Сопыны қаралаған молдалар

Бөлісу

Керемет уақиға

Ертеде ғалымсымақтар бір Сопыны масқаралап қарапайым халықтың алдында абыройсыз етуге барлық айла амалдарын жасайды. Сопының еңбектерінен, айтқан сөздері мен пәтуаларынан мін тауып, сынға алумен болады.

Бұлар қанша әрекет жасағанымен әлгі сопыны пір тұтып шәкірт болушылар саны күн сайын арта береді. Амалдары сарқылған ғалымдар Әміршіге барып шағымданады.
Ғалымдар: «Уа әміршім, ол сопыны тоқтатпасаңыз, ол адамнан халқыңызға қәуіп бар. Соңынан ергендер сіздің заңдарыңызға бағынбай, ғалымдардың пәтуасына тоқтамайтын болады»,-деп даурығысады.
Әмірші: «Мен оны жазалап өлтірсем халық оны шахид әулие ретінде аспанға көтеріп, мені жауыз көріп кетпейме?»,-дейді.
Ғалымдар: «Оны өлтірудің керегі жоқ, тек халық алдында масқаралап абыройсыз етсеңіз болғаны»,-деп алдын-ала дайындаған өз жоспарларын айтады.
Келесі күні әмірші Сопыны алдына шақырып:
«Сопылардың ерекше қасиеті бар деп естідім. Саған масаныңда салмағындай болатын бір іс тапсырмақпын. Бүгін түнде сықырлаған аязға қарамастан сарай шатырына жалаңаш түнеп шықсаң, кереметіңді мойындап мен өз патшалығымнан бас тартып сенің жолыңа түсіп дәруіш боламын» – дейді.
Сопы қуана келіседі.
Таңертең күн көзі көріне әмірші халықты жинап шатыр үстіне шықса, үсіп өледі деген сопы қара терге түсіп шатыр төбесіндегі ағаштарды ары-бері тасып жүр екен.
Әмірші ғалымдарына: «Сендердің сөздеріңе еріп өзім масқара болдым. Енді патшалығымнан бас тартуыма тура келеді» –
деп мұңға түскені сол еді,
Сопы келіп әміршінің қолынан ұстап халық алдына шығарады да:
«Ақылына даналығы сай әміршіміз, бұл әрекетімен тілі мен жағына сүйенген ғалымсымақтардың ісін әшкере етті.
Менің айтқан сөздерім, ісіммен дәлел табатынын көрсетті» – дейді.
Әмірші Сопыға: «Мені неге қорғаштап қалдың, негізінде мен сенің абыройыңды төкпекші едімғой» – дегенде, Сопы:
«Патша болған дәруіштен, сабақ алған патшаның болғаны пайдалы. Келесі жолы сіз өсек-аяң сөзден гөрі іске сеніп шешім шығаратын болдыңыз. Масаның салмағындай істе, пілдің салмағындай хәлге айналуы мүмкін» – депті…

Уа тақуам, біреулер үшін орындай алмастай болып көрінетін істер, Алланың достары үшін түкке тұрғысыз болып қалады.

Алғашқы пікір жазушы болыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail басқалаға көрінбейтін болады.


*