МЕҢДУАНА БАБА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Бөлісу

Түркістанға сапар шегіп, әулиелерге зиярат жасауға ниет қылсаңыз, Гауһар анадан өткен соң, Шахан атаға жетпей, Шәуілдірге кетіп бара жатқан трассаның сол жақ шетінде, жол бойынан бес шақырымдай жерде Меңдуана баба деген әулие бар. Алланың нұры түскен, киелі жер. Ниетін түзеп, шын ықыласпен барғандардың талайына шапағаты тиген әулие.

Жалпы, «Меңдуана баба деген кім?» «Тарихта болған ба?» «Неге Сырлыбай деген өз есімі Меңдуана болып өзгерген?» «Қандай қасиеттері бар?»

Меңдуана баба ХVІІ ғасырда өмір сүрген Ислам дінін уағыздаушы кісі болған. Әулие бабаның шын есімі Сырлыбай болған екен. Ел ішінде Дуана әулие атанған бұл кісінің не себепті Меңдуана аталуын ешкім де анық білмейді. Бала күнімізде үлкендер Дуана әулиенің әруағы қолдасын деп сыйынып отырушы еді деп еске алушылар көп. Солардың бірсыпырасы бабаның Меңдуана аталуының сыры ол кісі адамдарды меңдуана деген шөппен емдеген десе, енді біразы бетінде меңі болған екен, соған қарап жұрт меңі бар дуана ата, Меңдуана ата деп кетуі де мүмкін деген секілді  болжамдар айтылып жүр. Анығы Аллаға ғана аян.

Меңдуана бабаның шыққан тегі Орта жүз, Қоңыр сопы, Борай, Жиембет руынан. Созақ өңірінде дүниеге келіп, сонда өсіп-өнген. Әулиенің қасиеттері: «Мал мен жанға бірдей. Төрт түлік малдың пірі. Бұрындары ата-бабаларымыз малдары ауырып, өсімі азайғанда әулиеге апарып түнететін болған екен. Бақ-дәулеті қайтып, тұрмыста жолы болмай, берекесі кетіп қиналғанда «Меңдуана бабам» деп әруағына сыйынып келгендерге «Алладан жәрдем сұрап берем» дейді екен.

Меңдуана баба ылғи да ақ есекке мініп, аса таяқ ұстап жүреді екен. Жасы қырықтан асқан шағында үйленіп, артық дүние жимаған көрінеді. Қартайған шағында «Әзірет Сұлтан бабаны көріп жатамын» деп, Түркістанға келген екен дейді. Соған қарағанда Яссауи баба ілімін жалғастырушы кісі болса керек. Сонда жолда келе жатқан кезінде әулие бабаның алдынан мыңғырған малын суарып жатқан бір бай жолығады. Есек мініп жүргеніне қарап дуана ғой деп ойласа керек, малымды суғар деп бұйрық беріпті. Өмірінде жан баласына қарсы сөйлеп, көңілін қалдырып көрмеген баба еңкейе бергенде қауғасы құдыққа түсіп кетеді. Оған ашуланған бай Меңдуана бабаны қамшысымен салып-салып жібереді. Аузына келген сөздерді айтып, құдыққа түсірген шелегін әперуді бұйырады. Меңдуана баба шелекті алмақ болып еңкейіп, құдыққа қарай бергенінде су құдықтың бетімен бірдей болып көтеріліп, шелек су бетіне қалқып шыға келіпті. Су бетіндегі шелекті еш қиналмастан ала салып иесіне береді де, баба өз жөнімен кетіп қалады. Мына таңғажайып көріністің куәсі болған байдың сол заматта-ақ бір аяғы мен қолы істемей қалыпты. Сонда ғана әлгі дуана кейпіндегі жолаушының тегін еместігін сезген бай артынан барып кешірім сұрауды жөн көреді. Түстік жерде кетіп бара жатқан байдың соңынан жете алмай әбден қиналады. Соңынан қуып барып бір малды құрбандыққа шалып, кешірім сұраған кезде, Меңдуана баба байдың істемей қалған қолы мен аяғын сипайды. Сол сәтте-ақ әлгі кісінің қолы мен аяғы сау қалпына түскен деседі.

Меңдуана бабаның тағы бір қасиеті, шашын екі елідей өсіріп жүреді екен. Әулиенің алдырған шашын көп адамдар тұмар етіп таққан көрінеді.

Бірде Меңдуана баба жолаушылап келе жатса, бір иттің өкпені тістеп жүгіріп бара жатқанын көріп қалады. Итті көрген бойда соңынан қуып берген әулие оны ұстап алып, аузындағы өкпені алып қояды. Өкпені ұстап, ауыл шетіндегі ақ боз үйге кірсе, жан тапсырып жатқан байдың қызы: «Ұйықтап кетіппін ғой» деп орнынан тұрып келе жатыр екен. Осы оқиғаға көңіл көзімен қарар болсақ, әлгі иттің әшейін ит емес, албасты екенін аңғару қиын емес. Ондай нәрселер ерекше қасиеті бар адамдардан қашатыны белгілі. Аузына тістеп тұрған өкпені бабаға бере салғаны да сол. Егер сол мезетте Меңдуана баба ауылға келіп қалмағанда байдың қызы сол күйі жан тәсілім еткен болар ма еді?!

Меңдуана бабаның қасиеті өте күшті болған деседі. Осы әңгімені айтып берген Ақтамақ апа Меңдуана бабаның тікелей өз ұрпағы. Сырлыбай атаның Қожақай есімді ұлы болған. Ол кісіден Балғабай, одан Мамыш, Мамыштан Ырзан деген қыз туады. Ырзанның қызы Ақтамақ апа. Ол кісі әке-шешеден жалғыз. Әкесін қуғын-сүргін заманда «халық жауы» деп айыптап, атуға жіберіпті.

Ақтамақ апаның айтуынша, шешесі Ырзан бірде түс көріпті. Түсінде тезек шыр-көбелек айналып тұр екен дейді. Меңдуана баба әлгі тезекті ұрып қалған кезінде астынан сары қыз атып шығады. Сол қамшыны Ырзанға ал деп бұйырады. Бірақ Ырзан қамшыны алмапты. Ырзан апа түйекештік етіп күн көрген екен. Ақтамақ апаның шешесінен естіген бір сөзі: «Бабам қатал кісі, менің бүгінгі қылығымды жақтырмады», – деп отырады екен. Сонда таңертең оянғанда Ырзан апаның кейде қарны, кейде мәсісі тілініп тұратын көрінеді. Отағасы «халық жауы» болып ұсталып кеткеннен кейін Ырзан Өзбекстанға көшеді. Үш-төрт түйемен кеткен екен. Әңгелек деген жерге барған кезде, тасқын болып, бұлар әрі-бері жүре алмай қатты қиналады. Сонда Ырзан Аллаға жалбарынып,  Меңдуана бабасының әруағына сыйынып жылапты. Сол кезде ақ боз атқа мініп келген әулие оларды су ортасынан жетелеп алып шыққан екен. Осылайша ХVІІ ғасырдың 30-жылдары өмір сүрген әулиенің әруағы ғасырға жуық уақыт өткенде көз жасын көл етіп медет тілеген ұрпағына жәрдем берген екен. Осы оқиғадан біраз уақыт өткенде Ырзан қатты ауырып жатып қалады. Сол кезде әулие бабасы түсіне кіріп: «Оң қолыңа сақина салып, бір әулиенің басына барып құран оқып, үстіңе киіп барған киіміңді өртеп жібер», – деп аян берген екен. Ырзан бұл аянды айнытпай орындайды. Үйіне келгенде қайтып төсекке жатпай, ауруынан құлан-таза айығып кетіпті.

Ақтамақ апа тұрмысқа шыққасын көпке дейін құрсақ көтере қоймапты. Сіңлісіне жаны ашып Гүләй деген нағашы апасы «Меңдуана бабаның басына барып перзент тіле» деп ақылын айып, жол көрсетіп жіберіпті. Солай еткен Ақтамақ апа көп ұзамай-ақ аяғы ауырлап, он екі бала сүйіпті. Бүгінде солардың сегізі бар. Айтуынша, әулиенің оң жағында тағы да екі әулиенің қабірі болған деседі. Бастарында ұзын-ұзын көктастар болыпты.

Ел ішінде ақпан айында Меңдуана бабаға арнап наурыз көже беріліп тұрған екен. Кәдімгі наурыз көже, бірақ Меңдуана бабаға деп атап беру керек дейді. Бабаның шапаны мен тақиясы, аса таяғы мен қамшысы әлі күнге дейін сақталған. Ол тікелей ұрпағы Әбдіқайым деген кісінің үйінде тұрған екен. Бабадан қалған сол асыл мұраны Шәриза деген туысы сұрапты. Ауырды ма екен, аян көрді ма екен? Бірақ Әбдіқайым туысына ол мұраны бермек былай тұрсын, қиналған кезінде көмек те көрсетпепті. Бұл оқиғаның соңы жақсы болмайтынын Шәриза түс көріп сезіпті. Содан көп ұзамай әлгі отбасының үш жасар ұлы байқаусызда «солярка» ішіп қойып, қайтыс болыпты.

Аңызға бергісіз тағы бір оқиғаны Мұрат деген кісіден естідік. Ол кісінің дәл қазіргі уақытта қайда тұратынын білмейміз. Басынан өткен бұл оқиғаны 2012 жылы әулиеге зияраттап барып, шырақшысына айтып берген екен. Оқырманды қызықтырар деген оймен бұл оқиғаны да жазуды жөн көрдік.

1971 жылы Мұрат Түркістандағы туыстарының үйіне қыдырып барады. Жасөспірім бала сол маңайда туыстарының малын бағып жүріп, бірде алыстан шөмелеге ұқсас бірдеңені көзі шалады. Тым алыста болғандықтан оның не шөп, не басқа екенін анықтап біле алмайды. Қарай-қарай көзі талып, үйіне келген соң жеңгесіне сол жақты нұсқап көрсетіп, не екенін сұрайды. Осы жердің тұрғыны болғасын жеңгесі оның не екенін жақсы біледі ғой. Ол Дуана әулиенің кесенесі екенін айтады. Ертесіне тағы да мал бағып жүріп, кесенені жақыннан көрмек болып, сол тұсқа барады. Сөйтіп ашық тұрған кесенеге тайынан түспестен кіріп барады. Кесене ішінде екі төмпешік тұр екен. Сонымен бірге ескі кебеже, шойын қазан мен біраз ағаш ыдыстар болыпты. Бала Мұратқа мұның бәрі қызық, бәрі таңсық. Қазына аралына тап болғандай асықпай аралап көріп, шыққалы жатқанында таңғажайып бір тылсым күш Мұратты аттың үстінен лақтырып жібереді. Әрі қарай не болғаны баланың есінде жоқ. Кейін есін жиғанда үлкендерден дене қызуының 40 градустан жоғары көтеріліп, қап-қара болып күйіп кеттің дегенді естіпті. Есін жиды деген аты болмаса, осы оқиғадан соң Мұрат бір жарым жыл бойы бір жағы салданып, төсекке таңылады. Сап-сау баласын төсекке таңып қарап отырсын ба, ата-анасы Мұратты дәрігерден дәрігер, емшіден емші қоймай қаратады. Одан нәтиже шықпағасын әулие аралатып көреді. Еш өзгеріс жоқ. Ауруының сыры белгісіз. Әбден тығырыққа тірелген ата-анасы Мұратты қалайда орнынан тұрғызу мақсатында Мәскеуге апарады. Онда ол госпитальда жатып ем қабылдайды. Мұратты қабылдап алған ұлты еврей дәрігер бір күні: «Сені мұсылманның киесі ұрған. Әулие-әмбие аралай бер, сенің емің содан», – деп үйіне қайтарады. Мәскеуден емі табылмай қиналған бозбала үйіне келгесін түсінде Әзірет Сұлтан бабаны көреді. Біраз күннен соң түсіне Меңдуана баба кіреді. Бабаның бойы 20 метрдей биік, астында көк шұбар аты бар, үстіне қызыл мақпал шапан киіпті. Шапанының етегі аттың жалын жауып тұр. Қолында үкілі қамшы, қанжары, пышағы бар екен. Меңдуана баба Мұратқа: «Балам, орныңнан тұр», – деп үн қатады. Мұрат: «Ата, мен орнымнан тұра алмай жатырмын. Тұра алмаймын», – деп жауап қатады. Содан тағы біраз күннен кейін Мұрат түсінде өзін емдейтін Бибіқадиша деген емшінің үйіне іздеп келетінін көреді. Бір жарым жыл бойы төсекке таңылу кімге оңай тисін? Бұлай қиналған шақта көрген түстің өзі адамға медет болады емес пе? Таңертең ұйқысынан көңілді оянған Мұрат анасына: «Апа, есікті ашып қойыңыз, мені емдеуге бір апа келе жатыр», – дейді шаттанып. Қамкөңіл ұлының сөзіне сене қоймаса да, көңілін қимай есікті ашып қояды. Өмірде түрлі  тылсым оқиғалар болып жатады емес пе? Шынында да ертесіне Мұратты емдемек болып бір емші үйіне іздеп барыпты. Сол емшінің емінен кейін Мұрат аяққа тұрып, Алланың ақ жолына түскен екен.

Г. ӘШІРБЕКОВА. 

Be the first to comment

Leave a Reply

Your email address will not be published.


*