деді. Ауыр екен. Екеулеп жүріп, мықшыңдап әзер дегенде көтеріп, ақшаны тауып алдық. «Мынау не деген ауыр тас. Жалғыз өзің қалай көтергенсің мұны?» десем, балам: «Ой, апай, мен көтерген жоқпын, астына тыға салғам, жаңа іздегенде әрі қарай кетіп қалған да», – деп күледі. Бұл көп ақша, сен мұның бәрін жарата алмайсың. Жүр мен саған тиын берейін деп сыныпқа ертіп келіп тиын бердім. Мәз боп қалды бала. Осылай ең қиын, бұзық деген оқушылардың өзімен дос болып, өзіме жақын тартып сөйлейтінмін. Себебі баланы жаман деген сайын жаман бола береді. Ал оған сенім артып, дос бола білсең, ол біртіндеп жаман әдеттерінен арыла береді.

Әр айлығымды алғанда оқушыларыма сағыз, чупа-чупс, ыстық тамақ әперіп, тамақтандыратынмын. Кейде мектептен сұрап алып, үйге әкеліп жуындырып-шайындырып,  үйге қондыратынмын. Себебі бұл балаларға мейірім жетіспейтінін, ананың жылуы жетпейтінін жақсы білем. Менің осы әдетіме әбден үйренген оқушыларым да: «Апай, қашан айлық аласыз?» деп сұрап жүретін.

Әкесі арақ ішетін балалардың жандары жаралы

Адамның тілінде тектен-тек мүкістік болмайды. Кей жағдайда мұндай мүкістік қорыққаннан да пайда болатыны бар. Сыныбымда тұтығып сөйлейтін Өмірзақ деген бала болды. Сол бала бір күні: «Апай, мен түнде ұйықтарда мамамды ойлап, жылаймын», – деді. «Неге?» – дедім ойымда ештеңе жоқ. «Себебі папам арақ ішіп келіп, мамамды ұрады. Сол мен жоқ кезде де ішіп алып мамамды ұрып жатқан жоқ па екен?» – деп жылағым келе береді дегенде, баланың анам деп соққан жұдырықтай жүрегінің лүпілін естігендей болдым. Тамағыма ащы өксік тығылып, көзіме жас келді. Баланы бауырыма тарта құшақтап, жылы сөйлеп, жұбаттым. Тілінің тұтығу себебі де осы екен ғой деп ойладым. Аяғы ауыр кезінде анасы әкесінен қорқып, ол балаға берілді ме екен? Кейін әкесі баласын іздеп келгенде «Ұлыңыз үйді уайымдап, қатты қамығады. Оны жылы сөздеріңізбен жұбатып, көңілін көтеріп кетсеңіз жақсы болар еді», – дедім. Екеуі оңаша шығып, көп сөйлесті. Әкесінің ұлына не айтқанын білмеймін, бірақ Өмірзақ сол күні көңілді болып кірді сабаққа. Сөйтіп осы баламен көп жұмыс істеп, тілі біршама қалыпқа келді.

Бізде жетім балалар да, ата-анасы бар балалар да болды ғой. Ата-анасы каникулда, демалыстарда баласын әкетіп, қайта интернатқа әкелгенде балалар ата-аналарынан қалғысы келмей қатты жылайтын. Біз бар жылы сөзімізді айтып, алып қаламыз. Баланы сыныпқа кіргізіп, терезеден қарасаң, ата-анасы да жылап кетіп бара жатады. Сондайда өзіміз де жылауға шақ қаламыз. Ешкімнің басына салмасын, бұл өте қиын жағдай. Ата-ана баласын бізге осылай сенім артып тастап кеткенде біздің жаман мұғалім болуға ақымыз жоқ еді. Содан кейін де балаларға қатты сөйлеуге дәтіміз бармайтын. Оларға керегі жылы сөз бен мейірім. Кемістігі бар демесең, бұл балалардың тұла бойы тұнған мейірім.

…Бірде нөсерлетіп жаңбыр құйып тұрғанда мектепке бардым. Мектеп пен үйдің арасы әжептеуір ұзақ. Бірақ сол кезде Құдай бойыма күш-қуат құйып қойған екен деймін. Мектепке күніне үш рет жаяу барып келетінмін. Мектепке жетем дегенше үсті-басым малмандай су болды. Тіпті етігімнің ішіне дейін су кіріп кетіпті. Жылы жерге кірсем де денем жыли қоймады. Соны сезді ме, бір қызым орнынан тұрып жаныма келді де: «Апай, отырыңыз», – дедім. Отырып ем, аяғымдағы етігімді, нәскиімді түгел шешіп алып, батарейкалардың үстіне жайып қойды да, өзі шығып кетті. Жалаң аяқ отырмын. Қайда кетті деп отырсам, біздің сыныптың арт жағында шеберхана бар еді. Балаларды сол жерде еңбекке баулып, әрнәрсе тігуге үйрететін. Сол жерден үлкен тәпішке әкеп, аяғыма кигізіп қойды. «Су-су етікпен өлесіз ғой», – деп қояды. Мен оларға анасындай қарасам, олар да маған баламдай жақын болды.

…Біздің үйдің жанында әкесі ішкілікке салынып, шешелері қарамай тастап кеткен төрт қыз тұрды. Солардың ең кішісі үш айлығында бесікте қалды. Анасы бәрін тастап, төркініне кетіп, күйеуге шығыпты деп естігенбіз. Сол қыздар үйлерінде жейтін наны жоқ, бесіктегі әлдилері шырылдап, кішкентай қыздар оларға не берерлерін білмей, үйге жиі келетін. Солардың ешуақытта көкірегінен итергем жоқ. Не сұраса да беретінмін. Мектеп жасындағыларын өзім осы мектепке жұмысқа кірмей тұрып, тиісті мекемелерге барып жүріп орналастырдым. Әйтеуір білім алса, ертеңгі күні қор болмай нанын тауып жейді ғой деп ойлағам. Соның Айдана деген қызы менің сыныбымда болды. Екеуміз бірге талай жарыстарға барып, жұртты жылатып қайтушы едік. Айдананың бүкіл өмірі көз алдымда ғой. Оның аш-жалаңаш күндері.., жеуге нан таппай, сыпыраны жайып жіберіп, сондағы ұнды суға шылап жеп отырғаны.., бесіктегі сіңлісін арқалап жүріп, жұрттан ас-су сұрағанда кейбір әйелдердің келе берме деп қуғаны.., бәрі-бәрін көз алдымнан өткізіп отырып өлең жазғам. Айдананың атынан. Айданам соны жылап тұрып оқитын. Оны естіп көзіне жас алмайтын адам болмаушы еді. Біз ғана емес, құлағы естімейтін, көзі көрмейтін балалар мектеп-интернаттарынан да оқушылар келіп, өнерлерін ортаға салғанда көз жасымызды тыя алмаушы едік… Сол Айданамыз мектеп бітіріп, оқуға түсіп, жақсы жерге күйеуге шығып еді. Өткен тағдырын біліп қойып, айырылысқан ба, әйтеуір күйеуден бағы жанбады. Шешелерін іздеп тауып, араласып тұрады екен деп естиміз. Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетіп, Алматыдан пәтер алған. Әкесін сонда апарып тұрғызып, тап-тұйнақтай етіп киіндіріп қойған екен. Араққа жеңілген бе, әкесі онда тұрақтамай, осында қайтып келіпті. Әлде де, сол қызы Кореядан ақша жіберіп тұрады екен. Ұлжан деген әпкесі тұрмыста, бала-шағалы. Ауылға келген сайын үйге соғып, амандасып тұрады.

Еңбек ескерусіз қалмайды

…Мен ешуақытта өзімді көрсетуге, істеген жұмысымды айтып мақтануға ұмтылған адам емеспін. Біреулер еңбегімді мақтай бастаса, қатты ыңғайсызданып, өзімді жайсыз сезінем. Мектепте жиындар ұйымдастырып, соңынан мұғалімдер суретке түскенде де алдына барып тұруға ұялам. Шетіне барып тұра салам. Бірақ өзің мақтанып айтпасаң да еткен еңбегің ескерусіз қалмайды екен. 2015 жылы 1-қазанда сол кездегі Білім және Ғылым министрі А. Сәрінжіповтың қолынан «Игілік. Абырой. Даңқ» деген медаль алдым. Мұндай медальды біздің ауданда сол кезде ешкім алмаған. Басшылық тарапынан берілген бірнеше алғыс хаттарым бар. Мұның бәрін еңбегімнің бағасы ретінде өздері берген. Өзім алуға талаптанған емеспін.

Осы жерде  мектеп-интернаттың бағын жандырған директор Бақытжан Әуелбекұлы екенін айтпай кетсем, адамдығыма сын болар. Ол кісі келген күннен бастап, мектепте үлкен өзгерістер болып, бағы жанды. Бақытжан Аманжоловты  директор деу аз, ол кісіні балалардың, күллі ұжымның әкесі деуге тұрарлық жан. Олай дейтінім, ер кісілер кей нәрселерді ескере бермейді ғой. Ол кісі бәрін ескеріп жүретін. Мектептегі бар баланың қас-қабағына, үсті басына қарайлап, қамқорлығын аямайтын. Балалардың біреуінің киімі жыртылып қалса, соны көріп, бізге ескертіп айтып отыратын».

Нүрипа апайдың әңгімесін тыңдап отырып, кісіні өзіне баурап алатын қасиеті барын байқадық. Ол кісі әңгімені майын тамызып айтып қана қоймай, көңілін толқытқан нәрселерін өлең ғып өрнектейтін ақындығы бар. Ара-тұра ән шырқап, би билейтін, әулеттің той-құдалығында асабалық жасайтын да өнері тағы бар, сегіз қырлы, бір сырлы жан екен. Бізге Райымбек пен Бегімайдың жырын қырғызша орындап, үндінің әнін шырқап берді. Апайдың жасы сексеннен асқан Әнәпия деген абысыны Роза деген келінімен бірге келіп, бірталай қызықтарды айтты. Тек оның бәрін бір газетке сыйдыру мүмкін емес.

Ел ішінде осындай аузын ашса жүрегі көрінетін, ақ пейіл асыл аналардың барына шын жүректен қуанып, көңіліміз тасып қайттық. 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

«Әйел құпиясы» газетінде жарияланған

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*